Оның ішінде жеке кәсіпкерлердің үлесі – 64,2%, шағын және орта кәсіпкерлік заңды тұлғалардың үлесі – 35,5%, шаруа қожалықтары немесе фермерлік шаруашылықтардың үлесі – 0,3%.


Ақпарат көзі: ҚР ҰЭМ СК

Ең алдымен бизнес инсайт (вusiness іnsights) деген не сұрағына жауап берсек:

Business іnsights дегеніміз, қазақшалап айтсақ, кейбір жағдайлар мен проблемаларды бұрынғыдан басқаша түсінуге септігін тигізетін ой-пікір, деректердің және/немесе деректер талдамасының, мәліметтердің, әрекеттердің ұштастығы. Бұлар – бизнестің әлеуеті, әдетте оның өсуіне әсер ететін алғышарт. Бизнес инсайт шын мәнінде ойлау жүйесін басқа арнаға, өзге кеңістікке бұра отырып, компания үшін күтпеген стратегия жасақтауға жол ашады.

Ерғали Бегімбетов "Басқармай-ақ басқару" деген қағидатты ұстанады

Ол – "Amanat" Сақтандыру компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы. Оның пікірінше, корпоративтік мәдениетті өзгерту үшін алдымен өзің өзгеруің керек. Басшының басты міндеті – шешім қабылдау емес, сенім орнату деген Фрэнсис Фукуяманың тәмсілі жүз пайыз дұрыс деп санайды.

– Қызметкерлер клиенттерден де маңызды. Тек бақытты қызметкер ғана клиенттерді бақытқа кенелте алады. Салы суға кеткен, өзіне-өзі сенбейтін талайсыз маманның бойынан ондай қабілетті табу қиын, – дейді Ерғали Бегімбетов.

Қызметкерлердің ынтасына қатысты пікірі де өзгеше.

– Қызметкерді жазалаудың мәні жоқ. Ол атқаратын жұмысынан ләззат алып, өзінің шеберлігін мақтан тұтуы тиіс. Жұмыстан кешігу мен күресудің де маңызы шамалы. Өзіне деген сұраныстың жоғарылығын сезінетін қызметкер, айтқызбай-ақ, жұмыс орнында уақытында табылуға тырысады, – дейді.

Алматыда шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны – 594,3 мың адам. Бұл Республика бойынша жалпы санның 18%-ы.

Дәмел Мектепбаевадан вusiness іnsight

Ол – Nazarbayev University Даму және инновациялар департаментінің аға менеджері, Халықаралық Hoope медициналық стартапының негізін қалаушылардың бірі. Айтар әңгімесі стартаптарға қатысты.

  1. Адамдар стартапты идеядан бастайды, алдымен өздерінің түйсігі мен сезіміне ырық береді. Әсіресе техникалық мамандық иелері, басқаша айтқанда технарьлар осындай қатені көп жібереді. Ең алдымен мәліметтер мен деректерге, статистика мен адамдардың пікіріне, сауалнамаларға жүгіну керек. Бұл идея тек сіздің басыңыздағы иллюзия ғана емес екеніне, бизнеске, сіз бен бізге, адамдарға қажетті екеніне көз жеткізіп алыңыз. Идея тек сізге ғана қажетті дүние болып жүрмесін.
  2. Көпшілік стартапты немесе идеяны тамаша команда ғана дүниеге әкеледі деп санайды. Әрдайым олай емес. Сіздің идеяңыз бен стартапыңыз уақытын тауып, адамдар оны тұтынуға дайын болғанда өмірге келуі керек.
  3. Бизнесті тек ақша табу үшін ғана бастайтын адамдар көбінесе береке таппай қалады. Ал өмірге құндылық әкелуге тырысатын кәсіпкерлер ғана пайда да әкеледі, ақшаны да табады. Мысалы, Apple секілді адамзаттың тарихына өлшеусіз үлес қосқан алып компаниялар алдымен ақша табуды емес, адамдарға құндылық сыйлап, олардың тұрмысын жақсартуды көздеген. Сондықтан құндылық ақшадан да қымбат.
  4. Коммуникациялар. Қандайда бір бизнесте табысқа жету үшін сіз адамдармен байланыс орната алуыңыз керек. Өз жобаңызды түсінікті тілмен қысқа да нұсқа түсіндіре алуыңыз керек. Осындай себеппен бізде ғалымдар арасында өз жобаларын бір, үш, бес минутта таныстырып шығу туралы байқаулар бар. АҚШ-та бұл "лифт ішінде лездеме – әңгіме" деп аталады. Өйткені, көптеген стартап бастаушылар танымал, қалталы кәсіпкерді қуа лифтіге жүгіріп кіріп, жоғарыға көтеріліп болғанша жобасын таныстырып, оған визиткасын ұсынып үлгеруге тырысады. Егер жобаңыз туралы адамдарға ұғынықты тілмен әдемілеп таныстыра алсаңыз, онда өзіңізбен ниеттес тұлғалардан команда жасақтай аласыз.

Шағын және орта бизнес субъектілері Алматыда 2018 жылы өндірген өнімдер 7 трлн 070,2 млрд теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 15,2%.


Ақпарат көзі: Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті

Ирина Чен өз компаниясында жіберілген қателіктердің құнын санап шыққан

Ирина Чен – "Рarty-food" брендінің негізін қалаушы, Қазақстандық қоғамдық тамақтандыру желісінің қожайыны.

Ол жоғалтқан табысты, ауыздан қағылған кірісті, келмеген клиенттерді, кеңесшілердің біліксіздігін, стратегияның жоқтығын, нәтижелердің қадағаланбауын (KPI), бюджетті жоспарламау секілді қателіктерден келген шығын көлемін 190 млн теңгеге бағалапты. Ойлана келе, ол компаниясының құрылымын өзгерткен.

Қазір оның компаниясында:

  • Стратегиялық даму департаменті;
  • Таңдандырып тамсандыру департаменті;
  • Қонақты бақытқа кенелту департаменті;
  • Дәм департаменті;
  • Табыс департаменті;
  • Қызметкерді бақытқа кенелту департаменті;
  • Бақылау департаменті және Франшизаны дамыту департаменті деген құрылымдық бөлімшелер бар екен.

Осыдан кейін жағдай күрт өзгерген.

Алматының Жалпы өңірлік өнімі 2019 жылы 2,3 млрд. теңгені құрады.


ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті

Инна Апенко Қазақстанда да бренд пен ғаламдық тарих жасауға болады деген сенімде

Ол – Mimioriki балалар киімі брендінің негізін қалаушы.

"Біз де сапалы әрі тамаша дүние жасай алатынымызды басқаларға көрсетіп, оларға үлгі бола алайық, балаларға отаншылдық сезімді жоғарыдан бұйрық беру арқылы емес, өзіміз тәрбиелейік" деп үндейді.

Жалпы "өзімізге, өзіміздікіне" қатысты қарым-қатынас парадигмасын өзгертуіміз керек деген пікірде.

Сонымен бірге әлемдік озық үлгіден де асып түсетін өнім жасай аламыз, өнімдерімізге аутентикалық қасиет берейік, отандық брендтер төңірегінде құндылықтарға негізделген қоғамдастықтар құрайық, колларборациялар құрып, күш біріктірейік, әлем бойынша WOW-эффект тудырайық (таңдай қақтырайық) деп шақырады.

Алматы қаласында 2018 жылғы салық түсімдері 8%-ға өсіп 1,9 млрд. теңге болған. Негізгі салық төлеушілер – шағын және орта бизнес субъектілері. Олардан еліміз бойынша барлық салық түсімдерінің 62%-ы түскен.

Кәсіпкер Ирина Маджуга бизнестің өспеуіне кедергі үш себепті атады

Ирина Маджуга –– Obis компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі басқарушы директоры.

  1. Бизнес иесінің жұмысбастылығы;
  2. Бизнесте арқа сүйердің болмауы;
  3. Мақсаттардың орындалмауы.

Бұларды шешу үшін және үш қадамнан тұратын шешімді ұсынады:

  1. Міндеттердің басым бөлігін бөліп беру;
  2. Нақты көмекшілер құрамасын жасақтау;
  3. Қызметкер үшін берілген тапсырманы орындамау мүмкін болмайтындай жағдай тудыру.

Алматыда 2018 жылғы салық түсімдері 8%-ға өсіп 1,9 млрд. теңге болған. Негізгі салық төлеушілер – шағын және орта бизнес субъектілері. Олардан еліміз бойынша барлық салық түсімдерінің 62%-ы түскен.


Ақпарат көзі: Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті

Ең алдымен компанияның бірінші басшысының брендін жасақтау керек

PR және маркетингтік коммуникациялар бойынша кеңесші Байрам Азизов осындай пікірде. Мұндай жеке бренд жасау бірнеше пайда әкеледі дейді ол:

  1. Қызмет немесе тауар құны көтеріледі;
  2. Компанияның танымалдығы артады;
  3. Бәсекеге қабілеттілік артады;
  4. Ұзақ мерзімдік кезеңде шығындар төмендейді.

Алматыда 2019 жылдың бірінші тоқсанында салық түсімдері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10% өсіп, 684,1 млн теңгені құрады.

Қырғызстандық кәсіпкер Айжан Чыныбаевадан бизнес инсайт

Айжан Чыныбаева өз елінде бизнесті дамыту үшін алдымен "Мемлекеттің арман-тілегінің картасы" жасалғанын жеткізді. Онда елдің көздеген мұраттары мен бетке ұстарлары бейнеленген көрінеді. Мақсаттар біртіндеп орындалып келеді дейді.

Сондай-ақ, бұл елдегі кедей-кепшікке көмектесуге бағытталған тағы бір бастаманы атап өтті. "Отбасына бір-бір сиырдан сыйлайық" атты жоба бойынша әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек бала-шағасы барларға көмек көрсетіліп, жағдайларын жақсартуға септесіпті.