Қазаға қатысты наза
Жалпы жағдайдың көрінісі
Соңғы айларда ел ішінде өлім-жітім көбейді. Жұқпалы дерт жалмағандар күн сайын жүздеп саналды. Бәсеңдеді дегеннің өзінде бірнеше ондаған адам осы аурудың құрбанына айналып жатыр. Бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл елдің ортасын ойсыратып, қабырғасын қаусатып белгілі ғалымдар, атақты өнер адамдары, айтулы спортшылар, әртүрлі деңгейдегі басшылар мен біздің әріптес – журналистер коронавирустан көз жұмды.
Иә, "Сovid-19" Қазақстандағы кісі өлімін көбейтті. Бастапқыда оны "өкпенің қабынуы" деп жүрсе де, ақыры бүркемелеу үкіметтің қолынан келмеді. Осы орайда Қадыр Мырза Әлидің әкесіне арналған өлеңінің бір шумағы еске түседі:
Қуамын деп арман деген түлкіңді,
Қуатыңды жоғалтыпсың мың күндік.
Ауруыңды жасырғанмен, ажалды
Жасыруға болмай қалды мүмкіндік.
Тура осындай жағдайға біздің үкімет те, қоғам да тап болды. Дес бермей дендеп кеткен дерттен болып жатқан толассыз қазаның сыры мен себебін үкімет зерттеп, сабақ ала жатар. Үкімет органдарынан басқа қоғамның өзі шығаруға тиіс қорытындылар бар. Оның ішінде ұлттық дәстүр, әдепке қатыстысына тоқталмақпыз.
Ауыз бен мұрыннан еніп, тамақ пен кеңірдекке ұялап, өкпені тұралатып, тамырларға шауып, қанның ағысын баяулатып, өзін қоюлатып, әрі қарай әр адамның ағзасының осал тұсын тауып, жүректі жаулап, бауыр мен бүйректі бағындырып, буынды әлсіретіп, тынысты тарылтып, күшті кемітіп, ақырында алып жығып жатқан коронавирус қандай заман тұсында пайда болды? Жауап іздеп көрелік.
Медицина дамыған кез бе? Жоқ. Дертке тосқауыл қоя алмай, дәрменсіздік танытты. Экономика екпіндеп тұрған кез бе? Алдында ғана мұнай бағасы төмендеп, мемлекеттің табысы кеміп кеткен. Жүздеген өндіріс орындарының өнім берместен өтірік ашылғаны анықталып, көпшіліктің әлде ашуы, әлде күлкісі келіп тұрған кезең еді.
Үкімет коронавируспен күреске тап-тұйнақтай дайын, коррупцияның тамырына балта шабылған тұс па? Айтасыз-ау. Керісінше, "жау жағадан алғанда, бөрі етектен" демекші, нағыз коррупцияның қазаны қайнап, көбігі бұрқырап тұрды. Министрлік пен мемлекеттік емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге құрылған компаниядан бастап бәрін сыбайласқан жемқорлықтың қалың торы тұтып тұрды. Президент Тоқаев қанша талпынса да, ол торды бұзып жіберу қолынан келер емес. Грузияны коррупциядан тазалап берген Саакашвилимен салыстырғандағы бір олқылығы осында шығар.
Сонда коронавирус елімізге қандай уақытта келді деп сипаттау керек? Қоғамның қолына қуатты әлеуметтік желі тиген уақытта!
Мұның пайдасы мен зияны бірдей еді. Ең үлкен пайдасы – ақпаратты жедел алады. Фейсбук пен ватсап мың-мыңдаған жаңалық пен бейнекөріністі сол сәтте таратады. Ең үлкен зияны – оның талайы жалған болып шығады. Үкіметтік органдар оның дұрыс еместігін дәлелдегенше бие сауым не сиыр өріске барып қайтатынындай уақыт кетіп, қоғамдық пікірдің уызы ұйып үлгереді.
Бұдан басқа зияны – әлеуметтік желінің қазақ дәстүрін тәркі еткені. Ұлтты өзгелерден айқындап, даралап тұратын: тілі, сыртқы түрі, орналасқан аймағы сияқты сипаттардың қатарына дәстүр-салты да жататын. Қазір әлеуметтік желінің пәрмені мыңдаған жылдар қалыптасқан ұлттық сипаттарды талқандап жатыр. Әсіресе коронавирус тұсында кісі өліміне қатысты салттарымыз осы заманғы хабар берудің сұрқай да сұрапыл толқынының астында қалды.
Бұған қатысты салт тегіс бұзылды. Алғашқысынан бастайық. Қазекең оны "естірту" деп атаған.
Оқи отырыңыз: Препарат бар, парасат жоқ
Ежелгі естірту мәнісі
Естірту – көне дәстүрдің бірі. Халық даналығынан туған. Жақын адамы қайтыс болғанын әлі білмейтін кісіге оны ешқашан "пәлеңшең өлді" деп шекеден таяқпен ұрғандай етіп айта салмаған. Кейінге созбай сол уақытында барып, жөн-жобасымен хабардар еткен.
Өте жағымсыз хабарды айту үшін адамды психологиялық жағынан дайындай білген. Қаза туралы айту үшін жасы үлкен кісі бастаған топ арнайы келетін. Жастың үлкендігі ғана емес, қажетті сөзді айта білетін тапқырлық та ескерілген. "Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деген мақал әу баста осы естірту кезінде туғаны талассыз-ау.
Естіртудің тарихи мысалдары жеткілікті. Талайы тұрмыстық деңгейден көтеріліп, әдеби-көркем үлгіге айналып кеткен. Классикалық нұсқасы ретінде Абылай ханға Бөгенбай батырдың қайтыс болғаны қалай хабарланғанын келтіруге болады. Ұзақ толғауды Үмбетей жырау толғапты. Алдымен Абылайдың бұған дейінгі әрекеттерін, қасында кімдер болғанын жырға қосып өтеді. Бұл – ханды алдағы ауыр хабарға дайындаудың әдісі.
Арғы-бергіні киноның лентасындай көз алдынан өткізіп болған соң ғана негізгі мәселеге көшіпті:
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тында тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Төмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Естіртудің аяғы жұбату сөзбен жалғасатын дәстүр болған. Жырау соны сақтап, одан әрі "жыламай тыңда, Абылай" дейді. Қазақ мұрасында естіртудің мұндай мысалы жеткілікті. Бәрін тізбелеп кетсек, мақала емес, ғылыми еңбек жазуға тура келмек.
Қазаны жөнімен хабарлаудың жаппай болған кезі – кешегі екінші жаһандық соғыста. Әрбір ауылға ай, тіпті апта аралатпай "қара қағаз" келетін. Оны пошташы алдымен ауылдағы жасы үлкен кісілердің қолына беретін. Солар марқұмның ата-анасына қаралы хабарын жеткізген. Сондықтан шал-шауқан топталып бара жатса, басқалар "кімнің үйіне кіреді" деп тамның есігі мен киіз үйдің жабығынан сығалайтын. Мұның көріністерін "Жабайы алма", "Тұйық", "Көктем де ызғарлы", "Ақ шағыл" сынды соғыс кезіндегі ауыл өмірін суреттеген романдардан табуға болады.
Беріге дейін жалғасқан естірту дәстүрі әлеуметтік желі тұсында бірден жоғалып кетті. Қайтыс болған адамға еш қатысы жоқ, қатысы болса, онысы бірер рет көріп, бірер рет суретке түсумен тынғандар "пәленше қайтыс болыпты" деп жалаулататын әдет пайда болды. Қазаны хабарлау – жақсылыққа сүйінші сұраудай жарыс болып кетті.
Сүйінші сұрауға жарысуға болады. Өйткені, оны бірінші сұраған адамға ырымы беріліп, тиын-тебенді немесе бір затқа ие болып қалмақ. Ал қазаны алдымен айтамын деп жанталасқанға не жорық?!
Қайтпек керек? Біздіңше, қайтыс болған кісіні жете білетін, әрі халықты сабырға шақыра алатын танымал тұлғаның мәтін, дыбыс не бейне жазбасы әлеуметтік желіде бірінші жария болуы керек. Қайғылы хабар алдымен сол кісінің аузынан шығып, басқа ел соны естісе жетер еді. Басқа қауым сол жазбаны өз парақшаларында, топтарында көшіріп жариялаумен тоқтаса. Сонда қалың ел хабардар болар еді, бала-шаға "пәленше өліпті" деп салт-дәстүрді аяқ асты етпес еді.
Осылай ортақ пайым-парасатқа тоқтап, ақылдаса қимылдасақ, ақпараттық технологияның арыны қатты дәуірде салт-дәстүрді сақтауға болатын сияқты. Бұл ұсыныс – соның бірі болсын.
Оқи отырыңыз: Жүйе мен жүйке жолыққанда
Көпшіліктің көңіл айту үрдісі
Естірткен соң қазаға тап болған шаңыраққа, қайтыс болған кісінің жақындарына көңіл айту басталады. Бұл орайда естіртудегі сияқты емес, шек пен шекара жоқ. Өткен адамды тану-танымау міндет емес. Мәселе – қазаға қайғырып жатқан адамды жұбата білуде.
Ауыр жағдайға ұшыраған отбасының адамдары қамкөңіл келеді. Кейбірі өмірден түңіле бастайды. Осындай кезде оның белін бекем ету, қайғыға уатылмай, қара тастай қатып қалуға шақыру – көңіл айтушылардың міндеті.
Мұның тарихта мысалы жеткілікті. Жетісуға сөзі жүріп тұрған Тезек төренің баласы өліп, қайғыдан теріс қарап жатқанда Сүйінбайдың сөзі орнынан тұрғызыпты деседі. Ақын көңіл айту жырында төре әулетінен шыққан Тезектің бұрын-соңды хан болған аталарын тізіп, соның бәрі де "өлмесе, қайда жүр" деп, фәлсапалық қиырды бір шолып шығады. Одан Тезек төренің Құдайдан беріге әмірі жүріп тұрған беделіне тоқталады.
Беу төре, жатырмысың тұрмайын деп,
Сүйінбай саған келді жырлайын дап.
Алса Құдай өзі берген ұлын алды,
Жатырмысың Құдай малын ұрлайын деп!
Осындай уытты сөз ғана төренің басын төсектен көтерткен. Демек көңіл айтудың да жөн-жобасы болған. Басқа біреу келіп қайғыдағы төреге осындай сөз айтса, ұятсыздық болар еді.
Сүйінбайды пір тұтқан Жамбыл да көңіл айту өлеңін шығарған. Өзі жолықпаған, бірақ даңқы мен ақылына қанық Абайды алыстан жұбатқан. Абайдың үміт артқан ұлы Әбдірахман Верныйда қайтыс болғанда, сүйегін Шыңғыстауға алып кететін топ арқылы көңіл айту жырын жолдаған. Абай өлеңді қағазға түсіретін қазақ жазба поэзиясының бастаушысы болса, Жамбыл сахарада мың жыл жыр төккен жыраулардың соңғы тұяғы еді. Сондықтан көңіл айту жырын қағазға түсірмесе де, әлгі адамдар арқылы Абайға жолдаған.
Сәлем айт, барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауруды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалай да!
Осындай арнайы, жөні бөлек көңіл айту биігінде тұрған қазақтың мәдениетін интернет дәуірі "қаза қайырлы болсын" немесе "иманды болсын" деген штамп деңгейіне түсірді. Тым құрыса, "қазаның арты қайырлы болсын", "иманы саламат болсын" деген толық сөйлем емес, әлгіндей жартыкеш сөздермен бұл заманда қаралы үйдің тұрғындарын, жақынынан арылған жанды жұбатқан болып жатыр.
Әлеуметтік желіні қолданатындар үшін бұл да ойланатын мәселе. Ерекше сөзбен көңіл айта алмасаң, көз жасы сығылған белгіні қойып қана отырған ләзім шығар. Шүкір, ондай белгі бар.
Оқи отырыңыз: Сарсылған сана
Жақын-жуықтың жоқтау салты
Азаға қатысты сан алуан сөздің ең шарықтау шегі – жоқтау. Келмеске кеткен жанның бар қасиетін айтып, ақтық сапарға аттандыру барысында туатын жанр. Шер шығару. Кімнен айырылып жатқанын көпшілікке жеткізу.
Бұл үрдіс бұрынғы көшпелі сақ, ғұн және үйсін тайпаларының ішінде қалыптасып, қазақ және қырғыз халқы арқылы беріге жеткен. Оны академик Әлкей Марғұланның өзі арнайы зерттеп, ғылыми еңбекте жазып кеткен.
Жоқтау – көркем туынды. Оны өмірден өткен адамға жақын туыс әйелдер дауыс салып айтатын. Бірнеше шумақтан ғана тұрғанымен сөзі де, әуені де естігеннің төбе құйқасын шымырлатуы тиіс. Қаралы үйден марқұмның жылы берілгенше бұл жоқтау естіліп жататын. Сол арқылы қайтыс болған кісінің аты мен абыройлы тұлғасы қайта-қайта еске түсуі керек. Әрі оның өлімінің себептері де өлең боып өрілген. "Абай жолындағы" Бөжейді жоқтаған жолдарды еске түсіріңіз:
Жау боп шықты Ырғызбай,
Айыпқа бердің бір қызды-ай!
Оның аты Құнанбай,
Жүйріктігі құландай.
Шұбарлығы жыландай...
Жоқтаудың мұндай мысалы жеткілікті. Оны жинақтап шығарған зерттеушілер баршылық. Өкінішке қарай, бұл жанрдан қазақ қауымы интернет келместен-ақ ерте ажырап қалды. Алдымен, дінге қарсы коммунистік тәртіп тұсында белгілі адамды жиын жасап қаралы жолға салу пайда болды.
Екіншіден, қазақтың көбінің орыс тілінде сөйлеуге көшуі жоқтауды мүлде жоғалтуға айналды. Себебі түсінікті. Жоқтау табан астында өлеңмен айтылуы керек. Азалы жиында орысша сөйлейтін қазақ баршылық болғанымен, жоқтауды орысша өлең етіп шығарған қазақ жоқ әзірге. Осындай шақта Бауыржан Момышұлының бір оқиғасы еске түседі.
Келіні Зейнеп Ахметованың естелігіне қарағанда батыр бірде "мен өлгенде қалай жоқтайсың" деп оқыс сұрайды. Бұл туралы бұрын ойланбаған келіні жауап беруден қысылады. Бірбеткей батыр қайын ата "бол, айт" деп талап еткенде Зейнеп ел аузында қалған бір шумақ жоқтауды еске түсіріп, соны айтып берген:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған Құдайдың
Келіні мендей жыласын!
Бұл классикалық үлгі Баукеңнің өзін риза еткен. Ал, коронавирус дерті қазақ ортасын ойып түскенде жоқтау үлгісіне оралуды ұсынғандар болды.
Спорттың саңлақ журналисі Несіп Жүнісбаев пен танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы бірлесіп әлеуметтік желіде қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті бір апта жоқтау жайында пікір айтты. Қолдағандар мен қарсы шыққандар болды. Қоғам иінағашының екі басындағы екі шелек кезек теңселді. Не десе де, әлеуметтік желіге Несіп аға Жақаң марқұм туралы ескілі-жаңалы мақалаларын, Нұртілеу аға Жақаңмен өткізген телехабарларының үзінділерін салып, өздері ұсынған жоқтау аптасын өткізді.
Міне, әлеуметтік желі қазақ салтына өзгеріс әкеліп жатқанын осы мысалдар аңғартады.