Жыл сайын Мажарстан үкіметі Қазақстан азаматтарына Stipendium Hungaricum бағдарламасы аясында оқу грантын бөледі. Грант оқу ақысы мен қатар бірнеше шығынды өтейді. Докторантурадан өзге білім беру бағдарламаларына түскен студенттер бірінші оқу жылы мажар тілін оқуға және екінші семестрдің соңында емтихан тапсыруға міндетті. Бұл талап мажар тілінде оқитын стипендиаттарға қойылмайды. Ал курсқа қатыспайтын стипендия иегерлері ай сайынғы стипендияны толық мөлшерде ала алмайды.

Осы орайда Информбюро порталы бағдарламаға қалай тапсыруға болатынын және қандай құжаттар қажет екенін түсіндіреді.

№1. Биыл қанша грант бөлінді?

2025-2026 оқу жылына 250 оқу гранты бөлінді:

  • бакалавриат – 110 орын;
  • магистратура – 90 орын;
  • бакалавриат+магистратура – 30 орын;
  • докторантура – 20 орын.

№2. Грант қандай шығындарды өтейді?

Грант келесі шығындарды өтейді:

  • тегін оқу;
  • ай сайынғы стипендия: бакалавриат және магистратура бағдарламалары үшін – HUF 43 700, докторантура – HUF 140 мың (алғашқы төрт семестр) және HUF 180 мың (қалған төрт семестр);
  • жатақханада тұру (немесе жалдамалы пәтердің ақысы айына 40 мың HUF шамасында);
  • медициналық сақтандыру.

Қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді. 

№3. Қандай құжаттар қажет?

Қажет құжаттар:

  • ҚР азаматының сауалнамасы;
  • Жеке куәліктің және/немесе паспорттың көшірмесі (түпұсқасы салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады) не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электронды құжат (сәйкестендіру үшін).
  • Білім туралы құжат;
  • Шет тілін білетінін растайтын құжат (бар болған жағдайда). Қабылдаушы тарап тілдік оқудан өтуді ұсынған жағдайда шет тілін білетіндігін растайтын құжат талап етілмейді;
  • Ағылшын тілін білетіндігін растайтын құжат (IELTS – 5.5, TOEFL – 46-дан кем емес) немесе салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып, осы тілде оқытуды алдыңғы оқу деңгейінде растайтын дипломның/транскриптінің болуы;
  • 18 жасқа толмаған үміткердің шетелде оқуына заңды өкілінің жазбаша келісімі;
  • ағылшын немесе венгр тіліндегі мотивациялық хат;
  • медициналық анықтама;
  • грамоталар, сертификаттар, дипломдар, алғыс хаттар көшірмелері (бар болған жағдайда);
  • ұсыныс хат (бар болған жағдайда);
  • транскрипт және т.б.

№4. Білім туралы қандай құжат талап етіледі?

Бітіруші сынып оқушысы:

  • қосымшасы бар негізгі орта білім туралы, яғни 9 немесе 10-сыныптың куәлігі;
  • білім алушының мәртебесі туралы анықтама;
  • бірінші жартыжылдықтағы үлгерімі туралы орташа балы көрсетілген табель немесе транскрипт.

Мектеп түлегі:

  • қосымшасы бар орта білім туралы аттестат.

Колледж студенті:

  • қосымшасы бар орта білім туралы аттестат немесе негізгі орта білім туралы куәлік;
  • білім алушының мәртебесі туралы анықтама;
  • бірінші жартыжылдықағы үлгерімі туралы орташа балы көрсетілген табель немесе транскрипт.

Колледж түлегі:

  • арнайы орта білім туралы диплом қосымшасымен. 

ЖОО түлегі:

  • қосымшасы бар бакалавр/маман дипломы.

ЖОО бітіруші курс студенті:

  • білім алушының мәртебесі туралы анықтама;
  • бірінші жартыжылдықтағы үлгерімі туралы орташа балы көрсетілген табель немесе транскрипт.

Магистратура түлегі:

  • қосымшасы бар магистр дипломы.

Бітіруші курс магистрі:

  • білім алушының мәртебесі туралы анықтама;
  • ағымдағы жылғы үлгерімі туралы транскрипт.

№5. Аттестат немесе транскрипт орташа балы қандай болуы керек?

Аттестат орташа балы кемінде 4,0 (5,0-ден) болуы керек. Ал GPA кемінде 4,0-ден 3,0 болуы керек. 

№6. Бағдарламаға қанша жастан бастап қатысуға болады?

2007 жылғы 31 тамыздан кейін туған үміткерлерден өтініш қабылданбайды, яғни үміткерлердің жасы 2025 жылғы 31 тамызға дейін 18 жастан кем болмауға тиіс). Ал "хореография" (Dance Study) мамандығына түсу үшін 18 жасқа толуы міндетті емес.

№7. 11-сынып оқушылары құжат тапсыра ала ма?

Иә. "Бакалавриат" бағдарламасы бойынша оқу үшін орта мектепті бітіргені туралы куәлік көшірмесі керек. Орта мектепті бітіргені туралы құжат болмаған жағдайда оқушының соңғы оқу жылындағы үлгерімі туралы табельдің нотариалды куәландырылған көшірмесі талап етіледі.

№8. Соңғы курс студенттері дипломы болмаса қандай құжат тапсырады?

"Магистратура" және "докторантура" бағдарламалары бойынша оқу үшін бакалавр дипломы және қосымша көшірмелерін тапсыру қажет. Жоғары білім алғаны туралы құжат болмаған жағдайда барлық өткен курстардың нотариалды куәландырылған транскриптін және соңғы курс студенті мәртебесі туралы анықтаманы ұсынады. Диплом ағылшын тілінде ұсынылған жағдайда, салыстыру үшін түпнұсқа талап етіледі.

№9. Құжаттарды қайда және қашан өткізу қажет?

Үміткерлер 2025 жылғы 15 қаңтарға дейін https://apply.stipendiumhungaricum.hu/ веб-сайтында онлайн тіркелу қажет. Ал құжаттар 2024 жылғы 25 қарашадан бастап 2025 жылғы 17 қаңтарды қоса алғанда eGov порталы арқылы қабылданады. Не болмаса Халықаралық бағдарламалар орталығына келіп, қолма қол тапсыруға болады.

№10. Іріктеу қалай өтеді?

Қазақстан тарапынан үміткерлерді іріктеу келесі турлардан тұрады:

  • Үміткерлердің тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен онлайн режимде дербес сұхбаты;
  • Үміткерлердің материалдарын қарау және қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  • балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  • білім туралы құжаттың балдық жүйе бойынша орташа балы;
  • тәуелсіз сараптамалық комиссияның бағасы.

Соңғы шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды.

№11. Үміткерлердің ұпайы тең болған жағдайда кімдерге басымдық беріледі?

Үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда басымдыққа ие болатындар (келесі ретпен):

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  • көпбалалы отбасынан шыққан балалар;
  • ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы екі жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  • шетелдік оқу орындарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Бұл санаттағы үміткерлер өзіне тиесілі қосымша мына құжаттарды өткізуі қажет:

  • баланың ата-анасының жоқтығын растайтын құжаттың көшірмесі;
  • бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама, № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
  • төрт және одан көп бірге тұрып жатқан кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәлігі немесе асырап алу туралы сот шешімінің көшірмесі;
  • ақпараттық жүйелерден және деректер қорынан алған ауылдық елді мекеннен келген үміткердің тұрғылықты жері туралы мәліметтер;
  • шетелдік жоғары оқу орнынан қазақ тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар шақырудың көшірмесі.

Құжаттардың түпнұсқасы салыстырылып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады.

№12. Еңбекпен өтеу талап етіле ме?

Конкурс жеңімпазы оқуын аяқтаған соң міндетті түрде Қазақстанға оралуы керек және бір жыл еңбек етуі қажет.

Бағдарлама туралы ақпарат Болашақ сайтында және Stipendium Hungaricum сайтында ораналасқан.