Қазақтың билері неге Өзбекстанда жерленген?

Қазақ билерінің еңбегін айтпай, қазақ тарихын айта да, жаза да алмаймыз. Аты мен заты бүкіл елге мәшһүр болған, керек десеңіз жарты жаһанға әйгілі болған билердің шоғыры бар. Әйгілі үш бидің үлкені – Төле би. Одан соң Қазыбек би мен Әйтеке би айтылады.

Төле би XVII ғасырдың екінші жартысында қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде туған. Тарихи деректерде оның қайтыс болған жері – қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы деп көрсетіледі. Ал Әйтеке би Қызылқұмда туып, қазіргі Қызылорда облысы төңірегінде қайтыс болған.


Төле би мавзолейінің кіреберісіндегі тақтайшаға "Қалдирғоч би" деп жазылған / Фото Informburo.kz

Десе де, қазақтың бас биі Төле бидің мавзолейі Ташкентте болса, ал Әйтеке би Нұрата қаласында (Науаи облысы, Өзбекстан) жерленген. Informburo.kz тілшісі мұның себебін білу мақсатында арнайы сапарға аттанды.

Қазақтың жері болған...

Өзбекстанның Ташкент, Жызақ, Сырдария, Самарқан, Науаи және Бұхара облыстарында бүгінге дейін қазақтардың көп шоғырланғанын ол жердегі топонимикалық атауларға қарап, білуге болады. Мысалы, Ташкент қаласындағы Қыбырай және Сіргелі аудандарында, Бәйітқорған, Оймауыт, Дархан ауылдарында ертеректен қазақтардың өмір сүргенін дәйектейді.

Сырдария мен Жызақта да қазақ Жалайыр, Дұлат ауылдары кездессе, Самарқан қаласына кіреберісте Жамбай ауданы бар. Ал Науаи облысындағы Кенемех және Тамды аудандарында қазіргі таңға дейін қазақтар тұрады.


Жамбай - Ұлы жүз құрамындағы ру. Ал Самарқан облысының құрамында да Жамбай ауданы бар / Фото Informburo.kz

ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, қазақтар көшпенді өмір салтын ұстанғандықтан, ұлан-ғайыр жерді иемденіп отырған. Оған Өзбекстанның солтүстігі мен орталық аймағы да кірген.

– Егер орта ғасырлардағы Қазақ жері біріктірілгенде, қазір Қазақстан жер аумағы бойынша тоғызыншы емес, жетінші орында тұрар еді, – дейді ғалым.

Тарихшының айтуынша, өзбектер отырықшы халық болғандықтан көп жерге иелік ете алмаған.

– XVII ғасырда дәл бүгінгідей шекара болған жоқ. Самарқан, бергі жағындағы Науаи облыстарында қазақтың ықпалы мықты болған. 1598 жылы Қазақ хандығы мен Аштарханилер мемлекеті арасындағы келісім бойынша, Ташкент аймағы қазақтарға берілді. Бірақ бұл келісімге дейін де Шаш өңірінде қазақтар көп болған, – дейді Берекет Кәрібаев іnformburo.kz тілшісіне.


ҚазҰУ профессоры, Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев / Фото Informburo.kz

Профессор Кәрібаев қазіргі территориялық бөліністеріне қарап, кейбір ата-бабаларымыздың елден жырақта өмір сүрген екен деп түсінбеуге шақырады. Себебі олардың сол заманда өмір сүрген аймақтары қазақтың жері болған.

– Көбіміз елдердің бүгінгі шекарасына қарап, билер шетелде жерленген деп түсінеміз. Расында Төле би мен Әйтеке би жерленген аймақтар көшпенді қазақтың оңтүстіктегі жайлаулары болды, – дейді профессор Берекет Кәрібаев.

Билер екі елге ортақ па?

Бұл сұрақты сапар барысында қазақ ғалымдарымен қатар, Өзбекстандағы мавзолей шырақшылары мен ғалымдарынан сұрап көрдік.

Ташкент қаласының орталық бөлігіндегі Шайхонтохур мемориалдық кешенінде Төле би жерленген. Оның мавзолейіне кіре берістегі тақтайшада "Қалдирғоч би" деген нұсқаулық жазбаны көресіз. Бірақ ғимараттың ішіндегі моланың тасында "Төле би" аты қазақша жазылыпты.


Ташкент қаласындағы Төле би бейіті / Фото Informburo.kz

– Ол заманда нақты не өзбек, не қазақ ұлты толық қалыптасып үлгермеген еді. Сондықтан Төле би біз үшін ортақ болуға тиіс. Себебі оның ғұмырының көп бөлігі Ташкент қаласында өтті. Сосын ол ел арасында "Қалдирғоч би" атымен белгілі болған, – дейді мавзолей шырақшысы Сардорбек аға.

Ал Науаи облысында орналасқан Әйтеке би мавзолейі толықтай қазақтардың қаржыландыруымен көтеріліпті. Сабыр есімді мавзолей шырақшысының айтуынша, Әйтеке биді өзбектер жиі зиярат жасайды.

– Әйтеке би мен Сейітқұл аталардың қабірі өте нашар жағдайда табылды. Мен құрылыстың басында болдым. Қазақстанның Атырау облысынан келген би ұрпақтары қаржыландырды. Бұған Өзбекстан үкіметі бір сум да төлеген жоқ, – дейді Сабыр аға.


Нұрата қаласындағы Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бейіттері / Фото Informburo.kz

– Ортақ тарихымыз бар екенін ескере отырып, бұл кісілердің де екі ұлтқа сіңірген еңбегін теңдей бағалауға болады. Ол кезде нақты ұлт болып бөлінбедік. Сондықтан Әйтеке би – біздің де бабамыз, – дейді Ахмад Тоқтаханов есімді өзбек тарихшысы іnformburo.kz тілшісіне.

Оның айтуынша, қазақ хандығының құрамында болған кейбір рулар өзбек ұлтының құрамында да болған.

Айта кетсек, Орта жүздің Қоңырат тайпасының 32 тармағы болған. Соның 20-сы қазақтар құрамында болса, қалғаны өзбектерге сіңісіп кеткен екен.


ҚазҰУ профессоры, Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков / Фото Informburo.kz

Мұндай деректермен санасамыз, әрине, бірақ қазақтың бас билерінің қазіргі Өзбекстан территориясында жерленуі олардың өзбек болғанын дәйектемейді. Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков осы пікірін айта отырып, өзбек әріптестерімен келісе қоймайтынын жеткізді.


Әйтеке би мавзолейінің алдына қойылған тас / Фото Informburo.kz

– Қазақ билері қазіргі Өзбекстан территориясында өмір сүріп, сол өңірдің дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосқан тұлғалар болғаны үшін өзбек тарихында аттары жиі кездеседі. Бірақ олардың қазақ екенін, дала заңы "Жеті жарғыны" жазуға қатысқан үш негізгі бидің екеуі болғанын да ескерулері тиіс, – дейді Берекет Кәрібаев.

Қазақтар қай кезеңдерден Мәуераннахрға жайғасқан?

Тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Талас Омарбеков "Самарқан" атауының Қаңлы мемлекетінің бір тармағы көшкен кезде қалыптасқанын айтады.

– "Қаңлы" атауы көне қытай деректерінде "Қан" деп те келтіріледі. Ал "Самар" сөзі көне түркі жазбаларында "хандар иелігінің шетіндегі қала" деген ұғымды білдіреді. Қазіргі Ресейдегі Самара қаласы атауының шығуы да осы түркі сөзімен байланысты. Демек, біздің заманымызға дейінгі кезеңдегі Қаңлы мемлекетінің шалғайдағы қаласы осы Самарқан болған, – дейді Талас Омарбеков.


Самарқанның ең басты тарихи жәдігерлерінің бірі Рагистанды Жалаңтөс баһадүр салдырған / Фото Informburo.kz

Қазақта "төре жоқ жерде, қаңлы хан болар" деген сөз бар. Профессор қаңлыны қазақтың түп атасының бірі дей отырып, Мәуераннахрдың басты қалаларының бірін біздің ата-бабаларымыздың салғанын айтады.

Қазақтар үшін Сыр бойының геосаяси маңыздылығы қандай болды?

Профессор Кәрібаев Сырдария өзенінің оңтүстік жағалауы қазақтар үшін өте маңызды болғанын айтады. Себебі көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ тайпалары жұт кезінде төрт түлігін аман алып қалу үшін қыстың суығынан ығысып, жайлы қыстау іздеп, оңтүстікке беттей қонған. Сол себепті де XVI-XVII ғасырлардағы қазақ хандары Сыр бойындағы қалалар үшін күресті.

– Қазақтың мың-мың жылқысы болған. Оның бәрін қыстан аман алып қалу – оңай шаруа емес. Жазда солтүстіктегі Тобылға дейінгі аймақ қазақ тайпаларының жайлауы болып саналса, қыстауы Самарқанға дейін созылып жатты. Ал бұл территориялар өзбек хандарының қарамағына өтсе, қазақтарға үлкен көлемде салық төлеуге тұра келген. Сондықтан екі ел үшін де Сыр бойының геосаяси маңыздылығы жоғары еді, – дейді Берекет Кәрібаев.

Төле би неге Ташкентте тұрақтаған?

Тәуекел хан өзбек хандықтарымен соғысқан кезде Самарқанды алып, Бұхараға дейін жетеді. 1598 жылы Тәуекел хан жорықта мерт болады. Сол кезеңдегі Мәуераннахр билеуші әулет Аштарханилермен Қазақ хандығы арасында келісімге қол қойылады. Ресми құжатқа орай, Бұхара мен Самарқан төңірегі Аштарханилерге қайтарылады. Ал Ташкент өңірі Қазақ хандығының құрамына енеді. Содан кейін 200 жылдай Ташкент Қазақ хандығының құрамында болыпты.

ҚазҰУ профессоры Берекет Кәрібаев сол кезден бастап Ташкент толықтай қазақ жеріне айналғанын айтады. Оған дейін, Шаш (Ташкент) қаласы – бірде қазақтың, бірде өзбектің жері болып келген.


Төле би мавзолейінің сыртқы көрінісі / Фото Informburo.kz

– Ташкент – Қазақ хандығының құрылуына дейін Моғолстан заманында да қазақ тайпалары үшін аса маңызды қала болған. Мысалы, Моғолстан ханы Есен бұға інісі Жүніс ханмен таққа таласқан кезінде, Жүніс хан Ташкентте билік еткен. Ұлы жүздің жері Жетісудан Ташкентке дейін созылып жатты. Ал жоңғарлар шабуылы жиілей түскенде, Ұлы жүз тайпалары оңтүстікке ығысып, Ташкент қаласының өңіріне жайғасады. Төле бидің Ташкентте би болуы да осыған байланысты, – дейді профессор Кәрібаев.

Әйтеке би неге Нұратада жерленген?

Өзбек тарихшысы Ахмад Тоқтаханов Әйтеке бидің арғы аталарына шейін Осы Нұрата өңірінде өмір сүргенін айтады.

– Кейбір қазақ ғалымдары Әйтеке бидің Қазақстанның батыс өңірінен көшкенін айтады. Расында, бұл шындыққа жанаспайды. Төле би Жамбыл облысынан Ташкентке көшкен. Бірақ Әйтеке тегі осы Науаи облысымен байланысты, – дейді тарихшы.


Әйтеке би мавзолейіне кіретін негізгі есік алды / Фото Informburo.kz

Тоқтахановтың айтуынша, Әйтеке би Сейітқұл әулиені өзіне пір тұтқан. Сол себепті де өмірден озғаннан кейін сол кісінің қасына жерлеуді ұрпағына өсиет етіп қалдырыпты. Төле бидің Ташкентте жерленуінің себебі де ұқсас. Ол да өзі пір тұтқан әулиенің қасында жатыр.

ҚазҰУ профессоры Берекет Кәрібаев мұндай үдерістің бүгінге дейін байқалатынын айтады. Ал орта ғасырларда бұл жиі кездескен.

– Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің жанында көптеген қазақ хандары сол себепті осында жерленген. Одан бөлек, Самарқанның солтүстік-батысындағы Дағбет деген жерде Жалаңтөс баһадүрдің бейіті бар. Ол да өзінің пірі Махдуми Аъзамның қасында жерленген. Онымен бірге Аъзамды пір тұтқан тағы 28 билеушінің бейіті қойылған, – дейді профессор Кәрібаев.


Мавзолей қасында Әйтеке би музейі де бар екен / Фото Informburo.kz

Мавзолейді салдырған кімдер?

Нұрата Науаи облысы, Науаи қаласынан солтүстікке қарай 65 шақырымда орналасқан. Қалаға кірген бойда үлкен мазар, 10 жыл бұрын толық жөндеуден өткен мавзолей тұр. Мұнда Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бейіті бар.

Мавзолей шырақшысы Сабыр ағаның айтуынша, бейіттерді тарихи деректер негізінде анықтап, оның айналасын қоршауға өзі қатысқанын айтады. Ал қаржылай қолдауды Қазақстанның батыс өңірінен келген үш азамат білдіріпті. Олар өз аттарын атамауды сұрапты.


Зиярат етушілер Әйтеке би мен Сейітқұл әулиенің мавзолейіне кірмес бұрын Құранның осы аятын оқиды / Фото Informburo.kz

– Құрылысқа басынан аяғына шейін өзім қатыстым. Атасын құрмет еткен қазақтар толықтай қолдау білдірді. Қазіргі таңда да Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен делегациялар жиі келіп тұрады, – дейді Сабыр аға.

Сырдарияның оңтүстігіндегі қазақтар Қазақ хандығымен байланыста болған ба?

XVI ғасырдың соңына дейін Самарқан, Бұхара және Науаи аймақтарындағы қазақ тайпаларының қыстаулары біресе өзбектерге, біресе қазақтарға өтіп отырды. Жоғарыда профессор Кәрібаев айтып өткендей, Қазақ хандығы мен Аштарханилер арасындағы келісім қазіргі Өзбекстанның орталық және оңтүстік аймақтарындағы қазақтардың бейбіт өмір сүруіне негіз болған. Сондай-ақ, олардың Қазақ хандығымен байланысын нығайтуға жол ашылған.

– Аштарханилер әулеті мен Қазақ хандығы арасында бір-біріне әскери қолдау білдіру келісімі де жасалды. Мысалы, Аштарханилерге оңтүстіктен парсылар шабуыл жасаған кезде, қазақтар көмекке барды. Сәйкесінше, 1643 жылы Салқам Жәңгірдің жоңғарларға төтеп беруі үшін Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскермен көмекке барған, – дейді профессор.

Жалаңтөс баһадүр Самарқан қаласының әмірі болған. Ол Аштарханилер әулеті билеушілерінің келісімін алмай, 20 мың қолмен жорыққа шықпас еді. Мұның өзі екі арасындағы қарым-қатынастың берік болғанын білдіреді.


Дағбеттегі Жалаңтөс баһадүр бейіті / Фото Informburo.kz

– Қазір өзбектің тарихшылары өткенді қалай бұрмалап немесе өздеріне қарай қаншалықты бейімдеп жатқанын білмеймін. Бірақ орта ғасырларда өзбек хандары қазақтардан қанша көмек алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Кіші жүздің төртқарасынан шыққан Жалаңтөстің Жәңгір сұлтанға көмекке баруы жәй сәйкестік емес. Ол кезде 20 мың әскерді бір күнде жинап, жорыққа аттана салу тіпті де мүмкін болмаған. Бұл жорықтың алдын ала ұйымдастырылғанын, сұлтан мен баһадүрдің арасындағы қарым-қатынастың берік болғанын көрсетеді, – дейді Берекет Кәрібаев.

Қазақтар жиі зиярат етсе игі еді ...

Жалаңтқөс Баһадур, Сейітқұл ата және Әйтеке би шыққан төртқара руының қалыптасуына назар аударсақ та көшпенді қазақ тайпаларының қазіргі Өзбекстан өңіріне солтүстіктен ауғанын анықтай аламыз. Мысалы, төртқара руы қара түркештерден, оның арғы тегі қара үйсіндерден тараған. Мұндай пікірді ҚазҰУ профессоры Талас Омарбеков білдіріп отыр.


Мавзолейге келушілер Әйтеке би бабамызға алғыс айтып, ізгі тілектерін жазып қалдыра алады / Фото Informburo.kz

– Әйтеке би мен Жалаңтөс баһадүрдің ата-бабалары ежелден қазақ жерінде көшіп-қонған, қара түркештердің құрамындағы рудан болды. Кейіннен Әлім деген адамның бастауымен тайпалық одақ құрады. Осылай Төртқара руы Кіші жүз құрамына енеді, – дейді профессор.

Талас Омарбековтың айтуынша, көрші Өзбекстанмен тарихымыз ортақтасып жатқаннан кейін мұндай мәселелердің болуы заңдылық. Тарихты өзгертуге немесе қайта жазуға тырысқанша, оны ары қарай дәріптеу керек. Мысалы, қазақтар басына жиі барып, зиярат етіп отырса, өткен ата-бабаларымыз ұмыт қалмайды.


Төле бидің пірі Шейх Хованди ат-Тахур мавзолейі / Фото Informburo.kz

– Өзбектер Төле бидің аты белгілі болса да, "Қалдирғоч би" деп, әдейі бұрмалап отыр деп айтпас едім. Оның жанама аты Кеңес кезінде қойылып, кейіннен солай қалып қойды. Ал тәуелсіздік жылдары өзбектер оның Төле би екенін амалсыздан мойындады. Себебі Ташкенттің төңірегіндегі қазақтардың барлығы оның Төле би екенін жақсы біледі, – дейді ғалым.

Талас Омарбековтың айтуынша, қазақтың тарихи тұлғаларының аттарының бұрмалануының саяси себебі болуы да мүмкін. Өзбектерге Самарқан мен Ташкент керек болды. Сол үшін ондағы қазақ атауларын өзгертуге тырысты. Соның өзінде Өзбекстан аумағында қаншама қазақ ру аттарымен аталатын аудан және ауылдар әлі де көп.