Ал әңгімені доңғалақтан бастасақ...
Бүгінгінің аты – темір тұлпардың жүрісі қыста сыр бермеуі үшін доңғалақты да табанына таға қаққандай тікенектісіне ауыстырады. Қауіпсіздікті ойласаңыз, қысқа ерте қамданғаныңыз жөн. informburo.kz редакциясы көлік жүргізушілеріне қысқы доңғалақ таңдауда ескеретін пайдалы кеңестер мен жуырда ғана жол жүру ережесіне енген өзгертулерді ұсынады.
Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер
Доңғалаққа үнемдемеңіз
– Қысқы және жазғы доңғалақтардың айырмашылығы жалғыз "тікендерінде" ғана емес. Қысқы доңғалақтар төменгі температураға төзетін химиялық құрамнан жасалады, – дейді қаладағы ірі доңғалақ сату орталықтарының бірінің қызметкері Олжас Төлебаев.
– Көп адам қысқы мен жазғыға бірдей шығындалғысы келмей мезгіл таңдамайтын доңғалақ ала салады. Алайда ол үнем болмайды. Сіз бір жазғы, бір қысқыны тоздырғанша, ауыстырмаймын деп жүріп, барлық мезгілге арналған қаншама шинаны тоздыратыныңыз белгісіз, – дейді Олжас.
Олжастың айтуынша, қысқы доңғалақтардың ішіндегі ең сенімдісі әрі Астананың қысына қолайлысы темір тікенекті доңғалақтар. Себебі, тікенегі арқылы жолмен үйкелісі артады. Осылайша, тайып кету қаупі азаяды. Өндірушілер де тікенектердің орналасуын үнемі оңтайландырып келеді дейді ол.
Екі доңғалақты ғана ауыстыру теріс...
– Кейбір жүргізушілер жетекші екі доңғалағын ғана тікенектіге ауыстырып жатады. Сол баяғы үнемдеймін дейді. Мұндай жағдайда көлік жылдамдықты аз ғана арттырғанның өзінде тайып кетуі мүмкін екенін ескерткім келеді, – дейді Олжас.
– Тікенекті жаңа доңғалақ салсаңыз, 60-70 шақырымдық жылдамдықпен, кенет тұрып қалмай не жылдамдықты оқыс арттырмай 200-дей шақырым жол жүрген дұрыс. Бұл тікенектердің өз орнын табуы үшін қажет.
Егер көлігіңізде тежеу кезінде (көлік құралының доңғалақтарының бұғатталуына жол бермейтін) АВS жүйесі болса, екі есе мұқият болыңыз. Тікенекті доңғалақпен құрғақ жолдың өзінде мұндай көлікте, тежеу жолы аяқ асты ұзарады. Ал тізгіндегі адамға үйренгенше қиындау, – дейді ол.
"Жабысқақ" доңғалаққа сеніп қалмаңыз!
– Қазір тікенексіз, халық арасында "липучка" деп аталып кеткен, қазақша айтар болсақ "жабысқақ" доңғалақтар нарыққа шығарыла бастады. Олардың протекторларында (доңғалақтың жолға тиетін, бедерлі қалың табаны) жіңішке тіліктер-ламельдер бар. Бұлар қыста пайдалануға сұранысы жағынан темір тікенекті доңғалақтарға таяп қалды деуге болады. Алайда, Астананың қысында тәжірибесі аз жүргізушілерге ондай доңғалақтерге сенуге кеңес бермеймін, – дейді Олжас.
Қысқы доңғалақтардың үш түрі бар
Тікенекті доңғалақМұндай доңғалақтар қысы қатал, көктайғақ жиі болатын аймақтарға арналған. Олардың жолмен үйкеліс дыбысы салыстырмалы түрде қатты шығады. Құрғақ асфальтта жүргенде тез желініп кетеді. Климаты жылы кейбір Еуропа елдерінде доңғалақтың осы түріне тыйым салынған.
Скандинавиялық "жабысқақ" доңғалақ
Бұлар қысы ұзақ болатын, қар қалың түсетін, температурасы төмен аймақтар үшін тиімді. Мұндай доңғалақтар болса, омбы қардан қорқудың қажеті жоқ, бірақ көктайғақтарда жылдамдықты бірқалыпты ұстап, бұрылыстарда абай болу керек және тежегішті қатты басып, көлікті бірден тоқтауға да болмайды.
Еуропалық "жабысқақ" доңғалақ
Аталған доңғалақтар қысы ылғалды, қарлы, жаңбырлы аймақтарға арналған. Қар үйінділерінен оңай өтеді, аязды күні құрғақ асфальтта да жеңіл жүреді, бірақ көктайғақта қауіпті, өте сақ болуды талап етеді.
Мұз бен қар үстінде сыналады
– Біздің жүргізушілер доңғалақты таңдауда не жақындарының айтуына, сатушылардың кеңестеріне сенеді. Не үйлеріне, не жұмыс орнына жақын жерден, ал көбіне бағасына қарай таңдай салады. Негізі көлік өндірушілер қыс жақындағанда доңғалақтарды сынақтан өткізеді. Доңғалақты мұз, қар үстінде және жылдамдық бойынша жан-жақты сынайды. Осындай сынақтарға шолу жасау керек, – дейді Олжас. – Мысалы, 13 радиусты доңғалақ арасындағы сыннан бірінші орын алған бренд, 17 радиусты доңғалақтар арасындағы сынақтан басқа орынға жайғасуы мүмкін. Мұқият қарап, танысу керек.
Доңғалақтарды қашан ауыстыру керек?
– Жалпы барлық доңғалақ өндірушілер түндегі орташа ауа температурасы жеті градусқа түскен кезде қысқысын салған дұрыс деп санайды. Әйтпесе, жазғы доңғалақ қатып қалады да, басқаруға бағына бермейді және жолға үйкеліп, тез желінеді. Астанада бұл қазан айының соңы мен қарашаның басына сәйкес келеді, – дейді Олжас.
Қалай таңдаймыз?
– Темір тікенекті доңғалақтар орта есеппен 2-4 қыста жүруге жарайды. Доңғалақтың бедері 4 мм-ден жұқарса, жарамсыз, – дейді Олжас.
– Қысқы доңғалақтың қоспасы көк тайғақ мұзға жабысып қалатындай етіліп таңдалады. Сондықтан, қарлы не көк тайғақ жолда жүру үшін неғұрлым жұмсағын таңдаған дұрыс.
Ал асфальт жолда қыста жұмсақтан гөрі қатты резеңкелісі тиімді. Бірақ оны қолмен ұстап білу қиын, сатушы не кеңесшінің ақылына сүйенгеніңіз жөн.
Олжастың айтуынша, доңғалақтың бедерінің ассиметриялық болғаны жақсы.
– Көлікті қыс мезгіліне дайындау доңғалақты айырбастаумен ғана шектелмейді. Дұрысы мезгіл сайын көлікті түгел диагностикадан өткізіп отыру керек, ал қаражатыңыз жетпесе, өзіңіз тексеріп алсаңыз да болады, – дейді Олжас.
Астаналық жүргізушілердің жіберетін қателіктері
– Басқа қалада қалай екенін білмеймін, Астанада қалтасы жұқа жүргізушілер арзанына жүгіреді, ол түсінікті, – дейді Олжас.
– Ал арзанның жілігі татымайды. Кейбіреулері қысқы доңғалақтарды қолдан ала салады. Жақсылап іздесе, сол ақшаға бес-алты мың теңге қосса, жаңасын алуға да болады. Кейде жаңасын алса да, бір-екі мың теңге арзанына жүгіреді. Түсінемін қысқы доңғалақтардың бағасы шарықтап тұр. Алайда, бағасына сапасы сайлары бар.
Қай доңғалақтың сіздің көлігіңізге сай келетінін анықтау үшін таңбаларын оқи білу керек
P – доңғалақтың өлшемі. Аталған белгі жеңіл көліктің доңғалақтарында болады;
215 – сұлбасының ұзындығы. Ол миллиметрмен өлшенеді;
65 – биіктігі. Ол процентпен өлшенеді;
R – радиалды құрылымы;
15 – доңғалақты отырғызу диаметрі. Дюйммен өлшенеді;
95 – салмақ индексі;
T – жылдамдық индексі;
M+S – Mud + Snow, қысқы және әмбебап доңғалақ;
Treadwear 220 – тозу индексі (бұл көрсеткіштің барынша жоғары болғаны дұрыс);
Traction А – тежегіш тиімділігінің көрсеткіші. А, В, С деген маркалары бар. A – ең жақсысы;
Temperature А – қызуға шыдамдылығы. А, В, С деген маркалары бар. A – ең жақсысы;
All Seasons (немесе AS) – әмбебап доңғалақ;
Қардың суреті – қысқы доңғалақ;
Tubeless – камерасыз доңғалақ;
Max pressure – максимал, төтеп беретін ең жоғарғы қысымы;
Outside пен Inside – асимметриялы доңғалақтардың сыртқы және ішкі жақтары;
Rotation – айналу бағыты;
Water, Rain, Aqua, қолшатыр белгісі – акватұрақтылығы.
Доңғалағыңыз талапқа сай болмаса, айыппұл төлейсіз...
– "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кедендік кеңестің техникалық тәртібіне сәйкес – қысқы мерзімде (желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары) қысқы доңғалақтармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Қысқы доңғалақ барлық көлік құралдарына орнатылуы қажет, – дейді Жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы Берік Жолдасбеков.
Айтуынша, талап сақталмаған жағдайда, 5 айлық есептік көрсеткіш (2017 жылғы бір АЕК – 2269 теңге) көлеміндегі айыппұл салынады.
– Көлік құралдарын пайдалануға шығару жөніндегі негізгі ережелерінің қосымша талаптарына сәйкес, егер көлік құралының бір осіне түрлі көлемдегі доңғалақ, протектор суреттері түрлі моделдердің құрылысымен қылқанды және қылқансыз, аязға шыдамды және аязға шыдамсыз (радиальный, диагональный, резеңкелі, резеңкесіз) орнатылса, онда оны пайдалануға тыйым салынады, сондай-ақ Кедендік кеңестің техникалық тәртібінің 5.5 тармағына сай – көлік құралының барлық доңғалақтары қысқысына алмастырылуы қажет, – дейді Берік Жолдасбеков.
Яғни, қыстың үш айында қысқы доңғалақты ауыстырмағаныңыз үшін шамамен 11 мың теңге айыппұл тағылады. Талап бойынша, көлігіңіздің екі артқы және екі алдыңғы доңғалақтары бірдей болуы керек. Жалпы көліктің төрт доңғалағы да түгел қысқы болуы шарт.
"Ш" белгісін жапсырмауға болады
Көлікке шегелі доңғалақ салынған дегенді білдіретін "Ш" белгісін жапсыру биылдан бастап міндетті емес. Ішкі істер министрлігі Жол қозғалысына қатысты заңға енгізген өзгертудің бірі осындай.
Енді, темір тікенекті доңғалақ қолданатын жүргізушілер мұндай белгіні көлікке өз қалауымен ғана жапсыра алады. Егер ол жоқ болса, ешкім жауапқа тартылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Әкімшілік полиция комитеті темір тікенді доңғалағы бар көлік жүргізушілеріне "Ш" белгісін тағуды міндеттеген болатын. Тіпті, ереже бұзылса, айыппұл да салатын.
Басты жаңалық – ереже бұзғаныңызды полиция дәлелдеуі тиіс
Жалпы ереженің бірінші бөлігіндегі жаңалық – темір тұлпарды тоқтатқан полиция қызметкері бірден көлікке келіп, жүргізушінің талабы бойынша қызметтік құжатын көрсетуге міндеттеледі. Әрі қарай тоқтату себебін түсіндіреді.
Ал ереже бұзылған жағдайда оны растайтын дәлелдерін көрсетуі тиіс. Бұрынғы нұсқада оның тоқтатылған автокөлікке бірден жақындауы керек екені айқындалмаған болатын.
Сондай-ақ дәрі ішіп не мас күйде жүргендерге, ауру халдегі адамдарға, өзімен бірге куәлігі жоқ адамдарға (жүргізуші куәлігінің орнына берілетін уақытша куәлік, жүргізушінің өзі екенін растайтын құжат) және жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға көлікті айдауға беруге тыйым салынады.
Енді жолда көлігіңізді артқа беріп, жүруге болады
Өзгелерге қауіпсіз әрі кедергі келтірмейтін жағдайда көліктің артқа жүруіне болады. Алайда көше қиылысында және айналатын жолда көлікпен артқа жүруге болмайды.
Төрт не одан да көп жолағы бар екі бағытты жолда қарсы бетке көлікпен өтуге болмайды.
Сонымен қатар, қоғамдық көлікке арналған жолақта өзге көліктердің жүруіне және тоқтауына болмайды.
Бағдаршамның қосымша секциясы бар қиылыста кері бұрылғалы тұрған көлік артында қоғамдық транспорт келе жатқан жағдайда бағыт көрсетілгені бойынша жүруі тиіс.
Сонымен қатар, басып озу ұғымына:
Жүріп келе жатқан жолақтан шығып, алдында жүріп келе жатқан бір немесе бірнеше көліктен озып барып, қайта өз жолағына түсуді басып озу деп айтады.
Велосипедшілер мен мопедшілер үшін:
Ережеге бұрын болмаған "велосипедші", "велосипед жолы", "велосипедке арналған жолақ" деген сөздер енгізілген, сонымен қатар "мопед", "жол жиегі" деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілген.
Велосипед жолы және велосипед жолағы бойынша велосипед жүргізушілеріне жас ерекшеліктеріне қарамастан қозғалыс рұқсат етілген, сонымен бірге бұл жолдармен мопед теуіп жүруге болады.
Велосипед жолы мен велосипед жолағы жоқ жерлерде мопед пен велосипед жүргізушілері (14 жастан жоғары) жолдың оң жақ бөлігінің шетімен қозғалуына болады, сондай-ақ оларға маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуға да рұқсат етілген.
Яғни, велосипед және мопед тізгінінде сәйкесінше 14 және 16 жастан жоғары жүргізуші болса, жолдың оң жағымен жүруіне болады. Сонымен қатар қоғамдық көлікке арналған BUS LANE жолағының шетімен жүруіне рұқсат.
Барлық велосипедшілер, соның ішінде жасы 14 жастан төмен балалар велосипед жолы мен жолағы жоқ жерлерде жол жиегімен, тротурар немесе жаяу жүргіншілер жолымен (жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік тудырмайтын жағдайда) қозғалуына болады. Басқа жағдайларда велосипедші жаяу жүргінші ретінде велосипедін жетектеп жүреді. Бұрынғы ережеде бұл қарастырылмаған еді.
Тыйым салады:
Велосипедті рөлін қолымен ұстамай жүргізуіне болмайды. Тым болмағанда бір қолымен ұстауы керек;
Өзге адамдарды велосипедке мінгізіп алып жүруіне;
Ұзындығы не ені 15 см-ден асатын жүк немесе өзгелерге кедергі болатын жүк тасуына;
Велосипед жолы бар кезде өзге жолмен жүруіне;
Трамвай жолында және бірден көп жолағы бар жолда солға бұрылуға, кері айналуына;
Жаяу жүргіншілер жолағынан велосипедін теуіп өтуіне тыйым салынады.
"Фотобейне тіркеу" жол белгісі болмаса да, айыппұл төлейсіз
Күшіне енген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес "Фотобейне тіркеу" ақпараттық-нұсқағыш белгісі енгізілген.
Көрсетілген жол белгісі жүргізушілерді жол жүру қауіпсіздігін бұзушылықтарды сертификатталған стационарлық арнайы техникалық құралмен немесе аспаппен тіркеу туралы ақпараттандыру үшін қолданылуы мүмкін және белгіні орнату міндетті емес екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар, көлік құралдарының жүргізушілері жолда жүру қауіпсіздік талаптарын, оның ішінде белгіленген жылдамдық режимін, жол белгілері, жол таңбалары және басқа да талаптарды сақтауы тиіс.
Яғни, "Фотобейне тіркеу" белгісі жоқ болса да, ол автоматты түрде жұмыс істейтін бейне құрылғыларымен тіркелген жол жүру қауіпсіздігін бұзғаны үшін айыппұл төлемеуге негіз бола алмайды.
Осылайша, велосипедші, мопедші мен көлік жүргізуші бағынуы тиіс белгілер мен ержелер қолданысқа енді. Өзгертулер полиция қызметкерінің де жаңа міндеттерін айқындай түсті.