Ай асыл тастарға бай
Қос ғашықтың қиялы
Жас кезіміз. Сипаты сол жалаулы кезеңге сай "Лениншіл жас" газетінің тілшісіміз. Онда әрбір редакцияда тек қыз-келіншектер жұмыс істейтін машбюро деген болады. Тілшілердің қаламмен жазған мәтінін осы машинисткалар қағазға басып шығады.
Шамасы, қазақ әдебиетінің тарихына тек жазушылардың аттарын жазған әділетті емес-ау. Олардың шығармаларын басып берген машинискалардың еңбегі де ересен еді. Айталық, Ғазиза Бисенова талай жыл бойы Әуезовтің шығармалары баспаға ұсынылуы үшін мәтінін мәшеңкемен түсірген. Жұмыс орны сол кісінің үйінде болыпты. Ғабеңнің "Ұлпан" романы да Ғазизаның саусақтарының көмегімен баспаға кетті. Мұқаң диктовкамен жұмыс істесе, Ғабең көбінесе Байтұрсынұлының төте жазуы, яғни араб харпіне бейімделген қазақ таңбасымен жазатын. Ғазиза апай екеуіне де машық екен.
"Бердібек Соқпақбаевтың жазуы кәдімгі кардиограммадан аумайтын деп "Балдырған" журналында бірге қызмет еткен кездерін еске алатын Қадыр ағамыз. Бекеңнің өз жазуын өзі танымай қалатын кезі көп болыпты, редакцияда мәшенке басатын апай ғана сол жазуды айырып оқи алады екен. Атақты "Менің атым Қожа" хикаясы, ғажайып өміршең "Өлгендер қайтып келмейді" романы оқырманға қалай жеткенін осыдан аңғаруға болады.
Біздің газеттің машбюросында төрт қыз-келіншек істеді. Жұмысшы жастар бөлімінің тілшісі Мұхтар Наушабаев сол төртеуінің: Ружан, Аяш, Гүлжәмила және Сарқыттың бас әріптерінен құрап, "Жұрт барады ЗАГС-ке, біз барамыз РАГС-ке" деп қабырға газетіне жұмбақ жазған. Осының үшіншісі Гүлжәмила – балалар жазушысы Алпысбай Шымырбаевтың зайыбы. Өзі де ешкімнен кем жазбайды, бірқатар әңгімелерін оқыдық. Бірақ күйеуімен жағаласпай, онда машбюрода істейді.
Бәріміз жаспыз. Мақала бастырып отырып ара-тұра әңгіме айтып кетеміз. Бірде "бойы кіп-кішкентай Алпаң ағамызға қалай ғашық болдыңыз?" деп сұраймыз ғой.
– Ағаларың маған ғашық болған, – деп әңгімесін бастап кетеді Гүлжәмила жеңгеміз. – Мені оқушы кезімнен айналдыра бастады емес пе. Бірде ауылда көшеден бұрылып, қырға бет алдық. Ақсу Жабағылының үстінен толысып Ай шықты. Қараңғы төңірек жарық болып кетті. Қиялға берілгіш ағаларың сонда "Гүлжәмила, саған анау Айды алып берейін бе?" десін. Шошып кеткендіктен "Табақтай қылып оны қайтемін" деппін.
Мәшеңкені тықылдату мен бірсарынды дауыспен "диктовка" оқығандарын қойып Гүлжәмиланы тыңдап отырған жастар осы жерде ду күлген едік.
Алда-жалда Алпысбай ағамыздың қиялы жүзеге асып, Гүлжәмила екеуі Айды алып қойса, не болар еді? Бұлар әлемдегі ең бай адамдарға айналып шығар еді. Алпысбай ағамыз өз атындағы 6 цифрынан кейін тұрған бір ғана нөл емес, жүздеген нөлі бар дәулетке жетер еді.
Ол кезде білмеппіз, беріде оқысақ Ай дегеніңізде қазына тұнып тұрған көрінеді. Онысы тек бетінде емес. Беткі топырағының пайдасы шамалы. Қазына тереңінде. Алпысбай ағамыздың махаббаты мен сол махаббаттан туған қиялы – бұл жолғы әңгіменің кілті ғана, енді Айдың сол қазынасын "қопаруға" кірісейік.
Айтпақшы, Алпаң ағамыздан бұрын Айды Жерге түсіріп тастаған біреу бар. Ол да әлбетте, өз қиялында. Алпысбай Шымырбаев – жазушы-журналист болса, мына кісі – ақын. Ақынның шабыты жазушыдан бұрын келіп, өлеңнің поэзиядан бұрын туарына еш шүбәміз жоқ. Сонымен Өтежан Нұрғалиев ағамыз шамамен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында қаламының қуатымен аспандағы алтын Айды түндегі қара Жерге алып келеді. Әрі бақшаға түнетеді. "Бақшаға түнеген Ай" өлеңінен:
Шөмеле күйіпті, күрсінген екен,
Ай жатқан жерді тат басып.
Араның балынан нұр сіңген екен,
Топылайына баттасып.
Одан кейін Айды алып келуге жүректері дауаламаса да, басқа ақындар бірінші-үшінші тармақтары бес буынмен, екінші-төртінші тармақтары үш буынмен ұйқасатын өлең жазуға боларын біліп, осы үлгіні жаппай іліп әкеткені анық.
Айды Жерге әкелу – ақын-жазушылардың қиялы болса, адамның оған баруы мүмкін екендігі жиырмасыншы ғасырдың ортасынан айтыла бастады. Сол мүмкіндікті дәлелдейтін бір айғақты Байқоңыр қаласынан көрдік.
Онда жастар газетінен ауысып, аға газет саналатын "Егемен Қазақстанға" келгенбіз. Үш рет редакциялық тапсырма бойынша ғарыш айлағына бардық. Соның бірінде бізге қаланың орталық серуен бағындағы би алаңын көрсетті. Ол кезде әрбір қалада кешкілік жастар жиналатын орынның жалғыз ерекшелігі төбесінде екен. Иә, Байқоңырдағы би алаңының төбесі ерекше металмен жабылған. Дөңкиіп келген бұл жабындыны Айға аттануы тиіс, бірақ жолы болмаған зымыранның багін екіге кесу арқылы жасапты. Алдағы сөз сол зымыранның шытырманы туралы.
Екі конструктордың ерегесі
Айдың қазынасын алу қайда, алдымен өзіне жету керек. Бұл үшін жарыс өткен ғасырдың екінші жартысында басталып кетті. Қазір алыстан басқарылатын арбасы Айдың арғы бетінде әрлі-берлі жүрген Қытай ол кезде есепте жоқ. Бұл ел бар болғаны Кеңес Одағының қалған-құтқанына мәз болып отырған. Бәрібір соның арқасында атом қаруына ие болды. Ол заманда ғарыш үшін басты бәсеке Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасында қызды.
Әлемде жазылмаған заңдар болады. Кейбір мәселеде сол шешуші рөл атқарады. Осындай жазылмаған заңның бірі: бұрын иесіз жатқан аймаққа кімнің аяғы бұрын тисе, соның қожа болып қалуы. Айға қарай аттанысқа мұның қаншалықты қатысы барын кім білген, әйтеуір екі империя да алғашқы болып жетуге барын салды.
Біз сол жастар газетінде қызмет атқарған кезде интернет тұрмақ, компьютер болмаған. Дерек пен дәлелді энциклопедиялардан іздейтінбіз.
Оны ақтару үшін кітапханаға бару керек. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында қолымызға іліккен құнды энциклопедия "Космическая техника" деп аталатын. Шетелдік К.Гэтланд деген зерттеуші жазған. Әлбетте, ол қазақ тілінде шықпаған еді, әлі де аударыла қоймаса керек. |
авав |
Сол кітапта Кеңес елінің Айға бармақ болған ниеті жайында бірқатар деректер келтірілген. Американың спутнигін Жердің табиғи серігіне дейін жеткізген "Сатурн-5" тасығыш зымыраны мен оған бәсекелес болған кеңестік "H-1" зымырандарының фотолары қатар қойылған.
Негізі бұлар кітапта ғана бірге тұр. Тарихта бірінің жолы болып даңқы шығады да, екіншісі архив шаңына мәңгілікке көміліп қала береді.
Кеңестің жолы болмаған Ай сапарына қатысты оқиға былай өрбіген. 1960 жылы мемлекет басшылары құпия қаулы қабылдап, онда кемінде елу тонна жүкті орбитаға шығаратын зымыран жасауға тапсырма береді. Әрі үш жылда аяқтау керек. Королев бастаған конструкторлар қызу іске кіріскенмен, жұмыс үш жылға, қосымша тағы үш жылға созылды.
Американдықтардың сұрыптауында "H-1" деп таңбаланған зымыран іркес-тіркес бөліктерден тұрды. Королев оны "ракеталар пойызы" деп атайды екен. Ол үшін көп нәрсені жаңадан есептеп, дайындау қажет. Дәнекерлеудің жаңа тәсілі табылды. Оның нәтижесі – әлгі Байқоңырдағы би алаңының төбесі. Борттағы есептеу машинасы неге тұрады! Тор тәріздес қанаттар алғаш жасалды. Апат болса ғарышкерлерді құтқару жағы ескерілді. Әттең, бар жұмысты зымыранның қозғағыштары кідірте берді.
Әу-баста, оны дайындауға Глушко бастаған конструкторлық бюро кірісуі керек еді. Атақ-даңқы Королевпен тең аталып тұрған Глушко зымыран қозғағышына фтор мен азот қышқылы және басқа улы элементтер қосылған жанармай пайдаланбақ болды. Мұныңыз – бүкіл қазақ даласына әлі зәрін шашып жатқан гептилдің өзі. Королев "сығымдалған сутегі мен оттегі қосылған жанармай керек "дейді. Анау көнбейді. "Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса" демей ме?
Гептил жанармайдың алғашқы құрбандары– маршал Неделин бастаған жүзге жуық адам екені тарихтан белгілі. Ал экологияға зиянын есептеу мүмкін емес. Кейін біз Байқоңырдан сабынның көбігіне шомылғандай болып әппақ буға көміліп ұшқан "Энергияны" көргенде Королевтің әруағына алғыс айтқанбыз. Бұл – сығымдалған оттегі мен сутегі қосылған жанармаймен ұшатын зымыран. Сондықтан зияны гептилден мыңдаған есе аз.
Хош, "H-1" зымыранына Глушконың Бас конструкторлық бюросы жасамақ гептилді қозғағыштың өзі орнатылмады. Себебі: екі қошқар кезекті мәселеде және сүзісіп қалды. Біріншісі "көлемі үлкенін жасап беремін" десе, екіншісі "жоқ, маған орташа көлемдегісі керек" дейді. "Мен ондайды жасамаймын" деп шалқасынан түседі Глушко. Амалы таусылған Королев өзіне қажетті қозғағыштарды жасату үшін басқа кәсіпорын іздейді. Ақырында бұл іске бұрын ұшақ моторын шығарып келген Кузнецовтың конструкторлық бюросы кірісіпті.
Отыз қозғағыштан тұратын зымыран алғаш рет 1969 жылы ақпан айында сынақ үшін ұшырылып, бір минуттан аса бере жарылып кетті. 1970 жылғы 3 шілдедегі екінші сынақта зымыран тағы апатқа ұшырады. Бұл жолғы жарылыстың қуатынан оның ұшу алаңы істен шығып, ені 45 метр, тереңдігі 15 метр шұңқырға айналды. Енді жаңа зымыран жасаумен бірге старт орнын қалпына келтіру керек. Бір жылдан соң үшінші сынақ кезінде ұшып шыққан зымыран есептегі мөлшерден қатты айналып кетіп, тағы құлап түсті.
Сынақтар басталған кезде Королев өмірден өткен, орнына ғарыш жүйелерінің бас конструкторы болып Мишин тағайындалған. Егер Королев тірі болса, табандылықпен бұл зымыранды жетілдіріп, ақыры аман-сау ұшырар еді. Амал не?!
Кезекті төртінші сынақта зымыран 1 минут 47 секунд ұшып, бірінші бөлігі ажырайтын кезде отқа оранды. Бәрібір бұл сынақ үміт сыйлады. 1974 жылға екі сынақ белгіленді де, ары қарай Айға ғарышкер аттандыру көзделді.
Бұл кезде ғарыш жүйелерін басқару тізгіні Мишиннен Глушконың қолына өтті. Ол бірден " H-1" жобасын "қате қадам" деп жариялады. Сөйтіп "зымырандардың патшасы" аталған бұл ұшу құралының тамыры қырқылды.
Одан америкалық астронавтардың Ай топырағын басқаны мәлім болды. Жарыстан ұтылған Кеңес Одағы бұл бағыттағы жұмысты мүлде тоқтатты. 4 миллиардтан астам кеңес сомы жұмсалған істің аяғы құрдымға кетті. Мамандардың айтуынша, бұл қаржыға сол кездегі Алматы қаласын қайта салуға болады екен.
Түрлі бағыттағы тұжырымдар
Сонымен Кеңес Одағы бұл бәсекеде артта қалды да, Американың "Сатурн-5" тасығыш зымыраны арқылы шыққан "Аполлон-16" ғарыш кемесі Айға қонды. Бір шөкім, анығында 2 грамм топырағын алып келді. Оның құрамындағы үш металл: қорғасын, неодим және самарийдің изотопының қалыптасу уақыты өлшеніп, Айдың жасы есептелді. Оның жаратылғанына 4 миллиард 360 миллион жыл өткен екен. Соңында "3 миллион әрі-бері болуы мүмкін" деген қосымшасы бар.
Айдың өзі қалай пайда болды дегенге ең соңғы ғылыми жауап мынадай. Сол жылы (4,36 миллиард жыл бұрын) Жерге қаңғалақтап келіп қалған Тейя атты планета соқтығысқан. Көлемі Марспен шамалас Тейяңыз күл-парша болып, Жер де біраз опырылып, ғарышқа сансыз күл-топырақ шашылады. Ып-ыстық қоламта ақыры суынып, тығыздалып, Жердің тартылыс күшін жеңіп шыға алмай, серігіне айналды.
Осылай пайда болған, Жерге жіпсіз байланған Айдың беті армансыз айғыздалды. Қорасан шығып, шұбарланып қалған адамның беті сияқты. Сансыз тыртық қазақ аңызына да негіз болған. Ай мен Күн бір байдың екі қызы-мыс. Екеуі де сұлу, бірақ Айдың көркі артығырақ. Соны күндеген Күн сіңлісінің бетін тырнап алыпты-мыс.
Анығында бұл – миллиардтаған жылдар бойы Айға соқтыққан астероид пен метеориттерден қалған із. Айда ауа жоқтықтан оған киліккен бөгде аспан денелері жанып кетпей сол күйі соғылады. Бұл орайда тығыз ауа қабаты қоршап тұрған Жердің маңдайының бағы бар.
Оның есесіне мұнда ауа жоқтықтан шаң тұрмайды. Алда-жалда Айда серуендей қалсаңыз айлар бойы үстіңіздегі киіміңізге тозаң қонбай, тап-таза жүрер едіңіз.
Әлгіндей соққыдан пайда болған кейбір кратерлердің айналасы 10-нан 20 шақырымға жетеді. Соған қарап бұл байғұс Айдың көрмегені жоқ дерсің. Кратерлер мен шыңдарды, мүйістерді әдетте қаза тапқан ғарышкерлер мен ғарышты зерттеуші ғалымдардың атымен атайды. Саяси, діни қайраткерлердің, қолбасшылар мен философтардың аттары қойылмайды.
Тағы бір атап өтерлігі: Айдың бетіндегі топырақ екі түрлі. Жерден жай көзбен қарағанда жалтырап тұратынын ғалымдар "құрылық" деп атаса, ал әлгі "Күн тырнап алған" сияқты қарайып тұрған тұстары "теңіз" делінеді. Бұлар – түптеп келгенде, шартты атаулар, өйткені онда судың жоғы белгілі. Мұнда "теңіздің" топырағы "құрылыққа" қарағанда қошқыл түсті әрі тегіс болып келеді. Сондықтан күннің сәулесін көп шағылыстырмай, қарауытып көрінеді. "Теңіздердің" түбі "құрылыққа" қарағанда 2-3 шақырым төмен жатыр.
Кеңес Одағы мен АҚШ бәсекесі кезінде Айға бірінші болып барған америкалық астронав Нейл Армстронг Тыныш теңіз аталатын ойпаңға түскен. Бұл – 1969 жылы болған оқиға. Содан соң бәсекеден ұтылған Кеңес Одағы үшін Айға адам аттандыру қызық болмай қалды.
Астронав әкелген бір атым насыбайдай топырақ АҚШ зертханаларында тексеруден өткен соң Айды игеруден ғылымға болмаса, басқадай табыс жоқ деген тұжырым жасалған. Бірақ, 2019 жылы Канада мен АҚШ ғалымдары Айдың астында қымбат металдардың қисапсыз қазынасы жатыр деген тұжырым жасады. Адамзат тағы елең етті.
"Қисапсыз қазына" үшін тарихта қаншама жорық пен сапар жасалды, қаншама бастар сол жолда қағылып, қаншама адам сол жолда із-түзсіз жоғалды десеңізші. Бұған сансыз әдебиет арналды. Басқасын былай қойғанда Генри Райдер Хаггардтың "Сүлеймен патшаның кеніші" шым-шытырық кітабы ше! Жас кезімізде жастанып оқыдық. |
апапп |
Хаггард жазып, оны Мағауин аударған соң неге жастанбасқа!?
Беріде Мұхтар ағамыз "Мен" атты ғұмырнамалық романында "Хаггардты босқа аударыппын, уақытым кетті әрі соның орнына өзімнің бір кітабым шықпай қалды" деп налиды. Біз болсақ ол аударманы бекер емес дер едік. Қазына іздеушілер кездесетін тастан қашалған Құдайларды "Тұнжыр" деп аударғанының өзі неге тұрады! Бекер болса, берідегі он-он бес жылда осы роман қазақ тілінде түрлі баспадан төрт дүркін басылып шығар ма?
Сонымен Канададағы Дэлхаузи университетінің ғалымдары баяғы Айдың пайда болуы туралы тұжырымды қайта қарастырыпты. Ғалымдар Тейя деп атаған бөгде аспан денесі платина мен палладий сынды аса қымбат металдарға бай болса керек. Ал әлгі Айдан әкелінген топыраққа қарағанда оның құрамында құнды металдар мөлшері өте төмен көрінеді. Бұл қалай?
Канадалық Джеймс Бренан бастаған ғалымдар түрлі салыстырмалы зерттеулер жасап, Айдың үстіңгі беті кедейлеу болса да, терең қойнауының платина мен палладийге тұнып тұрғанын анықтапты. Зертханалардағы түрлі тәжірибелердің түйіні: бергі темірдің түрлі қоспалары ар жақтағы аса құнды металдарды жасырып тұр.
Сонымен жас кезінде Алпысбай ағамыз қойнауы палладаий мен платинаға толы Айды алып бергенде жеңгеміз шынында, соншама байлықты не істер еді?
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.