"Халықаралық бағдараламалар орталығы" АҚ 3 сәуірде "Болашақ" бағдарламасына өтінім қабылдау басталатынына орай, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

№1. Кімдер жеңілдетілген шарттармен қатыса алады?

Инженерлік-техникалық қызметкерлер және медицина мамандары магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа жеңілдетілген шарттармен қатысады.

Олардың мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін тізімнен университетті таңдау мүмкіндігі бар.

№2. Қай мамандар тағылымдамадан өте алады?

"Болашақ" бағдарламасы аясында мамандардың мынадай санаттары тағылымдамадан өте алады:

  • Инженерлік-техникалық қызметкерлер;
  • Мемлекеттік қызметшілер;
  • Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері;
  • Медицина қызметкерлері;
  • Мәдениет, туризм және спорт қызметкерлері;
  • БАҚ қызметкерлері;
  • Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына 2023 жылы қай уақытта құжат тапсыруға болады?


№3. Еңбекпен өтеу мерзімі қандай?

  • Академиялық оқыту: Астана, Алматы және Шымкент қалаларында – 5 жыл, өңірлерде – 3 жыл.
  • Тағылымдама: Қазақстанның бүкіл өңірінде – 3 жыл. 

№4. Стипендия мөлшері қандай?

Стипендия мөлшері елге және қалаға байланысты әртүрлі болады.

Стипендияның:

  • ең жоғары мөлшері – 2200 АҚШ доллары;
  • ең төменгісі – 800 АҚШ доллары.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: "Болашақ" бағдарламасының бағытын өзгертеміз


№5. Бағдарлама қандай шығындарды өтейді?

Бағдарлама оқу мен тағылымдамадан өту, медициналық сақтандыру, визаны рәсімдеу, оқу материалдары шығындарын өтейді, сондай-ақ ай сайын стипендия төленеді.

№6. "Болашақ" арқылы бакалавриатта оқуға бола ма?

Жоқ. Халықаралық стипендия аясында бакалавриат көзделмеген. Шетелде магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша білім алуға, сондай-ақ тағылымдамадан өтуге болады.