Қазақстанда қызылша бойынша эпидахуал әлі жақсармай тұр. Оған балалардың уақытылы және толық екпе алмауы себеп болып отыр. Денсаулық сақтау министрлінінің статистикасы бойынша жыл басынан бері елде қызылшаның 4 184 жағдайы тіркелген. Ауру жұқтырғандардың 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал науқастардың 77%-ы екпе алмаған. Ата-аналардың көпшілігі баласына вакцина салдыруға келісім бермейді. Кейінгі 8 жылда елімізде екпеден бас тарту жағдайлары 4,8 есеге артқан. Ал дәрігерлер вакцина қызылшаның алдын алудың бірден бір жолы деп отыр.

Осы орайда Информбюро порталы қызылша белгілері, одан сақтану жолдары және қызылшаға қарсы екпе алуға қатысты маңызды сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. Қызылша қандай вирус

Қызылша – вирусты инфекция, яғни инфекциялық жұқпалы ауру. Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Қызылша деп аталу себебі – баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қызылшаға қарсы екпе алмаған адам оны жұқтырып алуы әбден мүмкін. 

Қызылша – жоғары контагиозды, яғни өте жұқпалы вирус. Тек адамнан адамға ауа тамшылары арқылы таралып және жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді. 

№2. Ауру белгілері қандай

Аурудың негізгі белгілері:

  • әлсіздік;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • қабақтың ісінуі;
  • бас ауруы;
  • ұйқысыздық;
  • жалпы мазасыздық;
  • тамаққа тәбеті болмау;
  • шырышты секрециясы бар күшті ринит;
  • құрғақ жөтел;
  • конъюктивит;
  • 3-8 күнде денесіне бөртпе шыға бастау.

№3. Ауру қалай жұғады

Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады.
Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені сәбидің бойында анасынан берілген ауруға қарсы денелер, яғни антитела уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина алмаған адам кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

№4. Қызылша кімдерге қауіпті

Бұл аурумен ауырған адаммен қатынаста болған 10 адамның 9 ауруға шалдығуы мүмкін. Қызылша бұрын ауырмаған және вакцина алмаған барлық жастағы адамдарға қауіпті. Сонымен қатар, жүкті әйелдер ауырған жағдайда тек әйелге ғана емес, жатырдағы нәрестеге де жұғуы ықтимал.

 

№5. Қызылшаның инкубациялық кезеңі қаншаға созылады

Ауру үш кезеңнен тұрады:

  • Катаральды. Катаральды кезеңде қызылшаның алғашқы белгілері көрінеді. Бұл кезең ұзаққа созылмайды, тек 3-5 күндей болады. Катаральды кезеңде ұйқышылдық пен тез шаршау секілді аурудың алғашқы нақты белгілері пайда болады. Жөтел басталып, мұрыннан су ағып, дене қызуы да аздап көтерілуі ықтимал. Бұл кезеңде көрінетін негізгі белгі – тістердің түбінде, ауызда ерекше бөртпелер пайда болады. Осы белгі ауруды ерте анықтап, баланы оқшаулауға көмектеседі. Ауру өршісе жөтел жиілейді, дене қызуы біртіндеп көтеріледі, тіпті 40 градусқа жетуі мүмкін.
  • Бөртпе. Катарльды кезең бөртпе кезеңіне ауысып, бұл кезеңде баланың денесінде қызылша бөртпесі көрінеді. Бірінші құлақтың артында, шаш өсетін бас терісінде пайда болады. Содан соң бетке, мойынға және кеудеге таралады. Екінші күні бөртпе иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісінде көріне бастайды. Үшінші күні саусаққа шығады. Бөртпе кезеңі қызылшаның шегі деп есептеледі. Бұл кезеңде қызба айқын бола түседі, интоксикация мен катаральды белгілер күшейеді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады.
  • Пигментация кезеңі. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарады. Дене қызуы түседі, бөртпе жоғалады. Бөртпенің пигментациясы қалғанымен, уақыт өте келе ол да жоқ боп кетеді. Адам толық жазылғанша ұйқысы келіп, ашу қысып, шаршап жүруі мүмкін.

№6. Қызылша белгілері анықталса, не істеу қажет

Қызылшамен ауырған науқас аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 2 күн бұрын және бөртпелер шыққаннан кейін 5 күнге дейін қоршаған ортаға жұқпалы болады. Ауру көпшілік ойлағандай бөртпемен басталмайды. Қызылша басқа жедел респираторлы аурулар сиякты жоғарғы температура, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көзге конъюктивит шығу, яғни көздің қызарып қабыну белгілері көрінеді. Ең негізгі белгі азу тістердің түбінде дақтарды байқауға болады.

Ал балаларда көрінетін бөртпелер қызылшаны нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Бөртпелер – ұсақ папулярлы элементтері бар гиперемиялық дақтар. Олар денеге бірден емес, кезең кезеңімен таралады:

  • бірінші күні құлақтың артындағы аймақ, бас терісі, бет, мойынға шығады;
  • екінші күні кеуде, іш және арқа аймағы, иықта көрінеді;
  • үшінші алақаннан шынтаққа дейін қолға және аяққа шығады.

Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамалары тапсырған жөн. Қорытындысына қарай диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігер қажет деп тапса өзге де анализдерді тапсыруы мүмкін. Дәрігерлер қызылша анықталған науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойы тексереді.

№7. Ауру қалай асқынуы мүмкін

Қызылша вирусының алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Сол үшін дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Көбінесе қызылшамен бес жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады. Ал көзі ауыратындар қызылша жұқтырса, ауру асқынып соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер науқасты жиі бақылап тұруға тиіс.

Қызылша ауруына қарсы вакцина алмаған науқастарда көп жағдайда асқынуларға алып келеді. Асқынған жағдайда ми қабығы мен тінінің қабынуына әкеп соқтыратын менингит және энцефалит, яғни орталық жүйке жүйесінің ауыр асқынуларына, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Пневмония, отит, ларингит, аса қауіпті жағдайда соқырлық, тромбоцитопения және кейін, уақыт өте келе байқалатын жедел склерозды панэнцефалит тудыруы мүмкін.

Вакцина ойлап табылғанға дейін қызылша балалардың 85 пайызына тарап отырған. ДСҰ мәліметінше, 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендетті. 

№8. Қызылшаның қалай алдын алады

Қызылша өте тез жұқпалы ауру болғандықтан, одан сақтану мүмкін емес. Қазіргі жағдайда тек екпе ғана аурудан қорғайды. Ауырған жағдайда асқынуларға әкелмеуге вакцина үлкен әсер етеді.

Қызылшамен ауырға адаммен байланыста болғанын білген жағдайда және қызылшаға қарсы вакцина алмаған болса, инфекцияның алдын алу үшін байланыста болғаннан кейін 72 сағат ішінде қызылшаға қарсы вакцина алу үшін дәрігерге бару қажет. Иммуноглобулин жұқтырған адаммен байланыста болғаннан кейін алты күн ішінде екпе алса, адам инфекцияның алдын алады.

Вирус таралмас үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасап тұру қажет. Қызылша жұқтырған адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармаған жөн. Ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген дұрыс.

№9. Науқастарды қалай емдейді?

Бұл жұқпалы ауруды арнайы емдеу тәсілі жоқ. Науқастың тек белгілерін және соның асқынуынан туындаған ауруларды емдеумен ғана шектеледі. Қызылша жұқтырған адамға ағзаның вируспен күресуіне көмектесетін витаминдер мен көп мөлшерде сұйықтық тағайындалады. 

Ауру жұқтырған науқас төсекте жатып, сұйықтық көп ішуі керек. Дәрігер қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы, қақырық түсіретін дәрілер мен витаминдер тағайындайды. Ауру асқынып кетсе ауруханаға жатқызылады.

Баланың бөртпелерін ештеңемен майлаудың қажеті жоқ. Денесін бөлме температурасында сумен жуу жеткілікті. Жиі су ішкізіп, оңай қорытылатын, дәрумендерге бай тағам беру керек. Ал конъюнктивиттің алдын алу үшін көзді қайнаған жылы шайға малынған мақта тампонымен жуады. Антибиотиктер ауру асқынғанда ғана тағайындалады.

№10. Вакцина қаншалық тиімді

Қазіргі уақытта вакцина қызылшаны тоқтатудың тек жалғыз жолы болып отыр. Оның тиімділігі 97-99 пайызды құрайды. Алайда вакцина алған балалар да ауыруы мүмкін, бірақ бұл балаларда қызылша ауруы асқынуларға әкелмейді. Вакцина қызылшаның ауыр түрінен және өлімнен сақтайды. 

ҚҚП (қызылша, қызамық, паротит) вакцинасы құрамында тірі, бірақ әлсіретілген вирус бар. Ол ауру тудырмайды, бірақ ағзаны вируспен таныстырып, оған қарсы антиденелер (иммунитет) түзуге мәжбүрлейді. Ал ағза вируспен кездескенде ағзада тез арада вирусқа қарсы антиденелер түзіліп, оның тез жойылуына әсер етеді.

Ұжымдық иммунитет негізі аурудың ары қарай тарап кетпеуі үшін және қандай да бір медициналық себептерге байланысты вакцина ала алмайтын балаларды қорғау үшін қажет.  

ҚҚП вакциналарының қауіпсіздігі көптеген халықаралық зерттеулермен дәлелденген. Вакцина аутизмге себеп болмайды.

№11. Вакцина балаларға қашан егіледі

Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы (ҚҚП) біріктірілген вакцина қолданылады. Вакцина өндіруші – Serum Institute of India Pvt. Ltd. Ол әлемдегі ірі вакцина жеткізушілердің бірі және өнімдерін 170-тен астам елге экспорттайды.

Қызамыққа қарсы вакцина балаларға 1 жасында және 6 жасында салынады. Екі доза алғаннан кейін адамдардың көпшілігінде өмір бойына дерлік иммунитет қалыптасады.

Кез келген жұқпалы ауруды алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе алу. Қызылшаға қарсы екпе бала бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде ата-анасының рұқсатымен салынады. Одан соң алты жасында тағы салынады. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина – тегін.

№12. Вакцина алу үшін қайда бару керек

ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Сондықтан екпе алу үшін тіркелген емханаға жүгіну қажет. 

Вакцина алғаннан кейін дәрігер жанама әсерлер пайда болуы мүмкін екенін ескертеді. Мысалы, вакцина алғаннан соң 5-6 күндері және 10-11 күндері дене қызуы сәл көтерілуі мүмкін. Бұл бір-екі күнге ғана созылады. Ине шаншыған жер вакцина алғаннан кейін бір тәулік өткен соң ауырсынуы мүмкін, бірақ бұл екі-үш күнде басылады.

Бұрын қызылшамен ауырмаған және вакцинаның екі порциясын алмаған ересектерге вакцинацияны толықтыру ұсынылады. Вакцинация кем дегенде төрт апта аралықпен екі порцияда жасалады. 

Қазіргі уақытта қызылшаның алдын алу үшін қосымша вакциналау науқаны жүргізіліп жатыр. Ата-ана келісім берсе 6 айдан 10 айға дейінгі 29 күндік балалар, 2 жастан 5 жасқа дейінгі вакцинацияланбаған балалар, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ бұрын вакцина алмаған 30 жасқа толмаған медицина қызметкерлері иммундалады.