"Кесарево" кесе беру емес
Кез келген жүкті әйелдің бойын "аман-есен сәбиімді дүниеге әкеле аламын ба?" деген үрейдің билейтін кезі болады.Әсіресе бірінші жүктілігі болса. Кейбір әйелдер кесарь тілігін жасата салу– босанудың оңай жолы деп қателесіп жатады.Тек ұйықтап тұрасың, ал сәби болса жаныңда деген құлақтарына жағымды,өздеріне сенімді естіледі.
Шындығында бұл–тек тәтті қиял ғана. Дәрігерлер де отаның осы түрін тек ерекше жағдай қалыптасқанда, арнайы нұсқаулар бойынша ғана жасату керектігін жиі айтады. Өкініштісі, тек айтады...
Бедеу әйелдер есебінде тұрмын
Индира Оспанова 2010 жылы 27 шілдеде тұңғышынан айырылды. Аяғы ауыр екенін білісімен уақытылы есепке тұрып, дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындаған. Денсаулығынан да еш кінәрат байқалмаған. Бала өзінің мерзіміне сай, қалыпты жетілген. Бірақ жүктіліктің жетінші айында толғақ қысады, Ауруханада дәрігерлер толғақ емес деп сендіріпті.
"Толғақ емес деп екпе жасады. Толғағым қайта келіп еді, тағы да екпемен тоқтатып қойды. Кейін қатты ауырдым, дәрігер қарады да бәрі жақсы деді. Бөлмеме келсем, аздап қан шығып тұр екен. Дәрігерлер оны да қалыпты жағдай, қорқатын ешнәрсе жоқ деп сендірді. Жанымдағы үлкен әйелдер ондай жағдай болмайтынын айтып, маған қайта қаралуға кеңес берді. Қайта барған едім, басқа гинекологты шақырды. Ол кезде ішімдегі балам қозғалмай қалған еді", – дейді ол. Әңгімемізге кейін ораламыз...
Дәрігерлер ананың дені сау бала босануын ойлауы керек
Кесарь тілігі көрсеткішінің көбеюінің тағы бір себебі, дәрігерлер тоғыз ай бойы жүктілігі қалыпты өткен ананың дені сау бала тууына жауапты.
"Қазір әйелдер бұрынғыдай көп бала тумайды. Бұрындары әйелдер біріншісін өлі болса да, тірі болса да өзі күшімен босанатын. Кесарь тілігін жасатау дегенді ойына алмайтын. Ал қазіргі кезде әйелдер ең көп дегенде төрт бала табады. Сондықтан, кесарь тілігіне келісіп, аман-есен аяқ-қлын бауырына алып, сәбиін көкірегіне басқысы келеді", – дейді Ляззат Сайдилдина.
Бүгінде кесарь тілігі операциясының технологиясы жеңілдеген. Мәселен, бұрын әйел отадан кейін 12 сағат жатып, орнынан әзер тұратын. Ал қазір ол мерзім екі есе қысқарды. Бұрын кесарь тілігі арқылы босанған әйелгеүш баладан артық көтеруге болмайтын. Бүгін ондай шектеу жоқ.
Технология дамыған сайын кесарь тілігіне дүгінушілердің саны өсіп барады
Ертеректе кесарь тілігінің аз болуына диагностиканың әлсіздігі әсер етті. Қазір керісінше, технология дамып, УДЗ аппараттары бар түрлі медициналық жабдықтармен қамтылып, доплер сияқты (ұрықтың қан айналымы мен функционалдық жағдайын бағалайтын УДЗ әдісі - авт.) дәлдігі жоғары қондырғылар пайда болды. Бірақ кесарь тілігімен босанатындар саны жыл санап көбейіп жатыр.
"Бұрын жүктілік мерзімі 32 аптадан аз болса, кесарь тілігі арқылы босандыруға алмайтынбыз. Қазіргі нұсқаулар бойынша, жүктілік 22 аптадан асса болды, шақалақ өмір сүруге қабілетті болып саналады. Бізде жылына төрт жарым мың әйел босанады. 2016 жылғы мәліметті сүйенсек, босанған әйелдердің 36-40% осы операцияға жүгінген. Республика бойынша бұл көрсеткіш те шамамен 30%-дай", – дейді Ляззат Сайдилдина.
Кесарьсіз-ақ он бір құрсақ көтерген
Хирургия, соның ішінде гинекология саласында 36 жыл қызмет жасап, 36 мыңдай адамға ота жасаған Саулен Ғабиденұлының айтуынша, кесарь тілігі демографияға кері ықпалын тигізіп, өсіп-өнуімізді тежейді.
Кейде кесір тілігінен соң бедеу болып қалуға болады. Оның үстіне, тек үш-төрт жыл уақыт өткеннен кейін ғана бала көтеруге рұқсат беріледі. Себебі жатырдың тілінген жері жыртылуы мүмкін. Екінші баланы қандай жолмен тудыруды дәрігер шешеді.
"Үш-төрт жылдан соң әйелдің өзіне босануына да болады. Бірақ, қадағалау жақсы болуы керек. Кесір тілігі арқылы босанған әйел ары кетсе, үш-төрт құрсақ ғана көтере алады. Ал табиғи жолмен босанған менің анам 11 құрсақ көтерген. Тұңғышы қазір 90 жаста, кішісі 60-тан асты. Табиғи жолмен босануға жететіні жоқ", – дейді Саулен Ғабиденұлы.
Пышаққа түсу оңай емес. Сүйек пен жұлынға да зақым келуі мүмкін
Кесір тілігін өте ұқыпты жасау керек. Жұлынға, сүйекке зақым келетін жағдайлар кездеседі. Хирургтың жатырдан баланы алу тактикасы ерекше жақсы болу керек. Алдымен қолдарын, кейін басын жоғары қарай шығару керек. Жамбас қуысына кіріп кеткен баланы тез тартып қалған жағдайда, омыртқасы зақымданатын кездер жиі кездеседі.
Босандырудың өзге де әдістері бар
"Бұрын хирургтар операция жасау керек деп соя салмайтын. Бала көлденең келген жағдайда, масасаж жасап, баланың басын төмен келтіретінбіз. Соңғы жылдары ондайды кездестірмедім.
Босандырудың ертеректе қолданатын әдістері болатын. Әйелдің көзін жарыққа шағылыстырмау керек. Түскен жарықтың әсерінен қан қысымы өзгеріп, мидың қан тамыры жарылып кету қаупіне әкеп соғады. Соны болдырмау үшін қан қысымы жоғары босанушы әйелдерді қараңғы бөлмеде ұстап, босандырамыз", – дейді Саулен Ғабиденұлы.
Кесір тілігі босандырудың оңай жолы емес. Дәрігер де қателеседі
Бәрі дәрігерлік этикаға тіреледі. Этикасы жоғары маман оңай жол іздемейді. Басқа амал қалмағанда ғана кесір тілігіне жүгінеді.
Оңай жолы табиғи босандыру. Дәрігер, қанша уақыт болса да, сабырлық сақтап, күтіп отырып босандыру керек. Мүмкін күтіп отырғысы келмей,кесір тілігін жасай салғысы келетін дәрігерлер бар шығар. Біз үш күн қонсақ та босандырмай кетпейтінбіз.
Жалпы дәрігерлік қателіктер де болады. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бәріміз пендеміз, қателесуіміз әбден мүмкін. Ондай жағдайда, дәрігер белгілі бір мерзімге ота жасау құқынан айырылады. Оның қаншама жыл оқыған еңбегін, сәтті өткен оталарын ескерген жөн. Бір қателігі үшін атып тастау не соттап жіберу дұрыс емес.
Бала аман-есен деді...
Кейіпкеріміздің әңгімесіне қайтып оралатын болсақ, Индираға дәрігерлер "бала аман, жүрегі соғып тұр" деп, тез арада қалаға, аудандық ауруханаға бару керек екенін айтқан. Жедел жеткенмен, қаладағы дәрігерлердің айтуынша, екі күн кешігіп қалған.
"Наркоз беріп, ота жасады. Түннің бір уағында ояндым. Үш күн жан сақтау бөлімінде жаттым. Ол жердегі мейірбикелер балаң аман деді. Ал ертесіне... Баланың өлі туғанын білдім. Ота жасаған дәрігерлер оны мәйітханаға жіберіп те қойыпты. Балаға есім бергізіп, бірнеше құжаттарға қол қойғызып алды. Ол уақытта мен қандай қағаздарға қол қойғанымды да білмеймін. Баланы маған көрсеткен жоқ, ертесінде мәйітханадан алып кетіңіздер деп қана айтты", – дейді Индира.
Диагноз әр түрлі. "Көз тиді" мен "суық тиді" деген сияқты
Индира содан бері бала көтермеген. Қазір дәрігерлердің біліксіздігіне қатты ренжиді. Әр дәрігердің диагнозы да әр түрлі. Біреуі суық тиген, біреуі жатырыңда өзгерістер болған, енді бірі жатырың кішірейген деген. Жеке клиникаға барып жіті қаралғанда ғана кесарь тілігінің салдары екенін біліпті.
"Қазір мен бала көтере алмайтын ана есебінде тұрмын. Енді ЭКО жасату керек дейді. Былтырдан бері қаншама дәрілер қабылдап жатырмын. Әзірге әсері жоқ. Жасым болса 30-ға таяды, бала сүйгім келеді", – дейді Индира.
Индираның кебін киген әйелдер көп. Тоғыз ай жүктілік мерзімін ойдағыдай өткізіп, дәл босану сәтінде осы әдістің құрбаны болып жатады.
Екі түрлі статистика
"2016 жылы 400 мыңға жуық ана босанды. Соның 70351 кесарь тілігі арқылы жеңілденді. Яғни кесарь тілігін қолдану көрсеткіші 17% құрайды", – дейді ҚР ДСМ бас эксперті Майра Бейсен.
Ал "Ана мен бала" орталығының маманы Ляззат Сайдилдинаның есеп-қисабы басқа. Біздің елде бір жылда дүниеге келетін сәбилердің шамамен 30% кесарь тілігі ажарық көреді",– дейді ол.
Айырмашылық жер мен көктей. Мұндай үрдісті "өсімді өшіретін әдіс" деп санайтын өркениетті елдер кесарь тілігі турасында әлдеқашан арнайы заң қабылдап, мәселенің мәнін айшықтап алған.
Біз неге бейқамбыз?
Израильдің мамандары құрсақты жарып алу әдісіне түбегейлі,100 пайыз қарсы. Олар ота жасаудан ана мен бала денсаулығы төмендейді деп пайымдайды.
Жапония үкіметі медицина саласында орынсыз кесарь тілігін жасауға тыйым салатын заң қабылдады. Жапондар осылайша 2011 жылғы зілзала кезіндегі өлім-жітім шығынын бала туу көрсеткішін көтеру арқылы толықтырмақ.
Осылайша, әлем елдері жаппай бұл әдістің тиімсіздігін айтып, дабыл қағып жатқан тұста біз неге бейқам отырмыз? Бізде неге керісінше, айы-күні жетіп, "дүниеге әне-міне нәресте әкелемін" деп отырған әйелге құрсақты тілу әдісін қолдану жыл сайын көбейіп барады?
Отандық дәрігерлер "біз ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін осындай "өркениетті" әдіске барамыз" дегенді қоғамның санасына әбден сіңірді.
Африкада ғана көрсеткіш төмен
Кесір тілігі жолымен босандыру саны соңғы жылдары күрт өскен. Бразилияда бұл көрсеткіш 56 % жетіп, хирургиялық отаны шектеуге бағытталған шаралар енгізген. 200 миллионнан астам тұрғыны бар Бразилияда балалардың тең жартысы осы жол арқылы дүниеге келеді екен.
Доминикан Республикасы да Бразилиямен тең тұр. Бұл елде көрсеткіш 56 пайызды құрайды.
Екінші орынды Египет 51,8% көрсеткішімен иеленсе, Турция (47,5%) және Италия (38,1%) – Еуропа елдерінің ішінде алғашқы қатарда.
АҚШ, Мексика мен Иранда да көрсеткіш жоғары.
Қытайда бұл көрсеткіш 25% құрайды.
Нигер, Чад, Эфиопия және Буркина-Фасо сияқты Африка елдерінде мұндай оталар тек 2% жағдайда ғана жасалады. Бұл керісінше, денсаулық сақтау жүйесінің дұрыс болмауының көрінісі.
Қалыпты болып саналатын 15% көрсеткіш Голландияда. Бұл елде үйде босану тәжірибесі кең таралған. Мәселен, жүкті әйелдердің 65% үйінде босанады, осылайша кесір тілігінің саны да азайып отыр.