Мұнай – қазақтың бағы ма, соры ма?
Лондон биржасында өткен саудалауда Brent маркасы 7,8 пайызға арзандап баррель құны 61 долларға, 7,5 пайызға төмендеген WTI маркасы 53 долларға жетті.
Бұның басты себептері қатарында мұнай нарығында ұсыныстың тұтынудан асып түсуін, бағаны реттеу тұрғысында "қара алтын" өндіруші елдердің, ең алдымен ОПЕК мүшелерінің арасында ауызбіршіліктің жоқтығын, балама қуат көздерін пайдалану бойынша технологиялардың дамығанын, тиісті нарыққа кең көлемде Ирақ, Иран, Либия секілді ірі ойыншылардың шыққанын, тиісті салада сланецтан өндірілетін мұнай мен газ көлемінің артқанын атауға болады.
Сондай-ақ, мұнай бағасының қазіргі төмендеуіне Америка мен оның президенті Дональд Трамп айтарлықтай үлес қосты. Біріншіден, бұған дейін мұнай қорын сақтап келген Құрама Штаттарының оны кең көлемде өндіре бастағаны сонша, бүгінде аталған өлшем бойынша Ресейді басып озып, Сауд Арабиясынан кейін әлемде екінші орынға шықты. Екіншіден, ғаламдық мұнай нарығында бағаның тым қымбат екенін алға тартып, оның төмендеуіне саяси алғышарттарды қамтамасыз етті. Соңғыларының қатарында саудиялық журналист Хашогджидің өліміне байланысты шыққан дауда Саудияға қолдау білдіргенін ескерген жөн. Бұнымен тікелей байланысы бар ма, жоқ па, Эр-Рияд әйтеуір мұнай экспортын күрт арттырып, оның бағасының құлдыруына себепкер болды. Соңғы жаңалықтардан соң қуанышын жасыра алмаған Трамп өзінің Twitter-парақшасында Сауд Арабиясына алғысын жаудырды. Үшіншіден, Иранмен арада қырғи-қабақ ахуалға және санкциялық қысымға қарамастан, Ақ үй осы елдің мұнай сатуына жағдай жасады.
"Сыбағаның" сыбағасы
Әйткенмен, мұнай нарығындағы дағдарыстар негізінен алғанда табиғи құбылыс болып табылатынын ескеру керек. Сәйкесінше, Американың да мұнай саясаты бірінші кезекте экономикалық прагматизмнен келіп туындайды. Тек кезіндегі Кеңес Одағы мен оның бүгінгі мирасқоры Ресей "қара алтын" бағамының құбылуынан әлдебір астар, бәсекелестердің арам пиғылдарын іздейтін. Әрине, отандық экономиканың күйзелісін, онымен бірге әлеуметтік жағдайдың нашарлауына келгенде, авторитарлы билік себептерді өзінің қатесінен емес, басқа біреудің арандатуымен түсіндіруге дайын тұрады. Олай ыңғайлы да, жауапкершілік те жоқ.
Қысқа мерзімге өзін ақтағанымен, осындай солақай ұстаныммен ұзаққа шаппайтыны анық. Естеріңізде болар, сонау 2005 жылы Қазақстан билігі өндірілетін мұнай көлемін 70 милионнан 150 миллионға жеткіземіз деп мәлімдеді. Бұл тұрғыда Қашаған кен орнына зор үміт артты. Содан бері он емес, он үш жыл өте шықты. Экологтар мен жергілікті жұрттың жанайқайына қарамастан, мақтаулы Қашаған кәсіпорны іске қосылды. Алайда мұнай көлемі сол баяғы 70-80 миллионнан асар емес. Сорақысы сол, одан түскен табыстың басым бөлігі шетелдік компаниялар еншісінде. Мұнайлы өлкелердің өзінде өркендеудің орнына табиғатқа, жергілікті халықтың денсаулығына орасан нұқсан келтіріп жатыр. Қашағанның кесірінен Каспийдің итбалығы мүлде құрып кетуге қалды.
Ендігі түйткіл жалақы хақында. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың баррелінің өзіндік құны – 6 доллар. Бұл – әлемдегі ең төмен өлшем. Келетін пайда неғұрлым көп болса, әділ есептеу бойынша жалақы да соғұрлым жоғарғы болатыны ақиқат. Бізде олай емес. Қазақстанда аталмыш көрсеткіш айына 600-1000 долларды құраса, Саудияда 5000-8000 доллар. Салыстыру үшін: Америкада мұнайдың өзіндік құны 32 доллар бола тұра, орташа жалақы – 10 000 доллар, 17 долларлық мұнай өндіретін Норвегияда орташа жалақы – 13 000 доллар, мұнайдың өзіндік құны 15 долларлық Аустралияда – 14 000 долларға жетеді. Әлемде ең төмен жалақы алатын мұнайшылары Суданда – 5000 доллар.
Сонда Қазақстанда жалақының қоры қайда кетіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Біріншіден, оның басым бөлігі компанияның таза пайдасына аударылуы ықтимал. Екіншіден, топ-менеджерлер мен шетелдік мамандардың қалтасына түседі. Мәселен 2016 жылғы ашық деректер бойынша "ҚазМұнайГаз" бастықтары – Фрэнк Куйларстың жылдық табысы –$292 000, Питер Лэйндікі – $235 000, Кристофер Уолтондікі – $217 000. Отандық мұнай серкелерінің табысы құпия. Бірақ уақыт өткен сайын олардың жасырын шоттары әшкереленіп, миллиондаған долларға яхта мен арал, тоқалдарына бриллиант пен виллалар сатып алады. Үшіншіден, шылқымайға батқан олар өз құлқындарынан қалған тиын-тебенді ғана "қара алтынды" өндірудің машақатын көрген мұнайшыларға береді. Оның өзінде оларды жарылқап тастағандай қылып беріледі. Ал еңбекшілер жалақыны көтеруді сұраса, қожайындары жұмыстан шығарады. Ол өз алдына, қудалап, күштік әрекетке баратыны мәлім.
Мұнайдың буы
Кезінде Сауд Арабиясының мұнай министрі шейх Яманидің айтқаны бар: "Тас ғасыры тастың таусылғанынан аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де өтеді". Бүгінгі ғаламдық экономика үрдістеріне қарағанда осы болжам іс жүзіне асып келе жатқандай. Мұнай бағаларының төмендеуі – бірінші кезең ғана. Бірақ Қазақстанды алғашқы соққының өзі есеңгіретіп тастады.
2014 жылдан бері әлемдік мұнай бағасының төмендеуі біздің экономиканы дағдарысқа ұшыратты, теңгеміз құнсызданып долларға шаққандағы бағамы 185-тен 380-ге жетті. Жан басына санағанда ЖШӨ (жалпы ішкі өнім) 13,8 мыңнан 7 мың долларға дейін кеміді. Қаржы тапшылығы салдарынан талай кәсіпорындар банкрот атанды, бірсыпыра банк лицензиядан айрылды, әлеуметтік ахуал нашарлай түсті. Жағдайды еңсеру мақсатында үкімет болашақ ұрпақтарға деп жинаған Ұлттық қор мен халықтың жинағы зейнетақы қорына қолын салды. Енді міне, жыл сайын азаматтарға салынатын айыппұлдарды, түрлі мәжбүрлі салықтарды (жұмыссыздық үшін, денсаулықты, көлікті міндетті түрде сақтандыру үшін, жаңа мекен-жайда уақытша тіркелу үшін т.б.) ойлап тауып жатыр. Есесіне әлеуметтің сатып алу қабілеті төмендеп, қоғамды кедейлік жайлады. Бұның салдары ретінде ұрлытыңқ, бопсылаудың, өзіне-өзі қол жұмсаудың жиілегені ащы шындыққа айналды.
Әрине, экономикадағы түйткілдерді кешенді шешудің орнына салмақты халық иығына арта салу немесе шетелден қарыз алып жаба қою оңай көрінер. Соңғысы қазірде 176 миллиард доллардан асып жығылады. ТМД елдері арасында бұл да – ең жоғары көрсеткіш.
Анығы бір, зор үміт артқан мұнай дәуірі аяқталып келе жатыр. Ең өкініштісі – "қара алтынның" бағасы шарықтап тұрған заманды Қазақстан өз пайдасына жарата алмады. Тіпті тәуелсіздік алғанында толықтай Нөл деңгейінен бастаған Сауд Арабиясы немесе Біріккен Араб Әмірліктері құрлы болмадық. Экономиканы дамытып, бәсекелестікке қабілетті арттыру сөз жүзінде қалды. Іс жүзінде мұнайдан түскен миллиардтар той мен қажеті күмәнді форумдар өткізуге кетті. Осылайша әу баста сауатты елі бар, қойнауында мұнай ғана емес, толықтай Менделеев таблицасы жатқан Қазақстан арабтар қол жеткізген алғабасу тек арман. Қазіргі жүйеде тіпті қол жетпес қиял. Мұнай бағасы 120 доллар болғанда экономиканы өркендете алмаған шенділердің бұл көрсеткіш 60 долларды құрағанда бір нәрсені тындырарына сенудің өзі қиын.
Ақиқатында тығырықтан шығудың кілті мұнай бағасына, табиғи байлықтарға, жердің аумағы иә халықтың санына емес, саяси реформаларға келіп тіреледі. Олардың дені – демократиялық әділ таңдау арқылы биліктің, барлық құзіреттің қолынан іс келетін мемлекетшіл азаматтарға берілмесе, он емес, жүз бағдарлама қабылдансын, оларды қанша қарқынды, үдемелі, топ жарушы атасын, мардымды нәтиже шықпайды. Ол неғайбыл. Қоғамның өзі де әлжуаз.
Мәселенің екінші жағы
Әзірше мұнай бағасының шарықтауынан халықтың басым бөлігінің қолы игілікке жетпеді. Ал жемқорлықтың шектен шыққаны, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі, экономиканың ғылымға негізделген заманауи салаларының бұғатталуы, экологиялық ахуалдың ушығуы т.б.жағымсыз әсері шаш етектен. Кезінде Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздігін алуы сынды мұнай бағасы төмендеуінен болған жағымды нәтижелер бар әрине. Дайынға малданбай, алға басудың балама тетіктерін ойластырдық. Нәтижесінде орта және шағын кәсіпкерлік серпін алды, банк саласы едәуір дамыды. Шикізаттан түскен пайда мардымсыз болғандықтан, биліктің өзі салық төлеушілермен, яғни қарапайым халықпен санасуға мәжбүр болды. Бұның өзі елдің демократиялық жолмен дамуына мұрсат берді. Ал енді мұнайдың арқасында байыған сайын Ресейдің империялық саясаты күшейіп, көршілеріне қырғидай тиетін әдетін ескерсек, "қара алтын" бағасының құлдыруы ұлттық қауіпсіздікке де оң әсер тигізді.
Олай болса мұнай бағасының төмендеуіне қарапайым жұрт қайғырмайды. Ол тіпті қажет емес шығар. Онсыз да бағасы шарықтап тұрғанда жер асты байлығының рақатын көрмеген халық енді тіпті татпас. Ол екіталай. Кім біледі, бәлкім лауазым иелерінің мұнайдың буынан арылып, кеш те болса мемлекетшіл іс-қимылға көшуіне өмірдің өзі мәжбүр етер.
Айналып келгенде өркениетті, бақуатты әлемнің басым бөлігі сол шикізатқа кенде елдер емес пе. Ендеше жерден қазып алғанды сатқанға мәз болған, тұрпайы шаруашылықтан қол үзіп ақылға жүгінген экономиканы ойлаған абзал. Бұл жолмен жүрсек, өзімізге деген сенім қалыптасуы өз алдына, болашақ ұрпаққа кереметтей байлық болмаса да, таза ауа қалдырғанымыз құнды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.