Бес қабатты сұр үйдің қабырғасындағы ескерткіш тақтайша медицина ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Халида Есенқұлқызы Маманованың осында тұрғанын аңдатады. Атағы қазақ даласына кең тараған әулет қызының соңғы мекені Ақтөбенің желтоқсандағы бұлтсыз ымыртында қарауытып тұр.

Маман әулетінен мәлімет: Маманнан Сейітбаттал, Тұрысбек, Есенқұл туады. Тұрысбек жиырма жылға жуық Қапал-Ақсу аймағына болыс болды. Екі рет қажылыққа барды. Тұрысбек інісін, балалары Құдайберген, Тәңірберген, Исмайылды Семей мен Уфада оқытты.

Маман баласы Сейітбаттал 1909 жылы жаңа тұрпатты мектеп салуға "Айқаптағы" мақалаға қарағанда, 11 мың сом шығарған. "Мамания" аталған мектеп ашылған соң жыл сайын 1,5 мың сом бөліп отырды. Ол кезде ішкі Ресейге айдалатын қойдың бағасы 3 сомнан аспайтын.

Ағаларынан қалыспаған Есенғұл қажы қазақ романына бәйге жариялады. Бұл ақпарат та "Қазақ" газеті мен "Айқап" журналына шыққан.

Империя шетіне дейін шайқалған 1918 жылы Есенғұл шаңырағында қыз дүниеге келді. Атын Халида қойған. Оның он жасында қазақ даласына саяси алапат дауыл басталды. Маман әулеті тәркілеу науқанына ілікті. Есенғұлды отбасымен Пермь түбіне 3 жылға жер аударады.

Осы атаның біз Ақтөбеде жолыққан ұрпағы Медет Еженұлының жинаған дерегіне қарағанда, Маманнан тараған 36 шаңырақ тәркіге түсіп, Ібір-Сібір мен Қиыр Шығысқа жер аударылған. 15 азаматы ату жазасына кесілген, олардың сүйектерінің қайда қалғаны белгісіз.

1932 жылы әкеден және екі ұлдан айрылған отбасы кесімді мерзімі бітіп, Алматыға оралған. Халиданың шешесі Махтуха Пермьде тігінші болған, Алматыда сол кәсіппен нан тапты. Ұл-қыз "халық жауының баласы" аталды. Бұл термин Кеңес Одағына 1932 жылы 7 тамызда Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Михаил Калинин қол қойған заңмен еңгізілді.

"Халық жауының баласы" атану – маңдайға таңба басып қойғанмен бірдей. Нанбасаңыз қараңыз. Халида педучилище жанынан ашылған дәрі-дәрмек факультетіне оқуға түскенде тізімнен сызылған. Тегін жасырып, комсомолға өткенде арызқойлар Маман әулеті жайында мәлімет беріп, одан шығарып тастаған. Медицина институтын бітіргендерге дипломмен қоса тапсырылатын "медицина лейтенанты" атағы тағы бұйырмады.

Халида да қайсар еді. Училищеден шығарып тастаса,медицина институтына түсіпті. Соғыс басталған кезде мұнда Мәскеуден эвакуациямен ірі ғалымдар келді. Өз ортасында қиянаттан басқаны көрмеген балғын қыз сонда бірінші рет қолдауды сезінді. Қолдаған – Лина Штерн. Диплом жұмысына жетекшілік етіп қоймай, өзі директор болып тұрған Физиология ғылыми-зерттеу институтына аспирант етіп алған.

Штерн тағдырынан штрих: Лина Соломоновна Штерн – Женева университетін бітірген маман дәрігер. КСРО Ғылым академиясының тұңғыш әйел академигі. Сталиндік сыйлықтың иегері. Бүкілодақтық физиология ғылыми-зерттеу институтының директоры. Бұл қызметті Москвадағы Екінші медицина инсититуындағы профессорлықпен қоса атқарған.

Соғыс бастала Алматыға көшірілген Физиология ғылыми-зерттеу институтының директоры бір көргенге өте суық әйел болыпты. Лина Соломоновнаның қазақ қызы Халидаға неге ерекше мейірі түсті екен? Талабын байқады ма? Білімін бағалады ма? Әлде тағдырынан ұқсастық тапты ма?

Тағдыр кейін Штернді аяған жоқ. 1949 жылы Мәскеуде тұтқындайды. Еврейлердің фашизмге қарсы ұйымын құрғаны үшін. Дәл осы ұйым соғыс кезінде ашық жұмыс істеді, майданға көп көмектесті. Жеңістен соң Сталиннің иек қағуымен "зиянды" деп танылды. 1952 жыл Штернге үш жыл алты айға еңбекпен түзеу лагеріне, сосын бес жылға жер аударуға үкім кесілді. Үш жыл алты ай үкімді күтіп түрмеде болғандықтан, бірден жер аударылған. Бұл жолы Алматыға рұқсат етілмей, сол кездегі Жамбыл қаласын таңдаған.

Бұл – кейінгі оқиға, Штерн қамқорлығындағы жүре берсе болар еді, "халық жауының баласы" деген жабудан құтылу үшін Халида майданға сұранған. Оған армияда дәрігер болуға рұқсат етілмей, қаза тапқандарды көметін топқа қосады. Хош.

1942 жылы 28 шілдеде КСР Одағы Қорғаныс халық комиссары Сталиннің 227 бұйрығы шықты. Онда әрбір армияда 4-5 тосқауыл отрядын және 5-10 айып ротасын құру міндеттелді. Тосқауыл отряды өз әскеріміздің желкесінде тұрып, шегінген жағдайда қырып салады. Ал айып ротасына қорқақтық танытқан жауынгерлер мен кіші офицерлер жіберіледі. Ол рота ең қиын шепте соғысуы керек. Бұйрықта "сол арқылы кінәсін қанымен жуады" деп ашық көрсетілді.

Осы құжатты пайдаланған Маманова Сталинге өзін айып ротасына жіберу туралы хат жазды. Онда "егер мен халық жауы болсам, айып ротасына жіберіңіз. Онда тірі қалсам өзім мен туыстарымнан бұл айыптауды алып тастаңыз" деген. Өтініш орындалды.

– Айтпақшы бұл хат Сталинге жетпеген, Калининнің алдында шешіліпті, – дейді Ақтөбеде Халида апасына қатысы бар нысандарды аралатқан Медет Маманов. Медет – Халиданың ағасы Еженнің ұлы. Жеті жасында әкесі оны жалғыз тұратын Халидаға берген.


Медет Маманов апасы туралы талай дерек айтады / Автордың фотосы

Сонымен енді айып ротасы. Қанды қасап. Қайсар қыз өзі сұранып келген.

Ойымызға кезінде Әбіш Кекілбаев айтқан сөз түсті. Әңгіме Мәншүк пен Әлия жайына ойысқан кездесуде Әбекең "әкесі мен ағаларын "халық жауы" деген айыптан ақтап алу үшін майданға сұранған қазақтың қыздарындай батыр да бауырмал әйел заты жер бетінде жоқ" деп еді. Тура осы бағаны Халидаға арнауға болар.

Бағаны берерсің-ау, апасын "Халық қаһарман" атағына ұсынуға қаншама жыл талаптанған Медет Еженұлына қалай көмектесерсің?!

Айып ротасынан да аман шығады. "Қорқақ", "қашқын", "қылмыскер", "зиянды элемент" атанғандар араларындағы жалғыз қыз Халиданы жауған оқтан өз денелерімен қорғап отырған. Міне, нағыз адамгершілік қай ортада, қандай жағдайда танылған?!

Бір жылдан соң "кінәсі" жуылып, медицина қызметінің аға лейтенанты атағы берілді. Медициналық батальонда амбулатория басқарды. Жауды жеңіп, жарқын жүзбен Алматыға оралды. Қызмет берілді.


Әлия Молдағұлова музейінде Халида Мамановаға стенд арналған / Автордың фотосы

Лина Штерн онда Москваға қайтқан. Енді Халидаға жетек керек емес, өз жолын таба алады. Ғылыми ізденіс жасап, диссертация жазбақ.

Қайдам? Әлгі Штерн Мәскеуде тұтқындалып, аты-шулы "дәрігерлер ісі" басталғанда оның жаңғырығы Алматыға жеткен. Мамановаға диссертация қорғатпау үшін кандидаттық минимум емтиханын тапсыртпайды. Ол бәріне қолды бір сілтеп, ата мекені Қапал Арасан курортына дәрігер болып кетеді.

О құдірет, осы кезде тағы күтпеген көмек жетеді. Көмек емес, ақыл. Соғыстан соң Алматыға Осип Глозман атты үлкен ғалым келген. Біздің шамалауымызша, бұл кемеңгер кісі орталықтан алыс жүру керектігін түйсінсе керек.

Глозман өмірінен ғибрат: Өлкелік патология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылыми кеңесінің төрағасы, Республикалық патофизиологтар ғылыми қоғамының төрағасы, Бүкілодақтық герантология қоғамының басқарма мүшесі профессор Осип Сергеевич Глозман медицина институтында дәріс оқығанда студенттер ғана емес Алматы қаласының дәрігерлері жиналатын. Лекциясында ағылшын, неміс және француз тілдерінде шыққан ғылыми журналдардан мысал келтіретін.

Сол Осип Сергеевич қазақтың талапты жастарын медицина ғылымына тартқан. Оның бірі – бүгінде қазақ балалар хирургиясының атасы атанған Камал Ормантаев.

– Соңғы үш курста патофизиология кафедрасын басқарған Осип Сергеевич Глозман жетекшім болды. Өте терең, көреген кісі еді, – деп еске алады Камал Сәруарұлы. – Атақты ғалым ғой. Мені аурудың қайдан пайда болатынын зерттеуге баулыды. Бүкілодақтық студенттер конференциясына жіберіп баяндама жасатты. Бір кезде өзі жұмыс істеген Саратовқа апарды. Сол жолы балалар хирургиясының негізін салған Сергей Терновскиймен таныстым. Көңілім соған ауды да, Осип Сергеевичті "алдымен тәжірибе жинап алайын" деп алдаусыратып, аспиранты болатын жерден сытылып кеттім.

Глозман Қапалдағы Халиданы шақырып алып, Фрунзе қаласына баруға жөн сілтейді. Осылайша көрші республиканың астанасында кандидаттық минимум тапсырып, 1953 жылы Глозманның бас болуымен Мәскеуде диссертациясын қорғайды.

1950 жылдар басында Қарағанды медицина институты алғаш студенттер қабылдап, маман даярлауға кірісті. Яков Лазарис атты ғалым осында патологиялық физиология кафедрасын ұйымдастырды. Конкурстан өткеннің бірі – Халида Маманова еді.

Бұл қалада репрессиямен келген оқымысты көп еді. Атақты А. Чижевскийді айтпағанда белгілі ғалым И. Рах Бакуден, Э. Реттер Мәскеуден, Я. Ваттер-Ретц Днепропетровсксіден, Т. Крамм Ленинградтан жер аударылған. Олардың бәрі тиісті органдардың жіті бақылауы астында жүрген. Бұл бақылау кешегі "халық жауының қызы" Халидаға қолайлы соқпады.

Елуінші жылдар соңында Қазақстанның батыс өңірлеріне медицина кадрын даярлау үшін Ақтөбеде институт ашылды. Бірінші ректор Әлмағамбет Дайыров патофизиология кафедрасына оқытушылыққа Халида Маманованы шақырды. Ақсу өңірінен шыққан жол ақыры Ақтөбеге жетті.

Бұл жерде Халида Есенғұлқызы докторлық диссертация қорғады. Профессор атанды. Дайыровтан кейін ректор Төрегелді Шармановтың тұсында жоғары оқу орны ұлттық кадрларды мықтап қолға алды. Шарманов ауыл балаларын оқыту үшін кейбір сабақтарда білгендерін қазақша айтуға мүмкіндік жасады.

Профессор Маманова студенттерге тамақ әперіп жүрді. Анасынан үйренген тігіншілігі бар, жатақханадағы балалардың киімін тігіп берген.

– Студенттерді үйге әкеліп, дастарханға отырғызатын. Бірге тамақ ішетінбіз, – деп еске алады Медет Еженұлы.


Ақтөбедегі Халида Маманова тұрған үй / Автордың фотосы

Ректордың рұқсатымен Халида Есенғұлқызы осында қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрды. Мерекелік концерттер ұйымдастырды.

Шарманов жайындағы шындық: Ақтөбе медицина институтының ректоры Төрегелді Шарманов қалай Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды? Республика басшысы Дінмұхамед Қонаев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысынан Шармановқа мінездеме беруді сұрайды. "Кісілігі бар, талабы жоғары азамат. Талантты және тынбайтын ұйымдастырушы. Әттең, барып тұрған ұлтшыл" деп сипаттайды облыс басшысы. Сонда Димекең "маған керегі де осы еді" деп Шармановты министр тағайындаған.

Шарманов Алматыға кеткен соң Халиданың басына бұлт үйірілген. Студенттерге "қазақпен қазақ қазақша сөйлессін" дейтіні үшін. Оркестр құрғаны үшін. Облыстық партия комитеті Маманованы партиядан шығару ниетімен институтта жиналыс өткізді. Бірақ, көпшілік коммунистер оны қатарында алып қалды. Партком хатшысы Саламат Ахметғалиев сынды ар-ұяты бар ғалымдар жанын сала қорғады. Дауыс бергенде екі адам ғана "шығарылсын" деп қол көтерген.

Амал не, он жастан бастап көрген қорлығы елу жыл соңынан қалмапты. Халиданы Парижге халықаралық симпозиумға шақырған. Әрине, барғызбайды.

– Баяндамасын сол жерде баяғы тәлімгері Глозман оқып берді, – деп күрсінеді Медет Маманов.

Мексикадан, Жапониядан, басқа жақтан келген шақыртулар аяқсыз қалды. "Сенімсіздер" тізіміне түскен Халида Есенғұлқызына капиталистік елдерге шығуға тыйым салынған. Тек 1977 жылы социалистік Болгарияға дем алуға рұқсат берілген. Сырын қазір түсінгендейміз.

...Сол Болгарияда жұмбақ жағдайда қаза тапқан Халида Маманованың денесін Ақтөбеге әкеліп жерлейді. Қандай жағдайда қаза тапқанын анықтау онда студент Медеттің қолынан келмеген. Қазір тіпті, мүмкін емес.

Өмір бойы соңынан қалмаған "халық жауының қызы" деген күдіктен өлген соң да құтылмапты. Пәтерін Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің қызметкеріне берген. Ғылыми жазбалары, симпозиумдарға арналған баяндама, реферат, дипломдары жоқ болып кетті.

Қазақстан тәуелсіздігінен кейін 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңның негізінде марқұм Халида Есенғұлқызы Маманова "саяси зардап шегуші" деп танылды. Онымен кімді жұбатқандайсың?!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.