Қаңтар айында қазақстандықтарға зейнетақы жинағанынан ақшаның бір бөлігін мерзімінен бұрын алудың механизмі дайын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Cарбасов мәлімдеді. Оның хабарлауынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге жинағының бір бөлігін алу құқығы шамамен 760 мың жұмыс істейтін азаматқа беріледі.
Дегенмен, негізгі қағидат – азаматтарды зейнет жасына жеткенде зейнетақымен қамтамасыз ету. Сондықтан, жинақтың белгілі бір бөлігі шотта қалуы шарт. Осы сомадан артық қаражатты азаматтар өз таңдауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге пайдалана алады. Ал зейнетақы шотындағы табыс мөлшерінің кемінде 40%-ын құрайтын қазіргі зейнеткерлер зейнетақы қорында қалған жинақғының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және әлі жинағы бар азаматтар зейнетақы қорында қалған зейнетақы жинағы сомасы шегінде ала алады.
"Үкімет зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайды. Бірінші кезеңде "Отбасы банк" ұсынылады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту, қымбат емдуледі төлеу үшін зейнетақы төлемдерін төлеудің қағидаларын бейінді министрліктер әзірлейді және бекітеді. Олар – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі. Қаңтарда заңды іске асыруға қажет барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданады деп күтудеміз және біз азаматтарға зейнетақы жинағының бөлігін шешіп алуға болатын құқығын ұсынудың толық механизмін бастаймыз", – деді Ақмади Cарбасов.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?
"Отбасы банк" АҚ (Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, бұл жоба меншікке тұрғын үй сатып аларда кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысуға мүмкіндік береді. Яғни, зейнетақы қорынан қаржысын шешкен азамат оны үйді сатып алуға, жекешелендіруге, салынып жатқан үйге үлескер ретінде қатысуға, баспананың құнын бөліп төлеуге немесе несиеге бастапқы жарна ретінде жұмсауына болады. Ал егер ипотекалық қарызы болса, берешекті ішінара немесе толық өтеуге де пайдалануға болады. Мұнда негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мүмкіндігі беріледі. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеуге қабылданбайды.
"Зейнетақы шотындағы қаражатты тұрғын үйді жөндеуге алу үшін де рұқсат берсе деген пікірлер жиі айтылып жатыр. Бірақ біздің ұстанымымыз, мемлекет 22 жыл бойы зейнетақы жинақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткеніне қатысты. Сондықтан, тек ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін қарастырылмаған. Егер банктік несие шартында, мысалы пәтерді бастапқы нарықтан жөндеу жұмысынсыз алған болса, мұндай мүмкіндік қарастырылады", – деді Ләззат Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: Онлайн зейнетақы калькуляторы. Жинақтан мерзімінен бұрын қанша ақша алатыныңызды есептеңіз
Ләззат Ибрагимованың хабарлауынша, қаңтар айында "Отбасы банк" тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында онлайн платформаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба ержелеріне сай, клиент ЭЦҚ арқылы сол порталға тіркеліп, өтініш бере алады. Айта кетсек, жоғарыда аталған мақсаттарға туысының зейнетақы жинақтарын да пайдалануға болады. Әрі құны қымбат, сирек кездесетін ауруларды емдеу үшін де зейнетақы жинағын қолдануға рұқсат етіледі.
"Азамат БЖЗҚ-дан қолдана алатын сомасының бар-жоғын анықтауы керек. Егер жеткіліктілік шегі оған жинақты емдеу үшін пайдалануға мүмкіндік берсе, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға хабарласып, медициналық комиссиядан бір жолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытынды алу қажет. Қорытынды медициналық комиссия отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде шығарылады", – деді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.
Оқи отырыңыз: АЕК, базалық зейнетақы өседі. 2021 жылы әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгереді?
Гүлнәр Сәрсенбаева медициналық комиссияның қорытындысын шығаруға ережелермен анықталған медициналық қызмет түрлерінің тізімі негіз болатынын айтты. Тізімге қымбат қызметтер, соның ішінде:
- уәкілетті орган бекіткен тізім бойынша орфандық ауруларды емдеу, оның ішінде оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын анықтау үшін диагностикалық зерттеулер;
- Қазақстандағы медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер;
- дененің жұмсақ тіндеріндегі косметикалық сипаттағы операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында қалпына келтіру және қалпына келтіру оталары (пластикалық);
- радионуклидті және радиоиодты терапияны, радиохирургиялық емдеуді (гамма пышағы, киберпышақ) және протонды терапияны қажет ететін аурулар;
- отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде Қазақстан аумағында орналасқан санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту;
- офтальмологиялық қызметтер (лазерлік көруді түзету, мультифокальды линзаларды қолданатын катаракта емдеу, ангиогенез ингибиторларының интравитриальды инъекциясы) кіреді.
Бұл тізім халықтың қажеттіліктерін ескере отырып өзгеруі мүмкін екені атап өтілді. Еске салайық, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында тұрғындарға зейнетақысының бір бөлігін алуға рұқсат етуді тапсырған еді.