Алматылықтар цифрлық сауаттылыққа тегін оқытылады

Курстар маусым-тамыз айларында қаладағы барлық мектептер мен колледждерде ұйымдастырылады. Бүгіннен бастап 30 мамырға дейін оқу орындарының информатика пәнінің мұғалімдері тренерлікке оқытылып жатыр. Курс аяқталған соң педагогтар халықты цифрлық сауаттылыққа үйрететін болады.

Тұрғындарға компьютерді пайдаланудан бастап интернетте жұмыс істеу, e-gov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу (анықтамалар, бала-бақша, мектепке кезекке қою), ашық үкіметті қолдану жолдары түсіндіріледі. Курсқа жазылу үшін Алматы әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлімінің 1308 нөміріне хабарласу керек.

Түлектер оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасатынына сенімді болуы тиіс

Үкімет басшысы А.Мамин осылай деп мәлімдеді. Премьер-Министр Үкіметтің отырысында кадрларға қажеттілікті болжау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар жобалық кеңсе құрып, жоғарғы оқу орындармен әріптестіктің нақты механизмдерін дайындап, қызығушылық танытқан бизнес-қауымдастыққа колледждерді сенімгерлік басқаруға береді.

Айтуынша, отандық экономикамыздың ірі компания көшбасшылары сенімгерлік басқаруына шамамен 150 колледжді, университеттер 50-ге жуық колледжді ала алады. Бұл ретте Үкімет басшысы әрбір түлектің өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керектігін баса айтты.

Елімізде батуттардың пайдаланылуын бақылайтын құзіретті орган жоқ

Төтенше жағдайлар комитеті Премьер-министрге батуттар мен басқа да аттракциондардың талапқа сәйкес пайдаланылуын бақылайтын мемлекеттік органды анықтайтын ұсыныс әзірлеп жатыр. Комитет төрағасы В.Беккердің айтуынша, құқық қорғау органдары бұл процесте тек ұсыныс бере алады. Бұл ретте ол төтенше жағдайлар комитетінің батуттарды пайдалануға тыйым салу құзіреті жоқтығын баса айтты.

Жыл басынан бері Қазақстанда 81 адам суға кетіпті

Қайғылы жағдайдан көз жұмғандардың 23-і балалар. Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильиннің айтуынша, балалардың дені ата-анасының қарауынсыз қалған.

Қазіргі таңда елімізде суға түсуге арналған 107 қалалық, 500 жеке жағажайлар бар. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге 1510 ескерту белгілері, адам өлімі болған жерлерге 378 көрнекі стенд орналастырылған.

Криптовалюталық пирамида құруға күдікті қазақстандық Ресейде ұсталды

Күдікті азамат 2019 жылдың қаңтар айынан бері тергеу органдарынан қашып жүр. Оған халықаралық іздеу жарияланған.

"Ер азаматқа криптовалюталық пирамида құрып, табыс табуға уәде берумен ірі инвестиция тартуға күдікті деп танылып отыр. Жәбірленушілердің бірі қаскүнемге 13,9 млн теңге аударған. Осыған ұқсас 300-ге жуық алаяқтық фактілері тіркелген" деп хабарлады Ресейдің Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк.

Ұсталған азамат қазір қамауда. Қазір оны Қазақстанға экстрадациялау мәселесі шешіліп жатыр.

Құмар Ақсақалов ҰБТ ұйымдастырушыларын балаларға қатысты бассыздыққа жол бермеуге шақырды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ұлттық тестілеуге дайындықтың сақадай сай екенін мәлімдеді. Бұл ретте балаларға зақым келтірмес үшін тестілеуге өткізу алаңынан тексеру кезінде барлық рәсімді дұрыс өткізуге кеңес берді. Кейбір қызметкерлердің мұндай жағдайда артық кететінін де еске салды.

– ҰБТ тапсыру – күйзеліс кезеңі. Психологиялық дайындық керек. Қажетті баллды жинамаса да бұл күні ата-аналар балаларын қолдауы керек, – деді әкім. Солтүстік Қазақстан облысында ҰБТ шамамен 24-26 маусым аралығында өтеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Қазақстандықтар ел ішінде ақшаны аз аударатын болған. 2019 жылдың соңғы төрт айында елімізде халықаралық жүйелер арқылы жасалған ішкі ақша аударымдары 11,3 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,8% аз.

24.kz: Қазақстан туристер үшін қауіпті мемлекеттер тізіміне кірді. Зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстан жол апаты жиі орын алады. Туристер үшін қауіпті мемлекеттер тізімінен Африка елдерін, Иран, Доминикана, Таиланд және Вьетнамды да кездестіруге болады. Әлемдік сарапшылар денсаулық, қауіпсіздік, жолдағы ахуалды бағамдай келе, туристерге арналған нұсқаулық әзірледі. Саяхатқа қолайлы мемлекет ретінде Норвегия, Финляндия, Исландия таңдалыпты.

ktk.kz: Адамның туған уақыты өмір сүру ұзақтығына әсер ететіні анықталды. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, күз айларында дүниеге келгендердің дені көп жасайды екен. Ал, көктем мезгілінде дүние есігін ашқандардың, өкінішке қарай, ғұмыры салыстырмалы түрде қысқа болатын көрінеді. Қыста туғандар шизофренияға бейім келеді. Аллергияға жиі шалдығады. Сонымен қатар, американдық мамандардың есебінше, жыл басында дүниеге келген балалардың сабақ үлгерімі жақсы. Оқымыстылар өз зерттеулерін болжамдардан гөрі адамның туған уақытына байланыстыра отырып жүргізгендерін жеткізді.