Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр?
Бүгінгі қоғамда халықаралық немесе әлемдік деңгейде қуатты елдердің сыртқы саясатқа аса көп мән беретіні белгілі. Мысалы, АҚШ-тың әртүрлі саяси әрі әскери ұйымдармен келісімдерінің арқасында өз территориясынан тыс жерде 800-ге жуық әскери базасын орналастырып тастады. Сондықтан оған өзге елдер ашық түрде қарсылық көрсете алмайды. Себебі АҚШ-тың әлемдік гегемониясына қарсы төтеп бере алатын күш әзірге жоқ.
Бірақ Қытайдың Азия аймағында ықпалының артуы мен өте аз уақытта экономикалық тұрғыдан алпауыт елге айналуы болашақта америкалық статус квоны өзгертуі мүмкін. Қытайдың өз территориясынан тысқары ашылған алғашқы әскери базасы (Ауғанстан, 2018) бұған негіз болды.
Қытайдың аймақтағы ықпалы өсіп, әлемдік деңгейге жетуіне аз қалғаны жайлы америкалық геостратег Генри Киссинджер (Henry Kissinger) өзінің "Әлемдік билік" (World Order) кітабында жазады. Ал белгілі америкалық геосаясат сарапшысы Збигнев Бжезинский (Zbigniew Brzezinski) өзінің "Ұлы Шахмат тақтасы" (The Grand Chessboard) атты бестселлерінде Қытайдың Еуразиядағы билігіне Ресей де төтеп бере алмайды деп болжайды.
Сондықтан Қытайдың сыртқы саясаттағы әрбір жүрісіне аса мән беріп, мұқият талдауға назар аудару артық етпейді. Аделаид университетінің Қытай оқулары жөніндегі аға лекторы, доктор Джерри Грут (Dr. Gerry Groot) осындай ойларымен informburo.kz тілшісімен бөлісті.
Қытай АҚШ тәжірибесін пайдаланып отыр
АҚШ билігі XIX ғасырдың басынан әлемдік гегемонияға ие боламын деп әрекет ете бастады. Мысалы, АҚШ 50 штатты біріктіруді Солтүстік Американың батыс бөлігіндегі француз колонияларынан бастаған. Кейіннен Мексикадағы испан әскерлерін соғыста (1846-48 ж.ж.) жеңіп, Техас пен Нью-Мексико штаттарын иемденеді. Ал Луизиананы Франциядан, Алясканы Ресей империясынан сатып алады.
АҚШ-тың 50 штаттан бөлек, 14 территориясы бар. Олардың қатарына табысы жоғары Панама арнасы да кіреді. Панама елінің билігі бүгінге дейін өз территориясындағы экономикалық маңызды арнаны қайтара алмай жүр.
Қытай билігі де өз әл-ауқатын күшейтіп алғаннан кейін тарихи және мәдени тұрғыдан Қытайдың бір бөлігі болуға тиіс жерлердің барлығын қайтаруды көздеді. Еуропа Одағы мен Азия Орталығы (EU-Asia Centre) сарапшыларының зерттеуіне сүйенсек, Қытай небәрі 14 елмен шектессе де, 23 мемлекетпен жер үшін дауласып жүр. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
Нақтылап өтсек, Қытай билігінің Ауғанстан (Бадахшан провинциясы), Бутан (Бутанның Тибеттегі иелігі), Бруней (Оңтүістік Қытай теңізіндегі Спратли аралдары), Бирма (Юань династиясы территориясы, 271-1368 ж.ж.), Камбоджа (Мин династиясының территориясы, 1368-1644 ж.ж.), Үндістан (Аксай-Чин, Демчок, Чумар, Каурик, Шипки Ла, Джат, Шаксгам, Аруначал-Прадеш, Транс-Каракорам), Индонезия (Оңтүстік Қытай теңізіндегі аймақ), Жапония (Сенкаку және Рюкю аралдары, Рюкю патшалығы 1874 жылға дейін Қытай боданы болған), Қазақстан (Цин династиясы территориясы), Қырғызстан (Қытай тарихшылары Қырғызстанның Қытайға тиесілі бөлігі XIX ғасырда Ресей империясына өтіп кеткен айтады), Лаос (Юан династиясы территориясы), Малайзия (Оңтүстік Қытай теңізі), Монғолия (Юан династиясы территориясы), Непал (Непал Тибеттің құрамында болған), Солтүстік Корея (Баекду таулары, Шандао), Пәкістан (Пәкістандағы Кашмир), Филиппин (Панатаг рифі), Ресей (Сібірдің Қытаймен шектескен аймағындағы 160 мың шаршы шақырымы), Сингапур (Оңтүстік Қытай теңізі), Оңтүстік Корея (Шығыс Қытай теңізі), Тайван (Макклессфилд рифі), Тәжікстан (Таулы Бадахшан автономиясы Цин династиясының территориясы болған, 1644-1912) және Вьетнам (Мин династиясының территориясы, 1368-1644 ж.ж.) елдерімен шешілмеген жер дауы бар.
Доктор Грут Қытай үкіметінің айналасындағы елдермен жер дауына байланысты астыртын ақпараттық шабуылды жиі жасап тұратынын айтады.
– Мысалы, Ху Цзиньтао (Hu Jintao, Қытайдың бұрынғы басшысы – ред.) 2003 жылы Аустралия Парламенті мүшелерімен кездесуі кезінде аталған құрлыққа Қытайдың әскери флоты еуропалықтардан бұрын, нақтырақ айтсақ, 1420 жылы келгенін айтты. Ол қытай деректерінде Аустралияның "Оңтүстік Жер" деп аталғанын және орта ғасырларда құрлыққа көптеген қытайлықтардың қоныс аударғанын да жеткізді. Мұнымен Аустралия Қытай меншігіне айнала қоймайды. Бірақ осы сынды жалпыұлттық үгіт-насихаттың бар болуы белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді, – дейді Джерри Грут.
Сондай-ақ, Аделаид университетінің профессоры Аустралия үкіметі Ху Цзиньтаоның осындай ресми пікіріне қатаң түрде жауап қайтаруы тиіс болғанын айтады. Өкінішке қарай, Аустралия билігі ешқандай ресми жауап бермеген.
Қытай территориясын үлкейтуді Гонконгтан бастады
Америкалық сарапшы Александр Боуидің (Alexander Bowe) айтуынша, XX ғасырдың соңғы онжылдығында Қытай үкіметі сыртқы экспансиясын бастайды. Қытайдың алғашқы геосаяси жүрісі Гонконгқа (1997 жылы) бағытталды. Кейіннен Қытай Халық Республикасының құрамына Португалияның боданы болған Макао (1999 жылы) аралы да қосылады. Бұл екі аймақ Қытай билігіне бағындырылғанымен, "Бір ел, екі жүйе" келісімі аясында капиталистік құрылымын сақтап отыр.
Батыста Тайванды "капиталистік құрылымдағы Қытай мемлекеті" деп атайды. XX ғасырдың бірінші жартысында Қытайда коммунистер мен капиталистер арасында азаматтық соғыс болған. Большевиктер Қытайдың негізгі территориясын иемденіп алған кезде капиталистер Тайвань аралына шегінеді.
Қытай ертеректен Тайванды қайта бағындыруды көздеген. Аралда АҚШ әскери базасы бар болғандықтан, бұл ойы әзірге жүзеге аспай тұр.
Сингапур елінің де тарихы осыған ұқсас. Арал-мемлекет халқының басым бөлігі – қытайлар, сондықтан 1970 жылдары Қытай үкіметі Сингапурды өзіне бағындыруды ойластырған. Бірақ ол жерде ағылшын әскери базасының бар болғандықтан бұл мәселенің шешімі кейінге қалдырылған еді.
Қытай үкіметі еврейлердің әдісіне көшті
Қытай билігі халқының басым бөлігі қытай ұлты өкілдерінен тұратын елдерді бағындыру мүмкіндігі жоғары немесе олармен тиімді келісім-шарт жасасу оңай екенін біліп, көрші елдерге халықтың бейбіт қоныс аударуына мүмкіндік жасады. Қытай үкіметі мұндай бейбіт экспансия әдісін еврейлерден үйренген.
Айта кетсек, Таяу Шығыстағы еврейлер мен арабтар арасындағы соғыстың мыңжылдық тарихы бар. XX ғасырда Палестина аймағы Ұлыбритания боданында болды. Бірақ 1948 жылы БҰҰ шешімі бойынша Израиль (еврейлер) мен Палестина (арабтар) елдерін құру шешімі қабылданады. Еврейлер бұл шешіммен келісіп, бірден тәуелсіздігін жариялайды. Ал арабтар еврейлермен жер бөліскісі келмей, ресми тәуелсіздігін жариялаудың орнына Израильге қарсы соғыс ашады.
Содан бері Палестина территориясы нақты бекітілмеген. Израиль үкіметі арабтарды соғыссыз жеңіп, Палестинаны иемдену үшін 1990 жылдары территориясы анықталмаған аймаққа еврейлерді жаппай көшіре бастады. Қазіргі таңда, Палестинаның арабтарға берілген бөлігінде Израильдің 5 пайыз азаматы (427 мың) тұрады. Бүгінде олар палестиналық арабтардың суверенді территориясының 60 пайызын еш келісімсіз әрі соғыссыз иемденіп отыр.
Қытай үкіметі ішкі нарығындағы жұмыссыздар санын азайту үшін әрі аймақтық қуатын арттыру мақсатында ел азаматтарына шетелде жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Мысалы, $8 триллиондық капиталы бар "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылымдық жобасы осы мақсатты жүзеге асыру үшін іске қосылған.
Қытайдың миллиондаған азаматы аталған инвестициялық жобаның арқасында әлемнің 68 еліне ашық түрде жұмыс істеуге бару мүмкіндігін алып отыр. Сонымен қатар, Қытай үкіметі инвестициялық ұсыныс жасаған кезде құрылыс жұмыстарын да қытайлық құрылыс компаниясының жүзеге асыруын талап етеді. Нәтижеде ішкі нарыққа несие ретінде келген капитал Қытайдың құрылыс компаниясы мен жұмысшыларына төленеді. Ұзын сөздің қысқасы, осы әдіспен елге құйылған қаржының басым бөлігі Қытай нарығына кері қайтарылады.
Кейбір сарапшылар Қытай үкіметінің бұл жобасын Маршалл жоспарына теңейді. Расында, Маршалл жоспары АҚШ билігі тарапынан Еуропа елдеріне субсидия ретінде берілген. Ал Қытай инвестициясы мемлекеттік облигациялар мен несие ретінде ұсынылып отыр.
Қытай билігі инвестициясын ұсынар алдында Бүкіләлемдік банк немесе Халықаралық Валюта қорының жоғары талаптарын қоймайды. Олар инвестицияға салынатын инфрақұрылым құрылысын қытайлық компанияның жүргізуін және жұмысшылардың 75 пайызға жуығын Қытай азаматтары құрауын талап етеді. Инвестицияға тәуелді дамушы елдері мұндай талаптарды ойланбай қабылдайды. Нәтижесінде қытай азаматтарының жұмыс миграциясы жүзеге асырылып жатыр.
Кейіннен Қытай билігінің мемлекеттік мекемелері жекелей шетелге көшкен Қытай азаматтарының сол қоғамның бір бөлігіне айналып, Қытайдың коммунистік идеологиясынан алыстамауын қадағалайды. Бұл – экономикалық әрі мәдени басып алудың бір жолы.
Мұндай сыртқы барлау жұмыстарымен көбіне Қытай үкіметінің жанында құрылған Біріккен Шептегі Жұмыс Департаменті (Ары қарай – Департамент) (United Front Work Department, UFWD) айналысады. Департамент тек Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетіне бағынады.
– Қытай коммунистік идеологияның есебінен кез келген мәселені бір ұлт болып шешуге тырысады. Мысалы, Қытай үкіметінің шетелдегі елшіліктерінің әрқайсысында Біріккен Шептің кем дегенде бір қызметкері жұмыс істейтіні туралы жазылып жүр. Ал, менің ойымша, елшіліктегі әрбір Қытай азаматы Біріккен Шептің жұмыстарымен айналысуы жоғарыдан міндеттелген, – дейді доктор Грут.
Қытай өз диаспорасын жұмылдырып жатыр
The Financial Timesредакциясының журналистік зерттеуіне орай, Департамент 2014 жылдан бері әлемдегі Қытайдың мүддесін қорғайтын азаматтардың барлығын біріктіру процесін жүзеге асырып жатыр. Бұл – Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзинпиньнің (Xi Jinping) арнайы тапсырмасы екен.
Сондай-ақ, Департамент қызметкерлері Қытайдың бірікпеуіне және оның дамуына кедергі жасағысы келетін шетелдегі оппозиционерлерге қарсы тұру әрекеттерімен де айналысады.
2018 жылдың қаңтар айында Чен Ионглин (Chen Yonglin) есімді қытай текті австралиялық Азаттық Радиосына (Radio Free Asia, RFA) берген сұхбатында Қытай үкіметі шетелде оқитын студенттерді бопсалау немесе сыйақы ұсыну арқылы Қытайдан қашқан оппозиционерлер жайлы ақпарат беруші ретінде қызмет етуге үгіттейтінін айтқан. Ол өзі Қытай Халық Республикасының елшісі қызметін атқарған кезде осындай әрекеттерге барған екен. Оған нақты дәлелдер де бар.
Мысалы, АҚШ-тағы Джорджия университетінде білім алатын Сулайман Гу (Sulaiman Gu) есімді қытай текті студент Қытайдың қауіпсіздік қызметінің мамандарының оны жалдауға тырысқанын айтады. Ол мұның дәлелі ретінде Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі қызметкерімен болған телефондағы әңгімесін жариялаған. Аудиотаспада Қытай үкіметінің қызметкерлері студенттен АҚШ-тағы демократиялық топтар туралы сұрағанын көреміз. Сонымен қатар, ол Қытай үкіметін жиі сынға алатын Guo Wengui есімді америкалық миллиардер туралы да ақпарат сұраған.
Біріккен Шептегі Жұмыс Департаменті туралы не білеміз?
Біріккен Шептегі Жұмыс Департаменті өткен ғасырдың бірінші жартысында Қытайдағы азамат соғысы кезінде барлау жұмыстарымен айналысқан комитет негізінде қалыптасады. Ал Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін Департамент міндетіне оппозициялық ұйымдарды кері үгіттеу немесе жою жүктеледі.
Мао Цзедун кезінде Департаменттің барлау қызметі үкімет тарапынан қолдаусыз қалады. Ал 1979 жылы Дэн Сяопин Департамент өкілеттігін КСРО Сыртқы істер министрлігінің Ақпарат комитеті базасы негізінде қайта құрып, экономикалық анализ жасауға басымдылық танытуды бұйырады. Департамент қызметкерлері 1980 жылдары дамыған елдердің жоғары технологиялық өнімдерін Қытайға алып келіп, елдің ішкі нарығына бейімдеумен айналысады. Бұған екі жақтың барлаушысы болып істеген Катрина Леунг есімді қытай текті америкалықтың ісі дәлел бола алады.
Департамент қызметкерлері нақты немен айналысады?
Бүгінгі Біріккен Шептегі Жұмыс Департаменті 4 жетекші кеңсе мен 9 арнайы бюродан тұрады. Олардың әрқайсысы Қытайдың ішкі және сыртқы саясатындағы белгілі бір мәселемен айналысады. Мысалы, 9 бюроның біреуі Қытайдағы коммунистік емес 8 саяси партия өкілдерінің қызметін бақыласа, екіншісі Қытайдағы этникалық аз ұлт өкілдерінің белсенділерін назарда ұстайды.
Қытай Президенті Си Цзинпинь билікке келгеннен кейін Департамент өкілеттігі одан әрі кеңейтіліп, қосымша екі жаңа бюро ашылды. Оның бірі Қытайда соңғы жылдары қалыптасқан "Жаңа әлеуметтік класс" өкілдерін коммунистік идеологиядан алыстамауын қадағаласа, екіншісі Шыңжаңдағы Ұйғыр автономиялық аймақтағы сепаратистермен күреседі. Бұл екі бюроның барлау жұмысына жаңадан 40 мың қызметкер қабылданған.
Доктор Грут informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында Департамент қызметкерлері қазіргі таңда шетелде тұратын коммунист емес, бірақ қытай текті жазушы, кәсіпкер, ұстаз, студенттерді және танымал ғалымдарды ұлт идеологиясы тұрғысынан үгіттеп, Қытай үкіметіне сырттай жұмыс істеуге шақырумен айналысып жатқанын айтады.
– Қытайдағы коммунистік билік Біріккен Шептің көмегімен шетелдегі оппозициялық ұйымдарды бейтараптандыруға қол жеткізіп отыр. Департаменттің жалпы ұлттық стратегиясы ішкі жаумен күресте де тиімді, – дейді Джерри Грут.
Александр Боуи (Alexander Bowe) есімді АҚШ және Қытай арасындағы экономика және қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының (USA – China Economic and Security Review Commission) сыртқы істер мен қауіпсіздік бойынша сарапшысының жақында жарияланған есебінде Департамент туралы нақты мәліметтер бар.
Қазақстан 30-40 жылда оңтүстік-шығыс Азия елдерінің кебін кимей ме?
"Атажұрт" ерікті жастары" деп аталатын ұйымның белсенді мүшесі Серікжан Біләшұлы informburo.kz тілшісіне Қытайдың жұмсақ күші (Chinese Soft Power) жайлы пікір білдірді.
– Өткен ғасырдың екінші жартысынан Қытай тұрақты түрде экономикалық даму үшін өзіне көршілес жатқан оңтүстік-шығыс Азия елдерімен байланысын нығайтып, олардың басты сауда серіктесіне айналуды көздеген. Осы мақсатпен Қытай көрші елдеріне дәстүрін, білім беру саласы мен идеологиясын насихаттап, мәдени алмасуын нығайтты. Бұл – Қытайдың жұмсақ күшінің негізгі құралдары болды, – дейді Серікжан Біләшұлы.
Серікжанның айтуынша, Қытайдың жұмсақ күшінің әсерінен көршілес жатқан елдердің барлығы дерлік кейіннен алып елдің қысымын талай көрген. Жұмсақ күш сылтауымен мемлекетаралық мәдени және экономикалық байланысты нығайту барысында көптеген қытайлықтар көрші елдерге қоныс аударады. Ал олардың кейінгі ұрпағы Қытай үкіметінің қолдауымен биліктегі жоғары лауазымды орындарға көтеріледі. Ал, содан кейін, Қытай үкіметі бұрынғы эмигранттардың көмегімен сол елмен өзіне тиімді келісім-шарттарды жасай алады.
Мысалы, қытай ұлты өкілдерінің Лаос (185 мың), Вьетнам (1,2 миллион), Таиланд (9 миллион), Мьянма (1,6 миллион), Индонезия (2,8 миллион) және Малайзия (6,4 миллион) елдерінінде көптеп шоғырлануы да осы жұмсақ күшпен тікелей байланысты.
– Айтып өтсем, Таиландтың соңғы екі премьер-министрі қытай текті. Ал Индонезиядағы ұлтаралық соғыс, Камбоджа мен Лаостағы қытай иммигранттарының Қытайға қосылу мәселесіне қатысты бас көтеруі, Бутан мен Үндістандағы жер дауларына жергілікті қытай ұлты өкілдерінің араласуы және Вьетнам соғысындағы Қытайдың өз мүддесін қорғауы қытай халқының осы аймақтарда өмір сүретіндіктерінен болып отыр. Сондықтан олардың Қазақстанға келіп, азаматтық алуларына жол бермеуіміз керек. Әйтпесе, бірнеше ұрпақ ауысып, қытайлар көбейгеннен кейін оңтүстік-шығыс Азия елдерінің кебін киюіміз бек мүмкін, – дейді Серікжан Біләшұлы.
Қытай үкіметі Қазақстанға қаншалықты жақын?
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы Қытай инвестициясы еліміздің энергетика секторына бағытталды. Қазіргі таңда Қытай капиталына ие 22 қазақстандық компания елімізде мұнай және табиғи газ өндірумен айналысып жатыр. Олардың еншісіне Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызы тиесілі.
Ал Қытай Халық Республикасының жаңа басшысы Си Цзиньпин 2013 жылдан бастап сыртқа шығатын инвестиция көлемін бірнеше есеге арттырды. Нәтижеде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай", "Бір белдеу – бір жол" инвестициялық жобалары жүзеге асырыла бастады. Одан бөлек, тек Қазақстанға бағытталған "51 зауыт" сынды алып инвестициялық жобасы бар.
Әлемдік экономика және саясат институтының (Institute of World Economics and Politics – IWEP) аға сарапшысы Антон Бугаенко informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында Қытайдың тек өзіне тиімді жобаларды қаржыландырып жатқанын айтады.
– Қытайдан Қазақстанға келіп жатқан капиталдың небәрі 4,7 пайызы тікелей инвестиция болып саналады. Ал қалғаны – несие. Демек оны алғаннан кейін қайтару міндеті жүктеледі, – дейді Антон Бугаенко.
Осы жылдың басында Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құны 27 миллиард АҚШ долларына тең "51 зауыт" жобасы бойынша келіссөздердің сәтті өтіп жатқанын мәлімдеді. Ресми мәліметке орай, осы жылы Қазақ-Қытай капиталына 6 және тек Қытай қаржысына 5 өндіріс орнын салу басталуы тиіс.
Ескерте кетсек 2005 жылдан 2017 жылдың 1 ақпанына дейін Қытайдан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі – 13 миллиард АҚШ доллары. Ал соңғы 4 жылда одан екі есе көп капитал ағымына қатысты келісімдер жасалып жатыр.
Әлемдік экономика және саясат институты (IWEP) маманының мәліметіне орай, Қытайдың ұсыныстарын тежеу мүмкін емес. Бірақ оны өзімізге тиімді жолға бағыттауға болады. Мысалы, бүгінге дейін Қазақстанға ұсынылған Қытай инвестициясының көлемі $80 миллиардқа жетіп қалды. Бірақ олардың басым бөлігі әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Жобалардың барлығы Қазақстан тарапынан мақұлданып, жүзеге асырылуы екіталай. Соның өзінде жалпы соманың үштен екі бөлігінің ішкі нарыққа кіретіні белгілі. Десе де, келісімдердің екі жаққа да тиімді түрде жасалуы маңызды.
Канадалық сарапшы, Media Gurus компаниясының директоры Гарри Нанда (Harry Nanda) informburo.kz тілшісінің Қытайдың жұмсақ күшіне қатысты сұрағына жартылай әзіл жауабын берді.
– Қытай – сіз аң аулап жүргенде алдыңыздан шыққан алып аю сияқты. Ол сізге тым жақын жерде тұрғандықтан тек бір рет оқ ататын ғана мүмкіндігіңіз бар. Ал бір оқпен оны құлата алмайсыз. Одан қашып та құтыла алмайсыз. Себебі аю әлемдегі ең жылдам спортшыдан да шапшаң жүгіреді. Енді одан қалайда аман қалуды ойластырыңыз, – дейді канадалық сарапшы (күліп).
Гарри Нанданың айтуынша, қазіргі таңда Қытаймен сауда жасамай өмір сүре алатын елдер өте аз. Ал жақын болашақта бүкіл әлем толығымен Қытай капиталына тәуелді болып қалуы мүмкін. Ол кезде "айдаһармен" достасуға тым кеш.
– Қытайдың "жұмсақ күші" Қытай мәдениетін әлемге танытып жатыр. Мысалы, АҚШ-та қытай жаңа жылында демалыс берілетін болды. Ал Қытайдың жетекші университеттері кез келген талапкерге еш қиындықсыз грант ұсынып жатыр. Қытай тілін оқығысы келетіндердің саны күрт өсті. Сонымен қатар, Қытай үкіметі шетелдегі қытай текті білікті мамандарды елге қайтарып, өзінің "Силиконды алқабын" салып жатыр. Мұның бәрі Қытай үкіметіне тиімді саясаттың болашақтағы экожүйесін қалыптастыруға бағытталып отыр, – дейді сарапшы.
Батыс елдерінде Қытай университеттеріне сұраныс артқан
Қытай үкіметі әлемдегі жетекші мамандарды өз еліне жинау мақсатында білім беру саласына түбегейлі өзгерістер енгізіп жатыр. Қазіргі таңда Қытай университеттерінің басым бөлігі Батыс Еуропа елдері және АҚШ білім беру стандартына көшіп жатыр. Сәйкесінше, Қытайда оқығысы келетін шетелдік студенттердің саны артып келеді.
Дюк Кушан Университеті президентінің орынбасары Денис Саймонның айтуынша, қазір Қытайда оқу трендке айналып жатыр.
– Болашақта Қытайдың алып корпорацияларында жұмыс істеуді жоспарлаған жастар Қытайға оқуға түсіп жатыр. Бір жағынан бұл шығыс мәдениетін танып, жаңа тіл үйренуге себепші болып отыр. Қазіргі таңда, Қытайдың Шанхай және Гонконг сынды қалаларында өмір сүру сапасы Еуропа қалаларынан кем түспейді, – дейді Денис.
Айта кетсек, Дюк Кушан Университетін америкалық Дюк пен қытайлық Ухан университеттерінің жетекшілері бірігіп құрған. Олардың басты мақсаты – Батыс пен Шығыстың білім беру жүйесі тәжірибесінің арқасында заманауи ЖОО қалыптастыру.
Қытай үкіметі 2020 жылға дейін өз территориясында білім алатын шетелдік студенттер санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай, шетел студенттеріне Қытайда білім алу гранттарын ұсыну насихаты жаппай жүріп жатыр.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім мұны қалыпты жағдай деп түсінетінін айтады.
– Бұл әлемдегі ақылды адамдарды өзіне тартудың бір жолы. АҚШ та, Еуропаның дамыған елдері де бұл әдісті пайдаланып жатыр. Егер Қазақстан сондай мүмкіндік жасаса, бізде де әлемнің үздік мамандары жиналатын еді. Ал Қытайда оқу не оқымауды біз өзіміз шешеміз. Сондықтан Қытайдың бұл саясатына сыни көзқараспен қараудың керегі жоқ, – дейді Дос Көшім informburo.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Америкалық сарапшы Александр Боуи Қытайдың "жұмсақ күші" жайлы зерттеу жұмысында Конфуций Институттарына Қытай үкіметі тарапынан қомақты қаржы бөлініп жатқанын жазады.
Конфуций Институты – Қытай территориясынан тыстағы қытай тілі мен мәдениетін, тарихы мен білім беру жүйесін оқытатын орталық. Ол Ұлттық қытай тілі кеңсесі Ханбан арқылы басқарылады және Қытай Коммунистік партиясы тарапынан қаржыландырылады.
– Ханбан Ұлттық қытай тілі кеңсесінің мәліметінен сенсек, 2014 жылы бір АҚШ-тың өзінде 110 Конфуций Институты болған. Ал Синхуа таратқан ақпаратына орай, 2017 жылдың соңына қарай әлемнің 142 елінде 500-ден астам институт жұмыс істеген, – деп жазады Александр Боуи.
Айта кетсек, Конфуций Институты Қазақстанның Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында оқыту курстарын ұсынады.
Bloomberg: Қытай 10 жылдан кейін әлемнің бірінші экономикасына айналады
АҚШ-тың белгілі Bloomberg басылымының сарапшылары Қытайдың экономикалық өсу қарқынына статистикалық есеп жасап, осындай қорытындыға келіп отыр.
Соңғы статистикалық мәліметке орай, АҚШ-тың биылғы ЖІӨ көрсеткіші $16,8 триллионды құрайды. Ал Қытай $15,9 триллионмен әлемнің экономикалық қуатты елдер тізімінде екінші орында тұр. Америкалық Bloomberg агенттігінің ақпаратына орай, 2040 жылы АҚШ-тың ЖІӨ $30,6 триллион болғанда, Қытай капиталы $51,1 триллионға жетпек.
– АҚШ-тың ЖІӨ өсу жиілігі жылына 2 пайызды көрсетіп отыр. Ал Қытай экономикасында бұл өсім 6,5 пайыздан түспейді. Сондықтан 2029 жылы Қытай АҚШ-тан озып, әлемнің бірінші экономикасына айналады, – деп жазылған Bloomberg сараптамасында.
Канадалық сарапшы Гарри Нанданың айтуынша, Қытай экономикалық өсіміне ешнарсе кедергі бола алмайды. Тіпті АҚШ-тың тауар импортына қатысты қатаң шектеулері де әсер етпейді.
– Қазіргі таңда, Қытай билігі ешбір елмен саяси не экономикалық қиындық тудырмауға тырысып жатыр. Одан қалса, көптеген елдерге қаржылай қолдау білдіріп, өз жақтастарының қатарын көбейтіп жатыр. Меніңше, аз уақытта Қытай экономикалық қуатын саяси мақсатта пайдалануға көшеді. Ол кезде Қытай гегемониясына АҚШ-та төтеп бере алмай қалуы бек мүмкін, – дейді канадалық сарапшы.
Қытай қысымына түспеу үшін Қазақстанға не істеу керек?
– Қытай үкіметі үшін Қазақстан өте маңызды стратегиялық аймақта орналасқан. Сондықтан Қытай билігі Қазақстанға тоқтаусыз инвестициялық жобаларын ұсынып жатыр. Бұл – Қазақстан экономикасы үшін қуантарлық жағдай. Бірақ Қазақстан билігі мұндай экономикалық шешімдердің артында саяси ұстанымдардың бар екенін бір мезет те ұмытпауы тиіс, – дейді Гарри Нанда informburo.kz тілшісіне.
The Boston Consulting Group компаниясының жетекшісі Ханс-Пол Бюркнер жуырда Қазақстан Қытайдың қысымын көре қоймайды дейді. Себебі Қытайға берешек қарызын төлеуге Қазақстанның қауқары жетеді.
– Бірақ кейінгі ұсынылып жатқан инвестициялық жобаларды қабылдауда Қазақстан билігі барынша өзі үшін тиімді шешімдерді қабылдауы тиіс. Нақтырақ айтқанда, экономикалық тәуелділікке түсіп қалмауы тиіс. Меніңше, Қазақстан үкіметі бұл мәселеде әзірге ешқандай бұрыс шешім қабылдаған жоқ, – дейді Бюркнер мырза informburo.kz тілшісіне.