Ұшақ қона ма, бұзау тұра ма?

Студент кезімізде Алматыдан өзіміздің аудан орталығымыз Ақсуат ауылына талай рет ұшақпен бардық. Каникулда рахат. Бір жарым сағатта үйіңе топ ете қаласың. Пойызбен Аягөзге 16 сағат, одан автобуспен Ақсуатқа 6 сағат жүру керек. Екеуінің билетін қоссаң, бағасы сол ұшақтың билетіне жете-қабыл. Есесіне уақытқа үнемді. Студенттердің көптігінен билет болмай қалатын. Онда тура сондай ұшақпен Алматыдан Аягөзге немесе Зайсанға ұшатынмыз. Бірі – біздің ауылдың бергі жағы, екіншісі – арғы жағы.

Және бірде әке-шешеміз құдалық жайымен Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылына барып-келуі керек еді. Сапар ойлағаннан бірнеше күн артық созылды. Ауа райының қолайсыздығынан екен. Әлде Өскеменнің, әлде Үлкен Нарынның әуежайында боранның басылуын күткен. Ол оқиғадан бері Бұқтармадан қаншама су ақты.

Үшінші мысал. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында "Лениншіл жас" газетіне "Ауылға ақ лайнер қонды" деген мақала шықты. Сол тұстағы Шымкент (беріде Оңтүстік Қазақстан, кейін Түркістан) облысының Сарыағаш ауданына Алматыдан "ЯК-40" жолаушылар ұшағы қатынайтыны жөнінде. Суреті де жарияланған.

Содан тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық дағдарыста Үлкен Нарын мен Ақсуаттың, Сарыағаштың және басқа аудан орталықтарының әуежайы жұмысын тоқтатты. Өйткені, Алматы мен облыс орталықтарынан ұшып баратын жолаушылар күрт азайды. Оның себебі жанармай бағасының қымбаттауында. Колхоз бен совхоз және басқа көптеген мекемелер тараған соң жұмыссыз қалған ауыл халқында бағасы аспандаған билетті алатын ақша болмады.

Кешікпей жекешелендіру басталды. Аудандардағы әуежайлар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ешкім енді мұнда ұшақ қонады деп ойламаса керек. Соның бәрінің ұшып-қону жолағы мүлде пайдалануға жарамайды.

Хош. Үлкен Нарын әуежайы әке сапары арқылы есте жүрсе, оған іргелес Қатонқарағай әуежайы әдебиетте қалған. Жазушы Қалихан Ысқақтың романындағы кейіпкерлерінің бірі – әуежай бастығы еді. Түсіндіру үшін жаза кетелік, кеңес тұсындағы екі бөлек аудан: Үлкен Нарын мен Қатонқарағай беріде біріктірілді. Кезінде әрбірінің өз әуежайы болған.

Ал жақында "Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында Үлкен Нарын ауылының маңынан әуежай салынбақ" деген хабарды оқыдық. Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының бастығы Нұржан Жұмаділовтің мәлімдеуіне қарағанда, бастапқыда ескі әуежайды қалпына келтіру ойластырылған. Әлгі боранның салдарынан әкеміз дер кезінде ұша алмаған әуежай ғой. Бірақ қазіргі меншік иесі қайтарып беру үшін көп ақша сұраған. Оған келісе алмаған әкімдік тура қасынан жаңа әуежай салмақшы. Техникалық-экономикалық негіздемесі анықталған. Жобаланып, қанша қаржыға түсері есептеліп жатыр. Сосын құрылысы басталады. Аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың пікірінше, өңірдің туристік мүмкіндігі осы заманғы қолайлы әуежай болуын талап етеді.

Үлкен Нарындағы әуежайды жекешелендірген азамат қайтарып беруге қомақты ақша сұраса, екінші Катонқарағайдағы әуежайды жандандыруға болмас па? Нағыз туристік нүктеде сол тұр емес пе! Оның жағдайын бірер жыл бұрын көріп кеттік. Журналист ретінде барғанымызда әуежай ғимаратына түнеткеніне қарағанда бейресми қонақ үйге айналған-ау. Ертесінде ұшақ қонатын алаңына бұзау жайылып, жылқы үйездеп тұрды.

Өзіміз бірнеше рет ұшып-қонған Ақсуат әуежайы жекешеге сатылғаннан кейін атшабар жерге айналды. Оны да көзіміз көрді.

Әйтеуір, арғы-бергі Зайсан мен Аягөздегі әуежайлар сақталды. Оларда қала статусының бары мен шекара әскері мен Қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдердің тұруы ықпал еткен шығар. Үржар әуежайын аман алып қалу Алакөлге баратын туристерге қолайлы болды. Бірақ, бұлар орман жаппай өртенгенде әр жерде жанбай қалған қарағайлар іспетті тым сирек.


Зайсан қаласының әуежайы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасың ба? – дейтін халық әніндегі сияқты көп жердегі ұшақ қонатын жолақтар қазір бұзау өрісі болыпты. Оны қайтадан ұшақ тұрағына айналдыруға қаншалықты қаражат пен уақыт керектігін есептей беріңіз.

1 ірі адам мен 81 тірі адам

2010 жылы 7 қыркүйекте Ресейде болған жағдай авиация тарихына жазылды. Қиырдағы Мирный қаласынан "ТУ-154" ұшағы шығады. Мирный – талайға таныс қала. Әлемдегі үлкен ашық карьер осында. Аумағы 1200 метр, тереңдігі 525 метр болғанда алмасты ашық әдіспен өндіру тоқтап, жер астынан көлбеу қазып алатын болған. Онымен "Алмазы России-Саха", қысқарған түрде "АЛРОСА" аталатын компания айналысты. Мирныйдан ұшып шыққан ұшақтың бүйірінде осы "АЛРОСА" деген жазу болды.

Мәскеуді бетке алған ұшақта үш сағаттан соң шатақ пайда шығып, автоматты ұшу жүйесі істемей қалды. Борт командирі Новоселов диспетчерге "Қосалқы аэродром беріңдер. Шұғыл қонуымыз керек" деп хабарлайды. Жерден жауап жоқ. Тексерсе радиостанса істемей қалған. Жалпы, бортты электрмен жабдықтауда ақау бар. Ұшақ апатты жағдайға түсті.

Ойлап қараңыз: лайнердің қаншалықты бұрылғанын анықтайтын мәліметтегіш істемейді. Ешкіммен байланысу мүмкін емес. Биіктік белгісіз. Оңтүстік пе, солтүстік пе қайда бара жатқанын көрсететін навигатор өшіп қалды. Жер бетімен салыстырғанда ұшақтың қаншалықты тігінен және көлденең қисайғанын анықтайтын екі гироскоп көрсетпейді. Былай ойласаң, фантастикалық кинодағы көрініс. Соған нақты ұшақ тап болды.

"Қырсыққанда қымыран іриді" дегендей, қос қанаттағы бактан жанармай айдайтын сорғылардың істен шыққаны мәлім болды. Демек, жарты сағаттан соң қозғағыштар өшеді. Дереу қону керек. Осы тұста қазақ ақыны Иса Байзақовтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында Марина Раскованың ерлігіне арнап:

Экипаж орманды асып, тауды басып,

Қонуға жер іздейді ақылдасып, – деген дастан жолдары ойға оралады. Жетпіс жылдан кейін өлеңнің осы тұсы айна-қатесіз дәл келіп тұр.

Мирныйдан шыққан, енді Мәскеуге жете алмасы анық "ТУ-154" ұшағы бұл кезде Ібір-Сібірдегі Ижма өзенінің үстінде екен. Соған қонуға қам жасайды.

Оның алдында 2009 жылы екі қозғағышына қаз үйірі соғылып істен шыққан "А-320" аэробусы Нью-Йорктегі Гудзон өзеніне қонғаны мәлім. Бұл жолы бағдарсыз, жанармайсыз қалған ұшаққа жолаушыларды аман сақтаудың жалғыз тәсілі – осы. Тура сол сәтте штурман жерден кәдімгі ұшып-қону жолағын байқап қалады. Қараса бұлардың қолындағы картада көрсетілмеген.

Бұл шағын Ижма кентінде бір кезде "ЯК-40" тектес ұшақтарды қабылдаған әуежай еді. Мекемеде қысқара-қысқара 120 қызметкерден 1 адам қалған. Енді "Комиавиатранс" мекемесінің тікұшақ алаңына айналған. Аптасына бір рет тікұшақ қонып кетеді.

Әуежайға бастық та аула сыпырушы, техник те күзетші, диспетчер де кассир, слесарь да электрші Сергей Сотников он екі жыл ұшақ қонбаған ұшып-қону алаңын күтіп ұстаған. Екі жағындағы арықтарды тазалап, жолақты суға шайғызбаған. Бетон арасына шыққан бұтаны қырқып отырған.

Жергілікті тұрғындар арасында жаманатты болған. Өйткені, Сотников ұшақ қонбайтын әуежайдың жолағына ағаш жинап қоюға рұқсат бермепті. Саңырауқұлақ теруге келгендер автокөлік қоймақ болса, мүлде жолатпапты. Осылай әуежай жолағын 12 жыл таза ұстағаны міне, аяқ астынан кәдеге асты.

Бүкіл аппаратурасы істен шыққан, жарты сағаттан соң қозғағыштары істемей қалатын, бортында 72 жолаушы мен экипаждың 9 мүшесі бар үлкен ұшақ осы жолақты бетке алды. Үш рет жолақтың ең шетіне дәл келмегендіктен қайта ұшып өтеді. Қайдан дәл келсін, бірде бір мәліметбергіш істемейді. Оның үстіне екі қанаттағы жылдамдықты азайтатын қаусырмалар қозғалмайды.

Төртінші жолы жолақтың ең шетіне дөңгелектері тиді. Бірақ, "АН-24" пен "ЯК-40" ұшақтарына арнап салынған жолақ "ТУ-154" үшін қысқа. Ол жолақтың арғы шетінен әрі қарай жүз метрдей шығып, жас талдарды жапырып тоқтайды.

Ең бастысы – бүкіл адам аман. Өрт шыққан жоқ. Ұшаққа елеулі зардап келмеген. Бұлай қону – ұшқыштың шеберлігі болса, осылай қонуға мүмкіндік берген – әуежай бастығы, жалғыз қызметкері Сергей Сотниковтің арқасы еді.


Сергей Сотников және оның әуежайына апатты жағдайда қонған "АЛРОСА" ұшағы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Ал қазақ жерінде 1990 жылдардан кейін ұшақ қонбаған қай әуежайдың ұшып-қону жолағы сол қалпы сақталған? Жауап бере алмайсыз.

Айдалада алаң бар, кім бар оған алаңдар?

Журналистік міндетті атқарғанда бірнеше рет әскери ұшақтармен ұшып, әскери әуежайларға қондық. Арменияның Спитак қаласында сұрапыл зілзала болғанда Алматыдан ізгілік көмек апарған әскери "ИЛ-76" ұшағының бортында болдық.

Бірде шекара әскерлері қолбасшысының ұшағымен Бішкектен бері ұшқанбыз. Жетігендегі әскери аэродромға қонуы тиіс ұшақты қолбасшы журналистерге қолайлы болуы үшін Боралдайдағы әуежайға қондырды. Қордайда әскери лагерьде жүргенде киномеханик болып Луговойдағы әскери-әуе күштерінің жаттығу әуежайына лента алмасу үшін барғанбыз.

Бір рет Байқоңырда бізді "Крайний" аталатын әуежайға түсірді. Кәдімгі аэровокзалы, жолаушылар залы мен таблосы бар ғимарат екен. Мұнда "Юбилейный" аталатын тағы бір әскери әуежай салынған. "Боранға" арналған қону жолағын сол жолы арнайы көрсеткен. Ресей Байқоңырдан кетсе, кемінде екі әуежай мен үш ұшып-қону алаңы қалмақ.

Шетелде бірер әскери әуежайды көрдік. Москваның картада белгіленбейтін Кубинка әуежайына журналистік жағдаймен табанымыз тиген. Пәкстанда "Геркулес" әскери ұшағы біздің топты Кветтадан Себи қаласына апарған.

Енді еліміздегі көпке белгісіз әскери әуежайлардан хабардар етелік. Кезінде ол әуежайлар салынғаны туралы жазылмаған, іске қосылған соң карталарда көрсетілмеген. Қадыр Мырза Әли ағамыздың:

Елімізде ерлерге

Лайық сан бұрылыс бар.

Біз білетін жерлерде

Біз білмейтін құрылыс бар, – деген өлеңі осыларға да арналған сияқты.

Кеңес Одағы кезінде стратегиялық мәнді әскери әуежайлар қазір қалай пайдаланылады, одан хабарымыз аз. Әйтеуір, әлдебір жолаушылар ұшағы "АЛРОСА" сияқты тосын жағдайға ұшыраса, бұл жолақтарға шұғыл қонуға болар. Соларды санап берейік.

Қарағанды облысында "Камбала" атты әскери әуежай болды. Сарышаған зымыран сынау полигонына жүк пен жауынгерлер жеткізген үлкен ұшақтар қонатын. Полигонды қорғайтын әскери-әуе күштерінің ірі базасы тұрды.


Қарағанды облысындағы "Камбала" әуежайының ғарыштан түсірілген көрінісі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Ол туралы мәліметке көп мәрте ұшатын "Боран" ғарыш кемесіне қатысты материал жинау барысында жолыққанбыз. 1980 жылдары "Боран" жобасы қолға алынғанда осы әуежайды ғарыш ұшағы апатты қону үшін белгілеген. Жолағын кеңейткен, ұзартқан. Байқоңырда "Боран" қонған алып алаңды көргенімізді айттық, мынаның мөлшері сонымен бірдей.

Демек "Камбаланың" жолағы Қарағанды тұрмақ, Алматы әуежайынан үлкен. Бұған апатты жағдайда кез-келген "Боинг" пен "А-320" қиналмай қона алады.

Негізі камбала – балықтың аты. Әуедегі ұшақтар қонатын әуежайды әскерилер неге судағы жәндіктің атымен атады? Сыры түсініксіз.

Ал, қазақ даласында тағы бір балық атымен аталған әскери әуежай болды. Ныспысы "Карась". Жем (орысшасында Эмба) өңірінде үлкен полигон болды. Беріге дейін Ресей зымыран сынағына пайдаланды. Полигонды қорғау үшін авиация полкі тұрды. Ресей полигонды тастап шыққан ХХІ ғасырда әуежай иесіз қалды. Ұшып-қону жолағын тасқын су басып, бүлінді. Мұнда енді ұшақтың қонуы қиын.


Ақтөбе облысындағы "Карась" әуежайының бетон жолағы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды.

Шаған әскери әуежайында Қазақстандағы және бір үлкен ұшып-қону жолағы болды. Оны көрудің еш қиындығы жоқ. Павлодар мен Семей қалалары арасында теміржолмен жүрсеңіз Курчатовтан шыға бергенде Ертіс өзеніне қарай қаңырап қалған бірнеше биік үйлер мен ғимараттар көзге шалынады. Одан әріде үлкен әуежай жатыр.

Осы жерде бортында ядролық қарулары бар кеңестік "ТУ-95 МС" ұшақтары тұрды. Әлі күнге Ресейдің ең алысқа ұшатын және ең көп бомба тастайтын ұшағы саналады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында Украина төрт-бесеуін сөзбұйдаға салып, ақыры үшеуін алып қалғанда Қазақстан өзіндегі 42-сін түгел Ресейге берген. "Аш құлақтан тыныш құлақ" дегендей. Содан бері мұнда үлкен ұшақ ұшып-қонбайды. Қазір отандық өз әскери-әуе күштеріміз жолақты жартылай пайдалануы мүмкін.

Отандық әскерилер мен шекарашылар Кеңес елінен қалған тағы бір жолақты кәдеге жаратып отыр. Ол Үшарал қаласында. Бұған да "ИЛ-72" әскери жүк ұшағы еркін қонады.

Шолуымызды қорытсақ, азаматтық және әскери мақсаттағы ескінің талайы ескерусіз қалды. Оларды игеріп, икемдей алмаған Қазақстан қайтадан басынан бастап, жаңа әуежайлар салуға ниетті. Елдің шығысы мен батысында, оңтүстігінде құлашы кең құрылыстар басталып, жаңа алқаптарға ұшып-қону жолақтары үшін бетон төселмек. Ал бұрынғыларының қызығын бұл күнде бұзаулар көруде.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.