Бата берудің де, сыйлы адамның батасын алудың өз орны, реті бар. Оған деген құрмет ақысын төлеуден жоғары болуға тиіс. Алайда, қадір-қасиеті бар осынау жоралғыны жерге таптайтын сәттердің куәсі болғанымызды айтуды жөн санадық. 

Жылда қасиетті ораза айы кезінде жекелеген мектеп жасындағы балалар жарамазан айтқан болады. Барын салып, тәп-тәуір ұйқасымен заманға лайықтап шумақтар құрады. Дәстүрді жалғастырып, оны өнерімен өрнектеген өрендерге мың рахмет, талабына нұр жаусын дерсіз. Ал, енді біреулері жарамазанды шала-пұла айтқан болып, арамзалықпен сұраншақтанады. Тіпті көпшілік орынға, ортаға барып, бата беріп, онысына ақша дәметкіш балалар пайда болды. Желікпе топтың ішінен пысықайлар әуес көріп, берген батасы үшін дүбара балаға тиын-тебен қыстырады. О заманда, бұ заман, бала-шағаның үлкенге бата беруі қайдан шыққан, тіпті ерсі емес пе? 

Оның орнына жақсы тақпағын, ақындардың өлең-жырын жатқа оқыса, өзге өнерін көрсетсе жарасып кетпей ме? Осы бағытқа бұрса болмай ма? Қазір "талаптың тоқпағы тасқа шеге қағатынын" үлкен-кішінің бәрі біледі. Егер тыңдаушы талап етсе, талғамын танытса, олар өнерін, білімін шыңдай түсер еді.


Оқи отырыңыз: Атауды біріздендіру қажет


Әйтпесе, жас балалардың шала-шарпы, шөре-шөрелеп бата беруіне не жорық? Мұндай бассыздықтың алдын алу ұлттық құндылықтарымыздың бірегейін аяқасты етуден арашалап қалумен бірдей деп санаймыз. 

Әрбір отбасыдағы тәрбие бірінші кезекте ар-ұятты биік ұстап, ата дәстүрімізді сақтап, аялауға бағытталуы керек. Басқаша айтқанда, обал-сауапты білген атам қазақ "әке тұрып ұл сөйлегеннен без…" деп босқа айтпаса керек.

Ата-ана, ұстаз және жалпы қоғам осы мәселеге көңіл бөліп, ұрпағымыздың жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуіне сеп болады деп сенеміз.

(Жазба қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбайдың Facebook парақшасынан алынды)