Табыт – біреу, тағдыр – екеу
Жұмбақ жағдай
Халықаралық шарттар мен қалыптасқан қағидаларды бұза-жара Кеңес Одағы Ауғанстанға әскер кіргізген. Басқыншыға бой бермеген жергілікті тайпалар тегіс қару алып, қарсы тұрды. Іргелес Пәкістаннан алыстағы АҚШ-қа дейін ауған халқын қолдады. Қару мен қаржы берді. Ал Ауғанстанға өз дегенін істетпек болған Кеңес Одағы әдетінше солдатын аяған жоқ. Сондай құрбанның бірі – Борис Бочкин деп саналған.
Бірінші құжат (Қазақшалаған автор): "Сіздердің ұлдарыңыз Борис Бочкин 1983 жылы 18 мамырда өз ротасымен бүлікшілердің банда құрамасын жою жөніндегі әскери тапсырманы орындау үстінде қаза тапты. Ерлігі мен батырлығы үшін үкімет наградасына ұсынылды. 93992-ші далалық поштадағы әскери бөлімнің командирі подполковник Матюнин; әскери бөлімнің саяси бөлімінің бастығы подполковник Шкварко".
Әскери бөлім Бочкинің қаза тапқаны туралы ата-анасына хабарлаған соң, оны жеке құрамынан шығарды. Бұл жолғы құжатқа командирмен бірге штаб бастығы қол қойған. Отбасына қаралы хабар жібергенде командирден кейін саясаи бөлім бастығының аты тұрған.
Екінші құжат (Қазақшалаған автор): "93992 далалық поштадағы әскери бөлім бойынша № 149 Бұйрық. 7-ші мотоатқыштар ротасының мерген-атқышы 1963 жылы 30 қаңтарда туған, әскерге 1981 жылы 4 сәуірде Алматы қаласынан шақырылған Борис Алексеевич Бочкин ұрыста қаза тапты. Оның денесі жерлеу үшін Алматы қаласындағы Ленин аудандық әскери комиссариатына жөнелтілсін. Ол бөлімнің жеке құрамының және азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрі есебінен шығарылсын. 93992-ші далалық поштадағы әскери бөлімнің командирі подполковник Матюнин; бөлім штабының бастығы подполковник Князев".
Сосын 25 мамырда табыт жеткізілді. Онда "200-жүк" аталған. Бөлімнен бір офицер мен екі солдат алып келді. Алматыда топқа Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің офицері қосылды. Ол түні бойы табытты күзетіп шыққан. Бористің анасы Евгения Петровна Бочкинаға консул бөлімінің куәлігі табысталды.
Үшінші құжат (Қазақшалаған автор): "Өлгені туралы куәлік. Бочкин Борис Алексеевич 1983 жылы 18 мамырда қаза тапты. Куәлікті беруші мекеме – Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы КСРО Елшілігінің консул бөлімі. Куәліктің нөмірі ДИЗ 1-ЖА. № 008108".
Жоғарыдағы құжаттарға қарамастан Евгения Петровна баласының өлгеніне сенбейді. Табыттың тұрқы қысқа. Баласының бойы сұңғақ, мынаған сыймайды. Бірақ, мырыштың сыртынан және темірмен құрсалған табытты ашуға рұқсат жоқ. Оны ертесінде 26 мамырда суыт қазылған көрге түсірді. "Менің Борям өлген жоқ, тірі" деп жылаған шешені әскерилер жұбатқан болды.
Ойда-жоқта келген қаралы хабар, ауыр мырыш табыт, мүрдені жерлеу машақаты естерін шығарған Бочкиндер отбасы біраз күн өткенде Бористің Ауғанстаннан жазған хаттарының қолды болып кеткенін аңғарады. Әскерде айтқан әндерінің магнитті таспасы да үшті-күйлі жоқ. Қашан? Шамасы, табыт келіп абыр-сабыр болып жатқанда. Кімге керек болған?
Қайғылы ананың жүрегі мен жанына ауру жамап алты жыл өткенде көршісі есік қағады. "Евгения Петровна, балаңыз тірі екен". Қолында "Аргументы и факты" апталық газеті. Газетте фотосурет. Анығында көшірме. Сонау АҚШ-та шыққан басылымнан көшірілген. Мәскеулік басылым оған тілдей түсініктеме қосыпты.
Төртінші құжат (Қазақшалаған автор): "Пәкістандағы ауғандық моджахедтер қосындарында кеңестік әскери тұтқындар әлі бар көрінеді. Солардың ішінде бес тұтқынды АҚШ-тың тілшілері суретке түсіріп алыпты. Сол бесеуінің суреттерін туыстары танып қалар деген үмітпен көшіріп жариялап отырмыз".
Таныды. Жай туыстары емес, туған анасы. Бірақ одан не шықты?
Қайта қазылған қабір
Евгения Петровна Бочкина қолына "Аргументы и факты" апталығын алып Мәскеуге аттанған. Онда "менің ұлым тірі екен, елге оралуына көмектесіңіздер" деген сөзіне ешкім құлақ аспады. Қайта тағы бір құжатты көлденең тартты. Оны Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген шектеулі контигентттің "құпия бөлімі" сақтаған.
Бесінші құжат (Қазақшалаған автор): "Борис Бочкин 40-жалпы әскери армияның 66-жеке мотоатқыштар бригадасының мерген-атқышы болған. 1983 жылдың 18 мамыр күні 7-мотоатқыштар ротасы Дунай атты елдімекенге жақын жерде ұрыс қимылдарына қатысты. Құрамында қатардағы жауынгер Борис Бочкин бар взвод дұшпандардың қоршауында қалды. Взвод шайқаса және қарақшыларды құрта отырып қоршаудан шықты. Алпыстан астам бандит жойылды. Қатардағы жауынгер Б. Бочкин табандылық пен қайсарлық танытып, жауынгерлік борышын ақырына дейін атқарды. Ол ұрыста қаза тапты. Түркістан әскери округі Борис Бочкинді қаза тапқаннан кейін "Қызыл Жұлдыз" орденіне ұсынды".
Осы құжатқа сүйенген КСРО Қорғаныс министрлігі Е. П. Бочкинаның арызына құлақ аспады. АҚШ фототілшісі түсірген, "АиФ" көшіріп басқан сурет заңды саналмады. "Менің балам оң қолымен мықынын таянып, шынтағын шошайтып тұра қалатын, мына суретке сол әдетімен түсіпті" деген уәжі ескерусіз қалды.
Амалы таусылған ана Алматыға қайтты. Ол кезде Қазақстанда қоғамдық күштер белсенген. Соның бірі – Интернационалист-жауынгерлер ұйымы. Ұйымның заң бөлімін өзі Ауғанстанда соғысқан заңгер Алтай Сармолдаев басқаратын.
Осы маман Борис Бочкин туралы шытырманды шешуге барын салды. Ақыры әскери прокуратурадан қабірді ашып, сараптама жасауға рұқсат алды. Ұйым талабы бойынша сарап комиссиясы құрылды.
1991 жылдың қазан айында сарапшылар зират жұмысшылары мұқият аршып берген мәйітті тексеруге кірісті. Олар сүйекті қарап, қорытынды жасады.
Алтыншы құжат (Қазақшалаған автор): "Алматы облыстық сот-медициналық сарап комиссиясы. № 103 ф/т-831 Акт. Құрамында жоғары деңгейдегі сарапшы, сарапшылық бюро бастығының орынбасары О. Нұрпейісов, жоғары деңгейдегі сарапшы Н. Нүсіпбаев, жоғары деңгейдегі сарапшы А. Васильев және бірінші деңгейдегі сарапшы К. Шәкенова енген сот-медициналық сарап комиссиясы табытты ашқанда онда аты-жөні белгісіз, жасы 18-20 аралығындағы еуропалық ұлт жігітінің мүрдесі болды. Киімі аяқ жағына қойылған. Қатардағы жауынгердің киім үлгісі. Жеті темір тісі бар. Үш оқ тиген".
Сипаттамада мүрде мен Бочкин арасындағы сәйкессіздік көзге ұрады. Қаңқа бой жағынан Бориске қарағанда аласа. Бочкин Медеу мұз айдынында сырғанақ тебемін деп аяғын сындырып алған екен. Мәйіттің аяқ сүйектерінде бұрын сынып, кейін бітіп кеткенін білдіретін еш бедер жоқ. Борис "Қазақ қайта қалпына келтіру" кәсіпорнында ағаш цехында жұмыс істегенде оң қолының бас бармағын жарақаттап, сүйегіне зақым келсе, қаңқадағы сол қолдың бас бармағының сүйегі бүтін болып шықты.
Ең басты алшақтық – темір тістер. Әскерге алынғанда Бочкиннің тістері түгел еді. Әскери комиссариаттағы дәрігерлік комиссия солай көрсеткен. Ауғанстанда соғысып жүргенде темір тіс салдыратын жағдай болсын ба? Бір ротада әскери қызмет етіп, жолдас болып жүрген В. Фахруддиновтың мәлімдеуінше, Борис ондай жасанды тіс салдырмаған.
Осы комиссия жұмысынан кейін алты ай өткенде Бористі соңғы рет көрген жалғыз куәгер Владимир Прохоренкомен жүздескенбіз. Ол Ақтөбе облысы Кеңқияқ кентіндегі мұнай-газ басқармасында тампонаж цехында қызмет атқаратын. Беріде Чехияға тұрақты тұруға кетіпті. Нағыз қанды қасаптың арасынан аман қалған Прохоренко: "Борис екеуміз бір взводтан едік. Оның аузында ешқандай протез болмады. Соңғы күнге дейін оның өз тістері болды, протез қызметіне зәру емес еді" деп тұжырған.
Арнайы сарап комиссиясының тексеруінен кейін келесі құжат шықтты.
Жетінші құжат (Қазақшалаған автор): "№ 831 өлгені туралы дәрігерлік куәлік. Аты-жөні – белгісіз. Туған жері – белгісіз. Туған уақыты – белгісіз. Қаза тапқан жері – Ауғанстан. Куәлікті Алматы облыстық сот-медициналық сарап бюросы берді".
Мәйіт қайта жерленді. Енді Белгісіз солдат ретінде. Одақ ыдырай бастап, тірінің тағдыры сынаққа түскенде Ауған соғысының өлі солдатына кім назар аударсын. Ел есін жиғанша бірнеше жыл қажет.
Анықталған ақиқат
Борис Бочкин құрамында болған взводтың соңғы шайқасын дағыстандық тарих пәнінің мұғалімі Расул Ғазиев анықтайды. Взвод құрамында қаза тапқан Нұхидин Ғаджиев осы Расулдың сүйікті шәкірті болыпты. Ұстаз Нұхидиннің әскери бөліміне, бірге қызмет еткендерге, КСРО мен РФ Қорғаныс министрліктеріне, Бас прокуратураларына, ақыр аяғында Президенттеріне 400-ден астам хат жазған. Сөйтіп 40-армияның 66-бригадасы 2-батальоны 7-ротасы 2-взводы туралы шындық шықты.
Оқиға "құпия бөлім" құжатындағыдан мүлде өзгеше өрбіген. Бір взводтың қырылып қалғанын кезінде Кеңес Одағының Бас әскери прокуратурасы тексеріп, "құпия" деген таңбасы бар акт жасаған екен.
Сегізінші құжат (Қазақшалаған автор): "КСРО Бас әскери прокуратурасының қорытындысы. ...Бүлікшілер жасырын келіп екінші взводтың шебін үш жағынан қоршаған. 70 дұшман биіктің әр беткейінен өрмелейді. Ал 100-ден астамы қарсыдағы биікке тығылып, қарудың барлық түрінен оқ жаудырады. Радист оққа ұшып, дұшмандар рацияны олжалап, взвод байланыссыз қалды. Офицерлер Демченко, Амосов бастаған жеке құрам ұрысқа кіріскен. 2-ші взводтың жауынгерлері өмірлерінің ең соңғы минутына дейін жанкештілікпен шайқаса отырып күші басым жаумен ұрыста қаза тапты".
Сонымен взводтағы 17 жауынгердің 15-і сол ұрыста қаза тапқан. Біреуін жараланып жатқан жерінен Кеңес жағы тауып алады. Ол – бізге белгілі Владимир Прохоренко. Екіншісі – жараланып жау қолына түскен Борис Бочкин. Взвод құрамда 17 адам болғанымен соңғы ұрысқа қатысқандар одан көп.
Владимир Прохоренконың естелігінен (1992 жылы сәуір айында жазып алғанбыз): "Асадабад түбіне бекініс жасағанымызда взводымызда 24 адам бар еді. Алматылық Бочкин, менің ақтөбелік жерлесім Тұрлыбаев, дағыстандық Ғаджиев және басқалар. Арамызда аға лейтенант Амосов пен лейтенент Демченко болды".
Ресейлік мәліметтерде "Амосов тобы 17 адамнан тұрды" делінсе, басқа 7 жауынгер қайда? Кешікпей ол жұмбақты шештік. Жорық алдында кеңес батальонына ауғандық өкімет әскері қосылған. "Царандой" аталған бұларды әр топқа бөліп берген. Демченконың взводына 7 царандойлық келіпті. Ротаның саяси бөлім бастығы Амосов осы ауғандық жауынгерлермен жұмыс жүргізуге жіберілген. Прохоренконың "24 едік" деуі, әрі бір взводта екі лейтенант болуы содан.
Владимир Прохоренконың естелігінен (1992 жылы сәуір айында жазып алғанбыз): "Лейтенанттардың шегінуін қорғау үшін бастырмалата атысып жатқанымда қолымнан оқ тиді. Сосын және бір оқ тастан ыршып келіп аяғымды жаралады. Төменге Ғаджиевқа қарай домаладым. Ғаджиев дереу мені арқалап, Бочкинге "бізді қорға" деп айқайлады. Боря атысып жатқан. Ғаджиев бірде мені сүйей сала атысып, сосын қайта арқалап төмен түсіп келе жатты. Соңғы рет қарағанымда Боряның сылқ етіп құлап бара жатқанын көзім шалды. "Бітті" деп ойладым. Ғаджиевке "мені тастап кет те, өзің тірі шық" деп жалындым. Ол маған гранатасын беріп, бір тастың қалқасына тастап кетті".
Бас әскери прокуратура актісінде қаза тапқан бірнеше жауынгердің, тіпті офицердің қолдарына сығымдалған граната болғаны жазылған. Сол сияқты Ғаджиевтің денесі бірнеше бөлшекке бөлініп шашылып қалғаны сипатталған. Демек, соңғы сәтінде оның қолындағы гранатаны жарғаны даусыз. Міне, ерлік дәлелденген соң жоғары жақтың шегінер жолы қалмай, мына құжат жарияланды:
Тоғызыншы құжат (Қазақшалаған автор): "Ресей Федерациясы Президентінің № 974 Жарлығы. Әскери парызын орындау барысындағы батылдығы мен ерлігі үшін қатардағы жауынгер Ғаджиев Нұхидин Омарұлына (марқұм) Ресей Федерациясының Батыры атағы берілсін. 1997 жылғы 2 қыркүйек".
"Алтын Жұлдызды" отбасына арнайы тапсырыпты. Әкесіне "Волга" автокөлігін сыйлапты. Туған жері Қызылюрт қаласындағы мемориалға аты қашалып, суреті бедерленді. Ғаджиев батыр атанды. Бірге соғысқан Бочкин мүлде белгісіз, Тұрлыбаев атаусыз қалды.
Танылмаған қаһарман
Күндердің күнінде Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан әскерге аттанып, Ауғанстанда қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевтың әкесіне Дағыстандағы мұғалім Расул Ғазиев хат жазды. Өз шәкірті Нұхидин Ғаджиевтың Серікбаймен бірге соғысып, қатар қаза тапқанын айта келе, ақыры тарихтың қатесі жөнделгенін жазады.
Расул Ғазиевтің хаты (Қойлыбай Тұрлыбаевқа жолдаған): "Президент Ельциннің Жарлығымен жерлесіміз Нұхидин Ғаджиевке батырлығы мен ерлігі үшін Ресей Федерациясының Батыры жоғары атағы берілді. Ол сіздердің сүйікті ұлдарыңызбен бірге 1983 жылы 18 мамырда қаза тапқан. Сонау 80-ші жылдардың ортасында-ақ бұл жігіттердің ерлігі лайықты бағаланбай, сұмдық қате кеткенін байқадым. Оларды қайта наградтау жөніндегі ұсыныстарымды төрт рет жоғарыдан кері қайтарды. Нәтиже шыққанша жаза бердім. Сіздердің ұлдарыңыз да лейтенант Демченко мен Амосовтар сияқты ерлік көрсеткен".
Жалпы, сол Ганджгал шатқалында шайқасқандар арасынан тек лейтенант Г.Демченкоға 1983 жылы қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Басқаларының аңыраған ата-аналарына мырышталған табытпен қатар Қызыл Жұлдыз ордені тапсырылған. Шындық шыққан соң осы ұрыста қаза тапқан 8 ресейлікке ең жоғары атақ берілді. Екінші лейтенант Сергей Амосовтың ерлігі әріптесі Демченкомен теңдестірілді. Өзі оқыған мектеп пен тұрған көшеге аты беріліп, Новосибирь Әскери институтының батырлар аллеясына бюсті орнатылды.
Ал, Серікбай Тұрлыбаевтың құрметіне бар болғаны ...өзі жұмыс істеген Дөң кен-байыту комбинатында мемориалдық тақта тұр. Өзі оқыған мектеп ауласында обелиск орнатылды. Бірақ, Батыр атағы әзірге берілген жоқ. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Амангелді Айталы арнайы сұрау салған. Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүрдім-бардым жауаппен шектелген.
Оныншы құжат: "Қорғаныс Министрлігінің есебінде көптеген Ауған соғысының ардагерлері бар, олардың ішінде ерлікпен қаза тапқандар аз емес. Егер Тұрлыбаев наградталатын болса, онда басқа қаза тапқандардың туыстары мен достарынан осы тектес өтініштер көбейіп кетеді. Қазіргі кезде Тұрлыбаевқа "Халық Қаһарманы" атағын беру мүмкін болмай тұр".
Министрлік батырды бағалаудан гөрі, мұндай өтініштерден басын алып қашқаны байқалды. Серікбай Тұрлыбаевтың ерлігіне дерек керек болса, Дағыстандағы Расул Ғазиевтың қолында шып-шырғасы шықпай сақтаулы. Куәгер керек болса, бірге соғысқан Владимир Прохоренко тірі.
Сөз реті келген екен Володяның қалай тірі қалғанын өзіміз 1992 жылы жазып алған естелігі бойынша келтіре кетейік.
Владимир Прохоренконың естелігінен (1992 жылы сәуір айында жазып алғанбыз): "Бір рет көзімді ашқанымда буалдыр тұман ішінен кезеліп тұрған винтовканың ұңғысын көрдім. Сол сәт әлдекім ауғанша әлдене деді де, маған тіреліп тұрған қару басқа жаққа атылды. Дұшман төман қарай жүгіріп кетті. Екінші рет әлдекім аяғымнан тартқылап жатқандай болып, есімді жидым. Қарасам, он жас шамасындағы ауған баласы бәтеңкемді шешпек болып жатыр екен. Менің көзімді ашқанымды көріп, ол безіп кетті. Үшінші рет есімді жисам, төңірек тып-тыныш. Алыстан танкті көрдім. Соған қарай домалап, аунай бердім. Болмаған соң киімімді бұлғадым. Олар байқағанда барып, өзімнің құтылғанымды білдім".
Взводтың соңғы шайқасын сипаттап болсақ, Ауған жерінде мүрдесі қалғандар мен тірі жүргендер туралы бірер сөз айталық. ТМД үкімет басшылары жанындағы Интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі комитет төрағасы хас батыр Руслан Аушев пен орынбасары Александр Лаврентьевтің арқасында бірқатар іс атқарылды. Қазақстанда бұл комитетпен тізе қосып қимылдаған азаматтар бар. Соның бірі – Алтай Сармолдаев. Осы ұйым Ауғанстаннан Мәскеу айналып Түркістанға 2012 жылғы қарашаның 4-күні Абдулхаким Ергешовтің сүйегін жерледі. Сол соғыстың тағы бір құрбаны Александр Зуевтың мүрдесі хабарсыз кеткеніне отыз жыл өткенде Бурабайға құрметпен қойылды. Ауғанстандағы іздеу тобын ұдайы Александр Лаврентьев басқарып жүрді.
Комитет жиырма жылдан астам уақыт ішінде 5 мүрдемен қатар 30 бұрынғы солдатты тірідей тапты. Оның 22-сі туған жеріне оралды. 8-і қайтып келуден бас тартты, себебі басқа дінді ұстанып, өзге тілде сөйлейтін болған. Шаңырақ көтеріп, түтін түтеткен. Ал, 18 интернационалист-жауынгердің не өлі, не тірі екені белгісіз. Сондай кебін кигені де, кебенек кигені де анықталмағанның бірі – Борис Бочкин.
Владимир Прохоренконың естелігінен (1992 жылы сәуір айында жазып алғанбыз): Мені Кабулде тікұшақтан түсіріп, госпитальге әкеткелі жатқанда бір лейтенант әуежай басында жиналған көп табытты көрсетті. "Сенімен бірге соғысқандардың мүрдесін елге жөнелткелі жатырмыз. Тек біреуінің өлігі табылмады" деді. Бірнеше күннен соң мен жатқан Кабулдегі госпитальге қолы кесілген танкист түсті. Ол да біздің взводтың ұрысын еске алып: "Сенің жігіттеріңнің денесін жинағанда, біреуін таба алмай қаншама әурелендік" деді".
Бочкиннің моджахедтерге тұтқын болғаны командирлерін қатты састырған. Ол үшін бастарымен жауап береді. Денені жанталаса іздеу – соны аңғартады. Ал, оны "өлді" деп ата-анасына басқа мүрдені жіберу – солдаттың қолға түскенін жасырудың айласы. Үйіндегі хаттарын, магнитофон таспасын білдірмей алып кету – Бочкин сатылып кете ме деп алаңдаудан туған. Сайып келгенде анасы баласымен қауышуды қаласа, билік оның өлгендер қатарында қалуын қарастырған.
Отыз бес жылдан бері бір табыттағы екі тағдырдың жұмбағы шешілген жоқ.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.