Шикі "бұйымның" шатағы

Байқоңыр қаласындағы ескерткіштер, монументтер, стел­­лалар арасында маршал Неделиннің ескерткіші бар. Ғарыш айлағындағы апаттардан құрбан болғандардың ішіндегі шені ең үлкені – сол.

Митрофан Иванович 40 жыл бойы әскери қызметте жүрді. Алдымен азамат, одан испан, одан фин соғысын бастан өт­керіпті. Ұлы Отан соғысында артиллериялық бригаданың, кор­пустың командирі, армия мен майданнның артиллерия қолбасшысы қызметін атқар­ды. Балатон көлі маңындағы ұрыс операциясы үшін Совет Одағының Батыры атанды. Со­ғыстан кейін Ф.Э.Дзержинский атындағы әскери академияны бітірді. 1959 жылы оған артиллерияның бас мар­шалы атағы берілді. Және енді құрылған стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

1960 жылы 22 ақпанда СССР Министрлер Советі континентаралық баллистикалық "Р-16" зымыранына қа­тысты Мемлекеттік комиссия құра­мын бекітті. Әлбетте, құпия жағдайда. Өйткені ол ядролық оқбасымен АҚШ-қа дейін жетеді. Комиссия төриесі болып Қорғаныс министрінің орынбасары, Стратегиялық мақ­саттағы ракета әскерлерінің бас қол­басшысы артиллерия маршалы Митрофан Неделин тағайындалды.


М.И.Неделин

Кейін сарапшылар Мемлекеттік ко­мис­сия төриесі болып маршал Не­делиннің тағайындалғанын "басты қателік" дейді. Маршал емес басқа біреу төр иесі болғанда, комиссиядағы орын­басар­лары мен мүшелері пікірлері мен күдіктерін бүк­песіз айтар еді. Ал, бас қолбасшыға уәж айтуға ешкімнің дәті бармады.

Маршал зымыранның жанынан кетпей отырғанда, басқалардың ешқайда мойын бұруға, тіпті ойлануға мұршасы болмады. Әркім басын бәйгеге тіге отырып, жанталаса жұмыс істеді.

Кейін сарапшылар Мемлекеттік ко­мис­сия төриесі болып маршал Не­делиннің тағайындалғанын "басты қателік" дейді. Маршал емес басқа біреу комиссия төраиесі болғанда, комиссиядағы орын­басар­лары мен мүшелері пікірлері мен күдіктерін бүк­песіз айтар еді. Ал, бас қолбасшыға уәж айтуға ешкімнің дәті бармады. Маршал зымыранның жанынан кетпей отырғанда, басқалардың ешқайда мойын бұруға, тіпті ойлануға мұршасы болмады. Әркім басын бәйгеге тіге отырып, жанталаса жұмыс істеді.

1960 жылғы қыркүйек айында бас конструктор Янгель жасаған "Р-16" зымыраны Байқоңырға жеткізілді. Сол тұста полигон бастығы болған генерал Константин Герчек ХХ ғасыр соңында, бұл тақырыптағы "құпия" деген таңба алы­нып тасталған шақта өз естелігін жария етті. Сонда "бұйымның" Байқоңырға өте шикі күйде түскенін жазады: "Ақылға салып қара­ғанда "Р-16-ны" Байқоңырға алып келу­дің жөні жоқ еді. Оның шалағайлықтары жетерлік екен. Ол тұста "жоғары жаққа" зымыранның сынаққа дайын еместігін айта алатын ешкім шықпады. Бәрі "сәтін салса" деп ойлады. Сынақшылар осындай жағдайға тап болдық және кепілге айналдық. Жоғары биліктің менмендігі апат пен бақытсыздықты жақындата түсті, оны ысырып тастау еш мүмкін болмады".

Зымыран сонымен Байқоңырға әкелінді. Жоғары жақтан оны ұшыратын күн белгіленді. 1960 жылдың 23 қазаны. Жексенбі екен. Мәскеуден осындай нұсқау түскен сәтте сынақ алаңында митинг өтеді. Онда бас конструктор Янгель сөйлейді.

Жексенбі күні ұшуы тиіс зымы­ранды сапарға дайындау үшін 21 қазан, жұма күні ертемен құрас­тыру-сынау корпусынан ұшу алаңына алып шықты.

Кейін біз осы құрастыру-сынау ғимаратын арнайы барып көр­генбіз. Биіктігі шамаман алты-жеті қабат үйге пара-пар ғимарат. Ішкі қабырғасын сөрелер мен бас­палдақтар көмкеріп тұр. Сол арқы­лы ортаға тігінен қойылған немесе көл­денең жат­қы­зылған зымыранның кез-келген тұсына барасыз. Ғимараттың ұзындығы да баршылық. Сыртқы бас қақпасы ортасынан жармаланып ашы­лады. Бай­қоңырға ірі-ірі бөлшектер түрінде жеткізілген зымыран осы жерде толық құрыстырылады. Одан әрі темір жол арқылы самғау алаңына жол тартады.

Астауға тамған гептил

Хош. 1960 жылғы 21 қазанда Янгельдің зы­мыраны құрастыру-сынау кешенінен темір жолға артылмай, басқа әдіспен шығарылды. Астына резеңке доң­ғалақты темір арбалар қояды да, бетон жолмен саумалдап отырып 41- ұшы­ру алаңына жеткізеді. Арнайы тростар арқылы зымыранды тігінен көтереді. Жан-жағынан қаусырмалар ұс­тап қалған соң бүйіріндегі арбаларды босатып, төмен түсіріп алады. Енді бірнеше қабатты биік қаусырмаларға шыққан мамандар зымыранды сынаққа дайындай бастайды.

Алдымен бактарға зымыран қозғағыштарын а арналған отын құйылған. Ол – гептил. Отандық зымыран өндірісінде бұрын пайдаланылмаған аса улы қоспа. Тура 100 тоннасы құйылыпты. Бірақ, кешікпей сол бактан жерге тамшы тама бастайды.

Мемлекеттік комиссияның төр иесі "бұл ақау зы­мы­ранды уақтылы ұшыруға кедергі емес пе" деп сұрайды. Ұшыру жұмысына жауапты басшылар маршал алдында абыржып, "соншалықты мән беретін ақау емес" дейді. Маршал сонда тамшы тамып тұрған жерге астау қоюға тап­сырма береді. Және астауды төгіп тұ­руға кезекші солдаттар бөлгізеді. Сөй­тіп ол күні дайындау жұмыстары тынымсыз тамшылар астында жүреді.


Бас конструктор Янгель жасаған "Р-16" зымыранының сипаттамасы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Ертесінде 22 қазанда зымы­ранды ұшуға әзірлеушілер тағы бірнеше күтпеген жағдайларға тап болған. Алдымен зымыранның автоматты бас­қару жүйесі ешкім күтпеген команда береді. Зымыран бөліктерін қозға­ғыш­тардан оқшаулайтын қалқанша ашылып кеткен. Сосын әлгі басқару жүйесінің өзінде басты тарату шынжыры қары­сып қалған. Мемлекеттік комиссия оқ­шаулау қалқаншаларын ауыстыруға және шынжырды жөндеуге тапсырма береді. Басқару жүйесін жасаған бас конструктор Коноплев "жүйені жаңалаудың қажеті жоқ, осы қалпында ұшыруға болады" деп мәлімдейді. Сонымен екінші күн өтеді.

Сынау жасалуы тиісті 23 қазанда зымыранды тік тұрған қалпында жөн­деу мен әзірлеу жұмыстары жалғасқан. Мұның бәрі "Р-16-ның" жанармай то­лық құйылған күйінде істелді. Бір жаманшылықты сезгендей бас конструктор Янгель маршал Неделинге "жанармайды ағызып алса, қауіпсіз болар еді" деп қалады. Бірақ, онда бірнеше апта жоғалмақшы. Ал, АҚШ-пен арадағы жанталасқан жағдайда Кеңес Одағы басшыларына күндер не, сағат­тардың өзі ұзақ болып көрінді.

Сонымен зымыранды даярлау 23 қазанда аяқталмады. Қанша жанталас­қанмен Үкімет белгілеген сынақ күніне үлгере алмады. 24 қазанның таңы атты. Тағы күні бойы қар­балас. Бас хатшы Хрущев қайта-қайта қоңырау шалады. Старт алаңында маршал Неделин сағат сайын шырылдаған қызыл теле­фонды көтереді. Ақыры "ақаулардың бәрі жөнделді" деп баян­да­йды.

Енді зымыранның ұшуына бір сағаттық әзірлік басталды. Маршал ұшыру алаңынан 3 шақырым жердегі қауіпсіз аймаққа салынған бақылау бекетіне келді. Мұнда байыз тауып отыра алмай, қайтадан ұшы­ру алаңына орлған. Маршалды көрген полигон қызмет­кер­лері кресло әкеліп, ұшатын зымыран­нан небәрі 15 метр жерге қойыпты.

Қазір барып қарасаңыз сол орындық қойылған нүктеде қызыл мәрмәр тас тұр. Онда маршал Митрофан Неделиннің барлық лауазымдары мен атақтары, сосын қаза тапқан күні көрсетілген.


Апат болған жерге қойылған белгітас / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Бір тал темекі

Маршал қайтып келген соң алыс­тағы бақылау бекетіне кеткен Мемлекеттік комиссия мүшелері мен оларға еріп жүрген топ та оралды. Өйткені, бұдан екі күн бұрын Неделиннің "Кім де кім бұл сынақтан қорықса, үйінде отырсын" дегені әр­кім­нің құлағында қалған.

Байқоңырда күн батып қалған, ал Мәскеу уақытымен 18 сағат 05 минутта жарты сағаттық дайындық басталды. Ешкім маршалға келіп стартқа тікелей қатысы жоқ адамдардың бұл жерде қалуына болмайтынын ескерте алмады.

Сынау­шылар ток тарату бағдарламасын бастапқы сәтке көшіре бастайды. Сол кезде зымыранның екінші сатысының қозғағышы өз-өзінен іске қосылып кетті. Соншалық ыс­тықпен шыққан отты ағын төмендегі бірінші саты багының қаптамасын қыздырып, сұрапыл жарылыс гүрс ете қалды. Небәрі алты секундта бүкіл ұшыру алаңы отқа оранды. Биіктігі 34 метрлік зымыранды қоршаған қаусырма сатының әр жерінде жұмыс істеп жатқан адамдар ширатыла, бүктетіле отты жіпке немесе допқа айналып, төмен сал­бырап немесе ауаға ұшып жатты.

Зымыранның ұшу сапарын кинока­мераға түсіру үшін Байқоңырға арнайы топ келген. Олар істің нәтижесін лен­таға тартып, Мәскеудегі мемлекет бас­шысына апаруы керек еді. Киношылар стартқа әзір тұрған. Бірақ түсіруді бастамаған. Өйткені, әлі жарты сағат­тай уақыт бар еді. Ал зымыранның белінен төмен жалын лап ете қалғанда "сынақ басталды" деп ойлаған оператор дереу камераны қосады. Сөйтіп бұл апаттың барысы бедерленіп қалды. Осы кинотаспа кейін зымыран ұшыру бары­сында техника қауіпсіздігін сақтау үшін мамандарға арнайы көрсетілетін.

Ұшыру алаңының арнайы темір қор­шауынан секіре алмай талайлар жалынға жұтылды. Далаға қашып шыққандар бә­рібір киімі сөндіре алмай өлді. Кейбіреулер оттан қашып бетон құдыққа бас сауғаламақ болады. Бірақ, ол әлгі улы гептилге то­лы екен, тұншығып қаза табады.

Старт алаңының сол жақ тұ­сында қалқа қабырға болды. Ар жағына өлшеуіш техника қойылған. Қы­зуы 3 мың градусқа жеткен жалыннан тірі қалуды ойлаған біраз адам солай қарай қашады. Әттең, қалқамен аралыққа төселген асфальттың битумы қас-қағымда еріп кетеді. Ығып келгендер ыстық батпаққа батып өртеніп өлген.

Дереу апат дабылы қағылып, бар­лық алаңдардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылар осында шақырылды. Денесін күйік шалған, уланған бірақ әлі кеудесінде қыбырлаған жаны бардың бәрі ауруханаларға аттандырылды. Өлік­терді жинау мен анықтау басталды. Маршалдың денесін балқып кеткен Алтын Жұлдыз медалі арқылы анық­тайды. Ең ірі дененің басқару жүйе­сінің бас конструкторы Борис Коноплев екені бірден белгілі болыпты. Жалпы машина жасау минис­трінің орынбасары Гришин, Янгельдің орынбасары Берлин, Социалистік Ең­бек Ері, полигон бастығының ғы­лыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Носов қаза тауыпты.

Бас конструктор Янгель шылым шегетін орынға кетіпті. Полигон бастығының орынбасары генерал-майор Мрыкин бұдан соң темекіні тастамақ болып, "ең соңғы талын шегейінші" деп Янгельдің соңына ілескен. Сол кезде зымыран жарылды. Сол папирос өмірін сақтаған Мрыкин қалған өмірінде "мені құтқарған осы" деп темекі тартып өтіпті деседі. Ал Янгельге телефон соққан Хрущевтің бірінші сөзі: "Сен неге бірге жанып кетпегенсің?" болыпты.

Құламаған ұшақтың құрбаны

1960 жылы 28 қазанда ғана кеңестің орталық газеттеріне хабарлама шықты. Онда: "1960 жылы 24 қазанда КПСС Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат, СССР Жоғарғы Советінің депу­таты, СССР Қорғаныс министрінің орынбасары, Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінің бас қолбасшысы маршал Митрофан Иванович Неделин авиация апатынан қаза тапты" делінген. Байқо­ңырда болған жойқын зымыран жары­лысы туралы бір ауыз сөз айтыл­ған жоқ.

Мәскеу сол күні-ақ құпия жағдайда мемлекеттік комиссия құрды. Оны Леонид Брежнев басқарды. Сол Брежнев ел басқарған шақта бірінен кейін бірі қорғаныс министрі болатын Гречко мен Устинов сияқты әскерилер, Глушко сынды ғалым мен Сербин сияқты Орталық Комитет өкілі бар бұл комиссия ертесінде космодромға келеді.

Комиссияның бірінші отырысы суыт өтті. Оған "Р-16-ға" қатысы бар кешегі апаттан тірі қалған басшылар мен мамандар шақырылды. Бреж­невтің аузынан "біз ешкімді жазаламаймыз" деген сөз шық­ты. Бұл лепес Бас хатшы Хрущевтің бас конструктор Янгельге: "Сен неге бірге өртеніп кетпегенсің?" дегеніне қараған­да иманды еді.

Мемлекеттік комиссия өз кезегінде техникалық комиссия құр­ды. Өйткені, бұл зымыран сы­нақ­тан өтіп, сапқа тұруы керек. Техникалық комиссияға СССР Қорғаныс техникасы жөніндегі мемлекеттік комитет төр иесі Константин Руднев басшылық етті. Келесі күні-ақ олар апат себептерін толық анықтаған баяндама әзірлеп, Мемлекеттік комиссияға мәлім етті.

Жарылысқа соқ­тырған ақау зымыранды басқару жүйе­сінен кетіпті. Оның бас конструкторы Коноплев отта күйі,п қаза тапты. Ал нақ кінәлі – ұшу алдындағы нұсқауды толық орындамаған оператор көрінеді. Брежнев уәдесінде тұрып, оның атын анықтауға, жазалауға жол бермеді. "Ең басты қателік жанармайды қайта құйып алынбаған қалпы зымыранды жөндегеннен болды" деп көрсетілді.

Брежнев басқар­ған мемлекеттік комиссия сол жерде шұғыл шешімдер қабылдайды. Неде­линнің денесі, анығында күлі Мәс­кеудегі Қызыл алаңда жерленетін болды. СССР Жалпы машина жасау ми­нистрінің орынбасары Лев Гришин­нің мүрдесін дабыра етпей, Мәскеудегі Новодевичьево зиратына қояды. Лауазымы үлкен болса да қаза тапқаны туралы көңіл айту берілмейді.

Зымыранды сынауға Днепропетровскідегі 586-айрықша конструк­торлық бюросынан келген ал­ты маманның күйген денесі Украинаға жөнелтілді. Ол жерде улап-шулатпай жедел жерлеу тапсы­рыл­ды. Ал, космодром бастығының орынбасары Социалистік Еңбек Ері Носов бастаған әскерилердің денесін Ленинск қаласында жерлеу үшін Бауырластар моласы қазылды. Онда "1960 жылы 24 қазанда әскери парызды орындау кезінде қаза тапқандар мәңгілік есте" деген жазуы бар белгі қойылды.


"Р-16" зымыранының апатынан қаза тапқандар жерленген Бауырластар зираты / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Апат құрбандарының толық тізімі Байқоңырдағы Ғарыш мұражайында сақтаулы. Ресми дерек бойынша 92 адам қаза тауып, 125 адам жарақат алды. Бірақ кейін шетелдік зерттеушілер "құрбан саны бұдан әлдеқайда көп" дейтін болады. Енді ақиқатты анық­тау мүмкін емес. Сондықтан біз ресми есепті қанағат қыламыз.

Тірі қалғандардан отставкадағы генерал-полковник Константин Герчиктің қатты күйік шалған терісін Кеңес Одағының ең мықты дәрігерлері тұтасқа жу­ық қайта қалпына келтіріп берді. Полигон бастығы қызметінен Зымыран әске­рі­нің бас қолбасшысы қызметіне дейін жетті. Жасына орай әскери саладан кеткен соң Байқоңыр космодромы ардагерлер кеңесін басқарды. Беріде Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Борис Ельцин "Р-16" континентаралық баллистикалық зымыранын сынауға қатысқан Герчик бастаған 99 адамды "Ержүректік" орденімен марапаттады.

Ал, 1960 жылдың желтоқсан айында Днепропетровскіде келесі "Р-16" зы­мы­раны зауыттық сынақтан өтті. Инфарктен тұрған Янгель оның басқару жүйесін жаңадан жасатты. Келер жы­лы қаңтар айында екінші зымыранды өзі Байқоңырға алып келді. 2 ақпан күні зымыран сәтімен ұшып шықты. Ол қуаты бес мегатонна болатын оқбасыны алып ұша алады. Содан кейін Кеңес Одағы қарсыласқа қандай қашықтықтан болсын қуатты ядролық соққы беретін мүмкіндігі болды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.