Qazaq Expert Club тағам қауіпсіздігі саласының сарапшысы, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелеева қытайлық арзан снектердің құрамында не барын және олардың денсаулыққа қаншалықты қауіпсіз екенін зерттеді. 

– Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті базасында ұйымдастырылған ғылыми үйірме аясында студенттермен бірге Қытайдан әкелінген бес түрлі снекті зерттедік. Кейбір үлгілерде таңбалау мүлде болмаған, бұл өнім айналымы талаптарының бұзылғанын көрсетеді.

Алғашқы кезеңде құрам талданды. Барлық үлгілерден тағамдық қоспалар анықталды, оның ішінде дәм күшейткіштер (E621, E635), тәттілендіргіштер (E952, E955), сондай-ақ синтетикалық бояғыштар (E102, E110 және басқалары). Олардың көпшілігі қолдануға рұқсат етілгенімен, сарапшының айтуынша, тұрақты тұтыну асқазан-ішек жолдарына қауіп төндіріп, аллергиялық реакциялар туғызуы және микрофлораға әсер етуі мүмкін.

Жеке атап өтерлік мәселе – цикламат (E952) тәттілендіргіші, ол АҚШ-та тыйым салынған, ал Еуропа елдерінде шектеулі мөлшерде ғана рұқсат етіледі. Ол денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін және канцерогендік қасиеттерге ие деп саналады (онкологиялық аурулардың дамуы егеуқұйрықтарда эксперименттік түрде дәлелденген, бірақ адамдарда толық расталмаған).

Жекелеген үлгілерде жануар майы да анықталды, ол тұрақты тұтыну кезінде ағзадағы холестерин деңгейін арттырады.

Әлеуетті уыттылықты бағалау үшін гуппи балықтарына биотестілеу әдісі қолданылды – бұл қауіпті заттардың концентрациясын анықтауға мүмкіндік беретін жедел тәсіл. Эксперимент барысында 24-48 сағат ішінде балықтардың 40%-ға дейінгі бөлігі қырылды, бұл зерттелген үлгілердің орташа деңгейдегі уыттылығын көрсетеді.

Реттеуші шаралар қабылдау үшін қосымша зерттеулер жүргізіп, ұзақ мерзімде деректер жинақтау қажет.

Қазіргі кезеңде тұтынушыларды ақпараттандыру аса маңызды. Қауіп тек снектерде ғана емес, таңбалаусыз сатылатын басқа да өнімдерде, соның ішінде балаларға арналған тауарларда да болуы мүмкін.

Мен зерттеулерді жалғастыруды, сондай-ақ астаналық мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмын. Бұл снектердің құрамы балаларымыздың денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар заңсыз әкелінген тауарларды сатып алмау маңызды: олар сертификатсыз, өндіруші туралы ақпаратсыз және құрамының қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы жоқ түрде сатылады.