Тікелей эфир

Жазда ЭКСПО. Ал астаналықтар мен қала қонақтары әлі шырша түбін "суарып" жүр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
29 сәуірде Астанада жалпықалалық сенбілік өтеді. Елорда көшелерін тазалып жүрген кімдер? Көше сыпырушылардың еңбегін қадірлеп жүрміз бе?

Сыпырушының жұмысы оңай емес. Тазалық деген қоқыс пен шаңды бұрқыратып бір жерден екінші орынға көшіру емес, ұқыпты әрі әдемі сыпырудың өзі – өнер.

Сатанов Боранбектің жасы 53-те, үшінші топ мүгедегі. Аяғын сылти басып, көше бойында жәшігін сүйретіп, қоқыс жинап жүргеніне 17 жыл болды. Бір ұл, бір қызы бар.


Көше сыпырушы Боранбек

Көше сыпырушы Боранбек / Фото informburo.kz


Алғыс көп естимін...

Мүгедектігіне алатын 24 мың теңге төлемақысы неге жетсін. Сондықтан көше сыпырып, нәпақасын айырады. Оның үстіне әйелі де ауыр жұмысқа жарамайды.

"Қызым колледжде ақылы оқиды. Әйелімнің бір бүйрегі жоқ, үйде отырады. Ал менің зейнетақым бәріне жете бермейді. Жұмысым өзіме ұнайды, көндігіп алдым. Өткен-кеткен адамдардан алғыс көп естиміз. Әсіресе үлкен кісілер айтып жатады", – дейді ол.


Боранбекке жұмысы ұнайды

Боранбекке жұмысы ұнайды / Фото informburo.kz


Боранбектің арманы


Шаршауға мұрша жоқ. Тек көз жанарынан ғана білінеді

Шаршауға мұрша жоқ. Тек көз жанарынан ғана білінеді / Фото informburo.kz


– Күнде таңғы жетіден кешкі жетіге дейін даладамыз. Дамыл жоқ. Жексенбі күндері демалмағандықтан, аздап шаршайтыным рас. Жұмыстан үй береміз деген, соны күтіп, шыдап жүрмін. Үй алып, бала-шағамды жеткізсем деген арман жетегінде жүрмесем, шыдай алмас та едім деп қоямын. Өйткені үйге, ешқандай жерге кезекке тұрған жоқпын, – дейді Боранбек.

Көп ойлануды қажет ететін қызметтегі адамдар кейде сыпырушыларға қызыға қарайды. Жұмыс деп осыны айт, еш ойланбай сыпыра бересің дегендей. Кез келген алаңды реттеп, тазалықта ұстау – қажырлы еңбек екенін білмегендіктен солай ойлайды. Қандай қызмет болмасын, атқарушыдан жауапкершілік пен міндетті талап етеді.

Бұрынғы есепші, бүгін сыпырушы

Лидия Оспанованың жасы 64-те. Ол Астанаға 2000 жылдардың басында Қостанай облысынан келген. Содан бері көше сыпырады.


Бізді үнемі көріп жүретіндер бізді елемейді де

Бізді үнемі көріп жүретіндер елегісі келмейді / Фото informburo.kz


Лидия апайдың мамандығы – есепші. 90 жылдардың ортасында компьютер меңгерген мамандарға сұраныс арта бастады. Қайта оқуға қаражат таппады. Өсіп қалған балаларын оқыту керек. Бәрі қабаттаса бастады. Орынын босатып, өзге жұмыс қарастырып көреді.

"Ол жылдары орташа жалақы 14-15 мың теңге еді. Мен болсам 4-5 мың теңгеге жұмыс істеп жүрдім. Жолдасым Астанада жұмыста жүрген, осында молырақ ақша таба аласың деп шақырып алды", – дейді Лидия апай.

Гүлдерді таптап, суретке түскенді ұнатады

– Бізді сыртымыздан сынайтындар көп. Бірақ кейбіреулерінің өздері де мәдениеттіліктен жұрдай. Гүлді таптап, суретке түскенді ұнатады. Болмайды десең, өзіңе жекиді.


Лидия Оспанова кез-келген жұмысты ынтамен істейді

Лидия Оспанова кез-келген жұмысты ынтамен істейді / Фото informburo.kz


Адамдар әртүрлі ғой. Көбіне Астананы көруге келгендер алғыстарын жаудырады – Елорданы осылай таза ұстап отырсыңдар деп. Шетелдіктер де, тілдерін түсінбесек те, бастарын изеп, ілтипат білдіріп жатады.

Ал бәзбіреулер көше сыпырып жүрген адамды өзінен кем санайды. Басқа шаруасы жоқтай, бізді аңдиды. Қоңырау шалып, сөйлесіп жатсаң, "Не тұрсың, жұмысыңды істе!" – деп араларында бізге бұйыратындар да бар.

Тірнектеп жиып, қаражат салған құрылыс компаниясы алдап кетті

Мен осында жұмыс істеп жүріп, 6-7 жыл ішінде тірнектеп, бірнеше миллион теңге жинадым. Үй алайын деген оймен құрылыс компаниясына үлескер болып кірдім. Бірақ құрылыс иесі алдап кетті. Әлі де баспанаға қол жеткізе алмай жүрмін, – деп қынжылады Лидия Оспанова.


Лидия Оспанова кез-келген жұмысты ынтамен істейді

Лидия Оспанова кез-келген жұмысты ынтамен істейді / Фото informburo.kz


Сыпырушылар – философтар

Неге десеңіз, олардың күн сайын бір жұмысты ертең тағы да бастан аяқ істеу керек екенін біле тұра жасай беретінін басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Олар таңмен таласа оянады...

Нұрмағанбетова Тілеукен – бес баланың анасы, 112 шақырым жерден келіп, Астананың сол жағалауының көшелерін сыпырады.


Тілеукен Нұрмағанбетова – көп балалы ана

Тілеукен Нұрмағанбетова – көп балалы ана / Фото informburo.kz


Тілеукеннің жұмысы таңғы төрттен басталады. Жұмыс көлігімен қалаға тартады. Қалғып-мүлгіп Астанаға екі сағатта жетеді. Содан кешкі онда ғана үйіне оралады. Осы кестемен жұмыс істегелі төрт жыл.


Әсіресе кішкентай балақандардың жүгіріп келіп, рахмет айтқаны, көзіңді жасқа шалып, көңіліңе үлкен демеу болады

Әсіресе кішкентай балақандардың жүгіріп келіп, рахмет айтқаны, көзіңді жасқа шалып, көңіліңе үлкен демеу болады / Фото informburo.kz


– Көктем, қар енді еріп, көктайғақ кезі болатын, балалар жүретін жолақтың мұзын ойып, жүретін жолын аштым. Сол кез бір үш-төрт жасар балақан жүгіріп келіп: "Рахмет, тәте!" дегенде, жүрегім жарылардай езіліп, қатты қуандым, есіме түскен сайын көзіме жас аламын, қиын жұмысымның мәні кіреді, – дейді Тілеукен.

Ол көше сыпырушылыққа амалсыздың күнімен келген. Күйеуі сусамырмен (қант диабеті) ауырады. Жұмысқа денсаулығы келмейді. Қалай болғанда да, бес баланы асырауы керек болды. Ауылда жұмыс жоқ, болған күннің өзінде жалақысы мардымсыз.

Астана көшелерінде дәретхана жоқ, жұрт шырша "суарып" жүр

Қала көшелеріндегі дәретхана мәселесі астаналықтарды қынжылтады.


Дәретхананы іздеп табу да қиын

Дәретхананы іздеп табу да қиын / Фото informburo.kz


Қыдырғандар серуендеп жүріп, қысылса да, қымтырылса да "қажеттіліктерін" шырша түбінде өтеуге мәжбүр.


Астана көшелерінде қоғамдық дәретхана жетіспейді. Бары жабық тұруы мүмкін

Астана көшелерінде қоғамдық дәретхана жетіспейді. Бары жабық тұруы мүмкін / Фото informburo.kz


Дәретхана таппай қуыстарды сағалайтындардың соңын сыпырушылар жинап қиналады. Кейде, таңнан кешке дейін далада жүргендіктен, өздерінің де қысылып-қиналатын кездері болады, сондықтан ондайда барынша түсіністікпен қарауға тырысады.

Пешенеңе жазылса сыпырушы да боласың


Мартин Лютер Кинг

Мартин Лютер Кинг / Фото Ruspekh.ru сайтынан алынды


Нәсілшілдікке қарсы күрескер Мартин Лютер Кинг: "Адамның пешенесіне көше сыпырушы деп жазылса, ол – Микеланджело сурет салғандай, Бетховен музыка шығарғандай, Шекспир сонетті жазғандай жан-тәнімен беріліп, барын салып, көшені сыпырар болса, бүкіл аспан және жер әлемі "Мінекей, қарашы, қандай керемет көшесыпырушы, өз жұмысын керемет істейді" деп айтар еді", – деген.

Қытайлық Ю Южен есімді миллионер әйел тәубесінен жаңылмауы үшін осы қызмет түрін таңдаған. Ал британиялық Джазеф Уайтинг есімді көше сыпырушы лотореядан 7 миллион доллар көлеміндегі қаржыны ұтып алса да, жұмысын тастамапты.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары