Қазақстанда 649 мың 870 адам баспана кезегінде тұр. Оның 39,1 пайызы – әлеуметтік осал топтар, 30,4 пайызы – мемлекеттік қызметкерлер, 20,4 пайызы – көпбалалы аналар, 9,5 пайызы – жетім балалар, 0,6 пайызы – апатты деп танылған үй иелері.

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін жергілікті тұрақты тіркеуіңіздің болғанын (Астана, Алматы, Шымкент қалалары үшін тұрақты тіркеу кемінде 3 жыл болуы шарт) және соңғы 5 жылда атыңызда үй болмауын ескерген жөн. Кезекке тұруға өтініш берушінің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс. 2024 жылы ең төменгі күнкөріс мөлшері – 43 407 теңге. Сәйкесінше, отбасының әрбір мүшесінің табысы жоқ дегенде 134 562 теңге болуы тиіс.

Ескерту: соғыс ардагерлері, жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, мүгедек балалар және басындағы жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтардың күнкөріс мөлшері есептелмейді.

№1. Кімдер тұрғын үй кезегіне тұра алады?

  • Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • Әскери ардагерлер;
  • Жетім балалар;
  • Ата-анасының қарауынсыз қалған балалар;
  • Көпбалалы және толық емес отбасылар;
  • "Алтын алқа" не "Күміс алқа" таққан көпбалалы аналар;
  • "Батыр ана" атанған көпбалалы аналар;
  • I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденін алған көпбалалы аналар;
  • I, II топ мүгедектері және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • Үкімет белгілеген тізімдегі созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын жандар; 
  • Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері;
  • Әскери қызметкерлер;
  • Ғарышкерлер мен ғарышкерлікке үміткерлер;
  • Мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
  • Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қайтыс болған адамдардың отбасылары;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар;
  • Экологиялық зілзала, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
  • Зейнеткерлер;
  • Қандастар.

№2. Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады?

Баспана кезегіне тұру үшін өтінішті eGov порталы немесе kezekte.kz сайты арқылы жолдауға болады.

1. kezekte.kz сайтында кезекке тұру үшін жүйеге ЭЦҚ арқылы кіріп, өтініш беру қажет. Түрлі куәліктер мен анықтамаларды дайындаудың қажеті жоқ, олар электронды базада бар. Ал, базадан табылмаған жағдай құжаттардың сканерленген нұсқасын тіркеу қажет. 

2. eGov электронды үкімет порталында баспана кезегіне өтініш жіберу тәртібі:

  •  Алдымен порталда авторизациядан өтіп, "Онлайн сұратым" батырмасын басу;
  • Өтінімді толтыру және ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) немесе смс-кілтсөз (міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркелу қажет) арқылы қол қою;
  • Өтінімге құжаттарды қоса тіркеу;
  • Жеке кабинетте ("Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде) өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысу.

Кезекке тұру туралы өтінішті қарау мерзімі – 15 жұмыс күні. Содан кейін ұялы телефонға 1414 нөмірінен SMS хабарлама келуі керек.

№3. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін қандай құжаттар қажет?

  • есепке қою туралы өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • некеге тұру/бұзу, жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәлік;
  • ҚР "тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 67-бабында айқындалған санатқа өтініш берушінің қатынасын растайтын құжаттар:

– толық емес отбасылар некені бұзу/жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы туралы/әке болуды анықтау туралы куәлікті / № 4 нысанды ұсынады;

– көпбалалы отбасылар бар болған жағдайда көпбалалы ананың кітапшасын ұсынады;

– жетім балалар ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлікті/сот шешімін/қорғаншылық құжаттарын/балалар үйінің анықтамасын ұсынады;

– I және II топтағы мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мүгедектігі туралы анықтама ұсынады;

– мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан анықтама ұсынады;

– зейнеткерлер зейнетақы кітапшасын ұсынады;

– қандастар Кандас куәлігін ұсынады;

– кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар ауруы туралы медициналық қорытынды береді;

– экологиялық апат салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар тұрғын үйді техникалық тексеру жөнінде қорытынды береді;

– басындағы жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар тұрғын үйді апатты деп тану туралы қорытынды береді. 


Оқи отырыңыз: Ипотека-2025: Қазақстандықтар баспаналы болу үшін қандай бағдарламаларға дайындалуы қажет


№4. Уақытша тіркеу туралы анықтама тұрғын үйге кезекке қою үшін жарамды ма?

Жоқ. ҚР азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда немесе астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты түрде тұру талап етіледі. Осылайша, уақытша тіркелген азаматтар тұрғын үй кезегіне құжаттарын тапсыра алмайды.

№5. Мемлекет ұсынатын тұрғын үй көлемі қандай болуы мүмкін?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттен бір адамға пайдалы ауданның 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден артық емес мөлшерде тұрғын үй ұсынылуы мүмкін.

Егер отбасында жоғарыда көрсетілген аурулармен ауыратындар болса, онда оларға жеке бөлме ұсынылады. Сондай-ақ, егер отбасында жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан аяғы ауыр әйел болса, берілетін пәтердің ауданы үлкеюі мүмкін.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 76-бабына сәйкес, ұсынылатын тұрғын үйдің тұрмысқа жайлы болуы, қала сызбасында орналасуы және онда мүгедектерге қажетті жағдайлар ескерілген болуы тиіс.


Оқи отырыңыз: Жылжымайтын мүлік пен көлікті сыйға тарту шарты туралы не білу қажет


№6. Комиссия қандай жағдайда азаматты тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартуы мүмкін?

 Өтініш беруші азаматтың соңғы 5 жыл ішінде төмендегі жолдармен өзінің тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатып, баспанаға мұқтаж болғаны анықталса, тұрғын үй комиссиясы оны кезекке қоюдан бас тартады: 

  • тұрғын үйін айырбастаса;
  • өзінің меншік құқығындағы пайдалануға жарамды тұрғын үйді иелігінен шығарса (тұрғын үйді "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 98-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган сатып алса, ол саналмайды); 
  • тұрғын үйді қасақана бұзса не бүлдірсе; 
  • мемлекеттік тұрғын үй қоры ұсынатын не жергілікті атқарушы орган жалға беретін баспанаға мұқтаж емес кезінде тұрған үйінен қасақана шығып кетсе;
  • жұбайы, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-анасынан басқа тұлғаларды тұрғын үйге қоныстандырса.

№7. Қандай жағдайда азаматты тұрғын үй кезегінен алып тастауы мүмкін?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 73-бабына сәйкес, комиссия тұрғын үй кезегінен мынадай жағдайларда алып тастай алады:

  • тұрғын үйді ұсыну қажеттілігі жойылса;
  • азамат басқа елдімекенге көшуге немесе мемлекеттік кәсіпорын не мемлекеттік мекемеден жұмыстан шығуға шешім қабылдаса;
  • өтініш беруші өзі және өзінің отбасы туралы толыққанды ақпарат ұсынбаса, шындыққа жанаспайтын ақпарат ұсынса;
  • азамат жер телімін алып, өз үйінің құрылысын бастаса не баспана сатып алса;
  • сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алса. 

Жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж және тұрғын үйді алуға дейін есепке қойылған толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын ҚР азаматтары және қандастар кезектен алынбайды.

Комиссия азаматты тұрғын үй кезегінен шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін 10 күн ішінде жазбаша түрде міндетті түрде хабардар етуі тиіс. 

Азаматтар өзінің тұрғын үй кезегіндегі нөмірін мына сілтемеге өтіп тексере алады. 

№8. Тұрғын үй кезегінен алынып тасталған жағдайда

Азамат бұл шешіммен келіспесе, сотқа жүгіне алады. Ол үшін алдымен өзінің не себепті кезектен шығарылғанын анықтап алуы қажет. Егер, қандайда бір техникалық ақау болған болса, азамат өзі туралы ақпаратты енгізетін мемлекеттік органға хабарласып, kezekte.kz сайтындағы жеке кабинетін қалпына келтіруге өтініш беруі тиіс. 

Қазақстанда баспана кезегінде тұрған азаматтар тізімі жыл сайын тексеріліп отырады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биыл да тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған 300 мыңға жуық азамат тізімнен шығарылуы мүмкін екені анықталды. 2024 жылдың мамыр айынан бері 17 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылған.  

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, баспана кезегінде тұрғандардың көпшілігі кезектен төмендегі себептер бойынша шығарылған:

  • кезекте тұрған азамат пен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің болуы;
  • азаматтың отбасы мүшелері туралы ақпараттың шындыққа жанаспауы;
  • азаматтың әлеуметтік статусының дәлелденбеуі (толық емес отбасы, I және II топ мүгедектері т.б.);
  • мемлекеттік қызметкердің статусының дәлелденбеуі (eqyzmet ақпараттық жүйесінде болмауы).

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі kezekte.kz ақпараттық жүйесінің құрастырушыларымен бірлесе отырып, 2024 жылдың мамыр айынан бастап кезекте тұрған азаматтарға өзінің жеке ақпаратын жаңарту туралы СМС-хабарлама жібере бастады. Өзінің тұрғын үй кезегіндегі орнына алаңдаушылық білдірген азаматтар өздері тұратын жердегі әкімдіктерге барып, ақпарат ала алады.