Қазақ – ырым-тиым арқылы ұрпақ тәрбиелеп, ата салтын жаңғыртып отырған халық. Жалпы көшпелі халықтың қатты ырымшыл болатыны белгілі. Жаман ырым болмайды. Ырымдай алмайтын адам болады. Жақсы ниеттен туған жақсы амал есептелетін ырымшылдық таза сенім мен талғар түйсікке жетелеп, рухани тегімізге жақындататыны ақиқат.

Ырымға сенбейтін адам болмайды. "Сенбеймін" деген адам да басына іс түскенде өзі іздеп табады.

Жұбайы жүкті болса, аңшы буаз аңға тиіспейді

Дала заңы бойынша көктемде буаз маралды атпайтын болған, жан-жануарлардың көбею маусымында оларға тиісуге тиым салған. Сонымен бірге үйдегі жары жүкті болса, буаз аңға тиіспеген, көк шөпті жұлмаған.Оқи отырыңыз: Бала тілі неге кеш шығады? Логопедтің ата-аналарға кеңестері

Көрпешті өлтіргенге, яғни іштегі сәбиді өлтірушіге қоса 10 адам жазаланады


Көрпеш / googlt.kz

Құрсақтағы сәбиді ата-бабаларымыз "көрпе, көрпеш" деп атаған. Көне түркі жазбаларында "көрпе" сөзі – "балғын, жаңа" деген мағына берген. Егер қандай да бір себеппен "Көрпешті" өлтірген жағдайда қандықолмен қоса 10 адам өлім жазасына кесілген. Себебі іштегі сәбидің – Көрпенің дәрежесі періштемен тең саналып, дала заңы бойынша оның құны 10 адамға тең деп белгіленген.

Міне, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" жырының әлі толық айтылмай келе жатқан ақиқаты осы. Қозы – Көрпештің әкесі, ал Баян – анасы. Сол Көрпешті өлтіргенін білген Қодардың өзін-өзі өлтіруі – үлкен трагедияның басы ғана болатын. Ал қазір ше? Сол періште жандарды анасының жатырында-ақ қынадай қырып тастайды.

Ұл туғысы келсе, келіншек еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік-сырғаны, моншақты, қызыл түсті матаны жастанып жатады. Екіқабат әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болып туылады. Келін төрге шықпайды, төр – қонақтың немесе отағасының орны. Түсік тастамасын деп екіқабат әйелдің етегін бүріп қояды.

Жүкті әйелді түйеден аттату немесе астынан өту


Түйеден аттату ырымы / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Жүкті анаға ырымдап, түйе сүтін, шұбатын ішкізбейді, түйе етін жегізбейді. Себебі, жүктілік уақыты ұзарып кетеді деп есептеген. Бұл ырым түйе ботасын 13-14 ай көтеретінімен байланысты болса керек. Оның үстіне боталар кезде "бошалап" алысқа кетеді. Бұл түйенің боталар кезде қатты қиналатынын білдіреді.

"Түйенің үстінен аттату немесе түйе жүнін тұтатып аттату" – егер жүкті ананың босанатын мерзімі созылып кетсе немесе байқаусызда түйе сүті мен тағамын жеді деп есептелсе "түйеден үш рет аттататын" немесе түйенің астынан өткізетін болған. Кейде бураның бас сүйегін төрге іліп қояды.

Ал қазір қалада, түйе жоқ жерде "жүнін тұтатып, содан аттатады немесе суретін сызып, содан аттатады". Бір қызығы сол ырымды орындаған кезден кейін-ақ толғақ басталады екен. Ал сенбей көріңіз!

Жарыс қазан немесе аттың тізгінін не шылбырын керу

Күні жетіп, толғата бастағанда көрші үйде де қазан қайнатып, тамақ асып, "жарысқазан" жасайтын болған. Онда әйелдер жағы "Пісті ме? Пісті!", "Түсті ме? Түсті!" деп айғайлайды екен. Қазан тез қайнаса, толғатқан ана да солай тез босанады деген наным бар. Сонымен қатар үйдегі барлық қаптардың, сандықтардың аузын, есікті ашып қоятын ырым бар. Ана босанғанша үйден өзгеге от бермеген.

Оқи отырыңыз: Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?


Жүген ұстату ырымы / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Тағы бір қызық ырым – ана толғата бастағанда аттың тізгінін не шылбырын керіп, туыт анаға соны ұстататын болған. Ондағы себеп әдетте жылқы малы, яғни бие туғанын тірі жанға көрсетпейді, әрі еш қиналмай тез туады. Тіптен бірнеше секунд ішінде құлындайды екен. Сол себепті, толғақ жеңіл әрі тез болсын деп ырымдаған.

Сәбидің кіндігін жақсы адамға және балтамен не кездікпен кестірген

Сәбидің кіндік жолын елге сыйлы, таза да жақсы адамға ырымдап кестіреді. Бала өскенде сол "кіндік шешесіне, не кіндік әкесіне" тартады деп ырымдайды. Ал қазір кіндік емханада кесілгенімен де "кіндік жолын" беру арқылы бұл ырым-наным жүзеге асып келеді.

Сонымен бірге кіндікті өткір кездікпен немесе балтамен кескен. Кездіктей немесе балтадай өткір, батыр болсын деген сенімде болған. Қайшымен кеспеген. Қайшымен кессе, жолы қайшыланады, кедергі көп болады деп қарайды.

Кіндігін туған жерге көму

Кесіп алынған кіндікті таза жерге көмген. Ұл баланың кіндігін жеті қырдан асырып көметін болған.

Ал қыздың кіндігін үйге көмген. Себебі, кіндігі үйге көмілген ұлды үйкүшік болады деп есептеген.

Ұл бала "үйде туып, түзде өледі", "қыз бала ошақтың ұйтқысы болсын, кіндігі туған жерге байлансын" деп ырымдаған.

Оқи отырыңыз: Тексіздік трагедиясы

Қалжа жемеген ананың баласы ынжық болады

Сонымен бірге, жас босанған анаға суық су немесе суық тамақ ішкізбейді, суық суға жуындырмайды. Итке "шық" деп айтқызбайды, айтса тісі түсіп қалады.

Аяғын жылы ұстатып, әр күні қой сорпасымен "шілде терін" шығаратын болған. Оны сол сәби өсіп азамат болғанда – "менің де қалжама бір қой жеген" деп мақтаныш еткен. Себебі, қалжа жемеген ананың баласы нашар, ынжық болады деген.

Әрине, дұрыс тамақтанбаса, денсаулығын күте алмаса, жас босанған ана мен оның сәбиінің денсаулығына әсер ететінін осы ырымдар арқылы көрсетсе керек.

Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды. Қыз баланың бір тал шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады.

Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды. Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жатады. Ана баланы дәретсіз емізбейді. Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас баласын емізбейді. Жалаңбас отырса, шайтан қайызғағын сәбидің аузына салып жібереді деп ырымдайды.

Қорыққан баланы емдеу үшін қорықтық құю ырымы

Бала бесіктен шошып оянып, бірнеше күн жылап, қайта-қайта ояна берсе қорғасынды ерітіп, оны баланың төбесіне не алдына ұстап тұрып, табақтағы суға құяды.

Сол кезде бала неден қорықса, соның бейнесі шығады деп есептеледі. Сол бейнені баланың бесігінің бас жағына іліп қояды.

Қорғасынды құю барысында "А, құдайым, пәле-жаладан сақта, сәбиді қорқытқан пәле шық, кет!" деп жаратқанға сыйынған.

Неге "ит жейде" немесе "ит көйлек"?


Итжейдені қуалаған балалар мен сәби күткен ана / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Жаңа туған сәбиге "ит көйлек" (қызға) немесе "ит жейде" (ұлға) кигізеді. Ол тігісі сыртқа қарап, кең пішіліп, таза жүн не мақта матадан тігілген.

Әдетте "ит көйлек" екеу болады. Оның "ит көйлек" не "ит жейде" аталуының өз себебі бар. Бала қырқынан шыққаннан кейін жаңағы жейде-көйлектің ішіне тәтті салып, түйіп, иттің мойнына байлап жібереді.

Балалар итті қуып жүріп, ит жейдені шешіп алып, ішіндегі тәттіні таласып жейді екен де, жейдені сәби сүйе алмай жүрген аналарға не жаңа түскен келіншекке сыйлайды екен. Ол – сәби сүйсін деген ырым.

Жүкті әйел ара, қайшы ұстамайды – ұстаса мерзімінен бұрын босанады. Аяғы ауыр келінге ырымдатып отқа май құйғызғанда, от ағарып ұзын жанса – ұл, қызарып жанса – қыз бала болады деп ұғынған. Толғақ жетпей тұрса, май ұзарып жанады. Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ауыраяқ екен деп ырымдайды.

Шілде суы деген не?


Сәбиін шомылдыру / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Қарын шаш – сәби дүниеге келгендегі ана құрсағында өскен шашы. Бала қырқынан шыққан кезде алынады. Кейбіреулер жеті күннен кейін де алады.

Қырқынан шыққанда өткір ұстарамен қарын шашты алады да, ішіне күміс жүзік, алқа, теңге салынған суға басын жуады. Ол "шілде суы" деп аталады. Әдетте шілде суынан азырақ құйып алып, сақтап қояды екен. Оны бала денесіне бөріткен шықса, не басқалай ауырғанда пайдаланып, жуатын болған. Сонда тез жазылады деген ырым бар. Ал күмістің вирус – бактерияларды, микробтарды өлтіру қасиеті бар және көз тиюден, уланудан сақтайды деп ырымдайды. Шілде суына салған заттарды "кейін жомарт азамат болсын" деп ырымдап таласып алатын болған.

Кей адамдар қарын шашын бір жасқа келгенше алмай, ырымдап отырған. Бір жасқа келгенде ұл болса – тұлым, қыз болса – бұрым қойып,той жасап алдыратын болған. Бұл да –"сәбиім аман болсын" деген ырым екен.

Бесікті құр босқа тербетпеу және отпен аластау ырымы


Бесік тербеткен бала / Фото informburo.kz

Әдетте көшпелі қазақ халқы бесікті отпен аластап отырған. Себеп, бесікке құрт-құмырысқа үймелеп, жылан-шаянның кіріп кетуінен, сәбиді зақымдаудан сақтану.

Ал жәндіктердің жарықтан қашатыны белгілі. Ерте дәуірде электр жарығы болмаған соң, от жағып, сонымен "От ана сақтай көр. Жаратқан Алла сәбиімді пәле-қаладан сақта, аман-есен өсуді нәсіп ет" деген секілді тілектерді айтып аластайды.

Сонымен бірге "бос бесікті тербетуге болмайды" деп тыйып отырған. Яғни "баласыз қалады" деп ырымдаған. Әбден ескірген бесікті шаңыраққа іліп қойған, қоқысқа тастамаған. Бұл – ұрпақты болайын деген ырымы. Кей отбасында бірнеше атадан бері келе жатқан бесіктер бар. Ырымдап, сақтап, ұрпақтарына қалдырып отырған.

Тұмар тағу және тұзды бастан айналдыру ырымы

Әдетте, балаға тіл-сұқ тимесін деп тұмар тағады немесе құлағының артына күйе жағады. Тұмар екі түрлі жасалады: бірі – молдаларға, көзқарақты діни сауатты ақсақалдарға құран аяттарынан дұға жасатып тағатын тұмар, екіншісі, қара тасқа дұға оқытып алып, оны тұмар етіп жасап тағады.

Қазақта "тілім тасқа" деген сөз содан шыққан. Тіл тигенде тас үгіліп түсіп, киімдерді де тесіп өте шығады екен деп айтып отырғандарды көрдік.

Ал елдің назары ауып, қатты жақсы көрсе, не таң қалса, бала ауырып қалады. Ондай болғанда есік-терезенің тұтқасын сүртіп әкеліп, баланы ұшықтайды. Немесе басынан тұзды үш рет айналдырып, "тіл-көзден сақта, Құдай" деп отқа тастайтын болған.

Кейде балтамен ұшықтап, сыртқа қарай "Бәле-қала кет, Алла Тағала, бәледен сақта" деп сыртқа үрлеп, дем салады да, есікті жауып қоятын болған. Кей әнші-күйшілердің концерттен кейін суға шайынып, моншаға түсуі де сол ырымнан туған. Мұндай ырым түрлері көп халықтарда бар.

Ұлтарақпен ұшықтау

Егер белгілі адамның тілі не көзі өткенін білсе, сол адамның ұлтарағын алдыртып, ұшықтатады. Ұшықтау әр түрлі болады. Кейде ұлтарақтың кішкене жерін кесіп әкеліп, үйде тұтатады.

Сарқыт ішкізу немесе аунату

"Ұрпағым осы кісіге ұқсасын, тартсын" деген ырыммен балаға айтулы, салауаты мен аузында киесі бар, ардақты адамдардың сарқытын ішкізеді немесе арнайы жоралғысын жасап, батасын алдырады. Кейде сол кісілер отырған орынға балаларын аунатып жатады.

Бала қылығы – бал ырым


Үйірін шақыру / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Бала башпайын (аяғының бас бармағы) сорса – үйірін шақырып жатыр, тағы сәби туылады деп ырымдаған. Ал жол қараса, қонақ келеді. Бөгде үйге барғанда "сәбиді құр қайтармайды" деп сыйлық сыйлаған. Баланың меселін қайтарса, бақ таяды деп есептеген. Бала табалдырыққа жығылса, бақ келеді деп ырымдаған.

Сонымен бірге сәбиі бар үйге барғанда "анасы дәметіп қалады" деп ырымдап, тамақ не тәтті ала баратын болған. Егер дәметіп қалса, омырауы ісіп кетеді екен.

Сонымен бірге, бала қорықпасын деп басына кездік, қанжар жастаған немесе қамшы қойған.

Ала жіппен, тоқішекпен және шөппен байланған тұсауды пышақпен кеседі


Тоқішекпен кесілген тұсау / informburo.kz

Қазақ балам "ала жіптен аттамайтын" таза, әділ болсын деп тұсауына ала жіп байлап, оны пышақпен кестірген. Қайшымен кессе, жолында кедергі көп болады деп есептеген.

Сонымен бірге, ала жіпке қоса малдың тоқішегін де байлап кескен. Онысы – жоқшылық көрмесін, тоқшылықта болсын деген ырым екен. Кейде шөпке байлап та кескен. Ол – шөптей қауласын, өссін деген ырымы болса керек.

Бәсіре атау ырымы салт-дәстүрге айналған

Бала есейіп, 6-7 жасқа келгенде нағашысы, кейде өз әке-шешесі не атасы бір тайды "бәсіреге" атаған. Оны жуасытып, баланың мінуіне дайындаған. Балаға арнап тоқымын жұмсақ етіп "ашамай ер" дайындаған.

Баланың бәсіреге мінген кезін "ат жалын тартып мінді", "азамат болды" деп ырымдап, дәстүрге айналдырып, тойлап отырған. Бұл – қазіргі "тілашар" тойымен барабар.

Отқа май тамызу да салтқа айналып кеткен ырым

Қыз бойжетіп, ұл ержеткеннен кейін әрине отау көтеретіні белгілі.

Отқа май тамызу да – көне тәңірлік таным бойынша От анадан, Ұмай анадан, кейін келе Алла Тағаладан "жарылқасын", "отымызды өшірмесін", "оттан май кетпесін", "дастарқан майлы болсын", "келіннің жүзі жылы болсын" деген ниетпен тілек тілеп, жасалған ырым. Онда "Алас, алас, әр бәледен қалас" деп те тілек айтқан.

Оның үстіне қазақы діни танымда шайтан оттан қорқады деген наным бар.

Аршамен, адыраспанмен аластау

Бұлар да аластау ырымының түрлері. "Алас, алас, әр бәледен қалас" деп, арша не адыраспан түтінімен аурудың төсегін, жас баланың бесігін, киімдерін, үйдің ішін аластаған.

Басқа жерге көшкенде, қоныс аударғанда бүкіл елді жүгімен екі от арасынан өткізген, ескі орында барлық бәлекеттер қалады, енді жуымайды деген ұғыммен орындалған.

Мұнда ескере кететін жәйт, арша мен адыраспан түтіні вирус пен бактерияларды, микробтарды өлтіре алатын ерекше өсімдіктер. Әрине оттан, түтіннен жылан, жын-жыпыр қашады деп есетегені тағы бар.

Адыраспан өте улы. Аңшылар одан қасқыр мен түлкіге арнап у жасайтын болған. Бұл тұрғыдан алғанда адыраспан түтінімен аластаудың өте терең ғылыми негізі бар ырым екенін көруге болады.

Жеті кемпірдің астынан өткізу

Әдетте, бала шетінеп тоқтамағанда жаңа туылған сәбиді "жеті кемпірдің астынан" өткізген. Сонымен бірге есімін де "Тұрсын", "Тұрар" секілді ырым аттармен қойған.

Мысалы, Тұрсын Жұртбай ағамыз да өзін ырымдап "жеті кемпірдің" астынан өткізіп алғанын айтады. Бұл арқылы бала тоқтамаған анаға тиген тіл-сұқты басқаға аудару және адастыру деп түсініледі.

Баласын сатып алу

Кейде баласы қайта-қайта шетінеп, тоқтамай қойған ана босанған кезде сәбиді үй іргесінен шығарып басқа бір адам алып кетеді. Екі-үш күннен кейін барып, "сатып алдым" деп ырымын жасап, алып қайтады екен.

Бір қызығы сол ырым мен жоралғылардан кейін бала шетінемеген, тіптен артынан көп бала да ереді екен.

Мысалы, "Ұлту", "Ұлболсын" деген аттар да ұл бала болса екен деген ниеттен туған ырымдар.

Пышақты тегін алмайды немесе қайрақ пен күшікті сұрап алмайды

Қазақтар пышақ сыйлаған кезде сөзсіз түрде ырымдап ақша төлейді. Бұл араздаспайық, ренжіспейік, сыйластығымыз ұзағынан болсын деген ырымнан болса керек.

Сонымен бірге қайрақты қолдан алмайды. Көп жағдайда ескертіп, алып кетеді немесе ұрлап алатын болған. Сонымен бірге бір-бірне қолмен бермейді, жерге тастап барып, екінші адам алатын болған. Бұл да – жақыншылықтың белгісі болса керек.

Ұлтарақтың жолын ашу


Ұлтарақтың жолын осылай ашады / Сурет Алмас Сырғабевтікі

Ұлтарақты етікке салмай тұрып, алдыңғы ұшын, жол бағытына қараған басын тіліп, "жолын ашу" ырымын жасайды. Сонымен бірге қойдың басын үйткеннен кейін де маңдайын қосу белгісінде тіліп жолын ашады. Жауырынның етін жегеннен кейін де жолын ашады. Бірақ жаурынды кеште не жаңа өлім шыққан үй болса жолын ашпайды.

Баскиімді кез келген жерге тастамайды, аяққа баспайды, астына басып отырмайды, аяққа кимейді. Олай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады.

Ер адам әйелдің киімін кимейді, жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектігінен айрылады. Бас киімді айырбастамайды.Өйткені, басындағы бағы кетеді.

Бас киімін сатуға да болмайды. Бөтен адамға бас киімін бермейді. Олай жасаса, адам басы кемиді. Бас киімін сыйлауға да болмайды.

Сары киім кимеу, қара жаулық тақпау және шашын жаймау ырымы

Әдетте, қазақ сары затты сыйға бермейды, кимейді. Ол – сары уайымның, қайғының белгісі ретінде ырымдалады.

Ал қара жаулық жамылу – үйде күйеуі қайтқан келіншек қара жаулық жамылу арқылы "қаралы үй" екенін білдірген.

Әйелдердің шашын жаппай, жайып жүруі өте жаман ырым саналған. Тек бағы тайып, өмірі сорға айналған әйелдер солай істеген екен. Бұл екінші жағынан шаштың өте улы, тамаққа тез түсетінімен байланысты болса керек. Қазақ қыздары мен аналары ешқашан шашын ашық ұстамаған. Бұл – өте үлкен тазалықтың, тектіліктің белгісі ретінде қаралған.

Түсті түстен кейін жорымайды және әйелге, жездеге, жиенге жорытпаған

Қазақ түсті ешқашан жаманға жорымаған, тіптен, қалжыңдап болсада жаманға жоруға тиым салып отырған. Сонымен бірге түсті түстен кейін жорымайды, әйелге, қалжыңдасатын жезде-балдыздарына, жиендеріне түс жорытпайды. Есесіне, аузында дуасы бар адамға жорытқан.

Бірде атақты Мөңке би түсін Сырым батырға жорытпақ болған. Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

– Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді. Сонда да айтайын, – дейді. – Түс – адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: "40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен. 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұсталмайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуінің келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен. Қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшылар заманының туатыны шығар. Түлкінің шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар. Қоянның шыққаны – ұрпағымыз үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар", – деп жорып беріпті.
Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: – Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, – депті.

Түс садақасын беру

Қазақ түс көріп оянғаннан кейін түсті жақсыға жориды да "түс садақасын" берген. Ол үшін кейде итке тамақ берген немесе қасындағы адамдарға "түс садақасы" деп ақша не құнды зат берген. Кейде мешітке барып, құран оқытып, садақа тастаған.

Бұл да – түсті жақсыға жорып, жақсылыққа жетуге талпынған ниеттен туған жақсы ырым. Сондықтан кез келген түсті "түс түлкінің боғы" деп айтады немесе тек жақсылыққа жориды.

Ит туралы ырымдар

Итті басқа тепсе, ырыс кетеді деп есептеген. Мезгілсіз уақытта ит көкке қарап ұлыса, зауал не өлімді шақырды деп ырымдап, қуып жіберген не өлтіріп, көміп, үстіне жеті тас қойдырған.

Ит есінесе, жақсылық болады. Итті үйге кіргізбеген. Себебі, ит тұрған жерде иман болмайды деп қараған.

Иттің адамның түсіне енуін жорудың өзі сан алуан: егер түсіңде ит көрсең, жақсылық болады. Қара ит көрсең, сақтана жүру керек. Ит босағаға сарыса, құт келеді деп есептеген.

Сонымен бірге итке ырымдап "Бөрібасар", "Құттыаяқ", "Құтпан" деп ат қойған. Қазақ халқында "Итемген", "Күшік" деген рулардың болуы да тегіннен тегін емес.

Ит жатқан орынға таңертеңгілік "Ит тиген" (рахит) сәбилерді үш рет аунатып алу, не болмаса сары иттің құлағын шертіп, қан алып жағу не иттің жүнін көз тимес үшін жас нәрестелерге тағып қою осындай ырымнан туындаған.

Қонаққа қатысты ырымдар


Бөгде үйге барғанда баланы құр қайтармайды / informburo.kz

Қазақ қонақ келсе, "құт келеді" деп ырымдаған. Қонаққа есікті өзі ашып береді. Қызды төрге отырғызады.

Дастархан қос қабатталған болса, қонақ келгенде оның тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаяды. Бұл "дастархан оң болмай, ісіңде жол болмайды" дегенді білдіреді.

Қонақасыда алдымен үй иесінің өзі астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы анықталған.

Қайтыс болған адам туралы ырымдар

Қазақ сәбиді "шетінеді", үлкен адамдарды "қайтыс болды" деп айтады. Ешқашан өлді деп айттырмайды. Өлім – заманақырдан кейін болады деп есептеген.

Қайтыс болған адам, өлім түске енсе – "жақсылық болады", "ұзақ жасаймын" деп ырымдап, құран оқиды. Қазақ аруақты қатты сыйлайды. Арнап садақа беріп, жақсы амалдар жасауға тырысады.

Емшекте баласы бар ананың омырауы іссе, малдың емшегі іссе, ауырса қайтыс болған адамды жууға пайдаланған матамен не шымылдықпен ұшықтайтын ырым болған.

Қасқыр деп айтпау, асығы, тісі немесе тұмсығы туралы ырымдар

Әдетте, "қасқыр" деп айтса, қасқыр арқаланып, өршеленеді деп "ит-құс" деп атаған.

Саудагерлер қасқырдың асығына дұға оқытып, дем салдырып тағып жүретін болған. Сонда ешқашан ұтылмаймын, қарсы жақтың алдында салауатым асып тұрады деп есептеген.

Малға қасқыр тимесін деп қасқырдың тұмсығын үйдің маңдайшалығына іліп қоятын болған. Қасқырдың терісін аяқ астына төсеген, босағаға ілген. Ешқашан төрге ілмеген. Төрге ілсе, мысымды басады деп ырымдаған.

Қасқырдың тісін, тырнағын салып жүреді. Ондағысы елдің тіс-тырнағы батпайды деген ырымы болса керек.

Қасқырдың тарамысын күйдіру

Сонымен бірге дүние-мүлкін ұры алғанда елге "қасқырдың тарамысын күйдіріп, дұға оқытатынын" хабарлайтын болған. Бақсы немесе молда дұға оқып,тарамысты күйдіретін болған. Сол кезде тарамыспен бірге ұрының аяқ-қолы құрысады екен деген наным бар. Көп жағдайда солай болғандығы туралы әңгіме де көп.

Демек, қазақы ырым-тыйымдар – қазақы дүние танымның ең үлкен бөлігі ғана емес, тәлім-тәрбие институты.

"Тек ұлы халық қана ырымдайды" деп есептеген. Ырымдаудың өз жөні болатынын ескертіп "жаман ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деп қалай ырымдау керектігіне де жол көрсетіп отырған.

Халық ырымды ғылымнан жоғары тұратын тылсым құдіреттің түсінігі ретінде қарауы да мүмкін. Түйсігі барлар түйсінетін өмір заңдылығы екені даусыз.