Қазақстанда 2019 жылы қатерлі ісікке шалдыққан 36 мың адам анықталса, былтыр 32 500 науқас тіркелген. Жыл сайын онкологиялық аурулардан көз жұму статистикасы ақырындап төмендеп келеді. Былтыр 14 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмды. Бірінші орында – сүт безі қатерлі ісігі, одан кейін өкпе қатерлі ісігі мен колоректалды қатерлі ісік тұр. Әсіресе, ер адамдардың өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болуы жиі кездеседі. Екінші орында – асқазан қатерлі ісігі, одан кейінгі орындарда колоректалды және сүт безі қатерлі ісігі. Науқастардың 59 пайызы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрайымы Диляра Қайдарова онкологиялық аурулардың алдын алуда және емдеуде ерте диагностикалау маңызды екенін айтып, жылына бір рет тексерілудің не үшін қажет екенін түсіндірді.

Адамдар дәрігерге ауруы асқынған кезде ғана қаралады

Скринингтер Қазақстанда тегін өткізіледі.

  • жатыр мойны ісігі – 30-70 жас аралығында;
  • сүт безі қатерлі ісігі – 40-70 жас аралығында; 
  • колоректалды қатерлі ісік скринингінен әйелдер мен ерлер 50-70 жас аралығында тегін жүргізіледі.  

Бұрын Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі тексерісінен 50 жастан асқан әйелдер өте алатын. Кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары сүт безі қатерлі ісігі "жасарғанын" айтып, жас мөлшерін төмендетуді ұсынған. Кез келген әйел қанша жаста болса да, тіркелген емханасына барып, тегін маммографиядан өтіп, онкоцитологияға жағынды (мазок) тапсыра алады.

Әр емханада онкология белгілерін қарау кабинеті бар. Дәрігер ғана емес, фельдшердің өзі терідегі өзгерістерді анықтай алады. Кабинеттерде сүт безін тексеріп, онкоцитологияға жағынды алады.

Әр адам үйде отырып та терісін, тамақ қуысындағы лимфалардың үлкейіп не кішірейгенін тексере алады. Әйелден әртүрлі түстегі бөліністер шықса, дереу гинекологқа қаралауы керек.


Оқи отырыңыз: Обыр жастарды обып барады


Диагностика ауруды ерте анықтап, уақытылы емдеу үшін қажет. Қазақстанда диагностиканың барлық әдісі жолға қойылған. Кешенді жоспар аясында онкологиялық аурулар бар болуы мүмкін науқастар компьютерлік томография мен МРТ-дан тегін өтеді. Ол үшін дәрігер жолдама беруі керек.

2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкпе қатерлі ісігін скринингтік тексеруді хаттамаға қосты. Қазақстанда төмен дозалық компьютер томографиясының көмегімен скринингілеуді қаржыландыру жоспарланып отыр. 10-20 жыл үзбей, күніне екі қораптан көп темекі шегетін ерлер міндетті түрде тексерілуі керек. Мұндай контингент емханадағы онколог немесе терапевт-дәрігердің жолдама қағазымен тегін өте алады.

"Қазір ерте диагностика көрсеткіші өсті, 25,5%-ды құрайды. Үш жыл бұрын 21% болған. Өкінішке қарай, науқастар аурудың 3 не 4-сатысында емханаға келеді. Хирургиялық ем жасаймыз, химиотерапия, сәулелі терапия секілді әртүрлі терапиялар өткіземіз. Барлық өңірде сәулелі терапия аппараттары бар", – деді Диляра Қайдарова.

2018-2019 жылы онкоауруларды емдеудің жаңа хаттамасы бекітілген. Бірінші дұрыс диагностика жүргізіліп, иммуногистохимиялық зерттеу, молекулярлы-генетикалық тестілеу жасалады. Содан кейін диагноз қойылып, дұрыс ем тағайындалады.

Онконауқастар тегін емделеді

Бұрын науқастар емделуге шетелге барса, қазір Қазақстанда емнің барлық түрі қолжетімді. Онкологиялық аурулармен ауыратындарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ақысыз жүргізіледі. Аурдың алғашқы сатысы мен 3, 4-сатысы кезінде жасалатын емнің айырмашылығы бар. Кейде бірінші сатыда тек хирургиялық ем жасау арқылы науқас 100% емделіп шығады.

Кешенді жоспар аясында қатерлі ісікті анықтаудың жаңа әдістері енгізілген. Соның бірі – молекулярлы-генетикалық тестілеу. Бұрындары науқастар үшңн бұл ем ақылы болатын. Мұндай зерттеу гендегі әртүрлі мутациялардағы ісіктің химиотерапия мен таргетті терапияға сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағандыда осындай үш зертхана бар.

Өңірлерде мобильді бригадалар жағдайы ауыр науқастардың үйіне барып медициналық көмек береді.


Оқи отырыңыз:  "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі


Қауіп факторлары

Темекі шегу өкпе қатерлі ісігін тудырады. Сондай-ақ, обыр мұрагерлік жолмен берілетінін де ұмытпау керек. Отбасында ата-әжесінде қатерлі ісік болса, бұл балалары мен немерелерінің де генінде бар деген сөз. Сондықтан жас кезден барлық қатерлі ісік түрлері бар-жоғын тексеру керек. Терісі ақшыл адамдар күннен қорғанып жүруі қажет. Қалы мен меңі көп адамдар ультракүлгін сәулелерден қорғануы керек. Гепатит В мен С бүйрек қатерлі ісігін тудырады.

Жатыр мойны қатерлі ісігі де "жасарды", қазіргі таңда 28-29 жастағы науқастардан анықталып жатыр. Бұл ісіктің пайда болуының негізгі себептері – жыныстық өмірдің ерте басталуы, жыныстық серікті жиі ауыстыру, қорғаныс заттарынсыз болған қатынастан инфекцияның ерден әйелге өтуі.

"Көп науқас "мені ештеңе алаңдатпайды, неге мен тексерілуім керек" дейді. Өкінішке қарай, қатерлі ісік өте жаман ауру. Алғашқы сатыларында симптомдары көрінбеуі мүмкін. Ашық есік күндерінде әйелдер ештеңе мазаламайтынын айтып келеді. Онкоцитологияға жағынды алғанда жатыр мойнындағы өзгерістерді көреді. Жатыр мойны қатерлі ісігі бес жылда дамиды, сол себепті әйелдер кемінде төрт жылда бір онкоцитологияға жағынды тапсыруы қажет", – деді дәрігер.

Маммография сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау диагностика әдісі боп қала береді. Барлық өңірде бірдей цифрлы мамологтар жоқ. Әр өңірге барғанда әкімдікпен кездесіп, ескірген құрал-жабдықтарды ауыстыру керек екенін айтамыз.

Томосинтез аппараты 40-50 жас аралығындағы әйелдерге ұсынылады. Сүт  безі тіндердегі кішкентай ісіктерді анықтау қиын болғанда осы аппарат көмектеседі. Бұл қызмет емханаларда ақылы түрде көрсетіледі.

Сүт безі қатерлі ісігінің бірінші сатысындағы жас науқаста көлемі 1 см кішкентай ісік болса, әлемдік хаттама бойынша секторлы резекция жүргізіледі. Сүт безінің бір бөлігін кесіп, ісік толығымен алынып тасталады. Науқастың кеудесі орнында қалады. Әрі қарай ол сәулелі не химиотерапия алады. Сүт безі қатерлі ісігі кезінде науқастың иммуногистохимиялық мәртебесін анықталады. Ісіктің әртүрлі рецепторы болса, гормонды не химиялық терапия тағайындалады. Әр сатыда жүргізілетін ем әртүрлі.


Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі


Асқазан қатерлі ісігін емдеу үшін хирургиялық ем жасалады. Өлім-жітім жағынан асқазан обыры екінші орында, себебі науқастардың 80 пайызы дәрігерге тамақ іше алмай, жұта алмай ауру асқынған кезде келеді. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында асқазан қатерлі ісігінің көрсеткіші жоғары.

Диляра Қайдарова биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) ішпес бұрын дәрігермен ақылдасу керек екенін айтады. Иммунитетті көтеремін деп жүргенде кез келген қоспа ауруды ушықтыруы мүмкін. Қатерлі ісікті емдеу кезінде екінші ісік пайда болып, асқынулар туындауы мүмкін. Сол себепті онконауқастар жарнамаға сеніп қалмауы керек. Түрлі дәрімен қатерлі ісікті емдейміз дегендердің сөзі – миф.

Қатерлі ісікпен ауыратын адамдар психологиялық көмекке мұқтаж. Әр онкодиспансерде оларға тегін психологиялық көмек беріледі.