Шағбан айы басталды. Бұл айда оразаға қалай дайындалу керек?
Информбюро Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігімен бірге оразаға дайындық айы саналатын шағбан айының ерекшеліктері туралы баяндайды.
Шағбан айы неше күнге созылады?
Биыл Шағбан айы 11 ақпанда басталды. Ол 10 наурызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Бұл – Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді.
Шағбан сөзінің мағынасы қандай?
Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады. Шин, айн, бә, әлиф, нун. Шин – Алла Тағаланың шарапаты, айн – дәрежесінің көтерілуі, бә – Алланың жақсылығы, әлиф – Хаққа жақындау, нун – Алланың нұры. Яғни, осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады. Осы айда ораза ұстаған адамның Алла құзырындағы дәрежесі артады. Жаратушының жақсылығы төгіледі, Аллаға жақындай түседі және Хақ нұрына бөленеді.
Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады, сондықтан "шарапаты мол Шағбан айы" деген сөз бар.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 11 наурыздан бастау алады
Шағбанда ораза ұстауға бола ма?
Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл ораза ұстайтын ай. Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керектігі риуаяттарда нақты айтылмаған. Сондықтан да, қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз. Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсеңіз болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15 күні күндіз ораза ұстап (28-наурыз), түнін (Бараат түні, 29-наурыз) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.
Оразаға қалай дайындалады?
Бұл айда денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің басында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.
Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран Кәрім оқу, білмесе оны үйрену, салауат айтып, дұға оқу, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласуды жатады. Сондай-ақ, жаман әдеттерді тастап, жақсы әдеттер үйренуге таптырмас уақыт.
Оқи отырыңыз: Пітір мен підия. Рамазан айында берілетін садақалар қандай?