Informburo.kz сұхбатта айтылған ең өзекті ойларды оқырман назарына ұсынады.

Пандемия шекараға қарамайды

Биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді. Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ "Кемедегінің жаны бір" дейді.

География – геосаясаттың маңызды факторының бірі

Тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлем­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ

Біздің мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз. Ал енді не істеу керек?

  • Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.
  • Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
  • Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
  • Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.

Ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал

Жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек.

Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал.

Оқи отырыңыз: "Барымыз да, бағымыз да – тәуелсіздік". Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сұхбатын қазақтілді журналистерге берді

Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет

Өкінішке қарай, кейбір жағдайда біздің еңбекке байланысты қарым-қатынасымызға сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Бұл жағдай менің көңіліме қаяу салады. Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет. Сондықтан мен "Халық алғысы" деген мемлекеттік награда тағайындадым. Ал еңбектегі табысы үшін берілетін "Еңбек Даңқы" орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдадым.

Былтыр Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы қарапайым жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттадық.

Біз осындай еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс.

Қазір той тойлап жүретін уақыт емес

Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын. Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

Ірі державалар арасында текетірес күшейіп келеді

Әлемде өзге баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің атына заты сай бірегей халықаралық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қоймады. Ірі державалар арасында текетірес күшейіп келеді. Аймақтардағы қақтығыстар шиеленісе түсті. Бұл – өңірлік мемлекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс.

Біздің экономикамыз санкциялық соғыстар мен саяси текетірестерден шығынға ұшырауда. Еліміз өзінің бейбітсүйгіштігі мен өңірлік қауіп­сіздікке сындарлы үлес қосуға әзірлігін тұрақты түрде көрсетіп келеді.

Тәуелсіздік жылдары бұл бағытты нығайту үшін көп жұмыс атқа­рылды. Ең бастысы – мемлекеттік шекара­мыздың беріктігі! Қазақ­станның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шек­ара­­сының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр

Елімізде "митинг­шілдік" белең алуда

Парламент "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылдады. Қоғамдық сараптамадан өткен аталған заң – менің ойымша, еліміздегі демократия­ны ілгерілету үшін жасалған маңызды қадам. Енді бейбіт жиындарды өткізу үшін рұқсат сұрамай-ақ, бес күн бұрын жергілікті билікке ескертсе жеткілікті. Осындай жиындарды өткізу үшін бірқатар арнайы орындар бөлінді. Митинг ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау талап етіледі. Сондай-ақ олар Конституцияға қайшы келетін үндеулермен шықпауы, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық туғызбауы қажет. Бұл – қалыпты жағдай. Әсіресе АҚШ-та және басқа да дамыған елдерде болған соңғы оқиғаларды ескеру керек.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда "Митингке қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем" деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамы­ған, татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің берік­тігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарына құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер аясында оларға жәрдем беруге міндетті.

Соңғы кездері елімізде "митинг­шілдік" белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандары­на еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелес­тік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстан­ды ың­ғайсыз жағдайға қал­дырып отыр.

Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой

"Ары қарай қалай өмір сүреміз?"

Бәрімізді, әсіресе жастарды "Ары қарай қалай өмір сүреміз?" деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заман­ның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ.

Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады.

Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр

Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қал­мауы­мыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шы­ғармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, "мысықтілеу" саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыстап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай, әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр.