Әрине, миллион теңгенің уәдесін беріп орындамаған жақсы. Себебі, шендінің уәдесі, әдетте, бәрібір орындалмайды. Ал ротациямен ауысып кеткенге дейін не сыбайлас жемқорлықпен күрескерлер ұстап кеткенге дейін халықтың мейіріне бөлене тұру мүмкіндігі бар.

Әлқисса, шенеунік атаулы ғаламат цифрлармен қашан қаруланды? Хрестоматиялық мысалға айналған «жүз қойдан жүз жиырма қозы алатын социалистік жарыстың» салқыны бары бар. Бірақ, кемелденген капитализм дәуірінде қолдан келмейтін көлем мен мөлшерді айтуды қойсақ нетті. Қайдам. Себебі, халықтың өзі енді ұсақ-түйекті қабылдамайтын халге жетті. Оның құлағына жетпіс плюс тағы отыз жыл небір сандармен көмкерілген, соңғы кездері тіпті 3D анимациямен демелген уәделер тоқтаусыз құйылып келді. Ендігәрі тым ұсақ сан естімен бұл құлақ. Ендігәрі шындыққа жақын уәденің иесі жағымсыз кейіпкерге айналмақ.

Сенімсіз цифрлармен уәде етудің ел бойынша орташа мерзімі де белгілі: 10-20, әйтпесе, 30-40 жыл. Кез-келген қаладағы әкім қаралардың даму стратегиясын қарап, жылдарына зер салыңыз. Қызды-қыздымен осы ғасырдың ортасына дейін жоспарлап тастағандар бар. Ал келіп қалған 2020-ға дейінгі жоспарлардың берісі осыдан он жыл бұрын жасалған. Яғни, «Қожанасырдың я есегі, я патшасы өлген мезгілде».

Сандарға байланысты гигантомания есік алдындағы дүкенге өз бетінше шықпайтын халге жеткен шенеуніктердің, мемлекеттік қайраткерлердің, экспаттардың арасында індетке айналған. Өз басымнан өткен бір жайтты айтайын. Бір мықтымыз мінберден: «Қазақстанда жыл сайын үш жүз миллиард теңгенің малы ұрланады» деп қойып қалды. Ал кеңсесі болса, оның айтқан сөзін растауды қоңсы көрді. Соның алдында ғана «Қазақстан 287 млрд теңгенің етін экспорттайды» деген жаңалық тараған еді. Соған орай, «ол бұл статистиканы Ішкі істер министрлігінен алды-ау» деп сұрастырған кезде, нақты саны үш жүз емес, үш миллиард теңге болып шықты. Бұл жерде әңгіме жаңсақ цифрда емес. Бұл жерде әңгіме – әлгі шендінің ел ішіндегі ахуалға байланысты мөлшер сезімінің жоғында. Оның аузына триллион теңге деп салып берсең де, шімірікпестен айта берер еді. Мысалы, ертең түкке тұрмайтын жұмыстарға миллиардтар сұраған құжатқа қол қоя салады немесе лобби жасайды. Ал өзі сұрап отырған сомасы тым аз екеніне сенімді болады.


Оқи отырыңыз: Әлеуметтік ахуалды түзегуе билік "әскері" неге әлсіз?


Елмен бірдей тұрмыстан ажырағасын – шынайы сандардан да ажырайсың. Бір жылы мұнай компаниясы басқармасының өкілдеріне Excel бағдарламасын оқытқанда, «үйдің бюджеті» мысалында нанның 25 теңге екенін ақыры ұқтыра алмағанмын. «200 теңге» деп енгізіп қояды. Әлдеқашан дүкенге бармаған. Қауіптісі – мұндайлар «нан екі жүз-ақ теңге ғой, осы ел неге жылай береді?» деп ойлауы мүмкін. Халықтың бүгінде тоқсан теңгенің өзіне найқалып кете жаздап отырғанын түсінуі неғайбыл.

Дегенмен, ақшаның мөрі мен мөлшеріне немкеттілік менде, ендеше, сіздерде де бала кезден бар. Мысалы, Тәуелсіздіктің елең-алаңында Нұрлан Смағұлов (қазіргі белгілі кәсіпкерге қатысы жоқ) есімді азамат қаржы пирамидасын құрып, 600 млн теңгеден астам ақшамен елден қашып кетті. Әйтеуір, тергеу қорытындысы солай дейді. «Бүгінгі қасқырлардың қасында не тәйірі...» демей тұра тұрыңыз. 1994 жылы доллар 50 теңге шамасында болғанын ескерсек, егемен ел болғалы дербес, тұңғыш ұлттық аферисіміз 12 млн доллармен қашқан болып шығады. Бүгіндері ол 4 млрд 632 млн теңге алған болып шығып, Бишімбаев бәрібір көлеңкесінде қалар ма еді?!


Оқи отырыңыз: Шахмат "перғауындарымен" шайқасқандар


Үрейлі гиперсомалар қоғамды сол кездерден бері тықсырып келеді. Санаға сыйымды сан ойлағың келгенімен, жүрекжұтқандардың алған парасы, ұрлаған қоры абдырата береді. Ақыр аяғы әншейін, қарапайым жоғалтуға да қарады емес пе? Мысалы, 2015 жылы Есеп комитеті ауыл шаруашылығы министрлігінің әйгілі су комитетін тексергенде, оларда бухгалтерлік есеп жоқ болып шықты! Осылайша, 7 млрд теңгенің тағдыры белгісіз болып қалды! Жай, белгісіз болып қалды және бұл үшін ешкімге ештеңе болған жоқ! Қадірлі оқырман, сіз трагедияны түсініп тұрсыз ба? Бухгалтерия жоқ! Миллиардтар айналатын жерде бухгалтерия жоқ! Түсініп тұрсыз, бірақ етіңіз өліп кеткен.

Тоқетері, билік пен халық үлкен сандар матрицасында жүргелі жүз жылдың жүзі болды. Кішкентай цифрларды құлағымыз тұщынбайды. Жиырма шақырымдық жолды жөндеген жергілікті әкім өзі үшін өзіне қаһарман болса да, онысы «тоқсан тоғыз миллиард тоғыз жүз тоқсан тоғыз миллионның жолы салынды» деп қағазға түсіп, мінберден айтылмағасын – бәрі бекер. Ол, тіпті, жергілікті жұртқа да қаһарман емес. Себебі «жұрттың әкімі» ауызбен болса да, зауыт салып тастады. Осы жерде біздің екіұдайылығымыз, дуалистік табиғатымыз айқын көрінеді. Өтірікке қаншалықты жаны қас болса, соншалықты бойлаған жұрт болдық.

Әлеуметтік желіде «егер қолымда заң-зәкүн билігі болса, 15 мың теңге парамен ұсталған адамды жібере салар едім» деген сарындағы жазбаларды жиі көремін. Бәлкім, 150 мың теңге парамен ұсталғанды да. Тіпті, 1,5 миллионды да кешіре салуымыз кәдік. Себебі, көлемін місе тұтпаймыз. Елегіміздің көзі үлкен: тек миллиардтарды ғана тұта алады. Соның арасында елді кішкентай цифрлар күтіп тұр. Жөнделуі тиіс ондаған шақырым жол, жүздеген әжетхана, көпір, айналма жол, ауруханалар, тағысы тағылар. Аз-аздан, бірақ тым көп. «Миллиард пұт астықтың» абыройын бермейтін мұндай «ұсақ-түйек» жұмыстарға назар аударуға дәрмен бола ма, мәселе сонда.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter