Су тасқыны 2024: Өтемақы, несиені шегеру және гуманитарлық көмек. Зардап шеккендер қандай көмек алып жатыр
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мыңдаған үй суға кетіп, 100 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын хабарлады. Қазір уақытша орналастыру бекеттерінде 7598 адам бар, оның 3288-і – балалар. Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп болжанып отыр.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру мен зардаптарды жою жөніндегі республикалық штаб отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге ескерту жасады:
"Зардап шеккен аймақтардың әкімдері жедел топтарға қаржыландыруға қатысты есептерді тез арада ұсынып, аймақты қоқыстан тазалап, бұзылған үйлер мен құрылыстардың қалдықтарын шығарып тастауы қажет. /…/ Мен әкімдерге бұл бір рет қана болатын кампания еместігін ескерттім. Сенбілікке бір рет шығып, еңбектенген сыңай танытып, қайту ма бұл? Жоқ. Бұдан былай бізге көрші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып Қазақстанды жасылдандырып, қала, ауылдардың аумағын ұдайы тазалап отыру керек".
Еріктілер қазірге дейін су тасқынынан зардап шеккендерге 1700 тонна гуманитарлық көмек жинаған. Жалпы алғанда, 29 мыңнан астам ерікті эвакуацияға қатысып, гуманитарлық көмекті жинап, сұрыптап, халыққа ақпараттық қолдау көрсетіп жүр.
Өтемақы мен төлемдер жайлы Informburo.kz порталының осы материалынан оқып білесіздер.
№1. Су тасқынынан зардап шеккен аймақ тұрғындарына қандай уәде берілді?
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды. Үкімет шығындарды өтеудің тиімді механизмін жасап, оны зардап шеккен тұрғындарға түсіндіруі тиіс.
Өтемақы көлемі шығын көлемімен бірдей болуы керек. Президент зардап шеккен бірде-бір адам мемлекет назарынан тыс қалмайтынын, барлығына қажетті қаржылай және басқа да көмектер берілетінін мәлімдеді.
Өтемақыларды жергілікті атқарушы билік, яғни әкімдіктер тағайындайды. Оның көлемін әр аймақта материалдық шығынды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялар анықтайды.
Бұзылған үйлер Үкімет резервінің есебінен қайта салынады деп уәде берілді.
Зардап шеккен әрбір отбасына 100 АЕК көлемінде бір реттік өтемақы беріледі.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат 1414 нөмірінен жіберілетін смс-хат арқылы таратылады. Мемлекеттің су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру міндеті туралы "Азаматтық қорғау" туралы Заңның 58-бабында айтылған.
№2. Өтемақыны алуға қажетті құжаттар тізімі қандай?
Материалдық шығынды өтеуге өтініш берген кезде ұсынылатын құжаттар тізімі:
- Әлеуметтік шот нөмірі;
- Материалдық шығынды өтеу туралы өтініш;
- Жеке куәліктің көшірмесі;
- Су тасқыны кезінде зардап шеккен не бұзылған баспана, жер мен мүлік құжаттары.
Осы құжаттарға әкімдікте құрылатын актіні де қосу қажет.
Әлеуметтік шот жоқ болса, оны мобильдік қосымшаның көмегімен аштыру керек.
Оқи отырыңыз:
- Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін
- Төтенше жағдай не үшін жарияланады және ол адамдарға қандай құқықтар береді және міндеттер жүктейді
- Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар көмек алуға өтінішті смартфон арқылы бере алады
№3. Шығындарды өтеу туралы өтінішпен қайда хабарласуға болады?
Материалдық шығынды өтеу туралы өтінішті egov.kz арқылы жіберуге не жергілікті әкімдікке хабарласуға болады. Алайда, мұны төтенше жағдай болған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде жасап үлгеру қажет. Зардап шеккен адамның өзі байланысқа шыға алмаса, оның өтінішімен туыстары не басқа адамдар сенімхат арқылы келе алады.
Қоғамның әлеуметтік жағынан осал топтарын, сондай-ақ, мүлкінің құқықтық құжаттары жоқ, жалдамалы үйде тұратын жандарды бөлек тіркейді.
Өтемақы көлемін арнайы комиссия 10 жұмыс күні ішінде қарастырады. Ал, өтемақы комиссия шешімі шыққан соң 30 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.
№4. Бір реттік төлемді алу үшін не істеу керек?
Су тасқынынан зардап шеккендерге қазірден бір реттік жәрдемақы беріле бастады.
Оны алу үшін Төтенше жағдайлар басқармасынан азаматтың су тасқынынан зардап шеккені туралы анықтама алу қажет.
Бұл анықтама халықты жұмыспен қамту бөліміне тапсырылады. Бөлім қызметкерлері берілген ақпаратты 8 жұмыс күні ішінде тексереді.
Барлық ақпарат дұрыс болып шыққан жағдайда өтініш берушіге бір реттік төлем 3 жұмыс күні ішінде беріледі.
Төлемнің көлемін әр өңірдің жергілікті атқарушы билігі – әкімдік өзі анықтайды.
№5. Банктер кімнің несиесін шегереді?
Банк және микроқаржы ұйымдары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың несиесін 3 айға кейінге шегеруге дайын екенін хабарлады (2024 жылдың 30 маусымына дейін).
Осы уақыт аралығында несиелерге айыппұл, өсімпұл қосылмайды.
Үш айлық несие каникулы жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне де беріледі.
Бұл үшін коммерциялық банк не микроқаржы ұйымдарына қашықтан өтініш беру қажет.
Қаржы ұйымында азаматтардың әрқайсысына төтенше жағдайдан қандай деңгейде зардап шеккенін бағалау үшін жеке талдау жасалады.
Осы талдаудан соң несие бойынша жеке қолдаудың қосымша шаралары анықталады.
№6. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға алынған әуе билеттерін қалай қайтаруға болады?
Әуе компаниялары су тасқыны кезінде ұшпай қалған жолаушылардың билет құнын қайтарамыз деп уәде берді.
Air Astana 21 сәуірге дейін жоспарланған Атырау, Ақтөбе және Оралға және кері бағытта ұшатын билеттердің толық құнын қайтаратынын хабарлады. Билеттерді сатып алған жерден қайтаруға немесе 15 мамырға дейінгі аралыққа айыппұлсыз қайта рәсімдеуге болады. Fly Arystan әуе компаниясы да тура осындай қызметті ұсынып отыр.
SCAT әуе компаниясы төтенше жағдай басталғанша сатып алынған, Ақтөбе, Атырауға дейін және кері бағыттағы ұшақ билеттерін қайтарады. Ақтөбеге дейін және кері бағыттағы билеттер 2024 жылдың 28 наурызына дейін сатып алынған, 28 наурыз – 15 cәуір аралығында ұшатын билеттер болуы тиіс. Ал, Атырауға дейін және кері бағыттағы билеттер 2024 жылдың 7 сәуіріне дейін сатып алынған, 7 сәуір – 15 cәуір аралығында ұшатын билеттер болуы қажет. Ұшу мерзімін өзгерткен жағдайда жолаушы 3 мамырға дейін ұшып үлгеруі тиіс.
QAZAQ AIR әуе компаниясы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға Ақтөбе, Атырау, Орал, Петропавл, Қостанайға және кері бағытта ұшатын, 1 сәуірден 21 сәуірге дейін сатып алынған, 31 мамырға дейін ұшатын билеттер құнын толық қайтарып, айыппұлсыз қайта рәсімдеу қызметін ұсынады.
Жолаушылар билет құнын толық қайтаруды рәсімдей алады немесе маршрутты сақтай отырып, 31 мамырға дейінгі кез келген күнге ауыстыра алады. Ол үшін билетті сатып алған агенттікке немесе әуе компаниясының кассасына хабарласу қажет.