Желіде "Жұмабектің бажасына" арналған ән тарады
Желі қолданушылары кешелі бері тарап жатқан жаңа әннің аз уақытта "өте танымал" болатынына сенімді.Наурыз айының басында есімі бүкіл Қазақстанға танылған Түркістан облысының полицейі Жұмабек Төлеген туралы әзілдер әлі де тоқтар емес. Енді желіде "Жұмабектің бажасымын" атты жаңа ән тарады. Әзілге толы әннің видеосын кеше youtube желісіне алғаш болып Kyzyk Orda каналы жариялады. Қазірдің өзінде оны 3 мыңға тарта көрермен көріп үлгерген. Әннің авторы мен орындаушысы белгісіз. Дегенмен, желі қолданушылары туындыны өте жылы қабылдағанын білдіріп жатыр. Олар жақын уақытта бұл ән "хит" болатынын айтып, әннің бейнебаянын күтетінін жеткізген.
Оқи отырыңыз: "Жұмабектің бажасымын": Полиция майоры қызметінен босатылды
Айта кетсек, әлеуметтік желіде тәртіп сақшысы жайлы түрлі әзілге толы қызықты видеолар мен фотолар тараған болатын. Мәселен, отандық блогерлердің полиция майорының бажасына қатысты түсірген әзілдері жинақталған видео соның дәлелі.
Ал еліміздің әр өңіріндегі жүргізушілер көліктерінің артқы әйнектеріне жаппай "Жұмабектің бажасымын" деп жазып қойған болатын. Олар осылайша тәртіп сақшыларын келемежедеген сыңайлы.
Сондай-ақ, Түркістан облысында болған оқиғаны көрсететін анимациялық ролик те жарияланған болатын. Бұл видеода "Жұмабектің бажасымын" деген жазуы бар ақ Lada Priora патрульді көлік жанына тоқтап, артынша қарама-қарсы жолақпен зулай жөнеледі.
Еске сала кетсек, 8 наурызда Түркістан облысы Отырар ауданында Lada Priora көлігін тізгіндеген жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шығып кеткен болатын. Бұл қылығынан соң оны Отырар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тоқтатқан. Алайда, ер адам полицияның нұсқауына бағынбай, "Жұмабектің бажасымын" деген сөзді айтып, оқиға орнынан қашып кеткен еді.
Бұл видео әлеуметтік желіде лезде тараған болатын. Кейін "Жұмабектің" кім екені белгілі болды. Ол Отырар аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, майор Жұмабек Төлеген болып шықты. Жұмабек Төлеген тәртіптік комиссияның шешімімен қызметінен босатылды.