Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайды. Олар кімдер және қалай іріктеледі
12 наурызда жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот алқабилердің қатысуымен өтетіні белгілі болды. Осы орайда Информбюро порталы алқабилер қалай іріктелетінін, олардың құқықтары мен міндеттерін, сот үкіміне қалай әсер ететінін түсіндіреді.
№1. Алқабилер тізімі қашан белгілі болады?
27 наурызда сағат 10.00-де экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін қарайтын алқабилерді іріктеу жабық режимде өтеді. Дәл осы күні осы іс бойынша басты сот ісін қарау басталады. Журналистер іріктеу процесіне қатыса алмайды.
"Егер алқабилердің көбі санатына сай келсе кей жағдайда іріктеу бірден бір күнде өтеді. Кей азаматтардың алқаби бола алмауының өзіндік себебі болуы мүмкін. Қарсылық білдіретіндер де болатын шығар, сондықтан іріктеу процесі нақты қанша уақыт алатыны белгісіз", – деп түсіндірді Informburo.kz тілшісіне елорда сотының баспасөз қызметі.
№2. Алқабилер қалай іріктеледі?
Соттың баспасөз қызметі алқабилерді іріктеу процесі барлық іс бойынша бірдей екенін айтты. Сәйкесінше экс-министр Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа қатысатын алқабилерді іріктеу тәртібі басқалардан ерекшеленбейді. Жергілікті әкімдіктер жыл сайын алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімдерін жасайды. Құжатта тек азаматтардың аты-жөні, туған жылы және тұрғылықты жері бойынша тіркелген мекенжайы көрсетіледі. Сот Smart data ukimet арқылы 300 кандидатты ұсыну туралы өтініш жібереді. Бірыңғай тізімнен 300 кандидат кездейсоқ әдіспен таңдалады. Содан кейін сотта 17 кандидат жабық режимде таңдалады. Сот отырысына қатысушылар оларға алқабилер алқасын құруға қатысты сұрақтар қоя алады. Бұл ретте Бишімбаев пен екінші сотталушы Байжановтың тарабы алқабиге кандидат үш адамға, ал прокурорлар тағы екеуіне қарсылық білдіре алады. Қалған екі алқаби сот процесі кезінде 10 алқабидің біреуін ауыстыруға тура келгенде қажет болады.
№3. Кімдер алқаби бола алады?
"Алқабилер туралы" заңға сәйкес 25 жастан асқан кез келген Қазақстан азаматы алқаби бола алады. Дегенмен алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне келесі адамдар енгізілмейді:
- өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;
- сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
- судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;
- психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар.
Алқабиге кандидаттарға шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты шек қойылмайды.
Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен келесі адамдар өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады:
- қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;
- өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;
- 65 жастан асқан адамдар;
- дiни қызметшiлер.
№4. Алқабидің құқықтары мен міндеттері қандай?
Алқаби құқылы:
- өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
- процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
- заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;
- төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
- сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
Алқаби міндетті:
- сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
- сот көрсеткен уақытта келуге;
- сотқа келе алмаса төрағалық етушiге не себеп болғанын алдын ала хабарлауға мiндеттi.
Алқаби құқылы емес:
- iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
- iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
- iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
- жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге;
- кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
№5. Алқабилер сот үкіміне қалай әсер етеді?
Алқабилер алқасы құрылғаннан кейін олардың әрқайсы ант қабылдайды. Содан соң соттың істі қарауы басталады. Алқабилер сот отырысы залында отырады. Олар естігендерін түртіп алып, процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоя алады. Істі қарап біткеннен кейін кеңесу бөлмесінде судья мен алқабилер құпия дауыс бере отырып келесідей негізгі үш сұраққа жауап беруі қажет:
- Бұл қылмыстық әрекеттің болғаны дәлелденді ме?
- Сотталушының бұл әрекетті жасағаны дәлелденді ме?
- Сотталушы бұл әрекетті жасағаны үшін кінәлі ме?
Сұрақтарға қысқа ғана "иә" не "жоқ" деп жауап беру қажет. Дауыс беру кезінде судья да, алқабилер де қалыс қала алмайды.
Сұрақтарға берген жауабын таза ақ қағазға жазып, дауыс беру жәшігіне тастайды. Дауыс берушілердің көпшілігі үш сұрақтың әрқайсысына "иә" деп жауап берсе, айыптау үкімі қабылданған болып саналады.
№6. Алқабиге ақы төлене ме?
Алқаби сот отырысына қатысқаны үшін күніне орташа есеппен 18 мың теңге жалақы алады.
Алқабидің міндеттерін атқару кезінде:
- оның негізгі жұмыс орны сақталады;
- еңбек өтілі есептеледі;
- жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.
№7. Алқабилердің қауіпсіздігі қалай қорғалады?
Заңға сәйкес, алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда қылмыстық iстi жүргiзетiн орган алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
Еске салайық, 2023 жылы 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Хабарланғандай, 8 қараша күні кешке Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан әйел алған жарақатынан көз жұмды. Марқұм экс-министрдің әйелі, Павлодар қаласының тумасы Салтанат Нүкенова болып шықты. 11 наурызда Астанада осы іске қатысты сот отырысы басталды. Сот айыптау бабын жеңілдетпеді. Ал Қуандық Бишімбаев кінәсін мойындамады. Судья Айжан Құлбаева алқабилердің қатысуын сұраған сотталушы тараптың өтінішін қанағаттандырды.