Екі Ананың айтқанын тыңдаған екі Тағдыр
Он шаңырақ көтерілсе, төртеуден астамы шайқалады екен
"Себеп неде?!" деген орынды сұрақ туындайды. Басым көпшілігінде ата-ананың ықпалы екені белгілі болып отыр.
Екі Ананың екі түрлі шешімі әсер еткен екі шаңырақ. Төрт баланың анасы болып отырған үлкен қызы анасына жылап келді. Еңіреп отырып айтқаны – күйеуінің көзіне шөп салып жүргені болды. Анасы қызының сөзін бөлместен тыңдап алды. Қызы зарын аяқтағанда жәймен сөз бастады.
Дұрыс Ана
Қызым, сен менің тұла бойым тұңғышымсың. Жоғары білімдісің. Ешқашан атыма кір келтірмедің. Сендей қызым болғанына мақтанамын. Марқаямын. Құдаларымнан "әй, кәпірді" естіртпедің. Соңыңнан ерген сіңілің мен ініңе өнеге болдың.
Күйеуіңді қызғанып, ренжіген екенсің. Енді мені жақсылып тыңда. Қызым, күйеуіңді өзің тауып, қаладың. Таңдауыңа қарсы келмедім. Сүйіп тиген жарыңнан Құдайдың сыйлаған үш ұл, бір қызын өмірге әкелдің. Ата-енеңнің алдына немерелерін төгіп тастап, абыройға кенелдің.
Он бес жылдан бері біреуден ілгері, біреуден кейін отандасып келесіңдер. Күйеуің қалаға белгілі прокурор. Үстіңде көрсе көз тоймастай әдемі екі қат үй. Астыңда джип машинасы. Автобус күтіп тұрмайсың. Бала-шағаңды зырылдатып машинамен тасисың. Ішкенің алдыңда. Ішпегенің артыңда. Кигенің асыл киім. Соның бәрі кімнің арқасында?!
Әуелі Құдай, сосын, жамандап отырған күйеуіңнің арқасында. Сен неге күйеуіңді тәрбиелегің келеді? Жас жігіт болып тиген күйеуің бүгінде қоғамда орны бар тұлға. Күйеу сенің шаңырағыңның тіреуі, алтын бақаның. Еркектің ісі түзде, ырысы үйде. Еркектің тауып келген ырысын шашпай-төкпей жинап отыратын үйде отырған сенсің, қызым.
Қызметі өскен сайын, еркектің жүріс-тұрысы көбейуі заңды құбылыс. Қызметтестерімен бірге дастарқан басына бармаса, келмесе, дәрежесі қайтіп өспек? Маңайындағылардың көңілін аулап, жолын аршып жүрмесе, жолдас арттыра алмайды.
Айналаңа қарашы. Бүгінде "ешкіні – апа, текені – көке" деп жүріп, қызметке жармасып жатқан біреу. Сендерді қамтамасыз ету күйеуіңе оңай емес. Қыз-қырқынмен жүрсе, саған мін. Әйел болу – үлкен еңбек, қарағым. Әйелі жақсы еркек, тыстан мейірім іздемейді. Еркек, жұмыстан шаршаған кезде ұядай үйге асығуы үшін, алдымен сен жаныңды салуың керек.
Түн ортасында келсе де тәтті тамағын алдынан тосып, үсті-басыңды түзеп, күліп қарсы ал. Қайдан, қандай арпалыстан шыққаны белгісіз еркек, әйелі жадырап күтіп алса, әрқашан үйіне жеткенше асығатын болады. Жанталасқан заманда Әйел, еркектің жанына жайлы аралы болуы керек.
Жүрген ізін аңдығанша, "аман-есен оралсаң бопты" деп құдайдан тілеп, бала-шағаңды бауырыңа басып отыра бер. Еркек түзде жорытатын мінезден айырылса, еркектік болмысын жоғалтады. Еркектік намысына тие берсең ашындырып аласың. Табандатам десең, төрт баланы қимай көнуі мүмкін. Бірақ, мінезінде солқылдақтық пайда болады. Солқылдақ еркекте береке болмайды, қызым.
Одан қала берді, үш ұлдан соң көрген қызы десе ішкен асын жерге қоятын махаббатын ұтымды қолдан. Күйеуің тым кешігіп жатса телефон шалып, жәй ғана: "Қызың "папамды күтемін" деп ұйықтамай жатыр" дей сал. Жанындай жақсы көретін қызы үшін өзі-ақ оқтай заулап жетеді. Күшпен күйеуді бағындырамын деу – ақымақтық.
Ақылды әйел, қажетті жеріне айланы қолдануы керек. Жөнімен қолдансаң, залалы жоқ. Балаңның алды он төртте. Енді бір он жылды артқа тастасаң, құдай қаласа ұлың үйленейін деп отыр. Балаң үйленді деген сөз – үй ішінен екінші отау пайда болды деген сөз.
Өзіне пара-пар отау пайда болғанда күйеуің өзі-ақ саған ысырылып, сенімен одақтас болуға мәжбүр болады. Бала мен келінге отбасындағы Ананың ықпалы күшті екенін білетін күйеуің өзі-ақ алдыңа монтаңдап түсіп алып, жүгіретін болады.
Он бес жылға шыдағанда, түкке тұрмайтын он жылға сәл сабырмен шыда. Балаңның тойында бір өзің сымпиып тұрғаннан, қолтығына сүйенген күйеуіңнің тұрғаны ел-жұрттың алдында таудай мәртебе. Абырой. Ақымақ болмай, үйіңе қайт.
Кешкісін күйеуіңді түк болмағандай күліп қарсы ал. Дүйім жұрттың алдында күйеуге ұзатқанда, сені төрт баламен болмашы қызғаныш үшін бауырыма жинап алу үшін ұзатқаным жоқ. Мені құда-жекжаттың алдында жерге қаратпастан үйіңе қайт, қызым.
Анасының сөзі үстінде көз жасын тиған қызы, сөз аяғында ілби басып, үйіне қайтты.
Бұрыс Ана
Күйеуіне арыздана жылап келген қызын тыңдап, шапшаң шешімге бой ұрған "бұрыс Ана", алдымен құдағиға телефон шалды. "Ұлына дұрыс тәрбие бермегенін, көшеде тәрбие көрген ұлы қызының көзіне шөп салғанын" бетіне басты.
"Жарымай-жасымай отырған жерге барғанына көзін жұмып, қызы үшін үй алып бергенін, түгі жоқ кедейлігін жора-жолдастарына айтуға әлі күнге намыстанатынын, шыдамның да шегі барын" шәңкілдей айтты.
Кезек күйеу балаға жеткенде: "Тас кедейлігіңе қарамай қызымды бергеніме рақмет деудің орнына, шамаңа қарамай қызымның көзіне шөп салардай сен кімсің?! Өмірінде тойып тамақ ішпеген неме, қызым байсыз қалады деп жүрсің бе?
Сендей сүмелекті қызымыздың абыройы үшін қызметке біз қойғанбыз. Тойынған екенсің. Киім-кешегіңді жинап, көзіңді жоғалт. Қызыма сені он орап алатын бай тауып беремін. Екі баласын өз тегіме көшіріп аламын. Ол аз болса, сендей немеге без тергіземін!" Арыны қатты бұрыс Ана, екі баласын жетелей жылап келген қызын үйінде алып қалды.
Бүгінде бұрыс Анасын тыңдаған қыз, екі баласын тірі жетім ете әке-шешесінің үйінде кірме болып отыр.
Бүгінде, Дұрыс Ананы тыңдаған қыз, отбасымен шалқып өмір сүріп жатыр.
Қайсы дұрыс шешім қабылдағанын оқырман талқысына тастадым.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.