Осыдан біраз бұрын Қытайға виза алудың қиын екенін айтып, біраз адамның Сыртқы істер министрлігіне хат жолдағанын жазған болатынбыз.

Қытайдағы қазақтардың жайы – қазіргі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен, алаңдатып отырған мәселе. Алайда ол жақтан тауар тасыған саудагерлердің саны азаяр емес.

Қытайға барудың, сауда-саттықтың мән-жайын сәл кейінірек айтамыз. Алдымен, қауіпті деген жайттарға тоқталайық.

Қосымша оқыңыз: Қытайдың Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстанға қарағандағы саясаты өзгеріп жатыр ма?

"Шыңжаң өлкесін танымай қалдым"

Еркебек Жұмабаев (сұрауы бойынша аты-жөні өзгертіп алынды):

– Мен өткен айда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын туыстарыма барып қайттым. Сол жақта туыстарымның тұратынына байланысты ашық жаза алмағандығым себепті көп мәселелер ішіме сыймай отыр.

Біз – Еренқабырғаның бөктеріндегі ауылдың адамдары едік. Қазақстанға келіп оқыдым, азаматтық алдым. Қазір ел қатарлы жұмыс істеймін.

Соңғы жылдары Қытайдағы қазақтарға түскен қысым туралы көп айтыла бастады. Алайда өз көзіммен көрмеген соң сенбей келген едім.

Кеше ғана Қытайға барып, бәрін түсінгендей болдым.

Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?


Туысы Қытайда сотталған азаматтар баспасөз конференциясына келді / Фото informburo.kz

"Әке-шешемнің үйіне барып, қонақ үйге жаттым"

– Мені Қытай шекарасында екі сағат ұстады. Алдымен "Қытайдағы тұрақты тіркеуді (нопосты) өшірген-өшірмегендігімді сұрады. Қосымша, қайда жұмыс істейтіндігімді, неге азаматтық алғанымды, бұрынғы Қытай азаматы кезіндегі қытайша аты-жөнімді сұрап, тексерді. Құрал арқылы бет-бейнеме сканер жасады.

Ең соңында, осы тексеруден кейін, барған орнымдағы арнайы сақшы мекемесіне тіке баруымды міндеттеді.

Оқи отырыңыз: Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Сонымен, ауылдағы сақшы мекемесіне де тіркелдім. Олар мені өз туған әке-шешемнің үйіне жатуыма рұқсат бермеді. Егер үйге жататын болсам, әке-шешемнен бастап барлық туыстарыма қысым жасалатынын ашық айтты.

Осылайша, аудан орталығындағы сақшы мекемесі көрсеткен екі қонақ үйдің біріне тоқтауыма тұра келді. Әрине, өз ақшама. Сонымен әр күні үйге барып не олар келіп, сөйлесіп тұрдық. Бұрынғы сабақтас достарым жаныма жолаған да жоқ. Тіптен, кей туыстарым амандасуға да келмеді.

Барлығының төлқұжаттарын жинап алған деп естідім. Тәртіп те, тексеру де қатаң. Әлде бір танысым үйлену тойын жасау үшін құжат жинап жүргенін көрдім. Тойда бата жасалмауы, қол жайылмауы, артық сөйлемеулері туралы қатаң ескертілген, келетін адамдардың нақты тізімін бекітіп беріпті, – дейді Еркебек Жұмабаев.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық соғыста Қытай неге ұтылып жатыр? Қазақстанға одан пайда бар ма?

"Ішкі Қытай тыныш. Тек қытай не ағылшын тілін білсеңіз жеткілікті"

Біз Қытайға іскерлік байланыспен барып қайтқан кәсіпкер әрі блогер Сержан Қасен деген азаматпен де әңгімелестік.

– Қытай қысымы жайлы көп айтылып жатыр. Дәл қазір өте қызу тақырыптың бірі. Қытайда тоғыз күн тұрып, осыдан он күн бұрын оралдым. Шинжияң өлкесінің (қысым қатты болып тұрған ұлттық аумақ) орталығы Үрімжі қаласында бір күн ғана аялдадық. Шаруамыз ішкі Қытайда болды да сол жаққа аттанып, сегіз күн қонып қайттық. Жыжияң өлкесінің Иу деген кішкентай қаласында болдық.

Ол жақ тыныш екен. Жалпы ішкі Қытай мүлдем тыныш. Енді ше? Адамдары қазақ пен ұйғырды өмірлерінде бірнеше рет қана көреді ғой. Тек істің адамдары екен. Біз барған қалада әркім өз шаруасымен әлек. Клиентті құдасындай сыйлайды, кішіпейілдігімен іші бауырыңа кіреді.

Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен

Тек қытай не ағылшын тілін білсеңіз жеткілікті. Себебі, жергілікті компаниялар мен саудагерлер ағылшын тілінде сөйлесе алады немесе бір ағылшын тілді адамды жұмысқа алып отырады екен.


Ішкі Қытай. Иу қаласы. Ағылшын мен қытай тілін білсең, мұнда африкалықтарға да жұмыс бар / Сержан Қасеннің жеке мұрағатынан

"Үрімжіде қатаң тексеруден өттім"

– Жә, Үрімжіге оралайық. Айтатын әңгімеміз осы жақта ғой. Үрімжі әуежайына келіп түскен бойда кеден қызметкерлері қарсы алатыны белгілі ғой. Менімен бірге барған Қазақстанда туып-өскен жергілікті үш кісіні көп бөгемеді. Әдеттегідей кедендік рәсімдерін өтеген соң жіберді. Кезек маған келгенде паспортымдағы туылған жері "Сhina" деген жазуды көре сала, шашын қырыққан қараторы қыз бетіме жалт қарады да:
– Қытай азаматтығынан қашан бас тарттыңыз? – деп сұрады.
– 2003 жылы.
– Қытай азаматтығы күшін жойғандығы жайлы анықтамаңыз бар ма?
– Жоқ.
– Неге жоқ, азаматтықтан бас тартқаныңыз рас па?
– Әрине рас, ол кезде ондай анықтама берілмейтін, оның қажеті де болмады...

Оқи отырыңыз: Қытайдың Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстанға қарағандағы саясаты өзгеріп жатыр ма?

Ары қарай қырықпа шашты қыз тағы бір ер әріптесін шақырды. Ол мені шетке қарай жүруімді өтінді. Ол жерден мені бір ұйғыр және бір қазақ жігіт күтіп тұр екен. Әңгіме сол екеуімен жалғасты.

Қысқасы "анықтама неге жоқ, визаны қалай аштың, мұнда туысқаның бар ма? Не мақсатпен жүрсің, бұрынғы Қытайдағы жеке куәлігіңдегі аты-жөнің мен мекен-жайың қандай?" деген сияқты сұрақтар төңірегінде болды.

Ұялы телефондарында арнайы қосымша орнатылған, бет әлпетіңді сканерлеп тексереді. Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін де Қытайдың екінші буын жеке куәлігін жасатқан болсаң, сканерлегенде анықталып, шығады екен...

Оқи отырыңыз: Қытайдағы қазақ мәселесі: Қытайға барған делегация не дейді? Мәселенің мәні неде?

Әйтеуір барлық дерегімді жазып алды да жіберді. Ішкі Қытайға барып қайта кеденнен өтерде тағы осы көрініс қайталанды. Осыған ұқсас сұрақтар қойылды. Біраз бөгеп, жіберді.

Менен талап етілген басты нәрсе – Қытай азаматтығының күшін жойғаны жайлы анықтама болды. Енді мұнысын қате дей алмаймын. Бұрын мұндайды тексермегесін енді білініп жатыр ғой.

"Үрімжіде сауда нашар. Иу-да қайнап жатыр"

Сержан Қасен:

– Үрімжіде бір күн болдық. Қала құрсауланған. Аяқ аттап жүрген сайын тексеру. Сол үшін де сауда да бұрынғыдай емес, тоқтаған. Қонақ үйлер қаңырап тұр.


Үрімжідегі шарлаушы сақшылар. Бұл – күнделікті көрініс / baidu.com сайтынан алынды

Ал Иу қаласына барғанымызда бәрі басқаша болды. Қытайдағы танымал өндіріс орталығының бірі есептелетін Иу қаласында киім-кешек, мата өндірісімен қатар технологиялар мен құрал-жарақ, дәрі-дәрмек өндірісі де дамыған. Көшеде шетелдік саудагерлер толып жүр.

Тіптен, құжат тексеріп жүрген сақшылар да көрінбейді.

Сондықтан, саудагерлер Үрімжіні баспай тіке ішкі Қытайға баруды ойлайды екен. Мысалы, Алматы арқылы Шаңхайға, Бейжіңге, Шиәнге ұшақпен тіке баруға болады. Оның билеттері Қазақстандағы әуе кассаларында сатылып жатыр.


Иу қаласы. Көшедегі сауда / baidu.com сайтынан алынды

"Мен ертіп барған саудагерлер топтық виза аштырды"

Біз Қытайға виза алу мәселесі туралы бұрын да жазғанбыз. Қазір қосымша айтарымыз, Қазақстан мен Түркия Қытайдың қара тізіміндегі 26 елдің қатарына енген. Сол себепті, Түркияда және араб елдерінде болғандығын көрсететін белгі төлқұжатта тұрса, Қытайға виза алудың қиындайтындығы, тіпті берілмейтіндігі туралы айтылып жүр.

Сержан мырза осы жолы Қытайға бес адамды ертіп, барып қайтқан. Өзінің визасын бір жыл бұрын ашқызыпты. Ал саудагерлер визасын Алматыдағы Қытай елшілігі арқылы топтық виза етіп, 10 күнде ашқызған. Әрине Қытайдың елшілігі Астанада да бар. Барған адамға визаны ашудың мән-жайын түсіндіріп береді.

Десе де, Қытайда туылған Қазақстан азаматтары үшін виза алуға Қытайдан арнайы куәландырылған шақырту алдыру керек екенін білген дұрыс. Саудамен, жұмыс бабымен болса да Қытай тарапынан шақырту керек. Қазақстанда туылған азаматтарға сәл жеңіл.

Қытай қалаларында кешкі базар қатты қызады

Кешкі базарда зат сатып алумен қатар көше асханаларынан да дәм татуға болады. Бұл да қытай базарларының бір ерекшелігі.


Иудағы кешкі базар / baidu.com сайтынан алынды


Иудегі кешкі базардағы араб дәмханасы / baidu.com сайтынан алынды


Кешкі базарда көкөніс сатып тұрғандар / baidu.com сайтынан алынды

Иу қаласында әр елдің адамы көп, мұсылман дәмханалары да жеткілікті

Иу қаласында Орта Азиялық және бұрынғы Кеңес Одағына кірген республикалардың адамдары көптеп кездесті. Әсіресе орыс, украин және әзербайжан мен өзбек, түркімен азаматтары.

Африкалықтар мен пакистандықтар да толып жүр. Олардың сөзіне қарағанда, Еуропа елдеріне зат тасымалдайтындардың көбі пәкістандықтар болса керек.

Сержанның айтуынша мұнда мұсылман дәмханалары да көп. Тіптен, көшеде нан сатып тұрған ұйғырларды да жиі көресің. Түрік пен пәкістан асханалары да бар.


Иу қаласында сатылып жатқан мұсылман әйелдердің орамалдары / Жеке мұрағаттан

Мұнда ұлттық киімдерден бастап мұсылман бұйымдары да көптеп сатылады

Бір қызығы түркімен, өзбек, қазақ және арабтардың да ұлттық киімдері көптеп сатылып жатыр.

Иу қаласының үлкен сауда торабы екенін айттық. Онда түрлі мата фабрикалары да бар. Әр елдің ұлттық нақыштағы бұйымдары мен киімдері де көтерме сатылады.

Сержанның айтуынша, біздегі ұлттық киімдер де сол жақта өндіріліп жатқан болуы мүмкін. Тіптен, көптеген мұсылман тауарлары да тайланып, мұсылман елдеріне жөнелтіліп жатыр.

Иу – Қытайдағы ең үлкен көтерме сауда орталығының бірі

Сержан Қасен:

– Негізі бұл – кішкентай ғана аудан дәрежелі қала. Әрине салыстырмалы түрде айтсақ, біздің Астанамен бірдей. Бұрын аудан орталығы болған. Тұрғындарының айтуынша қала әкімі мықты адам болса керек. Үлкен сауда кешендерін салып, бүкіл әлемге есігін айқара ашып, қытай тауарларын көтеріп сататын орталыққа айналдырған. Қазір мұнда әлемнің бес құрлығынан саудагерлер келіп, тауар алып қайтады.

Қаладағы басты сауда үйі – бес корпустан тұратын "Иу халықаралық сауда сарайы". Әр корпусы төрт қабаттан тұратын бұл бес корпустың қызмет көрсететін жері төрт миллион шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда жалпы 70 мың бутик орналасқан. 200 мың адам жұмыс істейді. Күнделікті келіп-кететін адам саны 300 мың екен.

Біз жеті күн бойы тынбай аралағанда шамамен 10 процентін ғана көре алған шығармыз. Сауда орталығында не жоқ? Адамға, хайуанға, қысқасы жанды мен жансызға қажеттінің барлығы бар!

Бір ғана нәрсе жоқ, ол – адамның жаны. Әлемдегі ең арзан жер де осы, дүниежүзілік көтерме сауданың орталығы деуге болады.


Затын мақтап тұрған саудагер / baidu.com сайтынан алынды

Иулықтардың сауда тәсілін үйрену керек

Иу – кішкентай ғана аудан болатын. Алайда еңбеккер халық оны Қытайдың барлық компанияларының заттарын топтап сатып, әлемге тарататын орталыққа айналдырды.

Қала әйгілі Шаңхайдан 250 шақырым жерде орналасқан. Теңіз портына жақын. Әлемдік тасымал желісінің торабында. Қытайдың түкпір-түкпіріндегі өндіруші компаниялар өз заттарын осындағы саудагерлерге әкеліп, әлемдік базарға шығарады. Яғни, Қытайдың ең таңдаулы бұйымдарын осы арадан таба аласыз.

Тағы бір ескеретін жағдай, Иу қаласында базарлардың өз статустары бар. Халықаралық базарларда негізінен топтама, көтерме сатылым. 50-10 даналап сатпайды. Көп алған сайын, бағасы арзандайды. Шағын базарларда даралап сатылады.

"Иу қаласына барып қайтуға адам басына 220-250 мың теңге кетеді"

– Алматыдан төте рейс жоқ-ау, әйтеуір өзім таба алмадым. Біз Алматы – Үрумжі – Иу арқылы барып қайттық. Немесе Алматы – Шаңхай рейсіне алып, Шаңхайдан Иуға пойызбен баруға болады деп естідім, Иудың Шаңхаймен арасы 250 шақырым шамасында.

Бір адамның барып-қайту билет құны – 220-250 мың теңге шамасында болады.
Қонақ үйлері де қымбат емес. 80 юаньнан (4 сәуірдегі валюта бағамымен 1 юань – 50,82 теңге) басталады, 150-200 юаньдық қонақүйлер былай жаман емес екен. Ал бес жұлдыздыларына жатып көрмедім, бағасы да өзіне лайық болуы керек.


Таңғы жаттығу жасап жатқан Иу тұрғындары / baidu.com сайтынан алынды

Ішкі Қытайдан тіке Алматыға жүк жеткізетін компаниялар да бар

Сержан мырзаның айтуынша ішкі Қытайдан тіке Алматыға жүк жеткізу құны бір есеге таяу қымбатқа түседі. Сол үшін Үрімжі арқылы жеткізген дұрыс.

Бұл барыста сіз ең алдымен Үрімжідегі бір тасымал компаниясымен келісіп алғаныңыз дұрыс. Кейбіреуінің бөлімшесі Алматыда да бар.

Сатып алған заттарыңызды тасымал компаниялары арқылы Үрімжідегі келісіп қойған компанияға жібересіз. Олар ақшасын төлеп, қабылдап алады әрі қарай Алматыға жеткізіп береді. Сіз жеткізу ақысын Алматыға жүк келгеннен кейін ғана төлейсіз.

Әдетте Иудан Үрімжіге зат жеткізу құны келісіне 1 юань немесе әр текшеметрі үшін 230 юань. Қазіргі валюта бағамымен 230 юань шамамен 11500 теңгеге тура келеді. Ал Үрімжіден Алматыға зат жеткізуге текшеметріне 300 АҚШ долларын төлейсіз. Ол мөлшермен 97-100 мың теңге айналасында.

Естеріңізге сала кетейін, жоғарыда айтылған Иудан Үрімжіге жүктің жеткізу құнының ішіне кеден салығы кіреді. Яғни жеткізу ақысы мен кеден салығын бірге есептейді. Оған бола жеке тағы ақша төлемейсіз.

Иу қаласының табиғаты көркем, теңіздер мен көлдерге бай


Иу қаласы түбіндегі су қоймасы / baidu.com сайтынан алынды


Иу қаласы жанындағы ту ғибадатханасы / baidu.com сайтынан алынды


Тау бөктеріндегі Иу қаласының резиденциялары / baidu.com сайтынан алынды

"Бір белдеу, бір жол" бойынша сауда көлемі ұлғайып келеді, алайда...

Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 2017 жылы 31 пайызға өскен. Экспорт 3,5 млрд АҚШ долларына, импорт 3 млрд АҚШ долларына тең болған.

Мысалы, Қытайдың Шинхуа агенттігінің Алатау сағасы (Алашонькоу) өткелі кеден бекетінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып таратқан ақпаратына қарағанда, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесі бойынша Алатау сағасы (Алашонькоу) бақылау-өткізу пункті арқылы өткен сауда көлемі 5,3 млрд долларды құраған. Бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,8 пайызға артық.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, жарты жыл ішінде аталған бақылау-өткізу бекетіндегі жүк алмасуы 8,51 млн тоннаға дейін (13,1%) артқан.

Қазақстан жағына Қытайдың жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен құрылыс тауарлары көптеп өтсе, Қытай үшін негізінен Орталық Азия елдерінің пайдалы қазбалары мен өсімдік және жануарлардан алынатын азық-түліктерге сұраныс басым болыпты.

Қаңтар-маусым айларында Алатау сағасы (Алашонькоу) өткелі арқылы Қытайдан Еуропаға 287,4 мың тонна жүк тиеген 821 тауар пойызы жіберілді. Бұл екі көрсеткіш сәйкесінше 49,5 пайызға және 14 пайызға артты.


Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы карта / ҚР Инвестициялар және даму министрлігі сайтынан

"Бір белдеу, бір жол" тоқтап қалады дейтіндер де бар

Қытайдағы қазақ мәселесі қызып тұрған тақырып екені белгілі. Бұған мемлекет те араласты. Екі елдің халқы да бұрынғыдай тыныш та, берекелі барыс-келісті күтеді.

Шыңжаң өлкесінің Үрімжі қаласының сауда-экономикалық әлеуеті өте мықты болып еді. Сол әлеуеттің соңғы жылы әлсіреп кеткені шын.

Бұрын Үрімжіден қайтатын саудагерлер енді оған жоламай, амалсыздан ішкі Қытайға кетіп жатыр. Жол ұзақтау. Өзіндік қиыншылықтары да жоқ емес.

Егер бұндай мәселелер уақытында тоқтатылмаса "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасына салқындық тигізері хақ.

Бір елде үш түрлі жағдай: Шыңжаңда – әскери сақтық, орталықта – билікке қарсы ереуілдер, теңіз жағалауында – тыныш сауда

Қалай десек те, Қытайда билік сақтық шараларын күшейткен. Шынжаңдағы жағдай да –соның бір белгісі. Оған енді орталық өңірдегі жұмыссыздық пен наразылық ереуілдері қосылып отыр.

Ал, өндірісі дамыған шығыс және оңтүстік теңіз жағалауы өңірлері тыныш, сауда қызып жатыр.

Соңғы жылдары Қытайдағы заттың бағасы да, жұмыссыздықтың саны да өсе бастаған. Десе де өте үлкен базар айналымы әлемді әлі де мойындатып тұр.

Сондықтан, барғысы келгендер әр жағдайға да дайын болулары керек деп есептейміз. Сонымен бірге топтың адам көп жиналатын жерлерге бара бермегені жөн, қалталарындағы заттарына мұқият болулары керек.

Қытайға виза алу мәселесі туралы бұдан бұрын жазылған мақаламызды мына жерден оқи аласыз.