Топырақты "жерлегендер" тобы
"Бұйрық – батысқа барасыңдар!"
1986 жылдың ерте көктемінде жастар газетінің Орталық Қазақстан аймағы бойынша меншікті тілшісі қызметіне кірісіп, Қарағанды қаласына табан тіреген едік. Кешікпей бүкіл елді дүр сілкіндірген, одан мына қала да тыс қалмаған апат болды. Ол – Чернобыль атом электр стансасында жойқын жарылыс.
Сол кезде Қарағандыда химиялық-радиациялық қорғау полкі тұрды. Хат-хабар алмасу үшін 20040-әскери бөлім деп аталатын. Бұл өз саласы бойынша бүкіл Түркістан әскери округіне қарасты жалғыз полк еді. Округтің басты күші Ауғанстандағы соғысқа аттанған. Моторлы атқыштар, десант, авиация, тікұшақ және басқа дивизиялары мен бригадалары сол жақта майдандасып жатыр. Басқасы Қытайдың аңысын аңдып, оңтүстік шекараға қарай шүйіліп тұр.
Бұл екі бағыттың Қарағандыдағы химиялық-радиациялық қорғау полкіне қатысы шамалы. Өйткені, ауған моджахедтері ешқашан химиялық қару қолданған емес, олардың қолында негізінен оқ ататын қару ғана. Қытайдың қолында атом бомбасы болғанмен, Кеңес Одағына батылы барып оны қолдана қоймайтын.
Сол химиялық-радиациялық қорғау полкі 1986 жылы 9 мамырда асай-мүсейін артып елдің батысына суыт сапарға шықты. Чернобыль атом-электр стансасындағы апаттың зардаптарын жою керек екен. Әскери бөлім КСРО Химиялық әскері бас қолбасшысы генерал-полковник Стукаловтың бұйрығын орындауға көшті.
Бізге – газеттің тілшісіне – әскери полктің аттанғанын жазуға рұқсат жоқ. Тек бірнеше айдан соң қарағандылық шахтерлердің, тракторшылар мен экскаваторшылардың Чернобыль апатын жоюға аттанғаны туралы ақпараттар бере бастадық.
Кеңес Одағының маман іріктеу саясаты өте жақсы қойылған. Қазіргі компьютер арқылы атқарылатын электронды құжат айналымы жоқ кезде барлық мәліметтер тиісті картотекаларда тұратын. Айталық, кім Жоғарғы Кеңеске депутат болады, кім партиялық съезге делегат ретінде қатысады, картотека бойынша еш кідіріссіз анықталады. Әскери комиссариаттарда запастағылардың ішінде кім тракторшы, кім байланысшы бәрі тіркеулі.
Осылайша Қарағандыдан Чернобыльге бір жағынан арнайы мамандандырылған әскер аттанса, екінші жағынан запастағы әскерилер саналған қарапайым азаматтар кетіп жатты. Облыс басшылығы олардың жағдайын біліп қайтатын делегация аттандырды. Делегация қайтып келген соң "жерлестеріміздің жағдайы жақсы, көңіл күйлері көтеріңкі әрі денсаулықтарына еш қауіп жоқ" деп бізге сұхбат берген.
Өкініштісі сол, бұл ақпараттар ақиқаттан алыс жатыр екен. Әскери қызмет кезінде химик-дозиметр өлшеуші, запасқа шыққан соң Қарағандыда шахтер болып еңбек еткен Иван Науменко жоғарыдағы картотека бойынша алғашқы лекте аттанған. Оны дереу құрылған химиялық әскери бөлім командирі етіп тағайындайды. Бөлім жауынгерлеріне арнайы қорғаныш киімі жетіспеген. Тек бір жолы пайдаланылатын тұмылдырықпен радиация зардаптарын жою жұмысына кіріскен. Елді мекендерге, өзен жағалауларына шөккен радиациялық топырақты көмумен айналысқан.
Ал Қарағандыдан аттанған химиялық-радиациялық қорғау полкінің ардагері Олег Кимнің айтуынша, бұл бөлім жарылған төртінші блоктан небәрі үш-төрт шақырымда тұрыпты. Радиациялық ахуал қалыпты мөлшерден мың есе асып кеткен.
– Бірнеше күн ішінде киген арнайы киім мен қолданған құрал-сайман, тіпті ыдыс-аяққа радиация қатты сіңеді. Бірақ бәрін айырбастай қоймайды. Осындай жағдайда жарты жыл апат зардаптарын жойдық, – деп еске алған Чернобыль ардагері.
"Көк ит жеңе ме, көп ит жеңе ме?"
Чернобыль АЭС-і бастапқыдан-ақ бағы ашылмаған нысан еді. 1982 жылы 9 қыркүйекте мұнда апатты жағдай тіркелді. Бірінші қуат блогындағы атом реакторының технологиялық арнасының бірі бітеліп қалған. Реакция жүретін белсенді аймақтың графит қабырғасы бүлінген. Оны үш айда зорға жөндейді. Бірақ бұл оқыс оқиға туралы ешқандай хабар таратылмай, бәрі құпия қалпында қалды.
Кеңес Одағында оған дейін-ақ атомға қатысты апаттар болды. 1957 жылы атом стансалары үшін отын өндіретін Челябы қаласының іргесіндегі "Маяк" комбинатындағы алапат жарылыстан ауқымды аймаққа радиация жайылып кетті. 1970 жылы Белояр АЭС-інде төтенше жағдай тіркелді.
Осының бәрі қоғамнан құпияланды. Енді Чернобыль АЭС-індегі төртінші блоктың күл-талқаны шыққанда Кеңес Одағы ескі салтына салып ол туралы бірден айта қоймады. Орталық газеттер 29 сәуірде ғана ТАСС-тың шағын хабарын жариялаумен шектелді. Мәтіні әлі күнге миымызда. "Чернобыль атом электр стансасында апат болды. Атом реакторларының бірі бүлінді. Апат зардаптарын жою жөнінде шаралар қолданылуда. Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде. Үкіметті комиссия құрылды". Осымен тәмам.
Иә мұны кешкілік Орталық телевидениенің "Время" бағдарламасы да оқыған. Ақпараттың реттік нөмірі жиырма бірінші болыпты. Тура жарылыс түбіндегі Киевтің радиосы жаңалықтарының тізбесінде он бірінші екен.
Осы хабардың өзін Кеңес Одағы шетел қысымынан кейін таратуға мәжбүр болды. Өйткені радиация бұлты бүкіл Батыс Еуропаны торлап кеткен. Алдымен Польшаның үстінен өтеді. Онда гамма-сәуле аяқ астынан 10 есе асып кеткен. 28 сәуірде Швецияның астанасынан 100 миль жерде салынған атом стансасы айналадағы радиациялық фонның шектен ондаған есе асып кеткенін тіркеп дереу дабыл қағады. Барлық қазметкерлері стансаны тастап, қауіпсіз бункерге кетеді. Айналадағы мектеп оқушыларына йодты дәрі бере бастайды.
Таңғы радиациялық ахуал күрт өзгергенін өлшеген Финляндия мен Данияда бүкіл ел бойынша дабыл белгісі берілді. Бастапқыда Батыс Еуропа бұл пәле өздерінің бір еліндегі атом электр стансасынан шықты деп ойлайды. Тексере келгенде олардың барлық стансалары аман, қалыпты жұмыс істеп тұр, ал радиацияны жел Кеңес Одағы жағынан айдап келгені анықталыпты.
Бірнеше елден ресми сұрау келгенде амалсыздан әлгі ТАСС хабары әзірленген. Бұл ақпараттың да өз сыры бар. Апат болысымен елді басқарып отырған Коммунистік партияның Саяси Бюроны жиналған. "Ал не істейміз? Айтамыз ба, жасырып қаламыз ба?" деген мәселені талқылаған. Обалы не керек, партияның Бас хатшысы Михаил Горбачев "жұртшылыққа бар шындықты жеткізейік" депті. Бірақ сөзін өткізе алмады. Саяси Бюро мүшелерінің көпшілігі ақпаратты там-тұмдап қана жеткізуді мақұл көрді.
Саяси Бюроға мүше болған Александр Яковлев беріде естелік жазған: "Апатқа арналған алғашқы мәжілісте Горбачев қоғамды барынша құлақтандыруды ұсынды. Бірақ оны қолдағандар аз еді. Мемлекеттік органдар басшылығы пен партияның салалық бөлімдерінің атқамінерлері журналистерді Чернобыльге аттандыруға түрлі сылтаулармен кедергі келтірді. Олар жариялықты, ойынның жаңа ережесін қолдамады".
Қазақта "көк ит жеңе ме, көп ит жеңе ме?" деген мәтел бар. Сол айтпақшы, Горбачев бұл мәселеде өз әріптестері тарапынан қолдау таппайды. Сондықтан, Припять қаласының бүкіл тұрғындары суыт көшіріліп жатқанның өзінде ол туралы нақты айтылмай, "Апат зардаптарын жою жөнінде шаралар қолданылуда. Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде" дей салды.
Иә, ол кезде Чернобыльдің айналасындағы 10 шақырымдық аймақтағы тұрғын тегіс көшірілді. 47 мың 500 адамы бар Припять қаласы осы заманмен салыстырсақ, басына зымыран жауған Арыспен шамалас.
Кеңес уақытында автопарктер жекешеленбеген, эвакуация тәртіппен жедел жүргізілді. 4 мамырда айналасы 30 шақырымдық аймақ тұрғындары көшірілді. Бұл – 188 елдімекеннің 116 мың адамы деген сөз.
Сол күні елдің ең беделді басылымы "Правда" қысқа хабар берген. "Апатты және оның зардаптарын жою жөніндегі жұмыс ұйымдастырылған. Қажетті қаржы бөлінді. Жұмысты жеделдету жөнінде қосымша шаралар қолданылмақ".
Осы "жеделдету жөніндегі қосымша шаралар" бірнеше ондаған мың жерлестерімізді аяқ астынан Чернобыльге аттандыруға себепкер болып еді.
Радиация алқабындағы "партизандар"
Сондай отандасымыздың бірі – Марат Орынбайұлы Жүнісов. Чернобыль оқиғасы болғанда ол Семей облысының Таскескен ауданында тұратын. 1987 жылы әскери комиссариат арқылы шақырту келді. "Партизан" болуға.
Ол кезде осындай ұғым бар еді. Әскер қатарында міндетін өтеп, запасқа шыққандарды бірнеше жылда бір рет қайта сапқа шақыратын. Бұрынғы әскери өмірді, жауынгерлік дағдысын қайта есіне салып, бірер айдан соң қайтарады. 1987 жылы мамыр айының басында, яғни атом электр стансасындағы апатқа тура бір жыл болғанда Семей облысынан 156 адам шақырылған.
– Алдымен Москваға, одан Белоруссиядағы Могилев облысына апарды, – деп еске алды Марат Жүнісов. – Чернобыльден тура жүз шақырым екен. Бұл жерде "Ортаазиялық полк" аталатын әскери бөлім тұрды. Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Шығыс Қазақстан және басқа облыстардың жігіттері жиналыпты.
Жаңадан келген "партизандарға" қорғаныш киім берілмеді. Бар болғаны қарындаш түріндегі бір-бір дозиметр тиген. Мамандықтары анықталады. Мараттың аудандағы училищеден алған "кең ауқымды механизатор" деген кәсіптік білімі бар. Экскаваторда жұмыс істей алатын. Семейлік топтың арасынан 16 экскаваторшы шықты. Бұған дейін осындай техникада жұмыс істегендерді ауыстырмақ. Бұларды 30 шақырымдық шектеу аймағына кіргізеді. Қаңыраған деревнядағы мектептің спорт залында жатады.
Припять өзенінің табанындағы құмды қуатты сорғылармен жағалауға үйіп тастапты. "Кәдімгі ауылдағы шөп үйілген мая сияқты жал-жал болып жатыр екен" деп еске алады Марат Орынбайұлы. Бұл соны тиеп тұрады.
Күнде өздерінің жүк автомобилімен жұмысқа келеді. Стансаға жақын постта бұлардың құжатын тексеріп ішке өткізеді. Кешкілік жұмыс уақыты аяқталған соң моншаға түсіп, жататын жерлеріне қайтады.
Бұл кезде жарылған реакторды тұмшалап тастау үшін саркофаг салынып жатты. Бұлар ондағы құрылысты өз көздерімен көріп отырды. Осыншама шығын мен әбігерге, қатер мен үрейге себепкер реактор қорғасын қаусырмамен қапталып, сыртынан бетон қауашақ құйылып жатыр.
Апат болған төртінші реактордың айналасындағы жердің топырағын бір метрден астам тереңдікте қазып алып жатыр. Оны басқа тұсқа көмеді. Ал алынған топырақтың орнын өзен астынан шыққан құммен қайта толтырады. Құмның үстінен қалың бетон құяды. Бұл әрекеттің пайдасы шамалы екен. Бір аптадан кейін құм мен бетон астынан тағы радиация шыға бастайды. Қайтадан қазып әкетеді. Орнына жаңа құм төсеп және бетон құяды.
– Атом электр стансасы мен Припять өзені арасында шұбарала тоғай болды. Оны бәрі "рыжий лес" дейтін, – деп еске алады Марат Орынбайұлы. – Есеп бойынша оның ағашы бүкіл Кеңес Одағына отын болуға жетерлік екен. Радиациясы көп болғандықтан оны жердің астына көміп тастадық.
Экскаваторшылар моншадан шығып, посттан кері өтерде бойларындағы радиацияны өлшейтін. "Сендердікі әлі қауіпті деңгейге жеткен жоқ" дейді. Бұлар мінетін автокөліктің радиациясы тез көбейіп отырған. Ондайда автомобильді темір-терсек зиратына апарып көміп тастайды. Орнына жаңасын береді. Бұрын мұндайды көрмеген қазақтар "қайта балқытуға болмай ма?" деп сұрап жатады. Сөйтсе, балқытса металдағы радиация кетпек түгіл, бұрынғысынан өрши түседі екен.
Осылайша Марат Жүнісов екі ай апат аймағында еңбек етті. Еңбек еткені рас, бірақ оны жалақысыз әскери қызмет ретінде өтеп келіпті. Жалпы Қазақстаннан Чернобыль атом электр стансадағы жарылыс зардабын жоюға 35 мың адам қатысқан. Соңғы есеп бойынша соның 5 мыңы ғана тірі жүрсе керек. Тәубе, Мараттың денсаулығы жақсы. Мұндай жігіттер кезінде апанға түскен атан өгізді мүйізінен тартып шығаратын.
Баяндама – екі сағаттық, апатқа арналғаны – екі сөйлем
Атом электр стансаларын Кеңес Одағы "бейбіт атом" деп атағанмен, Чернобыль әскери-стратегиялық нысан болатын. Ол әлемдегі ең ірі стансалардың бірі саналды. Соның өзінде қауіпсіздік жүйесі нашар жасалыпты. Автоматты басқару мен бақылау деңгейі өте төмен.
Бірақ жобалаушылар мен салушылар назардан тыс қалып, "қауіпсіздік техникасын сақтамаған" деген айыппен станса басшылығы жауапты болып қалды. Жабық жағдайда өткен сотта станса директоры мен бас инженері 10 жылдан арқалап кетті. Тағы төрт маман 2-5 жыл аралығындағы жазаларға кесілді.
Не керек, Кеңес Одағының экономикасына зор залал келді. Тек апат зардаптарын жоюға 210 әскери бөлімнің 340 мың жауынгері мен ішкі істер органдарының 20 мыңдай қызметкері және 600 мың қатардағы азаматтар қатысты. Оның ішінде біз жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан өкілдері көп болды. Ресми есеп бойынша Чернобыль атом электр стансаның жарылуы 600 000 адамның ажалына себепші екен.
Ең сұмдығы – төртінші блок жарылған кезде осы саланы басқарып отырғандар не болып, не қойғанын түсінбеген. 1986 жылдың мамыр айының басында Кеңес Одағының үкімет басшысы Николай Рыжков оқиға болған жерге келгенде елдің энергетика министрі "жарылған 4-блокты 7 қарашадағы мерекеге дейін қайта іске қосамыз" деп сайраған.
Атом өндірісімен айналысқан министр, оның министрлігі бүркемелеу үшін "Орта машиналар жасау" деп аталған, Ефим Словский кешікпей Кеңес Одағында атом өндірісін дамыту туралы екі сағаттық баяндамасында апатқа небәрі екі сөйлем арнапты: "Чернобыльде станса басшылары әлденені бүлдіріп қойды. Бірақ мұндай ұсақ-түйек атом қуатын арттыру жолына бөгет бола алмайды".
Міне, жарылыс болған елдің салаға жауапты министрлері оған осылай жүрдім-бардым қарағанда бүкіл Батыс Еуропа мен Америка Құрама Штаттары шулап жатты. Өйткені, әлемде Чернобыль радиациясының барып қонбаған аймағы аз екен. Кеңес Одағы сырттағы шуды капиталистік әлемнің кезекті идеологиялық шабуылы деп бағалады. Бұл туралы Горбачев бірнеше рет айтты.
Бас хатшының ұзақ жыл аудармашысы болған Павел Палажченко кейін естелігінде "Горбачевтің өзі апаттың қаншылықты ауыр екенін сезіне қоймады" деп жазыпты. Мемлекет басшысына радиация мөлшері мен қаупі туралы мәліметтер кемітіліп берілген. Жоғарыда аты аталған министр Славский "мұндай апаттар бұрын да болып тұрған, одан қатты зардаптар келмеген, Батысқа алаңдап қайтесіз" депті.
Қазір біз Горбачевтің жариялық саясатын мәлімдеуі мен Саяси Бюроны байырғы шалдардан тазалауына осы Чернобыль оқиғасы ықпал етті ме деп топшылап отырмыз.
Ал Батыс шулап қана қоймады. Беріде төртінші блок үстіне Кеңес Одағы жасаған қорғаныш сауыт әлсіз деп, өз қаржыларына жаңа конфайнмент салуға шешім қабылдады. Оның құрылысы 2012 жылы басталды. Арқауының биіктігі – 108 метр, демек отыз қабатты үй ішіне сыйып кетеді. Ал ұзындығы – 257, ені – 162 метр, бұл екі футбол алаңын қосқандағымен бірдей.
Қатты дауыл мен күшті зілзалаға төтеп беретін жаңа саркофагтің құны бір жарым миллиард евродан асады. Бұл ақшаны Батыстың 28 елі мен олардың ортақ банкі бөліп берді. Өз мамандықтары мен қауіпсіздіктері үшін. 100 жылдық кепілдігі бар.
Бұл теңдессіз құрылыс біткендегі салтанатта елдің сол кездегі президенті Порошенко қатысқан. Ал конфайнментті Украинаның балансына алу туралы құжатқа 2019 жылғы шілде айында келесі президенті қол қойды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.