Жазда ЭКСПО. Ал астаналықтар мен қала қонақтары әлі шырша түбін "суарып" жүр
Сыпырушының жұмысы оңай емес. Тазалық деген қоқыс пен шаңды бұрқыратып бір жерден екінші орынға көшіру емес, ұқыпты әрі әдемі сыпырудың өзі – өнер.
Сатанов Боранбектің жасы 53-те, үшінші топ мүгедегі. Аяғын сылти басып, көше бойында жәшігін сүйретіп, қоқыс жинап жүргеніне 17 жыл болды. Бір ұл, бір қызы бар.
Алғыс көп естимін...
Мүгедектігіне алатын 24 мың теңге төлемақысы неге жетсін. Сондықтан көше сыпырып, нәпақасын айырады. Оның үстіне әйелі де ауыр жұмысқа жарамайды.
"Қызым колледжде ақылы оқиды. Әйелімнің бір бүйрегі жоқ, үйде отырады. Ал менің зейнетақым бәріне жете бермейді. Жұмысым өзіме ұнайды, көндігіп алдым. Өткен-кеткен адамдардан алғыс көп естиміз. Әсіресе үлкен кісілер айтып жатады", – дейді ол.
Боранбектің арманы
– Күнде таңғы жетіден кешкі жетіге дейін даладамыз. Дамыл жоқ. Жексенбі күндері демалмағандықтан, аздап шаршайтыным рас. Жұмыстан үй береміз деген, соны күтіп, шыдап жүрмін. Үй алып, бала-шағамды жеткізсем деген арман жетегінде жүрмесем, шыдай алмас та едім деп қоямын. Өйткені үйге, ешқандай жерге кезекке тұрған жоқпын, – дейді Боранбек.
Көп ойлануды қажет ететін қызметтегі адамдар кейде сыпырушыларға қызыға қарайды. Жұмыс деп осыны айт, еш ойланбай сыпыра бересің дегендей. Кез келген алаңды реттеп, тазалықта ұстау – қажырлы еңбек екенін білмегендіктен солай ойлайды. Қандай қызмет болмасын, атқарушыдан жауапкершілік пен міндетті талап етеді.
Бұрынғы есепші, бүгін сыпырушы
Лидия Оспанованың жасы 64-те. Ол Астанаға 2000 жылдардың басында Қостанай облысынан келген. Содан бері көше сыпырады.
Лидия апайдың мамандығы – есепші. 90 жылдардың ортасында компьютер меңгерген мамандарға сұраныс арта бастады. Қайта оқуға қаражат таппады. Өсіп қалған балаларын оқыту керек. Бәрі қабаттаса бастады. Орынын босатып, өзге жұмыс қарастырып көреді.
"Ол жылдары орташа жалақы 14-15 мың теңге еді. Мен болсам 4-5 мың теңгеге жұмыс істеп жүрдім. Жолдасым Астанада жұмыста жүрген, осында молырақ ақша таба аласың деп шақырып алды", – дейді Лидия апай.
Гүлдерді таптап, суретке түскенді ұнатады
– Бізді сыртымыздан сынайтындар көп. Бірақ кейбіреулерінің өздері де мәдениеттіліктен жұрдай. Гүлді таптап, суретке түскенді ұнатады. Болмайды десең, өзіңе жекиді.
Адамдар әртүрлі ғой. Көбіне Астананы көруге келгендер алғыстарын жаудырады – Елорданы осылай таза ұстап отырсыңдар деп. Шетелдіктер де, тілдерін түсінбесек те, бастарын изеп, ілтипат білдіріп жатады.
Ал бәзбіреулер көше сыпырып жүрген адамды өзінен кем санайды. Басқа шаруасы жоқтай, бізді аңдиды. Қоңырау шалып, сөйлесіп жатсаң, "Не тұрсың, жұмысыңды істе!" – деп араларында бізге бұйыратындар да бар.
Тірнектеп жиып, қаражат салған құрылыс компаниясы алдап кетті
Мен осында жұмыс істеп жүріп, 6-7 жыл ішінде тірнектеп, бірнеше миллион теңге жинадым. Үй алайын деген оймен құрылыс компаниясына үлескер болып кірдім. Бірақ құрылыс иесі алдап кетті. Әлі де баспанаға қол жеткізе алмай жүрмін, – деп қынжылады Лидия Оспанова.
Сыпырушылар – философтар
Неге десеңіз, олардың күн сайын бір жұмысты ертең тағы да бастан аяқ істеу керек екенін біле тұра жасай беретінін басқаша түсіндіру мүмкін емес.
Олар таңмен таласа оянады...
Нұрмағанбетова Тілеукен – бес баланың анасы, 112 шақырым жерден келіп, Астананың сол жағалауының көшелерін сыпырады.
Тілеукеннің жұмысы таңғы төрттен басталады. Жұмыс көлігімен қалаға тартады. Қалғып-мүлгіп Астанаға екі сағатта жетеді. Содан кешкі онда ғана үйіне оралады. Осы кестемен жұмыс істегелі төрт жыл.
– Көктем, қар енді еріп, көктайғақ кезі болатын, балалар жүретін жолақтың мұзын ойып, жүретін жолын аштым. Сол кез бір үш-төрт жасар балақан жүгіріп келіп: "Рахмет, тәте!" дегенде, жүрегім жарылардай езіліп, қатты қуандым, есіме түскен сайын көзіме жас аламын, қиын жұмысымның мәні кіреді, – дейді Тілеукен.
Ол көше сыпырушылыққа амалсыздың күнімен келген. Күйеуі сусамырмен (қант диабеті) ауырады. Жұмысқа денсаулығы келмейді. Қалай болғанда да, бес баланы асырауы керек болды. Ауылда жұмыс жоқ, болған күннің өзінде жалақысы мардымсыз.
Астана көшелерінде дәретхана жоқ, жұрт шырша "суарып" жүр
Қала көшелеріндегі дәретхана мәселесі астаналықтарды қынжылтады.
Қыдырғандар серуендеп жүріп, қысылса да, қымтырылса да "қажеттіліктерін" шырша түбінде өтеуге мәжбүр.
Дәретхана таппай қуыстарды сағалайтындардың соңын сыпырушылар жинап қиналады. Кейде, таңнан кешке дейін далада жүргендіктен, өздерінің де қысылып-қиналатын кездері болады, сондықтан ондайда барынша түсіністікпен қарауға тырысады.
Пешенеңе жазылса сыпырушы да боласың
Нәсілшілдікке қарсы күрескер Мартин Лютер Кинг: "Адамның пешенесіне көше сыпырушы деп жазылса, ол – Микеланджело сурет салғандай, Бетховен музыка шығарғандай, Шекспир сонетті жазғандай жан-тәнімен беріліп, барын салып, көшені сыпырар болса, бүкіл аспан және жер әлемі "Мінекей, қарашы, қандай керемет көшесыпырушы, өз жұмысын керемет істейді" деп айтар еді", – деген.
Қытайлық Ю Южен есімді миллионер әйел тәубесінен жаңылмауы үшін осы қызмет түрін таңдаған. Ал британиялық Джазеф Уайтинг есімді көше сыпырушы лотореядан 7 миллион доллар көлеміндегі қаржыны ұтып алса да, жұмысын тастамапты.