Informburo.kz денсаулық саласы мамандарына күрделі кезеңде түрлі қиындықтарды еңсеруге арналған нақты практикалық кеңестерден тұратын "Мамандарға қамқорлық. Қиын кезеңге практикалық кеңестер" кітабының мәтінін ұсынады.

Кітаптың алғашқы 2 бөлімін төмендегі сілтемелер арқылы өтіп оқуға болады:

I бөлім: "Өзіңізге де, өзгелерге де қамқор болыңыз". Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арналған 84 практикалық кеңес

ІІ бөлім: "Көмек, қолдау сұрауға арланбаңыз". Дәрігерлерге арналған 84 практикалық кеңесКітаптың толық аудио нұсқасын осы жерден тыңдауға болады

Үшінші бөлім. Бәрі біткеннен кейінгі кезеңге нұсқау

Бағалау: болып өткен жағдайдың ұшығын табу

Енді, кризис аяқталып, шаңы басылған соң, сол бір аяғымыздан тік тұрып жұмыс істеп жүрген кезде не болғанынан шынымен байыптап көре аламыз. Артқа бұрылып қарағыңыз келмеуі мүмкін, оның орнына тек алға көз тіккіңіз келетін шығар. Артта жанды ауыртар жаман естеліктер, қынжылтар өкініштер бар болар немесе жай ғана соның бәріне тойып кеттіңіз бе екен… Қайткенде де, өзіңізге, айналаңызға және ұйымыңызға сол кездерді бағалауға уақыт бөлгеніңіз пайдалы болады.

Өткен іске мойын бұрып қарауға да батылдық керек. Шынымен не болды? Сіз өзіңіз және айналаңыздағылар үшін кім болдыңыз? Өз-өзіңізге қаншалықты адал болдыңыз? Кім бола алдыңыз? Не істедіңіз, не істей алмадыңыз? Бағалау деген – болған мен бола жаздағанды жоқтау, мойындау және атап өту. Өзіміз кім болғанымызды және не істегенімізді мойындау және мойындату. Бағалауға уақыт тапқаныңызда, өткен мен келешектің жігін бүгін ажырата аласыз. Ол сізге қайтадан қатарға қосылуға не түрткі болатынын түсінуге мүмкіндік береді.

Сіз бен әріптестеріңіз кризистен қандай сабақ ала аласыздар?

№57. Түйіндеу

Жұмыстың қорытындысын шығарып, ортақ бағалау үшін жиналыстар ұйымдастырыңыз. Ондай жиналыстар үш кезеңнен тұрады:

  • Шолу. Саналы түрде әрекет етіп, бір-бірімізбен сөйлесіп, араласқанда-ақ жанымыз тынышталып, алдыңғы жараларымыз жазылып, жаңаны біле бастаймыз. Шолу кезеңінде әр қатысушыға басынан өткендерін айтып шығуға уақыт беріледі. Мұнда фактілер маңызды емес. Маңыздысы – ол адам қазір нені уайымдайды, не сезінетіні. Бұл "бөлісу, салыстыру және білу" кезеңінде өзгелерді тыңдап, жалғыз емес екенімізді, өзгелердің басындағы жағдай да дәл біздікіндей екенін білуге мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, әріптестеріңіздің жағдайы қалай екенін білесіз. Кейде өзіңіз үшін де қандай да бір шешім таба алуыңыз мүмкін.
  • Сараптау. Шолу жасап алған соң, сол ақпаратты сараптап, әріптестеріңізге өзіңіз бастан өткерген стресс, еңсерген қиындықтар туралы айтып, олардікін тыңдауды бастауға болады. Сөйлеп тұрған адамға қажетінше уақыт беріп, оның айтқысы келгенді толық жеткізуіне, жағдай туралы ойын толық айтып, проблеманы нақты көрсетуіне мүмкіндік берген жөн. Жай ғана оған уақыт бөліп, қажет болса, тыныштық сақтап отырсаңыздар болды.
  • Жиналысты аяқтау. Жиналыс қалай өткенін сараптаңыз. Әр жиналыстан соң бірнеше минут бөліп, "Осы жағдайдан қалай өттік? Не сабақ алдық? Қазір қандай күйдеміз?" деп сараптаңыздар. Осы жиналыста айтылған түйіндерге, бір-біріңізге көрсеткен қолдауға алғыс айтып, жылы жымиып, "Сау болыңыз" деп қоштасыңыздар.

№58. Бағалау жүргізіңіз

Бағалау жүргізуге керек сұрақтарды бәріміз жақсы білеміз: мен/сіз/біз нені жақсы істедік және мен/сіз/біз келер жолы нені жақсырақ істесек болады? Бұл сұрақты сәл жұмсартып, "Нені жақсартуға болатынын байқадыңыздар ма?" деп қоюға да болады. Мұны адам аттары мен сандарды атамай-ақ жасауға болады.

№59. Не сабақ алдық

Сол жағдайдан түйген ой, алған сабаққа мән берген аса маңызды. Сол тәжірибеден команданың бір мүшесі, ұйымның бір қызметкері ретінде не білдім, не түйдім? Мұндай жағдай қайталана қалса, нені басқаша, жақсырақ істей алар едім деп ойлап көріңіз. Түйген сабаққа сүйене отырып, бар сценарийді бейімдеген пайдалы болмақ.

№60. Алғыс айтып, марапаттаңыз

Ұйым басшылығы қызметкерлердің бәріне алғыс айтып, кейбірін ерекше атап өтсін. Әріптестеріңізге және/немесе жақындарыңызға алғыс айтуды ұмытпаңыз.

№61. Содан кейінгі қамқорлық

Көп адам үшін кәдімгі күнделікті жұмысы апаттың салдары мен стреске толы жағдайдың жаңғырығын ығыстырып шығаруы мүмкін. Олар бәрін артта қалдыға балап, ілгері жүре береді. Бірақ тағы бір адамдар үшін бұл оқиғала көбіне жадының бір түкпірінде қалып, болып өткеннен соң да ұзақ уақыт есінен шықпай қояды. Стигманың кесірі ме, әлде жағдай өздеріне дәл солай ықпал еткеніне ұяла ма, олар тіпті тұйықталып қалуы мүмкін. Стресс жағдайына әркімнің реакциясы әр түрлі болады. Біреуінің жарасы тез жазылады, біреуінікі көпке дейін қанталап тұрады, соны ұмытпай, бір-біріңізге қамқор болыңыздар. Керек болса, көмекке жүгінуге ұялмаңыздар.

№62. Ескеріңіз

Ұйым үшін маңызды сәттерді ескеріп, не болғанын және оны қалай еңсергенін сараптап отырған маңызды.

№63. Үйде де бағалау жүргізіңіз

Осы ұсыныстарды сәл өзгертіп, өз үйіңізде серігіңізге не туыстарыңызға қатысты қолданып көрсеңіз болады. Уақыт бөліп, артқа бұрылып, түйін жасап, соны атап өтіңіздер.

№64. Келешекке жоспар құрыңыз

№65. Бір-біріңізге қамқор болыңыздар

Төртінші бөлім. Балаларыңызбен қарым-қатынас жасауға ұсыныстар

Осы қиын кезеңде балаларымызбен қалай араласып, сөйлесеміз?

Бұл қорытынды бөлімде өз балаларымызбен қалай араласып сөйлесу керек дегенді қарастырамыз. Көп жұмыс істедіңіз, шаршадыңыз. Бірақ балаларыңыз да сіздің көңіліңізге зәру. Түрлі ақпарат көздерінен оқып, сіздің қазіргі істеп жүргеніңіз күнделікті жұмысыңыз емес екенін біледі. Қиын-қыстау кезеңде ата-аналар қатарлы, балалар да ерекше көңіл бөлінгенін қажет етеді.

№66. Шартсыздық

Бұл жағдай балаға қалай әсер ететінін, оны қандай белгісіз, түсініксіз күйге түсіретінін ойлап көріңіз. Мұндай жағдайда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың берік іргесін еш шарты жоқ, риясыз махаббат қана қаласа керек. Осы қиын кезеңде ата-анама сенім арта алам ба? Олардан тәуелді бола алам ба? Балаңызды осыған сендіріңіз.

№67. Өзіңізге де балаңыздай қараңыз

Әрине, ата-ана да кейде әлсіз, кейде күмәншіл бола алатынын көрсете білуі керек. Уайымыңызды, үрейіңіз бен мұңыңызды мойындамай, басыңызды ала қашпаңыз. Өз алдыңызда да, жақындарыңыз алдында да. Әйтсе де, жұмысыңыз үй-ішіңіз бен балаларыңызға қалай әсер ететінін де ойлаған жөн.

№68. Үйге оралу

Үйге үрей, қорқыныш пен мұңды ілестіре келгенде, мынау есіңізде болсын:

  • Сіз бұрынғыдан жылдамырақ ашуланып, дөрекі сөйлеп не беймаза күйге түсуіңіз мүмкін;
  • Балаларыңыз сіздің көңіл-күйіңізді сезеді;
  • Сіздің көңіл-күйіңізге балаларыңыз өз эмоциясымен және әрекетімен жауап реакция көрсетуі мүмкін.

№69. Проблемалар ортақ болсын

Балаңыз өзін қинап жүрген проблемаларын сізбен бөлісе алғаны маңызды. Балаңызды тыңдаңыз. Сіздің жұмысыңызға қатысты қандай да бір сұрақтары бар шығар. Не болмаса, жаңалықтардан естігеніне алаңдай ма екен?

№70. Балаңызға қандай сезімде екеніңізді қай кезде айтса болады?

Уайым, алаң, эмоцияңызды ішіңізде жасырмай, сыртқа шығарыңыз. Бірақ оны мүмкіндігінше ересектерге, айталық, серігіңізге, досыңызға, әріптесіңізге айтыңыз. Барынша оны кішкене балалардан аулақ жерде сөз еткен дұрыс. Олар көбінесе біз ойлағаннан да көп естиді. Балаларыңыз болса, оларға да айтыңыз, бірақ байқап айтыңыз. Олар сіздің уайымыңызды өзінің уайымына не қиялына айналдырып алмай, сізді дұрыс түсінгенін қадағалаңыз.

№71. Барынша шын әрі түсінікті айтыңыз

Балалармен сөйлескенде олар сіздің басыңыздағы жағдайды дұрыс түсінуі үшін шыныңызды айтып, барынша анық ұғынысқаныңыз жөн. Бұл олардың жағдайды ойша ушықтырып жібермеуіне сеп болады.

№72. Балаларға неше жасында және не айтуға болады?

Балаларды 12 жастан кіші және 12 жастан асқан деп бөлуге болады. 12 жасқа толмаған балалармен әдетте олар түсінетін, олардың өз әлеміне тән нәрселер туралы сөйлесіңіз. Күрделі нәрселер туралы айтар болсаңыз, олар болжам емес, нақты дәлелденген фактілер болғаны дұрыс. Одан сәл ересектеу балалар әрнені салыстырып, жаны ашып, өзгелердің проблемасын не уайымы мен алаңын талқылап, өздері де ақпарат іздей алады. Яғни, оларға айналада не болып жақаны туралы егжей-тегжейлі айтып беруге болады деген сөз.

№73. Жігіттер, қыздар, әлеуметтік желілер

Балаларыңыз айналада болып жатқан жағдайды ұқпайтын достарынан шошып, өзгелердің идеяларымен және әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпаратпен басын қатырып жүрмегеніне көз жеткізіңіз. Мектеп жабық болған соң, олар уақытының көбін интернетте өткізетінін ұмытпаңыз.

№74. Көңіл бөліңіз

Балаңызға 15 минут тұтастай, өзіне ғана, басқа ештеңе алаңдамай көңіл бөліңіз. Бұл бір сағат баланың қасында, бірақ басқа біреумен телефонмен сөйлесіп отырғаннан жақсырақ.

№75. Жайлылық пен сенім

Балаңыз уайымдап жүрсе, оны тыныштандырып, осы жағдайды түзеу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істеп жүргеніңізге сендіріңіз.

№76. Үміт сыйлайтын ойлар

Балаңыз үрейлі ойлардың шырмауында қалмай, көмек пен үміт тұрғысынан ойлай бастауына жағдай жасаңыз.

№77. Күйбең

Кризис кезінде балаларыңыздың күнделікті тірлігі де өзгереді. Үйде әдеттегі күйбеңнен барынша ажырамауға тырысып, тынығу, тазалық және тұрақтылық деген ежелгі аксиомаларды ұмытпаңыздар. Күнді бастан-аяқ дұрыс жоспарлап қойса, алда не болары белгісіз кезде ол жақсы көмектеседі.

№78. Хобби, сауық пен тынығудың маңызы зор

Спорт клубтары жабық, үйден тыс көңіл көтеруге мүмкіндік жоқ кезде көңіл көтеріп, демалу ісіне креатив тұрғыдан келуге тырысыңыз.

№79. Түсіну

Балаларыңызға олардың жаттығудан қалғанына, ойыны азайып, тіпті достарымен сауық кешін жасай алмағанына ренжіп жүргенін түсінетініңізді көрсетіп, балама тауып көріңіз. Айталық, кешкі асты бірге дайындаңыздар, бақша салыңыздар немесе қолан әлдене жасайтын бірнеше күндік жоба бастаңыздар.

№80. Сезім

Балаларыңыз қандай күй кешіп жүргенін ойлаңыз. Ондай эмоцияларды анықтап, танып, нақтылап алу оларды түсініп, мойындауды оңайлата түседі. Оған сіздің сезімдеріңіз қатысса да болады. Одан бөлек, балаларыңыздың эмоциясын білдіруіне де мұрсат беріңіз. Көңілі түсіп, қорқып, ашуланып отырғанын не бақытты екенін көрсете білген дұрыс. Оларға не көмектесетінін бірге отырып анықтаңыздар: сөйлесу ме, әлде жүгіріп қайту болар, тіпті жылап алу мен сурет салу да болуы мүмкін. Балаларыңызға эмоциясын дұрыс көрсетуден үлгі болыңыз.

№81. Релакс

Балаларыңыз қалайша тынышталып, босаңси алады? Күндіз не болғанын талқылап, ойын ойнап, массаж жасап беріңіз, бірге кітап оқыңыздар.

№82. Уақыт

Сізге де, балаларыңызға да тынышталып, өзінің уайымы мен эмоцияларынан арылуға уақыт керек.

№83. Инициатива

Балаларыңыздың әр бастамасына қолдау көрсету туралы ойлап көріңіз. Мысалы, олар ата-әжесіне видеоқоңырау шалып, көршіге азық-түлік апарып беріп не оның бақшасын суғаруына болады. Бұл жақындықтың мәнін ұғынып, өзгелерге қол ұшын беруді үйретудің жақсы тәсілі.

№84. Қалай болғанда да, өзіңізге де, өзгелерге де қамқор болыңыз