Мемлекеттік тұрғын үйге қалай кезекке тұруға болады? Түсіндірме
Қазақстанда кей санатқа жататын азаматтар мемелкеттен тұрғын үй ала алады. Ол үшін әкімдікке кезекке тұру қажет. Информбюро порталы кезекке тұру тәртібін түсіндіреді.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың сызбасы:
- Әкімдікке қажетті құжаттарды жинап өткізу;
- Құжаттарда бәрі дұрыс болса – 30 күнтізбелік күн ішінде хабарлама алу және кезекті бақылау;
- Тұрғын үй комиссиясының құжаттарды қарауы және шешім шығаруы;
- Шарт жасасу және тұрғын үй алу.
№1. Мемлекеттік тұрғын үйге кімдер үміткер бола алады?
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар,
- көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттік қызметкерлер;
- бюджеттік ұйым қызметкерлері;
- әскери қызметкерлер;
- ғарышкерлікке үміткерлер және мемлекеттік сайлау лауазымындағылар;
- ҚР заңнамасына белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар.
Талапқа сәйкес, бұл санаттағы азаматтардың соңғы 12 айдағы орташа айлық кірісі жан басына шаққанда 125 758 теңгеден аспауы керек. Яғни, ең төмен күнкөріс деңгейінің (2023 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге) 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс.
Ең төменгі күнкөрістің 3,1 есе мөлшерінің коэффициенті жетім-балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедек балаларға қолданылмайды.
№2. Үміткерлерге қандай талап қойылады?
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 69-бабына сәйкес, азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін бірнеге талап көзделген. Атап айтқанда:
- есепке қойған кезде азаматтардың меншiк құқығында тұрғын үйi болмаса;
- сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайы болмаса;
- өздерінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе;
- жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
- отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр пәтерде олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.
№3. Қандай науқасы бар отбасыларға баспана ұсынылады?
- Берік психотикалық симптоматикасы және айқын өзгерістері бар психикалық ауруларға шалдыққан науқаспен айналасындағылардың бірге тұруы мүмкін емес болған жағдайда;
- Аяқ-қол және жамбас мүшелерінің қызметтерінің берік ауыр бұзылуымен орталық жүйке жүйесінің органикалық және жарақаттан кейінгі зақымдануы;
- Нәжістік, зәрлік және қынаптық жыланкөздер, зәр қабының стомасы, табиғиға қарсы анус;
- Бронхылы демікпенің ауыр формасы, үздіксіз қайталанатын жиі ұстамасы бар ағымы, қиындаған ІІІ деңгейлі тыныс жеткіліксіздігі;
- Қозғалыс қызметтерінің бұзылуымен тұқым қуалаушылық алға басушы жүйке-бұлшықет дистрофиясының ауыр нысандары;
- Қант диабетінің І түрі, ауыр нысаны.
№4. Қандай баспана беріледі?
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттен тұрғын үй бір адамға пайдалы ауданның 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден артық емес мөлшерде ұсынылуы мүмкін.
Егер отбасында жоғарыда көрсетілген аурулармен ауыратын науқастар болса, оларға жеке бөлме ұсынылады. Сондай-ақ отбасында жүктілігінің мерзімі 22 аптадан асқан әйел болса, пәтердің ауданы ұлғайтылуы мүмкін.
Осы заңның 76-бабына сәйкес, ұсынылатын тұрғын үй тұрмысқа жайлы болуы, қала сызбасында және мүгедектерге арналған қажетті шарттарды ескерумен орналасуы тиіс.
№5. Кезекке тұру үшін қайда жүгіну қажет?
Оның екі жолы бар:
- "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет;
- "Электрондық үкімет" порталы арқылы қажет құжаттарды тіркеп, электронды цифрлық қолтаңба қою қажет.
Оқи отырыңыз: Петропавл әкімдігінің 9 қызметкері тұрғын үй қорынан кезектен тыс пәтер алып, тегін тұрған
№6. Кезекке тұруға қандай құжаттар қажет?
- тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына тұрғын үй комиссиясы белгілейтін нысан бойынша өтініш;
- өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің не паспорттарының көшірмесі;
- некеге тұру немесе некені бұзу, отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктің көшірмесі;
- еңбек кітапшасының кадр қызметі растаған көшірмесін немесе қызметтік тізімінен үзінді;
- басқа адамдар өтініш берушінің отбасының мүшесі деп танылған жағдайда өтініш берушіге оларды отбасының мүшесі деп тану туралы соттың шешімі;
- өтiнiш берушiнiң немесе оның отбасының азаматтардың осал тобына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын не мемлекеттiк қызметшiнiң, бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң, әскери қызметкерлердiң, ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жұмыс орнынан анықтама (коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде);
- халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар (мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесінің соңғы 12 ай ішінде табысы туралы қосымша мәліметтерді (коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде) тапсыру қажет.
№7. Өтініш қанша күн қаралады?
Құжаттарды тапсырғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде үміткерге кезекке қою туралы немесе бас тартудың негізді жауабы бар хабарлама жіберіледі. Хабарламада азаматтың кезегінің нөмірі көрсетіледі.
Егер құжаттар онлайн берілсе, хабарлама азаматтың жеке кабинетіне келеді. Ал әкімдікте болса, азамат жеке өзі ала алады немесе оған почтамен жібереді.
№8. Тұрғын үй кезегінде кімдер басымдыққа ие?
Тұрғын үй кезегін Egov.kz порталында онлайн бақылауға болады. Алайда кезек тәртібі өзгеруі мүмкін.
Тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығына:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасы азаматтары ие.
Әкімдік жыл сайын тұрғын үй алуға кезектегілер тізімін жаңартып отырады.
Тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесінде мәліметтер болмаған не өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, өтініш берушіні жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік корпорация не портал арқылы тиісті құжаттарды жаңарту қажеттігі туралы ұялы телефонға sms-хабарлама арқылы хабардар етеді.
Оқи отырыңыз: "Кезегі 120 жылдан кейін келеді". Депутат жетім балаларға арналған баспана кезегін сынға алды
№9. Қандай жағдайда тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартылуы мүмкін?
Егер үміткер соңғы 5 жыл ішінде:
- тұрғын үйді айырбастаса;
- тұрғын үйді "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 98-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган сатып алған жағдайдан басқа кезде, тұруға жарамды тұрғын үйді иеліктен шығарса;
- тұрғын үйді үміткерлің кінәсі бойынша бұзу немесе бүлдірса;
- жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған, мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған немесе баспанадан мұқтаж болмаған тұрғын үйден шықса;
- жұбайы, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-анасынан басқа тұлғаларды қоныстандырған жағдайда, мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартылуы мүмкін.
№10. Қандай жағдайда кезектен шығарылуы мүмкін?
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 73-бабына сәйкес:
- тұрғын үйді ұсыну негізі жойылғанда;
- үміткер басқа елді мекенге көшіп кетсе немесе мемлекеттік кәсіпорыннан немесе мемлекеттік мекемеден жұмыстан шығуға шешім қабылдаса;
- тұрғын үй қажеттілігі туралы ұсынылған ақпарат жалған болып шықса;
- үміткер жер учаскесін алып, тұрғын үй салса немесе тұрғын үйді сатып алса;
- сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алса, мемлекеттік тұрғын үй кезегінен шығарылады.
Үміткер кезектен шығарылған жайдайда, оған 10 күндік мерзім ішінде кезектен шығару себебі көрсетіле отырып, жазбаша ескерту келеді.
Ескерту: Жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж және тұрғын үйді алуға дейін есепке қойылған толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасы азаматтары кезектен шығарылмайды.