Денсаулық тұтынатын тағамға, ұстанатын өмір салтына, сондай-ақ, медицина қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты. Осы арқылы өмір сапасын жақсартып, оның ұзақтығын арттыруға болады. Алайда ішімдік, темекі, есірткі сияқты зиянды өнімдерге әуестеніп, денсаулығына зиян тигізетіндер аз емес. "Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова тәуелділіктен арылу үшін зиянды азайту стратегиясын қолдану қажет деген пікірде. 

Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан көз жұматындар көп

Қазақстанда өлім-жітімнің 84%-ына негізгі 4 ауру себеп:

  • жүрек-қан тамыр аурулары (жүректің ишемиялық ауруы және инсульт);
  • онкология аурулары;
  • өкпенің созылмалы респиратор аурулары;
  • қант диабеті.

Бұл жұқпалы емес ауруларға маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу секілді зиянды әдеттер, нашар экология, дұрыс тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аз болуы, оның ішінде күні бойы отырып жұмыс істеу cалдарынан пайда болады.

Ал инфекциялық аурулардан көз жұматындар үлесі – 10-11%.

2017 жылғы мамырда "Аман-саулық" қоғамдық қоры базасында тәуекел факторларын төмендету бойынша жұмыс тобы құрылған. Топ сарапшылары "Инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларынан болатын зиянды азайту тұжырымдамасы" жобасын әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған.

Қазақстан күшті алкоголь тұтыну бойынша алғашқы он ел сапында

Қазақстан күшті алкоголь сусындарын (65 градусқа дейін) тұтыну бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Ал Орталық Азияда бірінші орында. Қазақстандықтар сыра секілді әлсіз ішімдікті еуропалықтарға қарағанда 20 пайызға аз тұтынады. Ал ауыр қылмыстардың басым бөлігі масаң күйде жасалатыны белгілі. Сол себепті ішімдікке тәуелділерге градусы аз өнімдермен алмастыру ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі


Sange зерттеу орталығы 2020 жылдың соңында Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 18 жастан асқан азаматтар арасында темекі шегу туралы зерттеу жүргізген. Ерлердің 55 пайызы, ал әйелдердің 28 пайызы тұрақты түрде темекі өнімдерін тұтынатыны анықталған. "Аман-саулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменованың сөзінше, Қазақстанда кәмелетке толған 4 ммиллионнан астан адам темекі шегеді. Ал мұны түтін шықпайтын, салыстырмалы түрде денсаулыққа зияны аз өнімге алмастыруға болады.

Зиянды азайту тұжырымдамасы қалай іске асады?

"Аман-саулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменова бір сәтте адамдардың жаман әдеттерін өзгерту мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан бүкіл әлемде зиянды азайту стратегиясы тыйым салуға емес, зиянды салдарды азайтуға және мінез-құлықты қауіпсіз етіп өзгертуге бағытталған.

"2014-16 жылдары нашақорлардың денсаулығына келетін зиянды азайту бойынша жұмыс істедім. Біз оларға метадон секілді есірткіні алмастыратын, денсаулыққа зияны азырақ дәрілер ұсындық. Есірткіге тәуелділіктен бірден күшпен құтылуға болмайды, бәрін есірткі алмастырғышты пайдаланудан бастау керек", – деді ол.

"Аман-Саулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменова. Қор фотосуреті

Жұмыс тобының мүшелері зерттеу жүргізгенде зиянды азайту тұжырымдамасы экономикаға да жақсы әсер ететінін анықтаған. Зиянды азайту стратегиясын қолдану арқылы Қазақстан 2019-2030 жылдар аралығында – 387,1 млрд теңге немесе жыл сайын 38,71 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдей алады.

Метадон дегеніміз – зияннан азырақ зиянға өту. Бұл препаратты 10 жылдай есірткі тұтынып, ем алғанымен тәуелділіктен құтыла алмаған адамдарға тағайындаймыз. Көп жыл темекі шегіп, оны тастай алмай жүргендерде ауру пайда болса, зияны азырақ өнімді пайдаланыңыз деймін. Біз семіздікке, көп тамақ ішуге, темекіге, ішімдікке қарсымыз. Ал зиянды азайту концепциясының мәні – тәуелділіктен зияны аз өнімге өту. Мысалы, тұз ағзамызға керек болған соң одан бас тартуға болмайды, бірақ мөлшерін азайту арқылы денсаулыққа зиян келтірмейміз", – деді Бақыт Түменова.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаппай вакцинация басталды. Екпе салдыру кімдерге қауіпті?


Зиянды азайту стратегиясы денсаулыққа төнетін қауіптер туралы халықты ақпараттандыруға бағытталған профилактикалық жұмыс. Мұны белсенді қолдану болашақта дені сау ұлт қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге мемлекетке ел бюджетіне түсетін ауыртпалықты едәуір жеңілдетуге де көмектеседі.

"Зиянды азайту стратегиясы арқылы денсаулыққа қауіпті азайту үшін күш пен тәжірибені біріктіру маңызды. Сондықтан Қазақстанда инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларының зиянын азайту мәселелерімен мақсатты түрде айналысатын "Денсаулық" қауымдастығы құрылды. Мұнда ғалымдар, медицина қызметкерлері, бизнес, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері жұмыс істей алады. Қауымдастық денсаулыққа зиянды азайту стратегиясын әзірлеу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, аурулардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, қазақстандық және шетелдік ұйымдармен, ғылыми қоғамдастықтармен әріптестік орнату бағытында жұмыс істейді", – деді Бақыт Түменова.

Коронавирусқа қарсы вакцина тиімді ме?

"Аман-саулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменованың сөзінше, коронавирустан көз жұмғандардың басым бөлігі созылмалы аурулармен ауырған егде жастағы адамдар. Ал жастар арасында өлімнің аз болуы созылмалы аурулардың болмауымен байланысты.

"Бүгінде түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен көп адам вакцина алудан бас тартып жатыр. Мен екпе жасауды қолдаймын. Вакцинадан кейін асқынулардың болуы қалыпты жағдай. Екпе салдырғаннан кейін жеңіл реакциялар немесе сол аурудың белгілері пайда болуы мүмкін. Бұл адамда жақсы иммунитеттің барын, вакцина жақсы әсер етіп, ауырмайтынын көрсетеді", – деді Бақыт Түменова.

Оның сөзінше, коронавирусқа қарсы екпелердің адамды қаншалықты қорғай алатыны әзірге белгісіз. Тұмау мутацияланатындықтан оған қарсы жыл сайын екпе жүргізіледі. Ал коронавирустың басқа мутациялары болса, вакцина адамды қорғай алмауы ықтимал. Адам вирусты жұқтырғанымен ауруды жеңіл өткізуі мүмкін. Вакцина бір жағынан пандемияны белгілі бір уақытқа дейін тоқтата алады. 

Бақыт Түменова вакцина алмас бұрын ағзада антидене бар-жоғын анықтауды ұсынады. Антидене біреуде үш ай, біреуді бір жыл сақталуы мүмкін және осынша уақытқа дейін коронавирустан қорғайды. Олай болса вакцина алудың қажеті шамалы.

Қор президенті коронавирустан көз жұмғандарға терең талдау жасау керек деп есептейді. Сол арқылы профилактикалық жұмысқа арналған бағдарламасын жасап, мұны зиянды азайту тұжырымдамасына қосу керек.