Ана ағаштың тұқымы, мына ағаштың...

Қызылорда қаласында күздің күні жарқырап, шамамен 10 градус жылы болып тұрғанда, елдің астанасында керісінше 10 градус суық еді. Арасы мың шақырым, ұшақпен бір сағат жиырма минут болатын екі қалада бір күнде жылдың екі түрлі мезгілі өтіп жатыр. Ойымызға Тұманбай ақынның қазақ даласының кеңдігі туралы өлең жолдары оралды:

"Қостанайдың даласын боран билеп тұрғанда,

Ақмешітте алма ағаш ашып жатыр ақ гүлін".

Енді ақын жырлағандай ерте көктем емес, күздің соңғы айы. Қар басқан Арқадан шуақты Сыр бойына келгенде көзіміз қонақ үй ауласындағы бергісі жай жапырақты шетен, арғысы қылқан жапырақты аршаға түсті. Екеуінің де тұқымы көрініп тұр. Иә, күздің соңына дейін ағаш қана емес, бүкіл өсімдік атаулы тұқым тастап үлгеруі керек.

Қонақ үй ауласында сәндік үшін егілген аршаның тұқымының біраз қасиетін білетінбіз. Мұнда бағалы эфир майы бар. Моншада аршаның майы қосылған суға шайынып алып, бусануға кіреміз. Дене ерекше рахаттанады. Ертеректе буыны ауыратындарды аршамен булайтын. Қазір мұндай халық емі ұмыт қалып барады.


Аршаның тұқымы / Суретті түсірген автор

Бала кезімізде шешеміз үйдің ішіне аршаның бұтағын жағып, түтінімен аластайтын. Бұл түтін микробтарды өлтіретінін берідегі кітаптан көрдік. Алты-ақ класс оқыған, энциклопедияны қолына ұстамаған анамыз мұны қайдан білді екен?

Аршамен содан кейін жаңа жыл кешінде қауышатынбыз. Балалық шағымыз өткен Тарбағатай тауында шырша өспейді. Табиғи ареалы емес. Беріде пысық әкім аудан орталығы Ақсуаттың орталық алаңына еккізген бірнеше ондаған шыршаның қурап қалғанын көргенбіз. Есесіне арша жақсы өседі. Таудың солтүстік беткейлерінде жасыл түсі алыстан көз тартып тұрады. Оны шалдың алақанға салып қойған бір шөкім насыбайына ұқсататынбыз.

Жаңа жыл жақындағанда қоймадан шыршаға ұқсас жасалған ағаш пен темір аралас үлкен қаңқа шығарылады. Оны клуб сахнасының ортасына мықтап орнатады. Ауыл жігіттері трактордың тіркемесін толтырып таудан жинап келген аршаның бұтақтары байланады. Осылайша жаңа жылдық шырша дайын. Клубтың ішін аршаның ерекше хош иісі алып кететін.

Автордың өзге жазбасын да оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры

Ертеректе дүкендерде арнайы тіс шұқығыш сатылмайтын. Ауылдың үлкені мен кәрісінің қалтасында қағазға оралған аршаның шағын кесіндісі болатын. Ет желінген соң әркім содан жаңқалап алып, тісін шұқып отыратын.

Үйде аршадан жасалған ағаш қасық та болды. Оны сүтке салып қойса, ұзақ уақыт ашымайтын. Арша ағашының бактериялардың пайда болуы мен көбейуіне мүмкіндік бермейтінін осыдан байқауға болады.

Ауыл-аймақтың той-томалағында айтылатын әндердің арасында:

"Ана таудың басынан арша ап келем,

Көтере алмай аршамды шаршап келем", – деп те шырқалатын.

Қонақ үй алдындағы аршаны, оның жемісін көріп тұрып, осындай алыс уақытқа ойша сапар шегіп кетіппіз.

Мына көк бүртік жемістің ішінде кішкентай ғана тұқым бар. Сол тұқым лайықты топыраққа, қажет тереңдікке, қолайлы ылғалды ортаға түссе, тура осындай ағаш өсуіне сеп болады.

Ана дақылдың дәні, мына дақылдың...

Тұқым немесе дән – өсімдіктің бір жылдық, бәлкім маусымдық өсуінің қорытындысы. Келер жылы да тура осындай өсімдік болып қайта шығуының алғышарты немесе іргетасы.

Өсімдікке қатысты «тұқым» мен «дән» сөздері бір затты білдіреді. Бірақ, сөзді қолдануда айырмашылық бар. «Дән» деп қазақ негізінен жеуге келетін тұқымды айтқан. Бидай, арпа, сұлы, күріш, жүгері сияқтылардың ортақ атауы – «дәнді дақылдар».

Бала кезімізде қуырылған бидай дәнін жақсы көретінбіз. Оның өз технологиясы бар. Алдымен бидайды қауызынан аршу үшін келіге салып ағаш келсаппен түйеміз. Содан кейін түптелген бидайды табаққа салып желді ауада жерге төселген шүберектің үстіне саулатып төгеді. Бидайдың қабығы ұшады. Бұл жұмыстың бәрін «ақтау» дейді. Ақталған бидай ғана ыстық қазанда қуыруға жарайды.

Қуырылған күнбағыстың дәні – талайлардың ермегі. Қазақ оның орысшасын өз тіліне бейімдеп «шемішке» дей береді. Мемлекет басшысы болып тұрғанда Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасының аялдамалары мен басқа орындарында күнбағыс дәнін шағуға тыйым салу туралы айтқаны бар.

Автордың өзге жазбасын да оқи отырыңыз: Мешіт, мектеп және мүсін

Адам ағзасына пайдалы дәндердің қатарына асқабақтікін қосу керек. Оның дәні ақуызға бай. Күн сайын 100 грамын жеп жүрсеңіз, қажетті протеиннің тең жартысы ағзаңызға түседі. Әрі ол асқазанда сілті қалыптастырады. Ғалымдар сілтілі ортада қатерлі ісік болмайтынын анықтаған. Үнемі үреймен, уайыммен өмір сүріп, күйзеліске түсіп жүретіндер үшін бұдан пайдалы нәрсе жоқ. Асқабақтың дәніндегі триптофан көңіл көтеруге әсер етеді. Ақыр аяғында асқазан мен ішектегі түрлі құртты тазалауға да оның себі тиеді.

Пайдалы дәндерді тізбектегенде зығырды ұмытып кету – обал. Адамзат негізінде одан шүберек тоқып, киім тікті. Сол үшін өсірді. Біртіндеп оның сабағы ғана емес, тұқымы да пайдалы екенін аңғарған. Француз императоры Ұлы Карл өз бағыныштыларының зығыр дәнін жеуі туралы жарлық шашқан. Оған дейін Гиппократ зығыр іш ауруын жеңілдететінін жазып кеткен. Беріде оның қатерлі ісік ауруына тосқауыл болатыны анықталды.

Кендір етіп ескенге пайдалы, бірақ құрамында есірткі бар деп заң арқылы тыйым салынған қара сораның дәнінде пайдалы зат жетерлік. Ғылым амин қышқылдарын он екі түрге бөлсе, қара сораның тұқымында солар түгел бар екен. Өкпе ауруына шалдыққандарға жақсы көмектеседі. Қан тамырын тазалап, жүректің жұмысын жеңілдетеді. Ондағы ақуыздың жартысынан көбін глобулин, қалғанын альбумин құрайды. Екеуі де адам ағзасына керек. Әсіресе, альбумин дегені адам қанының плазмасындағы ақуызбен бірдей. Осылайша, қара сораның дәні иммундік тапшылықтан туындайтын аурулардың алдын алады.

Сонымен қазақ ас ретінде пайдаланылатын тұқымды «дән» дейді екен. Ал өсімдік қайта өсіп шығатыны – тұқым.

Бірақ, мемлекеттік әнұранға айналған «Менің Қазақстаным» өлеңінде Жұмекен Нәжімеденов:

"Дән егіп терлеген

Қазағым мықты ғой", – деп жазған.

Бұл орайда «тұқым» деген сөз өлеңнің ырғағына сай болмай қалғандықтан «дән» деген сияқты.

Ана жердің жемісі, мына жердің...

Бір тұқым, бір дәннен бірнеше ұрпақ ырыздық тапқанын Израильге іссапармен барғанда естідік. Бағдарлама бойынша кибуцты аралатқан. Бұл – коммуна. Оның бір мүшесі Мәриәм Бостан орыс тілін жақсы біледі. Осыдан бір ғасыр бұрын кибуцты құрғандардың арасында оның әке-шешесі болыпты. Жетпіс жастан асып кеткен Мәриәм кибуцтың байырғы тұрғыны саналады. Бар өмірі осында өтіп келеді.

Бұл елде бірінші кибуц 1910 жылы ұйымдасқан. Аты – «Дгания». Оны ивриттен қазақша аударғанда – «дән» деген сөз шығады.

Кибуцте адамдар түрлі жұмыс істесе де, бірдей жалақы алады. Бұларға білім де, игілік те ортақ. Сыртқы дүниемен онша араласпайды. Біз болған коммуна цитрус өсірумен шұғылданады. Әрі бақша салады. Шошқа мен сиыр асырап, балық өсіреді. Бидай егеді. Бір мүшесінің қалауымен кактус өсірген алқабы бар. Оны сонау Оңтүстік Америкадан ат-түйедей қалап алғызыпты. Бәрібір басты табыстары – апельсиннің Шмуэль атты сортынан түседі. Оның өз тарихы бар.

Еврейлер ата қонысқа ХІХ ғасыр соңынан келе бастады. Оларды бұл жерге жиналуға уағыздаған қарттар көп болды. Соның бірі пірадар еврей Қырымнан Жерорта теңізінің жағалауына аттанған жастарға бір жемістің дәнін берген.

Осында келген соң дәннен көшет, көшеттен Шмуэль атты ерекше апельсин түрі өсіпті. Келушілер сол ағашты көбейтеді. Біртіндеп ішкі қажеттіктен сыртқа сатуға артылады. Одан шырын жасай бастайды. Сөйтіп кибуцтың тасы өрге домалаған.

Жалпы, Израильдің табысының бір бөлігі цитрус ағашынан түседі. Цитрус – жалпы атау ғой. Яғни, тропикалық және субтропикалық аймақтарда өсетін жеміс ағашының тобын осылай атай салады. Цитрус жемісінің басты ерекшелігі: ішінен бірнеше бөліктерге бөлінген. Бөліктер тығыз да, қатты да емес қоймалжыңға толы. Бөліктің ішінде бір немесе бірнеше дән болады. Жемістің сыртқы қабығының өзі екі қатпарлы. Ішкі ақ қатпарын ғылым «альбедо», сыртқы қызғылт не сарғыш қатпарын «флаведо» деп атайды. Флаведосы толы эфир майы.

Жалпы цитрустар тобына апелсинь, мандарин, лимон, лайм, грейпфрут, цитрон, кумквата, бергомот жатады. Бұл жемістерді сырт елдерге Бразилия, АҚШ, Аргентина, Мексика, Италия, Израиль, Мысыр, Морокко, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы сатады. Қарасаңыз, осы ондық арасында жері ең шағыны Израиль ғой.


Израильдің мынандай апельсині де тұқымнан өскен / Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Елде цитрус 20 мың шаршы шақырымға егілген. Оның он жеті мың шаршы шақырымы жеміс беріп тұрған ағаштар. Үш мыңына жас көшет егілген. Бойы тізеден келетіндері қаншама алқап. Жас көшеттерге жеке-жеке қаптама кигізіп қойғанын көрдік. Қаншама жұмыс. Әрбір ағаш арнайы қорғалады. Тамырлары тамшылату тәсілімен суарылады.

Осының бәрі дәннен басталған. Бір түйір тұқымнан.

Ана құстың қанаты, мына құстың...

Израильге керемет жемістің тұқымын адам апарды дейік. Иә, біліп, арнайы апарды. Ал тарихта адамның білмей-ақ өсімдік тұқымын апарған кезі баршылық. Америкаға жолжелкен шөбі осылай жеткен.


Алыстағы Америка жеріне жеткен жолжелкен шөбі осы / Сурет: centarzaprirodnumedicinu.com

Бұл – ұзын сабағы жоқ, есесіне әрбір жапырағы жайылып өсетін шөп. Жапырағы толысқанда ортасынан жеке-жеке сояу сабақ шығып, соларға сансыз гүл пайда болады. Гүлден қаптап тұқым қалады.

Америка құрылығын еуропалықтар жаулап алғанша онда мұндай шөп өспеген. Жолжелкеннің тұқымы жаулаушылардың аяқ киімінің өкше мен табанына жабысып, Атлант мұхитын көктей өткен. Сөйтіп жаңа жерге жапырақ жайған. Бұл өсімдікті үндістердің «ақ адамның ізі» деп атайтыны содан.

Автордың барлық жазбаларымен осы жерден таныса аласыздар: Қайнар Олжайдың жазбалары

Кәріқыз бен ошағанның да тұқымы жабысқақ келеді. Мал бағып жүргенімізде қойдың үсті мен жылқының құйрық-жалы содан көрінбейтін. Тұқымды ұсақ тікен арқылы жабысатын ету – өсімдіктің таралу үшін тапқан тәсілі.

Енді мына жәйтке қараңыз, бірде бақшамызда өзгеше ағаш өсе бастады. Оның көшетін екпегенімізді анық білеміз. Үш-төрт жылда кәдімгідей жетіліп, алғаш жеміс бергенде көрдік, атақты тұт ағашы екен. Ол қалай өсті десек, сол тұстағы қураған қарағашқа үнемі құс қонақтап отыратын. Демек, тұттың тұқымы бақшамызға құстың саңғырымен келгені даусыз еді. Содан соң бір шие де осылай өздігінен өсіп шықты.

Табиғатты өсімдікті тарату жағынан құстарға жететіні жоқ. Көптеген ағаш пен бұтаның, жидектің тұқымы осылай тарауға бейімделген. Бұл үшін тұқымның сыртындағы жемістің шырыны тәтті, ал іштегі тұқым құстың бөтекесінде қорытылмайтындай қорғаныш қабыршақты болады. Біздің бақшаға тап болған тұт мен шие ағашына басқа долананың, шырғанақтың, итмұрынның жемісі мен тұқымы осылай таралуға лайықталған. Құлпынай мен таңқурай піскен кезде құсты қызықтырады. Содан саңғырығымен жерге түсіп, бірнеше жылдан соң басқа жақта өседі.

Кейбір өсімдіктің жемісі құстың тұмсығына жабысып қалады. Ертеректе Ленинградта ресми рұқсатпен әлдебір құпия жобалау-құрылыс институтына баруға тура келді. Оның бір маманымен Ақтау қаласы қалай жобаланғаны жайында сұхбаттасуымыз керек еді. «Черная речка» атты метро стансасынан түсіп, ары қарай орман ішімен жаяу кеттік. Сонда бір ағаштың жуан бұтағына екінші өсімдіктің шудаланып жабыса өскенін көріп таң қалғанбыз.

Омела атты өсімдік екен. Оның тұқымы құстың тұмсығына жабысып қалады. Сөйтіп тоғайдан тоғайға тарай береді. Қазақша аты жоқ омела біздің бақшадағы қарақатқа да бірнеше рет түскен. Дер кезінде тазалап отырамыз.

Табиғатты зерттеп, оның дамуын тұжырымдаған атақты Чарльз Дарвинге бірде кекіліктің аяғын жіберіпті. Кесілгеніне үш жыл болған құрттай аяқта қалған бір шөкім топырақты ғалым үгітіп, жерге шашыпты. Жиі-жиі суғарған көрінеді. Кешікпей әлгіден 82 түрлі өсімдік өсіпті. Ғажап қой!

Табиғатта құсқа ілеспей-ақ өзі ұшатын тұқым түрі көп. Жаздың басында Алматы мен ел астанасының тұрғындары теректен тарайтын ақ ұлпаға шағымданады. Бұл – жай ұлпа емес, тұқым. Содан жаңа теректің өседі. Иненің жасуындай тұқымнан айналасы құшақ жетпес, бойы отыз метрлік алып ағаш шығаратын табиғаттың құдыреттісін-ай, шіркін!

Кәдімгі әркімге таныс бақбақтың тұқымы сондай ұшпа екенін айтып жату артық. Бір қаламгеріміз соны пайдаланып, хикаясын «Бақбақ басы толған күн» деп атағанын еске сала кетелік.

Қазақтың төл ағашы – қарағаштың тұқымы да желмен жақсы ұшады. Онда бақбақ пен теректікіндей үлпілдек мамық жоқ, сырты дөңгелек жеңіл қабыршақпен қапталған. Сол арқылы ауада ұшумен қатар сумен жүзіп алысқа кете береді. Қазақ даласының қай тұсын қарасаңыз да жеке не топталып тұрған қараағашты көресіз. Соның бәрі – жеңіл, бірақ қауіпсіз қорғанышы бар тұқымның желмен ұшып жеткен жері.

ХХ ғасыр басында ғалымдар Мұзды мұхит жағалауынан өсімдіктің өте үлкен тұқымын тауып, таң қалған. Бұл жақта мұндай өсімдік тұрмақ, бұғы жейтін мүк шықпайтын. Сөйтсе әлгі Жер шарының орталық бөлігінде, тропикалық орманда өсетін энтада деген ағаштың дәні көрінеді. Мұхиттың ағысымен жиырма мың шақырымдық алысқа барыпты.

Адам ғана емес, өсімдіктер де тұқым қалдыру үшін не істемейді дейсіз, бұдан кейін!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.