АҚШ-тан аттанып, Семейде серуендеген
Республикамыз Кеңес Одағының құрамында тұрған сонау соғыстың сұрапыл жылдарында бізге АҚШ вице-президенті келген. Бірнеше күн асықпай аралаған. Семейде екі күн қона жатқан. Ол – Г.А.Уоллес.
Кейін біз де Генри Уоллес өскен Айова штаты мен Де-Мойн қаласын армансыз араладық. Жер баптаумен, мал-құс өсірумен даңқын асырған аймақ екен. Жүгеріңіз жайқалып тұр. Бидай белден келеді. Осының бәрінің негізін қалауға Генри Уоллес зор үлес қосыпты. Колледж бітірген соң ауыл шаруашылығы журналын редакциялады. Содан кейін буданды дәндер шығаратын зерттеулер жасады. Одан саланың экономикасын реттеп, ауыл шаруашылығы үшін санақ пен салыстыру жасауға қолайлы эконометрика кестесін еңгізді. Өмірінің кейінгі жылдары тауықтың жұмыртқадан ең көп шығатын түрін сұрыптаған. Әлемдегі ең ірі Ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу орталығы Генри А. Уоллес атымен аталуы тегін бе?
Аз-кем анықтама: Құрама Штаттардың 33-ші вице-президентіне дейін ауыл шаруашылығы, кейін сауда министрі болған Генри Агард Уоллес Айова мемлекеттік колледжінде мал шаруашылығы бакалавры дәрежесін алды. 30-шы жылдары АҚШ атақты эмигрант саяхатшы Рерихпен жақын танысқан. 1943 жылы вице-президент лауазымында Латын Америкасын аралап, бірнеше мемлекетті одақтас етеді. Сосын Кеңес Одағына сапар жасады. 1965 жылы өмірден өтті. Денесі емес, күлі Де-Мойн қаласындағы Глендейль зиратына қойылды.
Уоллес ғылым мен саясаттағы табысымен қатар әйелі мұраға алған шағын шаруашылықты ірі компанияға айналдырған. Оның өмірден өткеніне отыз жылдан кейін біз Айованы аралаған шақта артында қалған компаниясы 10 миллиард долларға бағаланғанын естідік. Осы штатта вице-президент өмірінен бірқатар деректер жинастырдық. Ал, сонау 1944 жылы бұл қайраткер қазақ даласынан қандай әсер алды екен?
Ол өз елінен КСРО-ның ең шетіндегі Магаданға ұшақпен келген. Жүрер жолы Вячеслав Молотовпен келісілген. Молотов онда КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының, яғни Сталиннің бірінші орынбасары. Қызмет жағынан Уоллеспен теңдес.
Бұл сапарда АҚШ-тың екінші адамы өздері ленд-лиз арқылы беріп жатқан көмектің құнын Кеңес Одағы қайтара ала ма, жоқ па соны анықтамақ. Жол Қытай мен Монғолияға жалғасуы керек.
Магаданда жазасын өтеген ардагер Григорий Матусовтың "Журналист" журналына жарияланған естелігіне қарағанда, алтын кенішіндегі қарауыл мұнаралары дереу алынған. Тікенекті сымдарды тығып тастаған. Сотталғандар орнына қарулы күзеттің солдаттары жұмысшының жаңа киімімен әрі-бері жұмыс істеген болады.
Ең қызығы – кеніштегі қиыршық жентекке бұрын алынған алтынды әкеліп араластырған. "Кен құрамы бай екен" деп ойласын деген мақсат орындалған сияқты. Кейін Генри Уоллес өз мемуарында "Колыма алтын өндірушілері Ресейдің еуропалық бөлігінен ерікті түрде келген бойшаң және қарулы жас жігіттер екен" деп жазыпты. "Алтын өндіруді әскери индустрияның жетекші саласына айналдырыпты" деп Сталинді мақтайды. Мұнда тәулік сайын жарты тонна алтын алынады дегенге сенген ол АҚШ үкіметін ленд-лиз бойынша жөнелтілетін жүкті молайтуға ұсыныс айтыпты.
Осы "Дальстрой" тресінде вице-президент құрметіне концерт берілді. Оны тамсандырған "жергілікті таланттар" шындығында Украинадан эвакуациямен Полтаваға тұрақтаған балет театрының труппасы еді. Уоллес қайдан білсін, "бір қаладан мұншама көп талант шыққанына қайран қалдым" деп ағынан жарылыпты.
Магаданнан кейін жолшыбай бірер қалаға табан тіреген АҚШ вице-президенті енді ленд-лиз арқылы келген техника қалай жұмыс істеп жатқанын көруге Семейге тоқтайды.
Аз-кем анықтама: Ленд-лиз – Екінші жаһандық соғыс кезінде АҚШ-тың фашистік Германияға қарсы соғысқан елдерге көмектесу актісі. Майданы маңызды деген мемлекеттерге қару, техника және стратегиялық шикізат берілген. Оның шарты: Ұрыста жойылған қару мен материалдың ақысы төленбейді. Соғыстан кейін қолда қалған және азаматтық мақсатқа керек мүлік ұзақ мерзімді несие арқылы толық немесе іші-ара төленеді. Бүтін қалған қару АҚШ-қа қайтарылады.
Кеңес Одағына ленд-лиз жүгі үш бағытпен тасылды. Арктикалық бағыт төте, әрі тез болғанымен оған немістің Норвегиядағы базалары арқылы жиі соққы жасалды. Бір жолы 35 жүк кемесінің 22-сі суға батты.
Бұдан гөрі Тынық мұхит арқылы тасыған қауіпсіздеу. Бірақ онда кеме қызыл ту астында жүзуі керек. Өйткені, жүк тасылған тұста Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғыс жарияламаған. Ал АҚШ пен Жапония Перл-Харбор оқиғасынан соң бір-бірін жау санаған. Бұл бағытпен 8376 мың тонна жүк тасылды. Бірақ оны Қиыр Шығыстан елдің майдан жүріп жатқан Батыс бөлігіне жеткізу оңайға түспеген.
Үшінші бағыт – Иран арқылы әкелу. Керек-жарақты американдық кемелер Парсы шығанағына төгеді. Одан әрі Кеңес Одағы темір жол және автокөліктермен тасыды. Осында автомобиль құрастыратын екі зауыт салынды.
КСРО ленд-лиз арқылы 450 мыңға жуық автомобиль алыпты. 44 мыңы джип болса, 100 мыңы атақты "Студебекер" жүк көлігі еді.
Сондай жүк көлігін Алматы қаласында бізбен бір үйде тұрған Хасен Дәуітов деген ардагер соғыс кезінде жүргізген екен. Зеңбіректі сүйреген.
– Бірде көліктің үстіндегі оны-мұныны алғызып, бортын жайғызып қойды. Сөйтіп сахна жасалды. Машинамның үстінде тұрып Роза Бағланова солдаттарға арнап ән салып еді, – деп еске алатын ардагер.
Мұны істеген біз ардагер мен әншіні алпыс жылдан кейін қайта жолықтырып, "Хабар" арнасы арқылы сюжет бергіздік. Бұл – әлбетте, басқа тараптағы әңгіме.
Соғыс жылдары небәрі 92 локомотив құрастырған Кеңес Одағы ленд-лиз арқылы 1900 паровоз бен 66 электровоз алды. Өзі 1087 вагон жасап, 11075-ін АҚШ берді. Әскери техникадан 11 мың танк, 18 мың әскери ұшақ алынды. "Стюарт" танкісінің бүкіл экипажға арналған шлемі мен пистолеті болды.
Соғыс аяқталған соң АҚШ келісім бойынша Кеңес Одағының 2,6 миллиард доллар төлеуін талап етеді. Сталин шошып кеткен соң екі есеге қысқартып, 1,3 миллиард долларды отыз жылда 2,3 өсіммен қайтаруды ұсынады. Бұл есеп те мойындалмайды. Тек 1972 жылы Брежнев пен Никсонның тарихи кездесуінен соң 722 миллион доллар қайтаруға келісім жасалған. Сөзінде тұрмайтын Кеңес Одағы 48 миллион доллар беріп, тағы тайқып шығады. 1990 жылы Горбачев 674 миллион доллар қайтаруға уәде еткенмен, оның бір центі де төленбей Кеңес Одағының өзі ыдырайды.
Жарайды, сонымен өз арнамызға түсейік, 1944 жылы Генри Агард Уоллес Семейге келді. 13 шілде күні ертеңгісін АҚШ вице-президентінің ұшағы Ертіс жағасынан Қарағандыны бетке алған. "Шаңы бұрқыраған бұл қаланы неге де ұқсатуға болады, тек көмір өндірісінің орталығына емес" деп жазады ол өз естелігінде. Қонақты ашық кенішке әкелді. АҚШ өкілі ленд-лиз арқылы келген "Бирикас Эри" экскаваторының көмір қазып жатқанын көрді. Кеніш басшылары АҚШ техникасының бұрынғы бумен жұмыс істейтін кеңестік экскаватордан артықшылығын айтады. Күніне 100 вагонға көмір артады, әрі электр қуаты арқылы жұмыс істейтіндіктен өрт жағынан өте қауіпсіз.
"Қазір 170 мың адам тұратын Қарағанды көмір мен темір өндіретін ірі орталыққа айналады. Кеңестік Азияда өздерінің Питсбург, Кливленд және Дейтройдтары болады" деп жазған АҚШ вице-президенті өзінің "Орта Азияға сапар" кітабында. Бұл жағынан қателеспегені анық.
Облыстық атқару комитетінің төрағасы Берік Серікбаев 600 мың бас қой, 300 мың бас сиыр және 300 мың бас жылқы барын айтыпты. "Қызыл Армияны етпен, астықпен қамтамасыз етіп отырмыз" депті жерлесіміз мұхаттың ар жағынан келген өкілге.
Одан әрі қонақ ұшағы Балқашты бетке алады. Әуежайда қалалық кеңес төрайымы Анна Пирибинус қарсы алған. Америкалық оны "қала мэрі" деп жазған. Қонақты мыс кенішіне апарады. Уоллес оны Чилидегі Чукикамата шахтасына ұқсатыпты. Осы жерде ленд-лиз арқылы келген "Армстронг" бұрғылау машинасының жұмысын көрді. Шахта бастығы АҚШ-тан 50 бұрғы келгенін айтыпты.
Мәртебелі меймен қаланы аралайды. Мэр халықты көкөніспен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылықты көрсетеді. Жолдағы жыңғыл ағашын қонақ Нью-Мексикоға барар жақтағы ағашқа ұқсатқан. Жүзімнің дәмі Оңтүстік Калифорния жүзіміне келеді деген. Не керек, қазақ даласынан бірталай ұқсастықтар тауыпты. Бағбан оған қарбыз дәнін сыйлап, өз кезегінде Калифорния қарбызының дәнін жіберуді сұрайды.
Вице-президент қала мэрін "басшы ретінде іскерлігімен қатар әйел ретінде әдемілігін сақтапты" деп сипаттайды. Анна Степановна күйеуінің соғыста танкіші екенін айтыпты. Қала тірлігімен қатар үйдегі екі баланың қамы өз мойнында.
Аз-кем анықтама: Анна Пирибинус қызметін Балқаш құрылысшылары асханасында бастаған. 1939 жылы қалалық кеңеске депутат болып сайланды. Новосибирь политехника институтында сырттай оқыған. Қалалық кеңес төрайымына дейін жоспарлау бөлімін басқарды. Кейін Қарағанды облыстық кәсіподақтар кеңесі төрағасының орынбасары болды. Кеншілер қаласы мен бүкіл облыстағы мәдениет ошақтарының ойдағыдай жұмыс істеуін қадағалады.
Кезінде сондай талап қойылған шығар, Анна Степановна өзінің АҚШ вице-президентін қалай қарсы алғанын жаһанға жариялауға құлшынбаған. Бірер рет тілшілер сұрағанда жоғары мәртебелі қонақ келер алдында Алматыға телефон соғып, сол кездегі республика үкімет басшысының бірінші орынбасары Қонаевпен ақылдасқанын айтты. Дінмұхамед Ахметұлы арнайы ұшақпен азық-түлік жіберіпті. Әлгі жүзімнің сыры осындай. Айтпақшы, қонаққа қымыз да ұсынылған.
Балқаштан кейін АҚШ вице-президенті мінген ұшақ Семейге қайтты. Өз кітабында "Семейге түнделетіп оралдық. Ертіс өзені манағы бұдырсыз далаға қарағанда оазистің өзі екен" депті. Бірақ, қазіргі Семей қаласынан "мұнда Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Генри Агард Уоллес тоқтаған" деген тақтайша таппайсыз.
Сол сияқты Алматы қаласында оған 1944 жылы АҚШ-тың екінші адамы келгені жайында белгі жоқ. Уоллес Алматыдан Сарыөзекке, одан Қорғасқа дейін тас жолмен жүрген. Сарыөзектен Қытайдың Ланчьжоу қаласына дейінгі автожолды Кеңес Одағы құпиялап Z ("зет") жолы атаған. Сол "Z" жолымен мәртебелі мейман Қытайға кірген.
Себебі: осы трасса арқылы Қытайға Чан Кайши үкіметі үшін Иран арқылы әскери техника жеткізуді ойластырған. Ұзындығы 3 мың шақырымға жуықтайтын жолмен оған дейін Кеңес Одағы жапонмен соғысып жатқан Чан Кайшиге көмекке әскери техника тасыған.
Вице-президент Сарыөзек-Қорғас арқылы Ираннан келген 500 автокөлікке тиелген жүк пен 1100 солдатты Қытайға өткізуге рұқсат сұрайды. Кеңес үкіметі келісім берген. Бірақ, кешікпей Шыңжаңда Үш аймақ көтерілісі басталды. Бұл оқиға қазақ даласына АҚШ солдаттарының табаны тимеуіне себепкер болған.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.