Анасын сабайтын ұл
Теперіштің түрі сұрықсыз
Көктемнің ызғары сүйектен өтердей жауынды күнінде аялдамада тұрған әйел, автобустың астына түсіп кете жаздады. Шу еткен дауыстан есін жиған әйел, үрейленген адамдарға меңірейе қарады.
Адамдардың бірі ұрсып, бірі есіркеп айтқан сөздерін саңырау жанша естімейді. Жауын суына шылқыған жаздық сүйретпесін тырпылдата сүйреткен күйі аялдама орындығына жетті де, отыра кетті. Осы кезде "Жұмагүл?!" деген дауыс естілді. Қолына себет ұстаған әйел жүгіріп келе жатты.
Ентіге жеткен әйел "Неге күте тұрмадың?" деп ренжіген бойы қолындағы себеттен туфли алып шығып: "Мынау саған дұрыс келетін сияқты, қане, киші?" деп меңірейген әйелдің аяғына қарай тастады.
Жансыз көздері аяғының астында жатқан туфлиге түскен әйел роботша сүйретпесін шешті. Сәл іркіліп барып туфлиді тездете киіп алды. Әдемі туфлиді қызықтамайды. Керзі етік кигендей көздерінде қуаныш жоқ. Құрбысы сүйретпесін тездете жинап, әйелдің қолындағы себетіне салып берді. Мән берсейші?!
"Туһ, тура келмей қалса, қайтемін деп уайымдап ем, дәл келгенін қарасай?!" деп қуанған құрбысының сөзіне де селт етпеді. Алдына көлденең тоқтаған автобусқа тездете мініп кете барды. Өкпесін қолына ала туфли әкелген құрбысына рақметін айтпастан кетті.
Перзенттен қайда безерсің
Ұзаған автобустың соңынан қараған әйел іштегі запыраннан құтылғысы келген жанша кетіп бара жатқан құрбысының тағдырын жылап отырып баяндай бастады. Екеуі мектепте бірге оқыған. Бала күннен дос екен.
Құрбысы көркіне ақылы сай, мектептегі қыздың алды болыпты. Жоғары сыныпта оқып жүргенде әке-шешесі бір күнде апаттан қаза тауып, аңырап қалады. Соңынан ерген екі бауырына ес-көз боп қалады. Оқуға түсуді армандап жүрген қыз ауылдан ұзап кете алмай, екі бауырын жетілдірумен жанталасқан.
Уақыт өз дегенін істеп, ауылдағы бақуат кісінің баласы сөз айтқанда: "Етегінен ұстасам, екі бауырыма себім тиер" деген оймен, сүймесе де бірден келіседі. Басты шарты – екі бауырын қолына алу болыпты.
Үміті ұзаққа созылмай, солады. Күйеуі бір баладан соң ішетін әдет шығарады. "Әне қояды, міне қояды" деген үмітпен үш балалы болған келіншек өз-өзін алдап жүргеніне көзі жетеді. Кетейін десе, үш баламен қоса екі буыны бекімеген бауыры бар.
Күйеуі ақыры екі бауырын интернатқа өткізіп тынады. Сонысына ренжіген бауырлары сол күйі әпкесімен ара–қатынасты үзеді. Арақтан аузы құрғамайтын күйеу ішкенімен қоймай, төмпештеуді қалыпты жайтқа айналдырады.
Әр күні жүрегі сығылумен өтіп жатқан жас келіншектің үмітін үкілеген ұлы өскен соң, әке жолын таңдайды. Жоғары сыныпта оқып жүрген кезден арақ ішуді бастап, ата-аналар жиналысы сайын анасын жерге қаратумен болады.
Күндердің күнінде арақты жанына балаған ұлы өзіне қол көтере бастайды. Алғашында "балалық – еркелік" деп, жалғыз ұлдың оғаш қылығын кешірген. Ұлы әкесімен төбелесіп, арашаға түскен анасын әкесімен қоса сабайтын әдет табады.
Үзілген үміт
"Әкесінің азабынан құтқарар?" деп бетіне қараған жалғыз ұлдың азапты күйеуінен асырып түсіргенін көтеру қиын сынаққа айналады. Екі қызы мектеп бітірісімен, қасіретке тұншыққан үйден күйеуге қашып құтылады. Маскүнем күйеу мен ұлдың ортасындағы тозақта әйел сорлы жалғыз қалады.
"Үйленсе, тыйылар" деген үмітінің күлі көкке ұшады. Күйеуінің таяғына шыдамаған келін, төркінге кетіп тынады. Оған әйел ренжімейді. Өзінен басқа жан шыдамайтын тозақта кісі баласын қалай ұстасын? Келінге еріп кеткен немересінің қыз екеніне қуанады.
Ұлдан жүрегі шайлыққан әйел байғұс, әйтеуір қыз бала ішімдіктен аулақ болар деп үміттенеді екен. Арқа сүйер ешкімі жоқ әйел ешкімге шағынып,жыламайды. Меңірейе қараған көздері болмаса...
Ең қиыны, ұлын емдетуге апармайтын көрінеді. "Апарсам, есепке алып, жұмысына кесірі тиеді" деп қорқады. Сөйтіп, азапты күніне мойынсына ғұмырын өткізуде. Ата-анадан ерте айырылғалы тасбақа тіршіліктің көнін жапсырып алғалы бері қаусаған құр сүлдеге айналған.
"Сорлының көктемнің қара суығында жаздық сүйретпемен жүргенін көріп, келіннің артық аяқ киімін сұрап алдым. Ақшасын күйеуі былай тұрсын, осы күні баласы тартып алатын болған. Қу перзенттен қайда безінсін?!" деп өксіген әйел гүлдей жайнаған құрбысының жүндей түтілген тағдырына нали иығы селкілдей үнсіз жылады.
Жұмақтың кілті Анада
Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген хадистерінде ананы ардақтауды өсиет еткен. Бір күні Алланың Елшісінің жанына бір кісі келіп: "Ей, Алланың Расулы, ең көп жақсылықты кімге жасайын?" деп сұрайды.
Пайғамбарымыз "Анаңа" деп жауап қатады. Әлігі кісі сұрағын үш мәрте қайталап қояды. Үш мәртесінде де Алланың Елшісі: "Анаңа" деп жауап береді. Тек төртіншісінде ғана: "Әкеңе" дейді (Бухари.Әдеп. 2).
"Жаннат аналардың табандарының астында" (әл-Кудаи. Муснәдуш-Шихаб. 1,102-бет) деген Алланың елшісі айтқан сөздің тереңіне бой жүгірте қарасақ, қандай ғажап мағынасын көреміз. Пайғамбарымыз жаннатқа аналардық ризалығын алу арқылы баруға болатындығын, әкелерге қарағанда аналарды үш есе артық бағалауды мына: Жүктілік кезең, Босану, Емізу кезеңінде ана бар жауапкершілікті бір өзі көтеретінін негізге алған.
Аталған көзеңнен кейін барып бала тәрбиесіне әке үлесін қосатынын есепке алсақ, Ана сөзінің салмағы қаншалық екені айтпаса да түсінікті жайт. Тар құрсаққа біткен күннен бастап ішіп-жемнің өзін саралап, өз дегенін бойындағы нәрестеге қажетті талапқа оп-оңай ауыстырады. Әр күнін қуанышпен күтетін ана сезімін, қажыр-қайратын Пайғамбарымыз қандай ғажап түсінген, біздерге өсиет етіп қалдырған десеңізші?!
Жанын шүберекке түйе ащы толғақтың өзін жарық дүниеге ұмтылған нәрестеге деген махаббатпен жеңе білген Ана жанкештілігін жеткізуге ешқандай сөз жоқ болар. Өмір мен өлім арпалысқан сәттен перзентке деген сүйіспеншілік сүйреп шығатынын Алланың Елшісінің қадірлеген қасиетіне тәнті боласың.
Бір толғаққа татымайтын өтеу
Анасын иығына отырғызып, Қағбаны тауап жасаған бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.с.): "Анамның ақысын өтей алдым ба?"деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Жоқ, бір толғағының да ақысын өтей алмадың" деген екен (С.Кутуб. Фи Зылалил-Куран VII, 29-бет).
Бала жыласа, "түн ұйқымды бөлді" деп әке басқа бөлмеге барып ұйықтар, тек, ана емес. Шырт ұйқыдан ұшып тұрып, баласын өбектейтін ана махаббатына ештеңені теңеуге келмес. Түн ұйқысын төрт бөлген анасын қадірлемек тұрмақ, қол көтеруден өткен хайуандықты іздесең таппасыз?
Тәтті ұйқыда жатқанда сәбиінің қимылынан оянып, жалығын қабақ шытпай құрғататын ана жанына қаяу түсіруден қаймықпаған пендені "адам" сөзіне жатқызуға, сірә болмас. Күйеуден жеген таяқтың орны баладан көретін жақсылықпен толығар деп үміттенген әйелдің арманын күйреткен ұлды адам бейнесіне көз алдыма келтіре алмадым.
Сүйегін ерітіп, нәр беретін Ана
Медициналық мәліметке құлақ ассақ: Бала жатырға түсіп өсе бастауынан кейін ананың ағзасында көптеген өзгерістер болады. Көп жағдайда күнделікті асын жей алмай, жүрегі лоқсып, азабы айларға созылуы мүмкін (Жерік болу сәті).
Баланың сүйегі қалыптасу кезеңінде ананың қанынан кальций артығымен бөлінгендіктен, ана әлсірейді. Жатырындағы сәбиінің өсуі үшін өзінің сүйегі еріп, содан бөлінген заттарды береді! Бұл – бір ғана қарапайым мағлұмат қана. Ана ағзасындағы күрделі өзгерісті айтып жеткізу мүмкін емес.
Осыншалық жанкештілікпен жарық дүниеге әкелген анаға лайықты құрмет көрсетпеуден асқан қасірет, сірә жер бетінде жоқ болар. Адам баласының ең жоғарғы мақсаты – Алланың ризашылығына бөлену.
Ал, ризашылыққа қол жеткізудің бір жолы – ата-анаға жақсылық жасау. Апыр-ау, ыстыққа күйдірмей, суыққа тоңдырмай, жетілдірген анасына құрмет көрсетудің орнына жұдырық ала жүгірген ұлдың жер басып жүруге қақы бар ма деген сұраққа тіреледі екенсің.
Аты әлемге мәшһүр Лұқпан әкім баласына: "Балам, ата-анасын риза еткен Рахманның да ризашылығын алмақ. Егер, ризашылығын ала алмаған болсаң, онда жәннатқа кіре алмайсың" деп өсиет еткендігін бала күнімізден ата-анамыздан құлаққа құйып өстік.
Жаратқан ием Құран кәрімде (Лұқпан сүресі, 14-аят): "Әрі маған, әрі әке-шешеңе алғыс айт" деп бұйырады. Қараңызшы, ата-анамызға жақсылық жасау арқылы Аллаға да шүкіршілік ететініміз неткен ғажап?!
Тіршілікке бақыт пен қуанышқа кенелуге жаратылған әйел тағдырының тауқымет пен тепіреш тозағының қылбұрауында буынып жатқаны өкініш отына өртейді екен-ақ. Ұзап бара жатқан автобуста құр сүлбе терезеге үміті сөнген көзбен қарап,кетіп бара жатты.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.