Жабылған ЖОО, шетелдік сутденттер және оқытушы жалақысы. Жоғары білім беруде қандай өзгерістер бар?
Жоғары білім беру саласында өзгеріс көп. Соның бірі – пандемия кезінде қашықтан оқыту. Мыңдаған студентке онлайн білім беру оңай іс емес. Дәстүрлі форматта білім беруге қатысты сын көп кезде онлайн берілген білімнің сапасы қандай болмақ деген сұрақ туындайды.
Қазақстанда қанша студент бар? Қашықтан білім алу кезінде оқу ақысы арзандай ма? Университтер жабылса, студенттер қайда барады? Олардың мемлекеттік гранты сақтала ма? Жоғары оқу орындары лицензияларын қалай қайтарып алады? Министрлік өкілдері осы сұрақтарға жауап берді.
Қазақстанда 620 мың студент бар
Қазақстанда 128 жоғары оқу орны бар: 56 – мемлекеттік, 72 – жекеменшік. Жоғары оқу орындарында 619 861 студент білім алады. Оның ішінде:
- 97 663 студент – ұлттық;
- 206 196 студент – мемлекеттік;
- 208 602 студент – жеке;
- 83 598 студент – акционерлік;
- 7532 студент азаматтық емес жоғары оқу орындарында білім алады.
Білім және ғылым министрлігі жоғары білім беру сапасын арттыру мақсатында университтердің басқару формасына басымдық береді. Осыған байланысты жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі кеңейіп жатыр. 2018 жылы университеттердің академиялық және басқару дербестігін арттыратын заң жобасы қабылданған соң академиялық дербестік 85 пайызға дейін артқан. ЖОО-лар министрліктің реестріне 9 999 білім беру бағдарламасын тіркеген. Білім беру сапасына университеттердің өзі жауап беруі үшін академиялық дербестігі кеңейтілді.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов 2021 жылдан бастап университтер өз үлгісінде диплом бере бастайтынын атап өтті. Бұл ЖОО білім сапасына жауап беруге ықпал етпек.
ЖОО-лар:
- халықаралық,;
- ұлттық;
- аймақтық;
- салалық деп төрт санатқа жіктеледі.
Бұл жоғары оқу орындарының қандай деңгейде екенін білуге қажет. ЖОО-лар түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі, елдің, өңірдің, белгілі бір саланың дамуына қосқан үлесі бойынша сараланады. Осылайша ЖОО-ның академиялық дербестік кеңейе ебереді.
Ректорлар халық алдында есеп береді
ЖОО-лардың басқару дербестігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Енді ЖОО-лар алқалық басқару органын, формасын өздері айқындайды. Басқару формасы директорлар кеңесі, бақылау кеңесі болуы мүмкін.
Жоғары білім сапасына қойылатын талаптар артады. Министрлік жоғары білім беру жүйесін мемлекеттік стандарттар, ЖОО қызметінің үлгілік ережелері арқылы реттейді. ЖОО ректорлары жыл сайын оқу орнының қаржылық-шаруашылық қызметі, ғылыми-зерттеу және оқу жұмыстары бойынша жұртшылық алдында есеп береді.
Оқи отырыңыз: "Алғашқы жұмыс орны" – түлектерді нақты қолдау жобасы
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың сөзінше, трансформацияланған 25 ЖОО-да директорлар кеңесі құрылған. Қайта құрылған қоғамдардың басқарма төрағалары – ректорлар лауазымына ашық конкурс жүргізіледі. Ректорлық лауазымға ашық конкурс өтеді және нақты көрсеткіштерге жауап беретін кез келген адам қатыса алады.
ЖОО оқытушыларының жалақысы өсті
Білім беру гранты конкурсына қатысатын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейді. Биыл конкурсқа 36 жоғары оқу орны қатыспады. Оған сенімсіз деректерді ұсыну, білім сапасы мен жұмысқа орналасудың төмендігі негіз болды.
Білім беру грантының бағасы өсіп, 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік ЖОО-лардағы оқытушылардың жалақысы 160 мың теңгеден 210 мың теңгеге дейін, ұлттық университтерде 283 мың теңгеге дейін өсті. Министрлік өкілдері бұл қадам білім беру сапасына арттыруға және жаңа кадрларды тартуға үлес қосады деген пікірде.
"Былтыр білім грантының сомасы 400 мың теңге болса, қазір 1 млн теңгеге көтерілді. Бұл ЖОО лабораториялық базасын жақсартуға, ең бастысы оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Осылайша мемлекеттік жоғары оқу орындары оқытушылар жалақысын 30-35 пайызға көтеріп отыр", – деді Әділет Тойбаев.
Жабылған университет студенттері басқа оқу орнына ауыса алады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай сапасыз білім беретін ЖОО-лар анықталып жатыр. Жыл басынан бері 26 университетке тексеріс жүргізілген. Жыл соңына дейін тағы 5 ЖОО тексеріледі. Нәтижесінде бес университет жабылып, екі университет бас лицензиясынан айырылған. Жабылған жоғары оқу орындарында 44 мыңнан астам студент оқыған. Барлығы басқа ЖОО-ға ауыстырылып, білім алып жатыр. Оқытушылар да жұмыссыз қалмаған.
"Оқу орындарындағы білім беру бағдарламасы сапасының төмендігі, оқытушыларға және студенттерді оқуға қабылдау, ауыстыруға қатысты мәселе барын анықтадық. Жабылған және лицензиясынан айырылған ЖОО студенттерін алаңдамауға шақырамын. Студенттер семестрдің аяқталмаса да, басқа университеттерге ауысуға құқылы", – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Барлық жабылған университет студенттері арнайы құрылған комиссия шешімімен басқа ЖОО-ға ауысады.
Оқи отырыңыз: Қазақ көлік және коммуникация академиясы бас лицензиясынан айырылды. 5 мың студент қайда барады?
Ал оқу орындарына лицензия тексеріс қорытындысы бойынша қайтарылады. Тексеріс үш кезеңнен тұрады. Бірінші – профилактикалық бақылау кезеңі, екінші-үшінші кезең –жоспардан тыс тексерістер. Алғашқы екі кезеңде оқу орындарына бұзушылықты жөндеуге уақыт беріледі. Жыл сайын профилактикалық бақылау жүргізілетін оқу орындары бекітіледі. 2020 жылдың бірінші жартысында – 41, екінші жартысында 31 ЖОО бекітілген.
Лицензиясынан айырылған ҚазККА жабыла ма?
Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясында бір жылда үш жоспарлы тексеріс болған. Гүлзат Көбенованың сөзінше, оқу орнына жағдайды дұрыстауға уақыт берілген. Алайда қыркүйекте оқытушылардан оқу процесін ұйымдастыруға қатысты шағым түсіп, өкінішке қарай, ЖОО типтік қызмет ережелері мен біліктілік талаптарын бұзған.
"ЖОО бір жыл ішінде білім беру саласындағы заңнама нормаларын бұзушылыққа жол берген. Уәкілетті орган ретінде бас лицениясынан айыру туралы шешім шығаруға мәжбүр болдық. Бүгінде сот процесі жүріп жатыр. ЖОО тағдырын сот шешеді. Академияда 5 мыңнан астам студент білім алады. Олар семестр соңын күтпей басқа ЖОО-ға ауыса алады", – деді ол.
Академия білім беру қызметін тоқтатпаған. Студенттер басқа оқу орнына ауысу мақсатында министрлікке тікелей жүгінбеген. Гүлзат Көбенова грантта оқитындардың гранты міндетті түрде сақталатыны, ақылы түрде оқыса оқу ақысының дәл сол сомасын сақтау бойынша келіссөздер жүргізілетінін айтып отыр.
"Астана" университетіне айыппұл салынды
"Астана" университетінің соңғы курсқа көшкен студенттері "диплом жұмысы жетекшісі бекітілмеді" деп шағымданып, министрлік жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Алайда ЖОО тарапынан кедергілер болып, тексеру комиссиясы оқу орнының ғимаратына кіре алмаған.
"Кедергі келтіруге қатысты сот процесі аяқталып, университет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Екінші тексеріс жоспарлы түрде жүргізілді. Алайда ол кезде де университет тарапынан кедергілер болып, құжаттарды бермеді. Тағы да айыппұл салынды. Осылайша екі ретте де тексере алмадық", – деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комиетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Университет тамызда аккредитациядан өткен соң бітірушілер уақытында диплом ала алмаған. Осылайша магистратураға тапсыра алмай, бітірген соң жұмысқа тұруда қиындықтар болған.
Министрлік мәліметінше, "Астана" университетінде 3 000 студент оқитындықтан микрокәсіпкерлік субъектісі бола алмайды. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, бұл жердекемінде 15 қызметкер жұмыс істеуі керек немесе жылдық айналым 30 000 АЕК-тен кем болмауы тиіс.
Тексеруге кедергі жасаған университетке бірінші кезде – 100 АЕК, екінші рет 200 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Қашықтан оқудың кемшілігі не? Қазақстандықтардың жартысына жуығы бұл форматқа қарсы
Шетелдік студенттер саны азаймады
Қазақстанда 35 146 шетелдік студент білім алады. Былтырғы оқу жылында 34 452 студент болған.Министрлік пандемия салдарынан шетелдік студенттер саны азаяды деген болжам жасаса да, көрсеткіш төмендемеген. Жоғары оқу орындары Қазақстанға келе алмаған азаматтарға қашықтан оқуға мүмкіндік берді. Интернеті, құрал-жабдықтары жоқ шетел азаматтары жатақханаға орналасып, қашықтан білім алып жатыр.
Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында шетелде білім алатын студенттер мемлекеттік тапсырыс берілген немесе халықаралық аккредитациясы бар ЖОО-ға ауыстырылады.
Ал студенттердің қашан дәстүрлі форматта оқитыны белгісіз. Бас санитар дәрігер мен мемлекеттік комиссия шешім қабылдаса, министрлік қаңтар айынан бастап ЖОО-ларды оффлайн форматқа ауыстыруға дайын
Оқу ақысы арзандамайды
БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев оқу ақысы арзандамайтынын еске салды.
"Қашықтан оқуға көшкен соң неге оқу ақысы арзандамайды деген сұрақтар туындап отыр. Педагог жүктемесі төмендемеді. Оқытушылар саны өзгермеді. Олардың барлығы жалақы алып жатыр. Студенттерге білім береді. Жоғары оқу орындары қашықтан білім берсе де коммуналдық шығындарға ақы төлейді. Наурыз айынан бастап қашықтан оқыту технологиясына көшкендіктен серверлік құрал-жабдықтарды алып, ұлғайтып жатыр. Бұл да қомақты қаржыны талап етеді", – деді ол.
Оның сөзінше, пандемия кезінде басқа елдерде керісінше, оқу ақысын қымбаттатып жатқан ЖОО-лар бар. Ал министрлік оқу ақысын өсірмеуді қамтамасыз еткен. Биыл қыркүйекте қазақстандық университеттер оқу ақысын көбейткен жоқ.