Блокчейн архитекторы болуды армандап па едіңіз?
Жасанды интеллектің қарқынды дамуына байланысты 2022 жылға қарай әлемде 75 миллион жұмыс орны жойылып, есесіне 133 миллион жұмыс орны пайда болады.
Бұл – Дүниежүзілік экономикалық форумның болашақ еңбек нарығы туралы жариялаған есептегі ақпарат.
Бұйығы жатқан қазақ қоғамы күйбең тірліктің қамымен жүрсе де, қазірдің өзінде еліміздің әлдебір нүктелері мен жиындарында "Болашақта қандай мамандықтар қажет болады? Қай мамандықтарды оқып қажет емес? Балаңыз кім болғанын қалайсыз?" деген сияқты сұрақтар арагідік қойылып жатыр.
Осы орайда, мұндай сұрақтардың дереу және жаппай қойылып кетуін – әлемдік ақпарат ресурстарындағы талқылаулар мен соңғы кезде жиі айтылып жүрген IV өндірістік революция ықпалы екені айдан анық.
Оқи отырыңыз: Google, Facebook, Netflix – уақыт машинасы, ал кедейлер мен сауаты төмендер қайтпек?
Маркетингтік тоқпақпен киіз тақырыпты жерге кіргізіп жүрген форумдарда осы күннің өзінде журналистер мен заңгерлерді, бухгалтерлер мен аудармашылар секілді мамандықтардың мәйітін жууға кірісіп кеткен.
Іздеу жүйелерінің қай тетігін басып қалсаң да, ақпараттық сайттардың қайсысын ашып қалсаң да "Болашақтың мамандығы" ретінде ақпараттық технологиялар мамандарын айтып жатады. Тіпті, программа жазып, код ойлап таппасаң, далада қалатындай әсер қалдырып та жатыр.
Осы орайда, мұндай сәуегейлікпен келіспей тұрып келісетін бір дүние бар. Ол – ІІ өндірістік революция кезінде бұқаралық сипатқа ие болып, ІІІ өндірістік революция кезінде әбден кемеліне жеткен электр энергиясының басқан ізі. Адамзат баласы біз қолданып жүрген тоңазытқышқа дейін де ас-тамағын салқындатудың механикалық жолдарын білді, қолданды. Киім-кешектің қыртысын тегістейтін үтіктер көмірмен де, шоқпен да қыздырылды. Электр тоғынсыз да мұз қатты, су ақты, шам жанды. Алайда, электр энергиясы біздің өндірісімізден бастап тұрмысымызға дейінгі қажет техниканың бәріне жан бітірді. Тиісінше, барлық дүние электрленіп сала берді.
Оқи отырыңыз: Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін
Бүгінде айналаның барлығы ІТ, жасанды интеллект, автоматизация, роботизация туралы айтылып жатқаны да осыған ұқсас жағдай. Яғни, бұрыннан бар, онсыз да қолданылып жүрген дүниелер роботтанады, автоматтанады, жасанды интеллектің қатысы бар объект болады. Адам баласы жасайтын ауыр жұмыстар мен рутиналық күйбең тірліктерді техника мен технология атқаратын болады. Айталық, журналист бір кісіден алып келген диктофондағы аудиосұхбатты мәтінге түсіру үшін 2-3 сағатын жұмсайтын болса, қазіргі таңда speech2text технологиясы бойынша, мезетте мәтіндік нұсқасын шығарып береді. Ал жасанды интеллект осы мәтінді ауызекі сөзбен айтылған сөз саптаудан грамматикалық сауатты жазба мәтінге айналдырады. Соның барлығын игеру мен қадағалау, басқару мен жұмыс істету үшін, әрине, технологиялық сауатты адамдар қажет.
Екінші жағынан, әлемнің барлығын автоматтандарып жіберу мен жасанды интеллект һәм ІТ мамандануды тым әсірелеуден қайтарғым келетін жері, адамзат баласы – адамзат баласы боп қалмақ. Осы үшін, баламызға не жақын-жұрағатымызға мамандық таңдау кезінде қызылды-жасылды ІТ мамандықтың соңынан емес, бірінші кезекте өзінің жаны қалайтын мамандықты таңдауын, екінші кезекте ол мамандықтың фундаментал негіздерін мықтап игеруін, үшінші кезекте барып оның ІТ саласымен жанасу нүктелерін меңгергенін ұсынар едім.
Оқи отырыңыз: Ыбырай Алтынсарин – І өндірістік революция жаршысы ма?
Әйтпесе, "Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім" деген Абай секілді, баласы технологияның құлағында ойнасын деп әсіреқызыл робототехника курстарына жегіп қоятындар қатары көбейіп келеді.
Асылында, робототехниканың детальдарын бір-біріне жалғап, оны қозғау – аса бір қиын дүние емес. Ал оның неге қозғалысқа енетінін, оған қандай күштер әсер ететінін оқыту – бұл енді ғылым мен технология. Дәл сол сияқты, ІТ маманы сән екен деп, баланы ойға да, қырға да салу абырой әпермейді.
Осы жерде тағы бір зигзаг жасайтын болсақ, расында да бұдан он-ақ жыл бұрын:
- SMM аналитигі;
- UX-UI шебері;
- Блокчейн архитекторы;
- Дрон операторы;
- Нейронды желілер құрушы;
- Мобильді ойын дизайнері;
- VR және AR маманы секілді бірқатар мамандықтардың заты түгіл атын естімеген де болатынбыз.
Сондықтан, иә, технологияны игеру, қатарлас жүрмесек те, кәнігі қолданушы ретінде тісқаққан болу – өте маңызды дүние. Дегенмен, жұрттың барлығын цифрландырып жіберу – мақсат емес.
Оқи отырыңыз: Үрейлі цифрлардың матрицасы
Менің ойымша, ешбір мамандық ескірмейді де жойылмайды. Тек сол бұрыннан білетін қабілеттен өзге қосымша әбжілдік пен қабілеттерді талап етеді. Яғни, нашар немесе ортанқол мамандарға жұмыс табу қиындай түседі. Өйткені, Google аудармашының өзі бүгінде ортанқол аудармашының орнын басып, ағылшынша мәтінді қазақшаға аударып беріп отыр. Сенбесеңіз, кез келген аударма бюросына ағылшынша мәтін ұсыныңыз. Сосын сізге берген қазақша аудармасын қараңыз. Google Translate одан жақсы аударады не сол деңгейде аударылған, не сол Google Translate аудармасын қолыңызға ұстап отырған боп шығасыз. Ал енді ағылшын мәтінін қазақы сөз саптаумен жеткізу, эмоцияны қосу – ағылшынның арфасын алаштың домбырасына айналдырып жіберген Абайдай аудармашы адамды талап етеді. Яғни, аудармашы да, журналист те, бухгалтер де, заңгер де керек, жойылмақ емес. Тек, ол мамандықтарға қойылатын талап пен біліктілік күшейе түседі. Сол себепті, қай саланы алсақ та, оның фундаментал негізін білу, игеру – бұдан былай аса маңызды болмақ. Өйткені, елдің барлығы жоғары айлық пен бастықтық лауазымның жарысына түсіп кеткен.
Тоқетері, егер балаңыз "кулинар болам" деп, сіздің "программист мамандығын оқисың!" деген тоқтамыңызға қарсы шығып жатса, еш қиналмаңыз. Себебі, "адамдар әрқашан тамақ жеген және әрдайым жей береді де".