Жазықсыз балалар түрмеде не үшін отыр? Жауғашты колониясынан фоторепортаж
Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде 430 әйел жазасын өтеп жатыр. Колонияның басты ерекшелігі – мұнда сотталған келіншектер үш жасқа дейінгі балаларымен бірге тұрады. Бұл Қазақстан бойынша сотталған әйелдердің баласымен бірге болуына рұқсат етілген жалғыз түрме. Абақтыдағы бүлдіршіндер қалай өмір сүріп жатыр? Informburo.kz репортажы.
Жауғашты түрмесінің аумағында дуалмен қоршалып, бөлек оқшауланған ғимарат бар. Бұл – балалар үйі. Қазір мұнда 20 бүлдіршін тәрбиленіп жатыр. Жетпісінші жылдары тұрғызылған қос қабатты нысан сырт көзге қарапайым балабақша тәрізді көрінеді.
Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары
Сұрықсыз қабырғалары түрлі-түсті суретпен көмкеріліп, бөбектердің көңілін аулар бар жағдай жасалған. Аналары да күндіз-түні қастарында. Баланың психологиясын бұзбай, үйдегідей әсер беру үшін аналарына түрменің формасын кимеуге рұқсат етілген.
"Мен бұл колонияға қатардағы қызметкер болып келген кездің өзінде балалар үйі жұмыс істеп тұрды. Ол уақытта 4-5 бала жатқан еді. Бірақ бүлдіршіндер шағын ескі тамда тұратын, жағдайлары жөнді болмады. Сосын Заречный колониясындағы жазасын өтеп жатқан ер азаматтарды алғызып, екі қабатты ғимарат салғыздық. Құрылыс жетпісінші жылдары аяқталды", – деді колонияны 1978-86 жылдары басқарған Әмірбай Шонбаев.
Мекемеге тек колония қызметкерлері мен балалардың аналары ғана кіріп-шыға алады. Ал бөтен адам келсе, балалар қонақтарға таңырқай әрі жатырқай қарайды. Жазасын өтеуші келіншектерді сөзге тарту қиын. Қойылған сұрақтарға құлықсыз жауап беріп, өткен өмірі туралы айтуға именеді.
Балалар үйінде Денис Тен өлімі бойынша сотталған Жанар Толыбаеваның ұлы да бар
Ол шақалағын сот процесі кезінде уақытша ұстау изоляторында туған болатын. Қазір ұлы Дияс алты айға толған. Толыбаева түрмеге түскеніне әлі есеңгіреп жүргенін, бірақ тағдырдың сынағына төзетінін айтты.
"Баламен алданып уақытымның қалай өтіп жатқаны білінбейді. Дегенмен жырақтағы ата-анамды, тұңғыш баламды қатты сағынамын. Бостандықтың қадірін білдім, ешкімнің басына мұндай жағдайды салмасын. Бұл жерде балаларға күтім жақсы. Бірақ түрменің аты түрме, бүлдіршіннің психологиясына кәдімгідей әсер етеді. Бізден және полицейлерден басқа адам көрмейді. Сол үшін қыс басталмай баламды анама беріп жіберемін. Мұндай ортада тәрбиеленгенін қаламаймын", – деді жазасын өтеуші.
Балалар абақтының ар жағында қандай өмір барын білмейді
Бүлдіршіндер өздері тұратын үйдің ауласында ғана серуендейді. Өзге жаққа шығып, танымын дамытуына мүмкіндік жоқ. Қатаң тыйым салынған. Сол себептен, абақтының ар жағындағы өмірді тек аналарының әңгімелерінен естиді.
Сотталған әйелдер күндіз-түні балаларының жанында болады. Отрядқа тек тамақтануға және күн сайынғы тексерістен өту үшін барады. Ол уақытта бүлдіршіндерді бала күтушілері қарайды. Штат бойынша сегіз күтуші жұмыс істейді. Ең қызығы, бала күтушілерінің өзі Жауғаштыда жазасын өтеп жатқан әйелдер.
"Бұл қызметі үшін күтуші 25 мың теңге көлемінде жалақы алады. Әрине мінезіне мән береміз. Бастысы, ауыр қылмыс жасамаған болуы шарт. Біздегі бала күтушілері экономикалық қылмыс жасағаны үшін сотталғандар", – деді балалар үйінің басшысы Байрам Асланов.
Түрмедегі бөбектерге жаялықтан бастап киім-кешек, ойыншыққа дейін тегін беріледі. Төрт мезгіл тамақ қарастырылған. Бекітілген норма бойынша балалар дәруменге бай көкөніс пен жеміс-жидектен, сүт өнімдерінен де тарықпайды екен.
Бұл жердегі балалар – еңбектейтіндер, жүретіндер, ересек және оқшау топтарға бөлінеді. Баланың қабілетін жетілдіру үшін методика кабинеті жұмыс істейді. Мұнда кішкентайлар қоршаған ортаны, жан-жануарларды танып, түстерді ажыратуды үйренеді. Үшке таяған балалар тіпті әріп танып шығады екен.
Анасының қылмысы үшін, балалар кінәлі емес. Бүлдіршіндер бостандықта өмір сүруі қажет
Бөбектерге жағдай жасалғанымен, қоғаммен байланыссыз оқшау өсу – қасірет. Мұнда жазасын өтеуші әйелдер осылай дейді. Түзету мекемесіндегі жасы ең үлкен ана Дильфуза Тілеуқабылова күн санап әрең жүр. Біреудің ала жібін аттап, опық жеген келіншектің жанына баласын да түрмеде тұруға мәжбүр еткені батады. Ол қылмысқа қаржылық қиындықтан барғанын айтты.
"Баламның еш жазығы жоқ, оны осындай күйге түсіргеніме кінәлімін. Өткенге қайта оралсам, қылмысқа бармас едім. Ақша болмады, балаларымды асырау үшін заңнан аттадым. Ақыр соңы менің кесірімнен қызым алғашқы жылдарын түрмеде өткізуге мәжбүр болып отыр. Тамағы тоқ, көйлегі көк. Бірақ үйде өспеген соң қиын", – деді жазасын өтеуші Дильфуза Тілеуқабылова.
Анасы қылмыс жасап, темір торға қамалғанымен, "бүлдіршіні бостандықта" болуы керек дейді психологтар. Бала психологиясын зерттеп жүрген Маргарита Ускембаеваның сөзінше, кішкентайлар титтейінен қандай жағдайда өсіп жатқанын сезеді. Сондықтан оларды бөліп-жармай қоғамдық жерлерге және мәдени демалыс орындарына шығарып тұрған жөн екен.
"Балалар қылмыскер емес, анасының қылмысы үшін оларды оқшаулау дұрыс емес. Өсе келе жасқаншақ болуы мүмкін. Дамуында психикалық тежеуі пайда болуы да мүмкін", – дейді Маргарита Ускембаева.
Колонияға аяғы ауыр келіншек түскенде, ол бірден дәрігердің бақылауына жіберіледі. Босанатын ай-күні анықталады. Ал толғағы жақындағанда сотталушы Өтеген батыр ауылындағы перзентханаға жеткізіледі. Сол жерде босанып, қол-аяғын бауырына алғанша бөлек палатада жатады. Оңтайлы сәтті пайдаланып, қашып кетпеуі үшін айдауылдар күзетеді. Кейін түрмеге қайта оралады.
"Босанғаннан кейін нәрестеммен бірге 40 күн изоляторда жаттым. Балам ортаға бейімделгесін, балалар үйіне келдік. Алаяқтық бабымен бес жылға сотталдым. Түрмеде әлі біраз боламын. Қазір ұлымның қасында болып, барынша аналық мейіріміме бөлегім келеді. Ал 1,5 жасқа толғанда әкесіне жіберемін. Бұл жерде менің кесірімнен қамалып жатқаны жаныма батады. Ол басқа балалар сияқты еркін өмір сүруі тиіс", – деп сөзін түйді жазасын өтеп жатқан Анна Иванова.
Бүлдіршіндер түрмеде 3 жасқа дейін өмір сүруге мәжбүр
Түрмедегі балалар үйі 50 орындық. Балалар үш жасқа толған соң бірден түрмеден шығарылады. Бала әкесіне немесе туған-туыстарына беріледі. Егер жазасын өтеуші әйелдің ешкімі болмаса не жақындары баладан бас тартса, бүлдіршін Бағанашылдағы №1 жетімдер үйіне жіберіледі. Кейінірек баланы ұзақ немесе қысқа мерзімді кездесуге алып келеді. Ал шешесінің рұқсатынсыз сәбиді ешкім асырап ала алмайды. Дегенмен, Жауғашты колониясында бұндай жағдай сирек кездеседі екен. Тек жуықта ғана бір бүлдіршін жетімдер үйіне өткізілген.
Жауғаштыда баласы жоқ жазасын өтеушілер үшін тәртіп темірдей. Түрме формасын киіп, шаштарын жинап жүруі шарт. Колония маңайын мұнтаздай тазартып, көріктендіру жұмыстарын жүргізу сотталған келіншектерге міндеттелген.
Тар қапасқа қамалғандарға бос уақыт та беріледі. Мүмкіндікті пайдаланып кітапханадан сауат ашып, үйірмелерге қатысуына болады.
Жауғаштыда жазасын өтейтін 200 әйел жұмыспен қамтылған
Олардың басым бөлігі тігін өндірісінде істейді. Әйелдер тапсырыспен әртүрлі жұмыс киімдерін тігеді. Алматы облысының полиция қызметкерлерінің формасы осы колониядағы жазасын өтеушілердің қолынан шыққан.
Жабық мекемедегі әйелдердің басты ермегі – жұмыс. Бірақ оған екінің бірі қабылданбайды. Тәртібін түзеп өзін жақсы көрсеткендер және қолынан іс келетіндерге мүмкіндік беріледі.
Колония аймағында жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы аптадан бастап тауық өсіру қолға алынды. Сотталған келіншектер 1500 тауықты күтіп-баптап жатыр. Келесі жетіден тауықтар өнім бере бастайды. Күніне 1500-ға жуық жұмыртқа сатылымға шығарылмақ.
Бұған қоса электр тауарлар жинайтын шағын цех жұмыс істей бастады. Кәсіпорынға 20 келіншек жұмысқа қабылданыпты. Жазасын өтеушілер таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін еңбек етеді. Құрастырылған әр бұйым үшін жұмысшыға 5 теңге төленеді. Сотталғандар еңбекақысымен жәбірленушілерге келтірген шығындарын өтейді. Кейбірі өз қажеттіліктеріне жұмсайды. Олардың ай сайынғы орташа жалақысы 26 мың теңге шамасында.
"Түрмеде жұмыссыз жүрсең қалың ойдан арыла алмайсың. Оның үстіне уақыт та жылжымай қояды. Жұмысқа орналасқаныма өте қуанып жүрмін. Ақшадан бұрын еңбекпен айналысатыным, жаман ойдан арылтады", – дейді сотталған Светлана Зенкина.
900 шаршы метр аумаққа қазір жылыжай жасалынып жатыр. Онда тағы 5 сотталушы еңбек етеді деп жоспарланған. Жылыжайға қияр мен қызанақ өсіріп, жыл бойы өнім алу көзделіп отыр. Орта есеппен күніне 700 келіден бастап, тоннаға жуық көкөніс жиналмақ. Өнімдер дүкендерге сатылымға шығарылады.
Жауғашты колониясында жазасын өтеп жатқандардың әрқайсының тағдыры әр түрлі. Бірі қылмысқа қасақана барса, енді бірі абайсызда от басқан. Алпысыншы жылдары бұл түрмеде бухгалтерлер, судьялар мен заң саласының қызметкерлері көп отырған екен. Қазір жазасын өтеушілердің дені алаяқтық пен ұрлық бабы бойынша қамалған. Сондай-ақ мұнда адам өлтірген әйелдер де көп.