Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған тағы бір вакцина бір аптаның ішінде елімізге жеткізілмек.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасын салдырғысы келетін азаматтардың меселін қайтарып тастады. Өйткені, ол тек кәмелет жасына толмаған балалар мен жүкті әйелдерге ғана салынады екен. Министрдің бұл сөзі Coronavirus2020.kz сайтының Telegram-каналында жария етілді.

"Бастапқы кезеңде, қараша айында Pfizer вакцинасы балалар мен жүкті әйелдерге ғана салынады. Сондықтан иек артпай-ақ қойыңыздар. Қазір барып басқасын салдыра беріңіздер", – деді министр.

Бүгінде коронавирусқа қарсы екпелердің жүкті әйелдердің ағзасына тигізер әсері әлі зерттеліп жатыр. Дегенмен, қазірдің өзінде ғалымдар жүктілік кезінде салдырған вакцинаның шаранаға еш зияны жоғын айтады.

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшиннің айтуынша, вакцинаны бала көтергенге дейін кемінде бір ай бұрын салдырған дұрыс.

 "АҚШ пен Израильде Pfizer сынды коронавирусқа қарсы вакцинаны жүктілік кезінде салып, клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ресейде де "Спутник V" вакцинасын аяғы ауырларға сала бастады. Бірақ Қазақстанда әлі салмайды. Егер де вакциналар сынақтан сәтті өтіп, тұмауға қарсы екпе сияқты зиянсыз екенін дәлелдесе, онда алдағы уақытта салдыруға рұқсат берілетін шығар. Бірақ дәл қазір вакцинаны жүктілікке дейін толықтай салдырған дұрыс. Әсіресе ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті жандар сақтық үшін екпенің қос компонентін алдын ала салдырғаны жөн. Ал бала көтергенін білмей, екпе салдырған келіншектердің алаңдауына негіз жоқ" - деді ол.

Отандық QazVac екпесін жасауға атсалысқан вакцинолог-иммунолог ғалым Леспек Құтымбетовтың айтуынша, вакцина шаранаға еш зиянын тигізбейді.Себебі бұл вакцина жатырдың ішінде жатқан баланың жатырдың ішінен ары қарай, мынау серігі дейді, одан әрі өте алмайды. Ол тек ғана қан құрамында, өкпе сияқты ағзасын басқа бөліктерінде болады да, иммунитеттің пайда болғанына әсерін тигізеді. Жүкті болуға, жүкті болғаннан кейін әйтпесе жүкті болып жүрген кезде аяғы ауыр келіншектер одан еш қорықпай-ақ қойса болады. 

Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетовтің айтуынша, QazVac пен Hayat-Vax-ты әзірлеу технологиясы ұқсас. Екеуін де вирусты өлтіріп барып дайындайды. Демек, Hayat-Vax салдырғаннан кейін екі жылға дейін бала көтеруге болмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де теріске шығарып отыр.


Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?


Вакцинадан кейін денеден тыс ұрықтандыруға қабылдамайды деген рас па?

Қазақстандағы репродуктологияның негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова: 

ЭКО-ға екпе алғаннан кейін қабылдаймыз. Мамандарымыз бірінші екпе алып, ЭКО-ны содан кейін жоспарлауды қолдайды. Жүктілік кезінде вирустық аурулармен ауыру ананың және іштегі баланың денсаулығы мен өміріне қауіпті болуы мүмкін. Ал вакцинациядан кейін пайда болған иммунитет бұл қауіпті едәуір төмендетеді. Мамандардың айтуынша, жүктілікті вакцинацияның соңғы егу (иньекциясы) қабылдаған соң бір айдан кейін жоспарлауға болады. 

Сонымен қатар дәрігер вакцина адамның репродуктивті жүйесіне әсер етпейтінін жеткізді.

"Керісінше вакцина алған адамда коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады, сондықтан жүктілікті жоспарлауға болады. Вакцина ерлерді де, әйелдерді де бедеулікке әкелмейді", – деді Байқошқарова.

Оның айтуынша, егер әйел табиғи жолмен немесе ЭКО-мен жүкті болып, ауру жұқтырса жүктілік кезінде асқынулар болады.


Оқи отырыңыз: Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады? Сізге арналған 8 кеңес


Егер жаңа босанған немесе бірнеше ай бұрын босанған ана ковид жұқтырса, сәби де ауырып қалуы мүмкін бе?

ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, емізулі әйел омыраумен емізуді тоқтатпау керек. Өйткені, вирус ананың сүті арқылы берілмейді. Егер анасы өзінің инфекция жұқтырғанын білсе, қорғану шараларын сақтай отырып, емізуді жалғастырады. Бірақ міндетті түрде педиатрдың, инфекционист дәрігердің қарауында болған дұрыс. Егер өкпесі қабынса, ауруханаға жатқызылады.


Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары


 Босану алдында тексерілу қауіпсіз бе?

Жүкті әйелдер эпидемия кезінде дәрігерге барудан қорқып, үйде болуға, аса қажеттілікпен көшеге шыға қалса, қашықтық сақтауға тырысады. Міне, сондықтан медицина мамандары да осы жағдайға бейімделіп жатыр. Мысалы, акушерлер телефонмен консультация өткізуді дағдыға айналдырды.

Жүкті әйелдердің өздерін және дәрігерлерді жұқпалы аурулардан қорғау үшін медицина мекемелеріне сирек, тек қажет болған жағдайда барғаны дұрыс. Бұл акушер не гинеколог мамандарының көмегін мүлде бас тартыңыз деген сөз емес, мүмкіндігінше онлайн консультация алу керек. Ал босанған соң жоспарлы екпелерді қалдырмай алған жөн. Дәрігермен ақылдаса отырып, ана мен баланың медициналық қызметті ең тиімді және қауіпсіз алу жолдарын ақылдасып алған абзал.

Перзентхана не ауруханада босану қауіпсіз бе?

Әйелдер акушерлерінен немесе дәрігерлерінен қайда босанған қауіпсіз болатынын және жағдайға байланысты қандай сақтық шараларын қабылдау қажет екенін сұрау қажет. Көптеген медицина мекемесінде коронавирус жұқтырған науқастар мен жұқтырмағандарды бөлек жатқызады деп үміттенеміз. Бірақ, кейбір жағдайда бұл мүлдем мүмкін емес.

Мәселен, Нидерланды секілді халық табысы жоғары елдерде үйде босануды денсаулық жүйесіне біріктіретін механизм жұмыс істейді. Эпидемия кезінде үйде босану қауіпсіз, сол себепті үйде босанатын әйелдердің көбейгенін байқауға болады. Алайда барлық елде жағдай бұлай емес. Тіпті Нидерландыдағы кейбір қонақүйлер әйелдер қауіпсіз жағдайда босануы үшін акушер қызметін пайдаланады.

 Әйелдер ауруханаға өзімен қорғаныс заттарын апаруы қажет пе?

Әйелдерге қосымша заттар апарудың қажеті жоқ. Бірақ, сақтық талаптарын сақтау керек. Кейбір ауруханалар өзін жақсы сезінген әйелдерді әдеттегіден тезірек үйге қайтуын сұрауы мүмкін. Бұл жергілікті жағдайға, оның ішінде аурухананың жағдайына және әйелдің өзіне байланысты. Жүкті әйелдер осы жағдайда не істеу қажет екенін білу үшін акушер не гинекологқа хабарласқаны дұрыс.

Жүкті әйел қандай қорғану шараларын сақтауы тиіс?

Зерттеулерден жүкті әйелдерде басқаларға қарағанда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары емес екенін көрсетті. Алайда ағзадағы және иммун жүйесіндегі өзгерістерге байланысты жүктіліктің соңғы айларындағы жүкті әйелдерге кейбір респираторлық инфекциялар қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан олар сақтық шараларын сақтауы қажет.

  • Коронавирус белгілері бар адамдармен байланысудан аулақ болу; .
  • Мүмкін болса қоғамдық көлікке мінбеу;
  • Мүмкін болса қашықтан жұмыс істеу;
  • Қоғамдық орындарда, әсіресе жабық немесе тар жерлерде адамдар ағынынан қашу;
  • Достар не туыстармен кездесуді шектеу;
  • Акушерге, гинекологқа және басқа да қажетті қызметтермен байланысу үшін телефон, мәтіндік хабар алмасу немесе онлайн-қызметтерді пайдалану;
  • қолды сабынмен жиі жуу, үйді жиі тазарту, дезинфекциялау;
  • коронавирус белгілері бар-жоғын бақылау, бар болған жағдайда дереу медицина көмегіне жүгіну.