Венаның қожасы – велик

Арыны автобустан қатты трамвайлар 30-дан астам бағытпен заулап жатыр. Ескілері де, УЛФ аталатын жаңасы, табаны аласалары да толас таппайды. Рельстері кейде көшенің ортасына, енді бірде екі шетіне, тіпті бір тұстарда автокөлік жолдарына оңаша тартылған.

Бірақ, Вена үшін басты көлік – автобус пен трамвай емес. Қазір көшесін велик билеген. Бұған дейін Амстердам мен Копенгагендегі қисынсыз көп велосипедке қызығып қайтқанбыз. Еуропа елдері бұл көлікке көшкелі біраз жыл өтті. Тоқсаныншы жылдары велик сиректеу Лондонда одан беріде великтің саны он есе артыпты.

Ал Вена манағы Амстердам мен Копенгагеннен кейін жаппай великке жол ашқан қалалар шоғырына қосылған. Мұнда оны өте ызғытып айдайды. Өйткені, жаяу жүргіншінің жолы бөлек те, велик жүретін жол бөлек. Шамамен отыз-қырық қадам сайын белгілері тұр. Екі жолдың қиылысып қалатын жеріне тұтас көк бояу жағылған. Ондайда велик мінген басым, жаяу жүргінші жан-жағына қарайлайды. Жасыл шам жанғанда көлденең көшені велик мінгендер бір жерден, жаяулар келесі тұстан кесіп өтеді.

Қаланың барлық жеріне велик жолдары тартылған. Қауіпсіз жол әрбір мекеме, дүкен, тұрғын үйге дейін апарады.


Венадағы жалға берілетін велосипедтер тұрағы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Өз көлігіңіз болмаса 20 евро тұратын карточка алып, қоғамдық великке отыруға мүмкіндік бар. 120 жерде оны жалға береді. Әрбірінде 20-дан астам велик тұрады. Оның бір сағаты тегін. 55 минут шапқылап келіп, басқасын ауыстырып алсаңыз күні бойы тегін великтен түспеуге болады. Бұл қызметті Астанада да көріп жүрміз, бірақ тегін уақыты екі есе қысқа. Венада мауқыңызды басқан соң карточканы кері өткізсеңіз, әлгі 20 евроңызды қайтып береді.

Велик болған соң, оны қоятын тұрақ керек. Ол әрбір ғимараттың алдында бар. Велик теуіп шөлдегендердің де жағдайы ойластырылған. Парктер мен саябақтарда құтыға ауыз су құйып алатын шүмектерді көрдік. Жаяу жүрсек те бірер тұста шөлімізді содан қандырғанбыз. Тегін. Қазақстанда ақысын бермесең, мысығың тышқан аулауды қойған уақытта мұндағы көшелердегі тегін ауыз судың өзі таңсық.

Сосын великті метрода алып жүруге болады. Өзіңізге қолайлы стансаға дейін великті жеткізіп алып, ары қарай шапқылап кете бересіз. Метросы бар Алматыда мұны ескеру керек шығар.

Венада велик тебу мүмкіндігі ауаның тазалығы, адамдардың денсаулығы және жанармайдан бас тарту үшін жасалған. Үшеуі қосыла келгенде біз ауыздан тастамайтын "жасыл экономика" дегенді құрайды.

Күн мен желді жұмысқа жеккендер

Австрияда желдің күшін қуатқа айналдыратын үлкен ебелектер жиі-жиі көзге шалынады. Тау қойнауларында жеке тұрған үйлер, үркердей шағын елдімекендер баған мен сым арқылы жететін энергияға зәру емес. Әрбір шатырдан, үлкен ғимараттардың күншуақ жақтағы қабырғаларынан нетүрлі күн панельдерін көрдік. Кешікпей осы панельді жасайтын кәсіпорынға ат басын тіредік.

Шағын ауылдағы "ERTEX SOLAR" аталатын кәсіпорын екен. Маркетинг пен өткізу жөніндегі бас менеджері Дитер Моор қарсы алды. Қазақстанды жақсы біледі. Астанадағы ЭКСПО-2017-нің бас ғимараты саналатын "Нұрлы әлем" шарының төбесіндегі ойықтағы күн сәулесінен қуат алатын панельдерді жасаған.

Кәсіпорынның сексен жылдық тарихы бар. Бұрын әйнек шығарса, 2004 жылдан бастап күн панельдерін жасауға көшкен. Бір мүшел уақытта әлемге танымал болды. Басқасын айтпағанда Жер бетіндегі ең көк тіреген зәулім Дубайдағы Халиф мұнарасын электр қуатының елеулі бөлігін "ERTEX SOLAR" жасаған күн панелдерінен алады.

Кәсіпорын панельдері адам тұрмақ аңдарға шуақ беріп тұр. Венадағы Шенбурнн сарайындағы зообақтағы түрлі аңдар тұрағының төбесіне "ERTEX SOLAR" күн панельдері қойылыпты.


"ERTEX SOLAR" күн панелдерін жасайтын кәсіпорнының іші / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Дитер Моордың айтуынша, тапсырыс қабылданған соң бұлар алдымен күн панельдерінің жобасын жасайды. Уақыттың көп бөлігін осы алады. Үлкен вокзалдардың әрі шатыры, әрі қуат берушісі болатын шатырынан пәтердегі шағын балконға дейін жобаға түсіреді.

Архитекторлардың талабы да сан алуан. Негізі күн панелдерінің бергі бетіндегі шынысының мөлдір болғаны жөн. Бірақ түрлі құрылыстардың пішімі мен көркін ойлаған архитекторлар басқа түстерді таңдайды. "Клиенттікі дұрыс" деп бұлар қалаған түстегі панельді жасайды.

Ендігісі әйнектің бетіне қатысты. Оны тапсырысқа сәйкес тегіс, бұдырлы, бүртікті, тіпті толқынды және басқа бедерлі етіп жасай алады. Не керек, әзірге сәулетшілер қиялына сәйкес қуат алу панелінің 1400 түрі жасалыпты.

Бірде Швейцариядан "күн панелінің беткі суреті тура ағаш бөрене түріндей болсын" деген тапсырыс түседі. Неге? Ондағы құрылысшылар ғимаратты таза ағаштан салған. Ал шатырын күн панелімен қаптағанда үйдің сыртымен бірдей болуы тиіс. Солай істеп береді.

Тек мынаны ескерген жөн. Әйнектің бергі бетіне сурет көп салынып, бояу неғұрлым қалың жағылса, оның күннен қуат жинауы азаяды. Демек, архитекторлар шабыттың буымен шалқи бермей күн панелін не үшін қоятындарын ұмытпауы керек.

– Екі мәселені үнемі ойластырып, бір-біріне ұштастырып отырамыз, – деген Дитер Моор. – Олар – бағаны төмендету мен архитекторлардың ойынан шығу. Соның арқасында біздің өнімге түрлі елдерден сұраныс түсіп жатады.

Иә, өнімдерінің дизайны әртүрлі болғанмен, стандарты біреу екен. Бір панель екіншісіне барынша жақындасып, қосылған жері, біздіңше, "тігісі" көрінбеу тұруы тиіс. Бұл жағынан әлі ешкім наразылық айтпаған.

Хош, "ERTEX SOLAR" панельдері күннен қуат өндіреді екен, ал оны жинақтап, сақтап тұратын өнім, яғни аккумулятор қайда? Альпі қойнауын шарлаған автобусымыз әрі қарай қозғалған.

Қуаттың шағын қоймалары

Райнбах атты ауылға жеттік. Иә, әлемдік сұраныстағы соны өнім шығаратын зауыттар қалалардан алыстағы ауылдарға салынған. Біз үшін бір үлгі осы сияқты.

Шеттегі төбенің етегінде жаңа зауыт мен-мұндалайды. Ауласын асфальттапты. Маңдайшасына "Kreisel Elektrik" екенін білдіретін фирмалық белгісін жаңадан іліпті.

Алты бұрышты болып салынған үлкен ғимараттың төбесі мен автокөліктерге арналған қалқасының үстіне күн панельдері қойылған. Бүкіл қуат содан алынады. Ағайынды екі жігіт жұмысты кезінде үш контейнердің ішінде бастаған. Азғана жылда мынадай үлкен зауыт салуға жетті.

Бастапқыда олардың әкесі электр қуаты арқылы жүретін көлік сатып алады. Оны көрген екі баласы газбен жүретін "Ауди" автокөліктерін электрмен жүретін етіп өзгертуге кіріседі. Мұнда ең бастысы қуатты сақтайтын аккумулятор мен трансмиссия екен.

Ары-бері зерттейді, алғашқы үлгілерін жасайды. Нәтижесінде "Ауди" өртенеді. Сәтсіздік оларды алған беттерінен қайтармайды. Қайта одан да жіті зерттеп, дәл қимылдауға үйретеді. Не керек, ақыры қуат сақтайтын, сосын керегінше пайдалануға беріп тұратын аккумулятор мен оның қуатын қозғалысқа айналдыратын тетікті жасап шығады.

"Фольксваген" отбасындағы "Гольф" автомобильдеріне осы компанияның 55,7 киловаттық аккумуляторы салынып, электромобильге айналып кетті. Қуаты 400 шақырымға жетеді. 20 минутта қайта зарядтап алуға болады. "Шкода" отбасындағы "Yeti" электромобильдеріне орнатқан қуат бергіштері 180 сағатына шақырымдық жылдамдықпен зырлағанда Алматы мен Тараз арасындай жерге еркін барады. 120 киловаттық аккумуляторлар орнатылған микроавтобус сағатына 130 шақырымдық жылдамдықпен жүреді. Бұлардың қондырғысы салынған "Порше" автомобилі одан екі есе көп жылдамдықты ұстап, 450 шақырымға барады.

– Біз толық автомобиль жасамаймыз, – деген жоба жетекшісі Юрген Соннлейтнер. – Түрлі маркадағы автомобильдерге лайықталған аккумуляторлар мен трансмиссиясын ғана өндіреміз. Бірақ, тиімділігі "Тесладан" 15 процентке артық екенін айта аламын.


"Kreisel Elektrik" фирмасының жоба жетекшісі Юрген Соннлейтнер / Суретті түсірген автор

Көліктерді қуаттауға арналған заряд құю жәшіктерін де осы компания жасайды. Бұрынғы жанармай құятын стансалар оны жаппай сатып алуда. Көлігі көп компаниялар мен отбасылардан тапсырыс жеткілікті. Қуат жинағыш құрылғылары Еуропаның жеке үйлерінде жұмыс істеп тұр.

– Жеке үйге 5 киловаттық аккумулятор жетеді. Бір киловатты сақтау үшін өнімнің салмағы 4 килограмм болуы керек, – деп біраз есеп-қисапты айтты Юрген Соннлейтнер. – Сонда коттедж тұрғындары салмағы небәрі 20 килограмдық қуат сақтағыш арқылы дербес энергиямен өмір сүре алады.

"Kreisel Elektrik" компаниясына көп қабатты үйлер салатын құрылыс компаниялары тапсырыс бере бастаған. Үйдің қабырғасы мен төбесіне "ERTEX SOLAR" күн панельдерін орнатып, ішке "Kreisel Elektrik" жасаған аккумуляторды қойса, толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жетеді.

Олардың аккумуляторлары мұхиттағы кемелер мен әуедегі ұшақтарға орнатылған. Енді ғарыштың жиегіне дейін жетпекші. Өйткені, Швейцариядағы Рафаэль Домьян деген жиһангез Жерден 25 шақырымға дейін көтеріліп ұшатын ұшақ жасап жатыр. Оның 25 метрлік қанаттары күн панельдерімен қапталып, ішіне Юргендер жасаған қуат жинағыш орнатылған. Себебі бұл өнім минус 70 градус суықта жұмыс істей береді. 2017 жылдың маусымында алғашқы сынақ сапары сәтті өтті. Ұшақ та, оның күн панельдері мен аккумуляторы сыр берген жоқ.


"Kreisel Elektrik" жасаған қуат жинағыштар орнатылған Рафаэль Домьянның экологиялық зиянсыз ұшағы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Компанияның өніміне НАТО-дан тапсырыс түсе бастады. Әскер шөл мен тауға дизель моторы мен жанармай тасып әуреленбейді. Контейнер түрінде жасалатын қуат жинап-таратқыш сағатына 2 000 киловатт бөле алады. Ол кез-келген әскери қосынды толық қамтамасыз етеді.

Бұлардың өнімі жиналған қуатты 6 айға дейін сақтайды. Өзін он жыл үздіксіз пайдаланады. Одан әрі де кәдеге жарайды, бірақ жинайтын қуат мөлшері бастапқыдан аз болады.

Бұзылмайтын көлік бар

Жоғары Австрия жеріндегі ауылдарда "ERTEX SOLAR" күн панельдерін жасайды, оны жинақтайтын аккумуяторды "Kreisel Elektrik" шығарады. Тағы не істеу керек енді?

Мұны бізден бұрын Йохан Хоммершмид деген ізденгіш кісі жүзеге асырып қойыпты. Өзінің жасы алпысты алқымдаған. Жиырма жылдан бері машина жасаумен айналысқан.

Жалпы, Австрия – түрлі машиналар шығаруда ең озық елдің бірі. Бірақ мұнда алып зауыт жоқтың қасы. Бәрі ауылдардағы шағын цехтар мен кәсіпорындарда жасалады. Хош, Хоммершмид не істеді?

– Он жыл түрлі машиналарды шығарып көрдім. Сосын автоөндіріске бет бұрдым. Ақыры 2010 жылы мына жобаға кірістім, – деп қызыл, жасыл және көк түсті үш мотоциклді көрсетті.

Бұрын көзіміз көріп, құлағымыз естімеген марка – "JOHAMMER". Бұл да қуат жинақтайтын аккумулятордың арқасында жүйіткиді. Қоршаған ортаға еш зиянсыз. Екіншіден, жүргенде еш дүріл мен шуыл шықпайды. Демек, маңайдағы тұрғындардың мазасын алмайды.

Йохан мырза өнертапқыш, кәсіпкер болудан бұрын терең ойлайтын философ көрінеді. Өнімді қалай жасағанын емес, өмірге деген көзқарасын айтты. Адамдар бұрынғы технологияның құлы болады. Ойдағы қуаты мен бойдағы қозғалысты байырғы бағыттан бұрғылары келмейді. Алдымен автомашина жасап, сосын оны жөндейтін станса салады. Ал неге бірден бұзылмайтын автокөлік жасамайды?

Міне, кәсіпкер ойлана келе үш принципті көздейді. Біріншісі, ол жасаған көлікке техникалық күтім қажетсіз болуы керек. Екіншіден, ешқашан қоқысға айналмауы керек. Үшіншіден үнемді болуы керек. Демек, жанармай талап етпейді. Сынбайды, сынбаған соң қоқысқа тасталмайды.

– Идеалды мақсатқа жету мүмкін емес, бірақ оған ұмтылмау – ұят, – деп бір тұжырып тастаған осы тұста.

Жасап шығыпты. Көрдік. Отырдық. Үсті тұтас композиттті материалдан құйылған. Дөңгелектері жел үрлеуді талап етпейді. Жарық түсіретін шамы ұзыншақ қуыс түрінде. Шеге тұрмақ біз сұғып дөңгелегін жара алмайсың. Таспен ұрсаң да не шамы, не сауыты сынбайды.


Мақала авторы мен "JOHAMMER" маркалы мотоцикл жасайтын Йохан Хоммершмид кәсіпорын ауласында / Суретті түсірген Андрей Кукушкин

Йохан Хоммершмид қоштасарда бизнес саласының төзімділікті талап етерін айтты. Әрі ол экономикалық мүмкіндік мәселесі емес. Оның тапқан түйіні: "Бизнес – ақша емес, бар болғаны: ақыл мен өзгертуге құштарлық".

– Мен жаңа уақыттың, жаңа ізденістің үлгісін жасаймын. Басқасын өзгелер жасасын, – деп ойын түйіндеген.

Түтінсіз Австриядан көргеніміздің бәрін осы Йохан Хоммершмидтің сөзімен түйіндеуге болады екен: мұнда жаңа уақыттың үлгісі жасалып жатыр.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.