Қазақстанға заңсыз жолмен келген қытайлық қазақтар бір жылға бас бостандығынан айырылды
ҚХР азаматтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы жазасын ең жеңіл режимдегі мекемеде өтейді.Зайсан аудандық соты Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-бөлігімен сотқа берілген ҚХР азаматтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты үкім шығарды.
Зайсан аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаза түрі мен мөлшерін тағайындау кезінде сот мұндай қылмыс түрі мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретінін ескерген. Сотталушылар – басқа елдің азаматтары. Олар бұл қылмысқа топ болып, алдын ала сөз байласудан кейін барған.
"Осыған орай, бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауға негіз болмағандықтан, 1 жылға жаза тағайындау туралы шешім қабылданды (1 күн күзетпен ұстау уақытын 2 күн жаза мерзімі ретінде есептеген жағдайда 5 ай 24 күн)", – делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Қытайдан қашқан қазақтар: Қастер мен Мұрагердің жайы қалай?
Сот анықтағандай, сотталушылар шекараны заңсыз кесіп өткені мемлекеттік органдарға белгілі болмай тұра, қылмыстарын өз еркімен мойындаған. Қылмысты жасау орны мен әдісі туралы нақты жауап беру арқылы қылмысты ашуға белсенді түрде ықпал еткен.
Сондай-ақ, екеуі де жас, бұрын сотты болмаған, жас балалары, қарт ата-аналары бар. Осыларды ескере отырып, сот оларды Қазақстанның шегінен тысқары шығару түріндегі жазаны қолданбаған.