Сәнді киімнен мәңгі кебінге
Айя мен Ади
Бұл оқиғаның басын сегіз жылдай бұрын Израильден естіп келгенбіз. Жуырда жақсылықпен аяқталғанын білдік. Иә, алыс жақтан, бізге таныс Барканның елінен жаңалық жетті. Айя босанып, егіз тауыпты.
Жарайды, бәрін басынан бастайық. Айяны тек суреттен көргенбіз. Ади Барканның фотоларынан. Ол подиумға шығатын қыздарды фотоға түсіретін. Журнал, клип, постер, жарнама және басқа өнімдер үшін. Табысы жақсы. Жұмысы ұнайды. Шеберлігіне ешкім шәк келтірмейді. Бірақ, қанша жерден шебер десе де, әрбір маман – алдымен адам.
Өз ісін адал атқаратын фотограф Ади Баркан көп жылдар бұрын Израильдегі атақты фотомодель Хиле Элимелехтің өліміне куә болған. Бір кезде жүзінен нұр тамған, атақты "Элит" сән агенттігінің мақтанышы болған арудың қу сүйек болып өз үйінің еденінде жатқанын көріп, "жедел жәрдем" шақырыпты. 33 жастағы Хиле кешікпей көз жұмды. Аурудан емес, аштықтан. Өзін-өзі ашықтырудан. Бастапқыдағы өзін ашықтыру біртіндеп дертке айналады.
Аурудың аты – анорексия. Жалпақ тілмен түсіндірсек, тәніміз тамақ ішуді талап етіп тұрса да, жанымыз оны сезінбейді, яғни, адам санасында аштық дабылы қағылмайды. Бұл дерт өз-өзінен пайда болған емес. Дене мүсінін сақтағысы немесе жақсартқысы келген қыздар тамақ ішуін өзі тежеп жүріп, күндердің күнінде осы ауруға шалдығады. Ал одан емделу қиын. Хиле – соның кезекті құрбаны. Өлер кезде өлшегенде 27 келі – саудыраған сүйек пен салбыраған терінің салмағы ғана.
Бір кезде подиумға ырғала басып шығатын Хилені талай рет объективке ілген Ади ең соңында оны өзі көтеріп тұрып суретке түскен. Сонда серт беріпті. Фотографтың подиумға шығатын модельдерді ашықтыруға қарсы бітіспес күресі осылай басталды. Ол кезде Айя әлі сахнаға көтерілмеген.
Иә, Ади Баркан дегеніне жетті. Израиль парламенті – Кнессет барлық сән агенттіктері модельдерді жұмысқа қабылдарда дене салмағы индексін қарауы тиіс деген заң қабылдады. Индексі 19-дан төмен қыздар киім үлгісін көрсетуге шықпайды.
Индексті есептеудің еш қиындығы жоқ. Мақала авторының – Қайнар Олжайдың дене салмағы индексін шығарып көрейік. Бойымыз 1, 66 метр ғой, соның квадратын табамыз. 1,66-ны 1,66-ға көбейтсек, тең болады – 2,7556. Артындағы артық шұбырған үш цифрды алып тастап, орта есеппен 2,7 делік. Енді қазіргі салмағымыз 66,5 келі екен, сол 66,5-ті 2,7-ге бөлеміз. Шықты. Қайнар Олжайдың дене салмағы индексі – 24.
Дене салмағының индексі 19 бен 25 арасы "қалыпты" деп саналады. Әзір қалыпты деңгейде жүр екенбіз. Тәубе.
Ал индексі 19-дан төмендерді медицина "сіңіріне ілінген" деп біледі. 25-30 арасы "артық салмағы бар" топты құрайды. Индексі 30-40 арасы – "семіздер". 40-тан жоғары – "шектен тыс семіздер".
Хош, Кнессет шығарған заң бойынша әрбір модель үш айда бір медициналық тексеруден өтеді. Парламентте осы заң жобасын баяндаған депутат Рахель Адатоның айтуынша: "Әдемілік салмақтың аздығымен өлшенбейді. Әдемі қыздар тыртиған арық болмауы тиіс. Анорексия – өте қауіпті ауру. Сондықтан біз осындай заңды қабылдадық".
Ади Баркан мұнымен тынбады. Ол осы дертке қарсы көрнекі құрал ретінде фото түсіруге көшті. Оған үш қызды таңдайды. Біріншісінің дене бітімі кәдімгідей, екіншісі сәл арықтау, үшіншісі – анорексияға шалдыққан. Бұған суретке түсу үшін Айя Баразаниды тауып, оны келістіреді. Екеуінің таныстығы осылай басталған. Айя он екі жыл бойы анорексиямен ауырды. Жиырма жасында салмағы 26 килограмм болыпты. 15 жасынан бастап бойына 1 грамм қосылмаған. Себебін өзі айтады:
– Алдымен журналдардағы модельдерге ұқсап арық болғым келді. Тәбетімді еркімнен тыс шектей бастадым. Біртіндеп тамақты көрсем, басым айналатын халге жеттім. Содан ештеңе жемеуге бойым үйренді. Ақыры ауруханадан бір-ақ шықтым.
Иә, сол анорексияның белгілері. Бұл ауруға шалдыққандардың ішіне ас тұрмай, тамақтың иісінен жүректері айниды. Денесі азып, шодырайған сүйектері шығады. Шашы түсіп, терісі тозады.
Ади денесі дұрысы мен арығы бар екі қызды жүруде қалған Айяның үйіне ертіп апарып, үшеуіне ортақ фотосессияны бастайды.
Айяның сондағы түрінен Ади қатты шошиды. Оның бұған дейінгі Хиле Элимелехтің тағдырын қайталайтыны талассыз еді.
– Біз танысқанда дәрігерлер оған "өледі" деген үкім шығарып қойыпты. Айяның суға кетіп бара жатып, соңғы талды қармап, тірі қаларына ешкім сенбеген, – дейді Ади.
Адидің фотосессиясы Айяны біртіндеп өмірге оралтты. Бір жарым жылда он келі қосып, 36-ға жетті. Беті бері қарады деген – осы. Одан кейін салмағы қалыпқа келе бастады.
Айя даңқты фотографты өзінің екінші әкесі санайды. "Өмірімде қайғы да, қуаныш та көп болды. Соның бәрінде Ади қасымда жүріп, қолтығымнан демеді, көзімнің жасын сүртті" дейді ақыры анорексиядан айыққан ару.
Міне, жақында Израильдегі "Асута" ауруханасында Айяның егіз бала тапқанын естідік. Бірер жыл бұрын күйеуге шыққан. Өзінің де, нәрестелердің де денсаулығы жақсы дейді. Әрі Айя сәбилердің бойына табиғи жолмен біткенін жасырмайды.
Адидің арқасында анорексияны жеңген Айяның хикаясы бізге талай ой салды.
Армани мен Ақселеу
Осы тебіреніске толы хабардан кейін қойын дәптерімізді парақтадық. 2000-жылдар басындағы жазбаларымызды таптық. Ол тұста Ақселеу Сейдімбек ағамыз тірі. Жиі сұқбаттасатын едік. Қарағандыдан басталатын ортақ тақырыптар, сан салаға ауысатын. Бірде тура осы анорексия туралы пікірлескенбіз.
Біздің қойын дәптерде қалған Ахаңның пікірі бүкіл қазақ қауымы үшін әлі күнге маңызды көрінеді. Берідегі кітабын қарағанымызда, сол жолы айтқан ойлары оған түспепті. Шамасы, сұқбат кезінде айтқанымен ғалым оны жеке мақалаға айналдырмаса керек.
– Жер бетін жайлай бастаған жүдеу қыздар бейнесін елімізге ешқашан жолатпауымыз керек, – деген сол сұқбатта Ақселеу ағамыз. – Оған қарсы күресу үшін басты қару ретінде ежелгі әйелдер бейнесін, аңыздар мен жырлардағы образдарды насихаттаған жөн.
Сонда қазақтың Қыз Жібек пен Баян Сұлуды сипаттаған жыр шумақтарды ойымызға оралды. Ахаң біздің есімізге не түсіп жатқанын іштей біліп отырды ма дейміз, біраз уақыт үнсіз қалып еді. Сәлден соң сөзін сабақтаған.
– Әйелдің дене бітімі оның жас мөлшерімен сәйкес келіп тұруы керек. Немере сүйіп отырған ананың белі әлі қылдырықтай болса, мұны мақтануға негіз емес, сексуалдық ауытқу деп білу керек. Бәйбішелерге "бес биенің сабасындай" деген теңеу жарасады.
– Аға, жас шегін төмендетіп, 16 мен 28 жас арасын қарастырып көрсек, оған ауыз әдебиеті не дейді? – деп сұраппыз сонда.
– Онда да жүдеу, арық қыздың бейнесі кездеспейді. Керек десең, қазақтар әйелді белден төмен мүлде суреттемеген, – деп кесіп айтқан ғалым, жазушы, этнограф ағамыз. – Мұнда ұлтымыздың моральдік-этикалық нормасы жатыр. "Қыпша бел", "аршын төс", "алма мойын", "оймақ ауыз", "күлім көз", "қолаң шаш". Көрдің бе, қазақта әйел идеалының көріністері белден жоғары басталады. Ал орыстардың қыз аяғын қайыңға теңеуден бастайтыны белгілі.
Білімдардың сөзінің бәрі құлаққа қонған. Енді ойша ауыз әдебиетінен кейін пайда болған жазба ақындарымыздың жырларын еске түсіре бастадық. Шәкәрімнің атақты "Жастық туралы" өлеңі:
Бойы бар сымдай,
Белі бар қылдай,
Мүшесінің міні жоқ.
Қыз осындай болар ма,
Оны сөккен оңар ма!
Иә, бұл кісі де бабалар салтын сақтап, белден жоғары бастапты. Содан Сұлтанмахмұдты сапырдық:
Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын,
Ақ анар, жұпар иіс, мамық қойын.
...Сүйріктей ақ білекті шебер саусақ,
Ақ шаңқан балапандай тұрған жусап.
...Ақ уыз — дене көркі, тік қос алма,
Магниттей тартқызған көрген жанға.
Жиырмасыншы жылдардың жас ақыны да мойын, саусақ, қос алманы сипаттап, одан төменге бармапты. Демек, ауыз әдибеті ғана емес, Абай мен Мағжан арасындағы ақындар жырлары да Ахаң айтқан "басты қару" болуға жарайды екен. Сол сәтте ойымызға түрлі қиссалардан естіген бір тіркес түсті.
– Ауыз әдебиетінде жиі жолығатын "аш күзендей бүгіліп" деген теңеуді қайда қоямыз? – дегенбіз ғұламамен пікір жарыстырып.
Ақселеу ағамыз сонда байыппен ғана жымиып еді. Шамасы, біздің аңғалдымызға күлсе керек. Оны енді аңғарып отырмыз-ау.
– Бұл – сұлулықтың емес, қимылдың сипаттамасы. Садақ тартқанда немесе асауға бұғалық тастағанда серпімді болу үшін жасалатын әрекеттің көркем көрінісі. Көп ретте жігіттердің қимылына қарай айтылады. Әйтпесе, күзен – шақар, сасық аң. Қыздарды оған теңеу обал емес пе!
Ғалым ағаның бұл уәжіне де тоқтадық. Сол жолы Ақселеу Сейдімбек теледидарда жарнама мен әлемдік кино көрсеткенде жүдеу әйелдердің бейнесін экранға жібермеу жайын ескерткен еді. Өкінішке қарай, оны тыңдар құлақ қайда?!
Ахаң елімізде алғаш "Қыз сыны" байқауы өткенде сонда жюриде болған. Ұлттық идеалдарға баса назар аудартқан. Кейін "қазаннан қақпақ, иттен ынсап кеткен" заман басталды. Сұлулық конкурстары бөксе мен балтыр бәсекесіне айналды. Ауыз әдебиетіндегі өлшемдерді еске алатын ешкім жоқ. Ахаң болса Жаңаарқасында Қасым ағасы айтқандай "қырда көрпесін қымтап" жатыр.
Сол уақытта біз атақты киім үлгілеуші Джорджио Арманидің де пікірін сақтап қойыппыз. Ол подиумға сырықтай қыздарды шығару дәстүріне өз әріптестерін емес, журналистер мен стилистерді кінәлапты.
– Өкінішке қарай, солар көп алдына шығатын модельдердің барынша ұзын, бірақ арық болуын талап етеді, – депті атақты Армани.
Бір жағынан мода тақырыбына жазатындар мен сынайтын мамандар кінәлі шығар. Бірақ, қыздарды анорексияға ұшырататын басты кесірдің дизайнерлерден екенін Армани мойындай қоймады.
Подиумға арық қыздардың таңдалуының себептері бар. Біріншіден: талдырмаш денеге бәрі жарасады. Екіншіден: тақтайдай тегіс дене үшін киім тіккен оңай. Үшіншіден: қымбат материал аз кетеді. Демек, Армани сияқтылардың арманы арық қыздар болатыны анық.
Изабель мен Сабыркүл
Израильдегі Ади мен Айяның хикаясын дәлме-дәл қайталмаса да бұған ұқсас жағдай сән әлемінің серкелері саналатын Италия мен Францияда болды. Қай бір жылы Италияны аралап жүргенде ерекше билбордқа көзіміз түскен. Бастапқыда фашизм лагерінің құрбандарына арналған шығар деп топшыладық. Өйткені, қу сүйегі қалған жалаңаш әйелдің аянышты фотосы төбе шашымызды тік тұрғызған. Сөйтсек, билбордта "Анорексияға жол жоқ!" деген жазу тұрды.
Бұл – Изабель Каро атты француз моделінің кейінгі кейпі екен. Негізі италия қызы. Бірақ, нәпақаны француз жерінен тапқан. "Flash&Partners" фирмасының "Nolita" брендін танытатын.
Бұл қыз қаршадай кезінде осы дертке ұрынады. Отбасында жалғыз өзі өседі. Әкесі үнемі іссапарда жүреді. Шешесінің жүйкесінде ауытқу болса керек. "Өскенде әкеңдей тентіреп, мені жалғыз тастап кетерсің" деп қызының құлақ етін жей берген. Изабель шешесін жалғыз тастап кетпеу үшін "өспеуім керек" деп ойлаған. Өспеудің жолы – тамақ ішпеу деп біледі. Сөйтіп одан бас тартқан.
Жалпы, анорексия ауруын зерттеген ғалымдар кейде тұқым қуалаушылық салдарынан болады деседі. Сол сияқты жүйкенің тозуы да анорексияға алып барады. Изабельдің дерті қайсынан басталғанын топшылау қиын.
Бірақ, оның сонау 2008 жылы шыққан "Өскісі келмеген кішкене қыз" атты кітабы бар. Сонда біраз жәйтке қанығасыз. Бұған басқа "Vanity Fair" етжеңді газеті мен RTL радиостанциясына берген сұхбаттары бар. Киім үлгісін көрсетушіден гөрі актриса болғысы келген. Бұл үшін "Cours Флорент" атты актер мектебіне түскен. Анорексия салдарынан оқуды тастауға мәжбүр болыпты. "Маған рөл де ұсынды. Онда есірткіге тәуелді болған қызды ойнауым керек еді" деп еске алған сұхбатында. Айтпақшы, тағы бір рет кинода ойнауды ұсынған. Өлік болып жалаңаш қозғалмай жатуы керек.
"Кинода өлген адамды ойнаса, әртіс кейін сондай жағдайға тап болады" дегенді бір кезде әріптесіміз болған Владимир Рерихтан естіп едік. Оны әулие санай қоймаймыз, бірақ арада бірнеше жыл өткенде Изабель шынында, өліп қалды.
Өлерінің алдында оны Оливьеро Тоскане деген фотограф суретке түсіруге көндіреді. Жалаңаш қалпында. Сосын аты-шулы "Анорексияға жол жоқ!" деген билбордтар сериясын шығарған. Біздің Италия қаласында көргеніміз – соның бірі еді.
Изабель Каро ашық фотосессиядан кейінгі сұхбатында қу сүйек денесін талай жыл сырт көзден жасырып келгенін айтады. "Ақыры еш үрейсіз денемді көпке көрсетуді ұйғардым. Кейінгі ұрпақ мен сияқты қақпанға түсіп қалмасын. Соларды құтқару үшін денемді көрсеттім" депті.
Бұл билбордтар көшелерге Италияның Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ілінді. Тіпті, оны "La Repubblica" газеті айқара беттеріне басты.
Израильдегі Ади мен Айяның хикаясынан сәл өзгешелігі – мұнда фотограф Оливьеро Тоскане байғұс Изабель Кароны фотоға түсіруге 700 евроға көндірген. Ақшасыз қалған қыз бұған келіскен. Ади мен Айя оқиғасында адамның жанашырлығы бірінші орынға шығып, ақыры анорексия ауруын женгені мәлім. Айя егіз бала тауып, бақытты анаға айналса, қу сүйек денесін 700 евро үшін көрсеткен Изабель кешікпей қайтыс болды.
Бұл оқиға Батыс Еуропаны дүр сілкіндірді. Италия да, Франция да сән үйлеріне шектен тыс арық қыздармен жұмыс істеуге тыйым салатын заң қабылдады. Францияның Денсаулық сақтау министрі Марисоль Турэн "теледидардан түспейтін сырықтай сұлуларды көрген жастар соларға ұқсау үшін арықтайды, сөйтіп денсаулықтан айрылады" деп мәлімдеді.
Батыс Еуропа ғана емес, Латын Америкасында анорексия құрбаны болған арулар бар. Бразилияда "Christian Dior-ды" жарнамалаған Ана Каролина Рестон 22 жасында осылай аштықтан өлді. Іргелес Уругвайда апалы-сіңлі Элиана мен Луисель Рамос – атақты футболшының қыздары еді. Екеуі де подиумға шығуды армандаған. Сол үшін денелерін жіңішкертіп, тамақ ішуден бас тартқан. Ақыры бірі 22, екіншісі 19 жасында подиумға шығу орнына табытқа түсті.
Алыста болған оқиғаларды естігенде сол кездегі "Сымбат" сән академиясының президенті Сабыркүл Асановамен хабарласқанбыз. Сабыркүл Қазақстанда сән бизнесін алғаш бастаған деуге болады. Бұл мамандықты Мәскеуде оқыған. Киім үлгілерін жасап қоймай, кітап, оқулық жазды. Алған патенттері бірнеше ондап саналады. Бұрынғы киім ательесін "Сымбат" брендіне жеткізді. 1987 жылы Қазақстанда алғаш сән театрын ұйымдастырды. Осы брендпен қазақ киім үлгілері топтамаларын Дубайда, Вашингтонда, Парижде, Нью-Йоркте, Брюссельде, Бейжинде, Стамбұлда және басқа әлемнің ірі қалаларында көрсетті. Халқымызды танытуда спортшылардан кейін Сабыркүлдің "Сымбаты" үлкен еңбек сіңірді.
– Біздің сән академиямыз бір сәтте сахнаға 25 үлгі көрсетуші қызды шығара алады. Соның біреуі де анорексия ауруына шалдыққан емес, – деген сонда Сабыркүл.
Сабыркүлмен сырласқанда әлемдік сән үйлерінің тыртиған қыздары бір кездегі стандарттық 90-60-90 өлшеміне "нөлдік мөлшер" деген атпен төңкеріс жасап тынғанын білдік. Сөйтіп, кеудені – 80, белді – 58, ал мықынды 86 сантимерлік етіп, әлемдік жаңа өлшем орнықтырған.
Сән маманы Сабыркүлдің айтуынша, бұл дұрыс емес. Табиғатта 10 жасар қыз баланың белі 58 сантиметр болуы керек.
– Біз киім үлгілерін тіккенде бергісі тұрмақ, бұрынғы 90-60-90 өлшемін сақтауға ұмтылмаймыз, – деген сол жолы Сабыркүл Асанова. – Көрмелер мен мерекелерде көп алдында киім үлгілерін көрсететін модельдеріміздің белі 70 сантиметрге жуықтай береді. Меніңше, бұл – қазақтың ұлттық өлшемі.
Маманның бұл сөзіне біз де қол қойып, мақаламызды аяқтауға болар еді. Бірақ, бірер қыстырма деректі қоса кеткенді жөн көрдік.
Сән үлгісін көрсетіп, керемет ақша табамын деп ойлау – күпірлік екен. Мұндай қызмет көрсететін қыздардың көбі атақты сән үйлеріне қарыз көрінеді. Олардың хақысын талап ету үшін Парижде "Model Law" қауымдастығы құрылды. Негізінен Ресей мен Шығыс Еуропа аруларын біріктіреді.
– Бұрын сән үйлерінің қыздары зорланғанын білдірмесе, ол тақырып қазір ашық талқыға түседі. Енді көбі қарыздар екенін жасырады, – дейді қауымдастықты құрушы Екатерина Ожиганова.
Айталық, Лондондағы "Models 1" агнеттігіне киім үлгісін көрсетуші қыздардың қарызы алпыс мың фунт-стерлигтен асып кеткен. Себебі, қыздарды сән апталықтарына апарғанда шығатын шығындары – әуе билеттері мен қонақ үйлердің төлемақысыі жалақыларынан асып жығылады.
Шығыс Африкадан шыққан, қазір Франция подиумында жүрген Кэндис (аты өзгертіліп алынған) былай дейді:
– "Жалақым қайда" деп сұрасам, "Саған қайдағы жалақы? Өткендегі билеттердің, қонақ үйлердегі жамбасақының шығынын ұстадық. Сен әлі бізге қарызсың" дейді. Мұны естігенде қандай қақпанға түскеніңді сезінесің.
Кэндистің айтуынша, сән апталығына сапар шегу – тәуекелді іс.
– Өйткені, жаңа қарыз жамап алуымыз мүмкін. Өз ойымша, қыздардың қырық пайызы үйіне құрқол қайтады. Содан бойымызда күйзеліс пайда болады.
Ал, күйзелістің ар жағынде анорексия ауруының ауылы алыс емес. Оның неге соқтыратынын баяндап берсек керек.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.