Сауықтыру жәрдемақысы дегеніміз – бұл мемлекеттік бюджеттен төленетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек. Яғни жәрдемақының бұл түрі бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдарда төленеді.

№1. Сауықтыру жәрдемақысын алуға құқылы азаматтық қызметші деген кім?

Еңбек кодексінің 2-бабы 1-тармағы бойынша азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.

№2. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшері қандай?

Еңбек кодексінің 139-бабының 10-тармағы бойынша қызметшілерге бір айлық жалақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлене отырып, отыз күннен кем емес еңбек демалысы беріледі. 


Оқи отырыңыз: Жұмыстан шыққан кезде қандай өтемақы алуға құқыңыз бар? Түсіндіреміз


№3. Қызметкер еңбек демалысын бөліп алса, сауықтыру жәрдемақысы қалай төленеді?

Қызметкерлер еңбек демалысын бірнеше бөлікке бөліп алатын болса, онда сауықтыру жәрдемақысы жылына бір рет демалыстың бірінші бөлігінде төленеді. Демек еңбек демалысын бөліктерге бөлу кезінде мемлекеттік қызметшілерге сауықтыру жәрдемақылары еңбек демалысының бірінші бөлігінде және күнтізбелік жылда бір рет қана төленеді.

№4. Жұмыстан босатылған қызметкерге бұл жәрдемақы төлене ме?

Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес еңбек шарты бұзылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге пайдаланылмаған күндер үшін өтемақы беріледі. Мемлекеттік қызметшілерге сауықтыру жәрдемақысы еңбек демалысы берілген кезде ғана төленеді, ал жұмыстан босатылған кезде бұл жәрдемақы төленбейді.

№5. Сауықтыру жәрдемақысына салық салына ма?

Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағының 41-тармақшасына сәйкес, бюджеттен төленетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемақыларға салық салынбайды. 

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге төленетін денсаулық сақтау төлемдерінен 10% міндетті зейнетақы жарналары ұсталмайды.


Оқи отырыңыз: Ана мен балаға 2024 жылы берілетін жәрдемақылар: Қанша түрі бар және оларды қалай алуға болады


№6. Қандай жағдайда бұл жәрдемақы түріне салық салынады?

Егер сауықтыру жәрдемақысы мемлекеттік бюджеттен төленсе, онда мұндай жәрдемақыдан салықтар мен аударымдар ұсталмайды. Ал жәрдемақы бюджеттен тыс қорлардан, арнайы шоттардан төленсе, онда мұндай жәрдемақыға салық салынады.