Бүршік жарған балаусаны қолдан тікенекке айналдырып жатқанымыз қандай өкінішті?!

Жұмыс күні аяқталып, үйіме қарай аяңдап келе жатқанмын. Бірде жол-жөнекей мешіт алдында өткен-кеткенге ақша таратып тұрған жас келіншекке көзім түсті. Осымен үшінші рет көруім. Өткен жолы қайыршыға да, қайыршы емеске де таратып тұрғанын байқап, таңданып өтіп бара жатқанмын. "Апай, садақама батаңызды беріңізші!", – деген дауысына еріксіз тоқтадым. Алақанында темір жүз теңгелік. Көзі тұнған мұң мен шер.

Күйеуге шыққанына сегіз жыл бопты. Бір перзентке зар. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бейсенбі, жұма күндері осылай, мешітке келгендерге садақа таратады екен. Сәждеге жығылғанда "қалтамдағы маңдай теріммен тапқан теңгем дұғама тілектес болсын" дейді екен. Жүрекжарды батамды бердім. Қос алақанын жайған келіншек "Әумин!.." деп күбірлеп, мұң торлаған жүзін сипады.

Шын жүрекпен перзентті болуын тіледім.

Бір перзентке зар болған келіншекті ойлап келе жатқан ойымды жылаған баланың дауысы бөлді.

Маған қарсы бетте көше бойлап, бала жетектеген келіншек келеді. Жәй келе жатқан жоқ. Жетегіндегі баласын еңірете сүйрелеп келеді. Бір қолымен сүйрелесе, екінші қолымен басынан нұқып қояды. Баласын емес, өзінің басындағы бақытсыздықты, келеңсіздікті, әлдекімге кеткен есесін баладан алып келе жатқандай көрінді. Әр нұқығанында ащы өкініш бар. "Бас аяғыңды! Жаныңды шығарамын!" – деп зәрін төге ышқынады.

Жас әйелдің ышқындырған өмірге деген өкпесі ме, әлде жарық дүниеге баланы әкелгеніне деген өкініші ме? Бәлкім, өзінің жарық дүниеде жер басып жүргеніне деген реніші ме екен, түсініксіз. Қорғансыз баланың бүгежектей анасына еріп келе жатып, еңіреген дауысынан пүшәйман күйге түсесің.

Әлденеге долданған келіншек баласын аяусыз төмпештеп келеді. Жылап келе жатқан бүлдіршін сүрініп кетіп, аяқ киімін шешіп алды. Жұлқылаған өзі емес, жұлмаланған бала кінәлі боп, анасынан қайыра шапалақ жеді. Соншалық күйінердей, бар ашуын баладан алардай қаталдықтан бойым еріксіз түршікті. Бейтаныстың бейәдептігіне қарадай қысылып, қара терім бұрқ етті. Арашалап, баланы қолынан жұлып алғым келді. Бірақ, әйелдің ашуын одан бетер қоздырып аламын ба деп жасқандым.

Ботадай боздаған бүлдіршіннің тұсынан өте бере, боршалай аққан жастың ар жағынан, айналасынан намыстанған отты көз жарқ етті. Кішкентай ғана бүлдіршін жанына батқан таяқтан бұрын, өтіп жатқан адамдардың көзінше анасының нұқып, сүйрелегеніне намыстанғандай көрінді.

Көз алдыма мешіттің алдында перзент тілеп, жас толы көздерімен жаутаңдай садақа таратып тұрған келіншек келді.

Екі штрих!.. Бірі – құдайдан бала тілеп зар...

Екіншісі – берген баланы ботадай боздатып келеді.

Мына тіршілікте кез-келген оқиғаның сабақтастығы бар. Қоғамның жанды тақырыпқа айналаған жарасының бірі – баласы қарамай кеткен... Ұрпағы ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жібергені жайлы қасірет. Талқыға саламыз. Кінәлаймыз. Жағамызды ұстай, бетіне түкіреміз. Бірақ... Баланың осыншалық қатыгездікке ұшырауының себебіне үңілеміз бе?! Бәлкім, "таяқтың екінші ұшы" ата-ананың өзінде жатқан болар?!

Ересектер жағы көбіне: "Қанаттыға – қақтырмай, тұмсықтыға – шоқыттырмай өсірдім!.." деген міндетті балаға көлденең тартып, маңдайынан ұрғанды қалыптастырып үлгердік. Дұрыс. Бірақ, бала құқы қайда қалмақ?! Өш алудың құралына айналған балауса бала қалай жетілуі мүмкін?.

"Анаң жынды болса – арқалап бақ" деген асыл сөзді жадымыздан шығармауымыз абзал. Десе де, ата-аналар о бастан өздерін "арқалап бағатындай" дәрежеде ұрпағын бір шөкім мейіріммен жетелей білсе, құба-құп. Тоқпақпен өскен бала жаны томардай қатып қалса, жөнделуі, жұмсаруы қиынға соғары хақ.

Баласын нұқып қалмайтын ата-ана сирек. Әйтсе де, көпшілік көзінше баланы қорлау – "өз қарттығыңа құрсау салу" деп ойлаймын. Қазір – бала әлсіз. Дегеніңе көнеді. Кейін ше?! Қарттық кезең жеткенде, дөңгеленген дүние шіркін "төңкеріліп түсетінін" қазірден ойлаған жөн. Бұлдырықтай баладан бедірейген жан өсіп шықса, жауабын кім бермек?!

Бала тәрбиесіне: "Өз балам – өзекке тепсем де кетпейді. Жылар. Қояр. Көнер. Көнбегенде қайда барар дейсің"-мен енжар қарау қауіпті. Иманды перзент қартайған ата-анасын құдайдан қорыққаннан тастамайды. Бірақ, сізден жиіркене отырып ас бергенін көрсеңіз, қандай күйге түспексіз? Сол кезде, өтіп кеткен кезеңнің қайыра соғары қатты екеніне өкініп, бармақ шайнайтыныңызды осы бастан ойлаған жөн.

Кезіндегі көрсеткен қаталдықты іштей мойындауға мәжбүр ететін "Уақыт" деген әмірші бар. Әр секундында жасаған қателіктеріңді тырп еткізбей жазып отырады. Кезегі жеткенде сарт еткізіп, өткеніңді есіңе салады. Сол кезде бекем бол.

Үш жасар баланың көрген–білгені жадында сақталып қалатынын ғалымдар дәлелдеп шықты. (Бала күнде көрген-білгеніміз жадымызда екенін ғалымдарсыз да білеміз.) Демек, "балалықпен ұмытып кетеді" деп ойласаңыз, қателестіңіз. Қолыңыздан келсе, мейлінше тұнық, лайланып үлгермеген мөлдір жадыда қатыгездік емес, мейірім мен махаббаттың жатталуына күш салыңыз.

Байқасаңыз, айналамызда күйеуге шықпаған, бала тумаған қыздар саны көбейіп кетті. Өзіміз өмір табалдырығын аттаған жиырмасыншы ғасырдың орта деңгейінен асқанға дейін отыздан асып бала тумаған қызды кездестіру өте сирек болатын. Жо-жоқ, жан жарасын аршыр ойым жоқ. Оның да сан-қилы себебі бары хақ!

Бірде, жасы қырықты қырқалап қалса да күйеуге шықпаған қызбен сөйлесіп қалғанымда: "Ешқашан күйеуге тимеймін. Шыққан соң, бала тууым керек. Бала туудан қорқамын. Бала күнімде, анам балабақшаға жеткенше желкелеп, басымнан ұрып баратын. Жылағаныма қарамай шымшитын. Сол кезде "Өз балам ешқашан болмайды деп іштей ант бергенмін" дегенін естігенде, төбе құйқам шымырлап кеткені бар.

Қараңызшы?! Елемейтін, мән бермейтін жайттан – үлкен қасірет туындаған. Қызын ездетіп балабақшаға тастап, жұмысқа үлгеруді мақсат тұтқан Ана жетегіндегі қыздың "Ұяда не көрсе – ұшқанда соны ілетінін" күйкі тірлікпен арпалысамын деп жүріп ескермеген. Ұшығы араға жылдар салып қасіретпен түйінделіп жатыр.

Анасының жетегінде тұлымшағы желбірей, ботадай боздап келе жатқан бүлдіршін қыздың өз-өзіне ант беруін ойлаудың өзі қорқынышты. "Өсемін... Өнемін... Ұл-қызым болады. Ертегі айтып беремін..." деп емес – "Ешқашан болмайды..." деген зар күйінішін ластыққа былғанып үлгермеген тұп-тұнық санасына құйып үлгерген...

Күйкі тірліктің тұсауында жүрген Ана жетегіндегі құртақандай қызын болашақта "ана бақытынан" айыратынын әрине, ойламады. Қазір де қаншама аналар ойлап жүрген жоқ. Қаншама бүлдіршіннің осындай антты өзіне серік қып алғанын ойлаудың өзі қорқынышты.

Белең алған мейірімсіздіктің бәрі де жетпеушіліктің кесірі деп, қоғамды құрдымға жетелеген келеңсіздікке жауып, оп-оңай сытыла салуға болар. "Қағанағы – қарық..." отбасынан шыққан ұрпақтың да ата-анасына қайырылмай кетіп жатқанын көріп жүрміз.

Жоқ–жітік отбасының қисық жолға ұрынған баласын "көргенсіз!.." деп бір сөзбен сөгіп тастаймыз. Ендеше, тоқтықтан еш қиындық көрмей өскен ұрпақьы не дейміз? "Ішкізіп-жегізгенмен" шектеліп, қарапайым мейіріміне бөлеуге уақыт таппаған ата-анасын байлық пен мансапқа оп-оңай айырбастап, қайырылмай кетуінің ұшығы сонау... артта қалған бала күнгі көрген теперіштен көреміз бе, бәлкім маңдайынан мейірлене иіскемеген анасының қатыгездігінен болар?

Қасқыр екеш – қасқыр да күшігін азуын батырмай, тістелеп жүріп өмір сүруге баулиды. Үйретеді. Жол көрсетеді. Ал, тіршілік сатысының ұшар басындағы Адам – ұрпағына мейірім табуға уақыты, мұршасы жоқ.

Ауылдағы ата-анамызды еске алғанда, жүрегіміз елжірейді. Өмірден өтіп кеткеніне көзімізге жас аламыз. Неге?!. Өйткені олар, тәулігіне 3-4 сағат қана көз іліп, қалған кезде ошақ қасы мен қора-қопсы қамымен арпалысып жүріп те бізге мейірімін төгуге тапты. Кісі көзінше балаға зекуді "айып" көрді.

Үнемі желкесінен түйіп, зекігенді естіген сайын бала жүйке ауруына шалдығып, қиындыққа төзімсіз болып өседі.Оған мән беру жоқ.

Бар кінәні жоқшылыққа тіреуден аулақ болайық. Жоқшылықта өссе де, мойымаған қаншама жандардың керемет тұлға болып, еліне еңбегі сіңгенін білеміз. Олардың тіршілік теңізінде батып кетпеуі үшін анасы жанына желеу, арманына желкен болған. Қарапайым ғана "ана тілегі", "ана батасы" деген осы.

Қоғамның жарылқауын күтпей, өз балаңа мән берсең – ұттым дей бер.

Жетектегі баланы патша ететін де, данышпан ететін де, тасжүрек ететін де – Ана. Атам қазақ текті жерден қыз алған да, тегеуріні мықты ұл туатынын білген. Тектілік қанмен беріледі десек те, өнегелі шаңырақта өскен текті ұрпақ өсіруге ұмтылу өз қолымызда.

Балауса кездегі қатал соққы бала санасында көшпестей жазылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, болашақта рахатын көрем десеңіз, балаңыз жетекте жүргенде бастаңыз. Қазірден асықпасаңыз, қорғансыз кезде алған соққыдан бала жүрегі мүйізденіп, қатып кетпесіне кім кепіл?!

Уақыт шіркін – қас-қағым. Бүгін жетегіңде желкілдеген бүлдіршіннің ертең ақыл-ой тоқтатып, айналаға ойлана қарайтын сәті де жап-жақын. Сол сәтте ұрпағыңнан әдемілікті, шапағатты, адамгершілікті көргің келсе, бүгіннен баста.

Қалқам, жетегіңдегі жеткіншекті желкелемеші?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.