"Наурыз жұмыскер" тұрғын үй бағдарламасы 17 наурызда басталады. Кімдер қатыса алады
17 наурызда жұмысшы мамандарға арналған "Наурыз жұмыскер" ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жоба аясында биыл 72 млрд теңге бөлініп, шамамен 2 440 адамға несие беру жоспарланған. Өтінімдерді "Отбасы банкі" қабылдайды.
Бағдарлама шарттары қандай?
Сыйақы мөлшерлемесі:
- Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін – 7% ((ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
- Тұрғын үйге мұқтаждар мен басқа да ҚР азаматтары мен қандастар үшін – 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
Бастапқы жарна:
- Таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үй үшін – 10%-дан бастап;
- Әрленбеген бастапқы және қайталама тұрғын үй үшін – 20%-дан бастап.
Максималды несие сомасы (жөндеу сомасын қоса алғанда):
- Астана және Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге;
- Өзге өңірлер үшін – 30 млн теңге.
Несиенің ең ұзақ мерзімі – 19 жыл.
Сонымен қатар, несие мөлшерлемесін 3,5% (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) бастап 5% (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейін төмендету мүмкіндігі бар. Ол несие сомасының 50%-ын жинағаннан кейін қолжетімді болады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
- ауыл, орман және балық шаруашылығы
- тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді игеру
- өңдеу өнеркәсібі
- электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондиционерлеумен жабдықтау
- сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметі;
- құрылыс
- көлік және қоймалау және басқа да салада жұмыс істейтін мамандар қатыса алады.
Бағдарламға қатыса алатын жұмысшы мамандықтарының толық тізімі осы жерде
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- ҚР азаматы немесе Қандас мәртебесі;
- 18-63 жас аралығында болу;
- Соңғы 5 жыл ішінде өз атыңызда жылжымайтын мүлік болмауы керек;
- Отбасы банкінде депозит ашып, кемінде 2 млн теңге жинақтау қажет;
- Жұмыс орнын анықтамамен растауы қажет;
- Соңғы 6 айдағы ресми табысты растау керек. Оның соңғы 3 айдағы табысы анықтамада көрсетілген жұмыс орнынан болуы керек;
- "Кейін сатып алу құқығымен жалға беру" және "Наурыз" бағдарламасы сынды басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатыспауы тиіс;
- Бағдарламаға жұбайлардың тек біреуі ғана қатыса алады;
Бұл ретте жұмыс орны да "Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші" тізімінде болуы керек.
"Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші" тізімі осы жерде
Қандай үй алуға болады?
- Бастапқы тұрғын үй – көпқабатты үйдегі пайдалануға берілген пәтер.
- Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй – үлестік қатысу шарты және тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі болуы қажет.
- Екінші нарықтағы тұрғын үйді тек моноқалаларда және ауылдық елдімекендерде (жылына бөлінген қаражаттың 30%-ынан аспайды) алуға болады.
Өтінім қалай беріледі?
Өтінімдер "Отбасы банкінің" филиалдарында қабылданады. Яғни, онлайн өтінім беру жолы қарастырылмаған.
"Наурыз жұмыскер" және "Наурыз" ипотекаларының айырмашылығы қандай?
1. "Наурыз жұмыскер" ипотекасы тек жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне арналған, ал "Наурыз" ипотекасында қатысушылардың мамандығы мен қызмет саласына талап қойылмайды.
2. "Наурыз жұмыскер" бойынша өтінімдер банк бөлімшелерінде алдын ала іріктеусіз және баллдық жүйесіз қабылданады. Ал "Наурыз" бағдарламасында өтінімдер онлайн қабылданып, әр қатысушыға балл беріледі, өтініш берушілердің рейтингін құру арқылы негізгі қатысушылар тізімі жасалады.
Айта кетейік, "Наурыз" бағдарламасы 5 наурызда басталды. Өтінім қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады.