Күпі киген кісі
2000 жылдың көктемінде Алматыдағы "Хабар -2" арнасының редакциясына ерекше кісі келді. Шоқша сақалды, бидай өңді, орта бойлы жігіт ағасы үстіне күпі, басына ақ қиізден қалпақ киген. Киіз қалпақтан бурыл шашы тарам-тарам шығып тұр. Қазақ даласын алты айналсаң көре алмайтын күпісі ғана емес, иығындағы сөмкесі де ерекше. Киізден шет-шетін қарпып тіккен. Әжеміз бұзауға мойыншақ етіп есетін жіпті еске салған бауы бар. Киімі мен түрі ештеңе емес, бізді баурағаны күлкісі еді. Маржандай түзу тістері ақсиып, риясыз күліп кірген. Арада жарты сағат өткенде Молдағұл Нарымбетовты "Хабар -2" телеарнасының суретшісі қызметіне тағайындату үшін басшыларымыздың алдынан бір-ақ шығардық. Олар да бұл кісіні ғана емес, күпіні алғаш көрген.
Аз-кем анықтама: Күпі – қазақтың ұлттық киімі. Екі жағына мата, ортасына түтілген жүн немесе мақта салып, соны қатар-қатар етіп тігеді. Сыртқы матасы қымбат болады. Қадыр Мырза Әлидың Абайға арналған өлеңінде: "Күпі киген кемеңгер өзің ғана, – дейтін жол болса, Мұқағали Мақатаев: "Күпі киген қазақтың қара өлеңін" деп жазған.
Беріде Молдағұл туралы ондаған мақала мен жүздеген дерек оқыдық. Көбі орыс тілінде екен. Қазақ ортасында бағасын ала алмай кеткені өкіндіреді. Әлгі жазбаларда бұл кісінің "Хабар -2" арнасында суретші болғаны айтылмапты. Бұл қызметті ағамыз беріле атқарған. Шығармашылығының өрістеуіне, тың салаларды терең игеруіне, сосын Шымкенттен көшіп, Алматының іргесіне қоныстануына жаңа жұмысы себепкер еді. Алғаш танысқан кезде:
– "Қызыл трактор" дегенді естуің бар ма? – деп сұраған.
– Ақ шүберекке оранған қызыл трактор ма? – деп білетінімізден хабардар еттік.
– Шүберек емес, гипс, – деп түзеткен Молдекең. – Біздің алғашқы перфомансымыз ғой.
Шымкентті шулатқан авангардтық топ кейін жер-жаһанды осы "Қызыл трактор" атымен шыр айналып шығарын, перфомансына куә болғанның бәрінің санасына өшпес із қалдырарын онда сезбесек керек.
Ыздиып костюм киіп, қылғынып галстук таққандардан көз сүрінетін біздің офиске осылай күпі киген қазақ келіп кірген. Күпіден басқа жидем шекпені болды. Біріншісі түсті матадан көктелсе, екіншісі жұқа ақ киізден қарпылған.
Суретшіміз бірден жаңа арнаның студиясын жасауға кірісті. Аядай студия бір жағынан "10 да 10" (он минутта он сұрақ қойылады) форматында қонақпен сұхбаттасуға, екінші жағынан "Жалықтырмайтын жаңалықтарды" жүргізуге қолайлы болып шықты. Келесі студиясы "Мың бір мақал" тіпті, ерекше болып жасалды. Бірнеше домбыра тізіліп тұр. Шебер қолынан шыққанымен емес, домбайлап жасалғанымен ерекшеленеді. Инсталляция дегеннің не екенін сонда көрдік.
"Қырық өтірік" атты бағдарламаға да студия керек еді. Молдекең қайтті? Акцентті Тазша балаға салды. Ал Тазша баланың ерекшелігі неде? Тақиясында. Студияға жиырма-отыз тақия әкеліп, топ-топ етіп іліп қойды. Бір-біріне ұқсамайтын сонша көп тақияға таң қалдық.
– Мұншама түрлі тақияны қайдан таптыңыз? – деп сұраймыз.
– Өзім тігіп шықтым ғой, – дейді жайымен.
Сөйтсек, үстіндегі күпіні де өзі тігіпті. Дүкеннің қайырма жағалы көйлектерін ұнатқан емес. Үнемі жайдақ жағалы көйлек киетін. Шамасы, өзі тігетін болуы керек. Бұл кісіні мүсінші, суретші, перфомансшы деушілерге талас жоқ. Кейінгі жылдары ағаш шауып, аспаптар жасауымен талайды таң қалдырды. Музыканттығы да талассыз. Оған қоса "бұл кісі ісмер тігінші еді" дегенді біз қосып қоялық.
Аз-кем анықтама: Молдағұл Нарымбетов 1948 жылы дүниеге келген ауыл Өзбекстан аумағында қалды. 1974 жылы Ташкенттегі көркемөнер училищесін, 1990 жылы Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының көркемөнер-графика факультетін бітірді. 1990 жылы Шымкент қаласында еркін ойлы суретшілердің басын біріктерген "Трансавангард" тобына қосылды. Кейін бұл топ Молдағұлдың ұсынысымен "Қызыл трактор" аталды. Ол әлемге қазақтың дүниетанымы мен өнерін таныту мақсатында бірнеше ондаған ірі шараларға, биеннале мен квадриналлеге шақырылды.
Молдекеңнің бас болуымен жаңа арнаның безендірілуінде ұлттық нақышқа ден қойдық. "Хабар -2" осылайша қазақ тілімен ғана емес, өзгеге ұқсамайтын студияларымен көрерменге ұнады. Таныстарымыз "арнаның суретшісі кім?" деп сұрайтын. Көпшілікке онда Молдағұл Нарымбетов деген ат таныс емес еді. Есесіне шетелдіктер бірден біліп жатты.
Бүкілдүниежүзілік банктің Алматыдағы өкілдігі өз офисінде Молдағұлдың командасына перфоманс өткіздірткені – мойындаудың бастамасы. Оның алдында "Қызыл трактордың" еркінен тыс перфоманс өткізуге мәжбүр болғаны бар.
1997 жылы Қастеев атындағы мемлекеттік көркемөнер музейі "Өнер аймағы" атты көрме ұйымдастырды. Сол көрме ашылған кезде Молдағұлдың тобын үстіндегі бақсы мен дәуріш киімдері мен қолдарындағы ештеңеге ұқсамайтын музыкалық аспаптарына қарап, ішке кіргізбей қояды. Сонда олар музей алдындағы алаңқайда аспаптарын қиқулатып, бақсының ойынын салып келушілерді тегін рахатқа бөлейді. Жұртшылық іштегі жаттанды ресми ашылу салтанатынан гөрі мына сырттағы өзгеше перфомансқа айрықша ынтазар болды.
Мұндай шеттетудің сайып келгенде, өнер иесі үшін пайдаға шығары тарихтан белгілі. 1863 жылы Парижде өткен сурет салонына Эдуард Маненің "Шалғындағы таңғы ас" атты картинасы қатыстырылмады. Ағаш арасында отырған киімді үш еркектің ортасындағы жалаңаш әйел бейнесін жюри жаратпай қойған. Картинаны сол тұстағы Сарай министрлігі "ар-ұятты тәркі еткен" деп таниды. Жюриден өтпеген үш мың картинаны император ІІІ Наполеон "Аласталғандар салонына" қойғызып, күлкі еткен. Үш жылдан кейін Парижде Дүниежүзілік көрме басталғанда суретші Мане оған жақын Альма көпірі маңынан жеке павильонын ашып, кейінгі он жылда салған барлық картиналарын қояды. Арасында әлгі аты-шулы "Шалғындағы таңғы ас" бар. Көрмеге келушілер алдымен павильонға бас сұғатын. Содан кейін Маненің картиналары Париждің келесі салондарына дау-дамайсыз қабылданатын болды. "Қызыл трактор" да өздерін кіргізбеген көрменің кегін кейін еселеп қайтарған. Еріксіз өткізген перфоманстың арқасында.
Аз-кем анықтама: Перфоманс – шағын уақытта өтетін көркем қойылым. Театрдан айырмашылығы: мұнда белгілі роль болмайды. Әрі үлкен труппа емес, бірер адам қатысады. Дене қимылына, киген киім мен қолданған затқа ерекше мән беріледі. Оған арнайы сахна, алаң қажет емес. Басты мақсаты: әлденеге назар аударту, көрген адамның есінен кетпестей ету.
Кешікпей біз де перфоманс өткізетін болдық. Алматыда емес, Москваның өзінде. "Хабар -2" арнасының халықаралық телевизия фестиваліндегі таныстыру рәсіміне орай. Сапарға шығып үйренген Молдекеңнің "Қызыл тракторы" дереу жиналды. Өзін қосқанда үш адам ғана. Біреуі – Саид атты туысқаны, сосын Қанат деген ізбасары, ол да – суретші жігіт, есімізде қалыпты.
– Не қажет? – деп сұраймыз командировка алдында.
– Бәрі әзір, – дейді ағамыз сабырмен.
Перфомансқа қажет жүкті Ресей астанасына жеткізер вагон мәселесін шештік. Суретшіміз "балбалдарды өзіміз тиейміз" деп студиядағы жұмысшылардан бас тартқанда сәл таң қалдық. Ауыр тасты үшеуі қалай тиеп-түсіреді деп ойладық. Сөйтсек, балбалдары – металл қондырғыға кенеп орап, оған гипс жағып, әрбірі қызыл, көк, сұр, қоңырға боялған жасанды зат екен. Жеп-жеңіл. Ал қарағанда мың жыл далада тұрғанынан айырмасы жоқ. Мына тапқырлыққа қатты таң қалдық.
Сол балбалдарды Мәскеудің ең қымбат қонақ үйінің салтанатты залының төріне қойып, Молдағұл бастаған жігіттер үш жақтан бақсы болып шыққанда таң қалмаған ешкім жоқ. Басқа елдер телеарналарының тұсаукесерлері ойыншық болып қалды. Сөйтіп "Қызыл трактор" фестивальдің шаңын бір шығарды. Иә, үшеулеп текемет алып шығып, сахнаға қаққан кезде, шын мәнінде, шаң бұрқыраған. Оған жиіркенген ешкім жоқ, қайта рахаттана, қол соғып қарады. Сосын өртей жаздадық. Әлгі залды, қонақ үйімен қоса.
Перфоманс алдында Молдекең күнбағыс майын сұрады. Қонақ үйдегі ресторанның қызметкеріне айтып алып келдік. Оны Молдекең адыраспан салынған шараға құйып, айналаны аластауға кірісті. Май көп, әрі адыраспаны молдау болды ма, от лаулап кеткен. Биік төбеге барып қалды. Бізден маза қашты. Молдекеңнің ойында ештеңе жоқ, лаулаған отпен төрт бұрышқа кезек барып, тәңіріне табынып жатыр. Абырой болғанда, отты баған төбеге тимей, біртіндеп басылды. Осы кезде қонақ үйдің қызметкерлері алақтап жетсін. "Кім от жақты?" Залда болары болып, бояуы сіңіп, Молдекеңдер келесі көрініске кіріскен. Ағамыз домбырасы, қобызы, даңғарасы, тай-тұяғы, тағы басқасы түгел бар ерекше аспабынан сиқырлы үн шығарғанда ана екі жігіті ешкімге түсініксіз трансқа түсіп еді. Оқалы, жағалы қызметкерлер мына ғажап көрініске елітіп, әлгіндегі от мәселесін ұмытса керек. Мың жылдық дәстүріміз сөйтіп Мәскеудің өзін тәнті еткен.
Кейін Молдағұл Нарымбетов бастаған топ Батыс Еуропаның, Американың бірқатар қалаларында осындай перфоманстар өткізді. Біз бұл арнадан басқа қызметке кеткенде, ағамыз да жұмыстан босап, түпкілікті "Қызыл тракторды" дүрілдеткен. Бір жолыққанда Швейцарияда болғанын айтты. Ондағылар "осында қал" деп қолқалапты. "Мен қалмадым, қазақ даласын ешбір жұмаққа айырбастамаймын ғой" деген ағынан жарылып.
Сосын ағаштан үлкен қайық шауып жатқанын айтты. "Қазығұрт тауында қалған Нұқ пайғамбардың кемесі сияқты болады" деді. "Енді топан су емес, әлемді қоқыс басып жатыр" деді.
Кейін естісек, сол қоқыстан даланы тазалау үшін жарамсыз резеңке доңғалақтардан өнер туындыларын жасауға кірісіпті.
Аз-кем анықтама: Әлемде жыл сайын автомобильге арналған 1, 4 миллиард резеңке дөңгелек шығарылады. Оның тек 20 пайызы қайта өңделеді. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Батыс Еуропада ғана 80 пайцызға жетті. Қазақстанның өзінде 100 мың тонна ескі шина қоқысқа айналады. Мұның бестен бірі ғана қайта кәдеге жаратылады.
Ресейдің сонау Пермь қаласында Молдағұл Нарымбетовтың ескі дөңгелектерден жасаған екі мүсіні қойылыпты. Ертеректегі картинасында осындай дөңгелекті шыр айналдырып жатқан қоңыз болған. Онда дөңгелек қызылт-сары, айналасында жалқыны бар Күнге ұқсайтын. Кейін әлгі тақырыпты мүсін түрінде шығарыпты. Бұл жолы қара түсті. Алып шарды машинаның ескі дөңгелектерінен қиыстырғандықтан экологияны сақтауға үндейтін мүсін еді. Біздің елге бұйырмай Пермьде қойылғаны өкінішті.
Кешікпей ағамыз еш атақ алмай, қолдау көрмей өмірден өтті. Тіпті, өкінішті. Молдағұлсыз мұндағы жұрт енді мағынасыз сабан тиінді көруге мәжбүр.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.